Ахмет Жүгінеки (ХІІ ғ.)
Еліміздің сан ғасырлық тарихында өзіндік орны бар кезеңге орта ғасырлық түркілік мәдениетті жатқызамыз. Түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының орта ғасырлық тарихында өзіндік орны бар ірі тарихи тұлғалардың бірі, ХІІ ғасырда өмір сүрген қазақ топырағында қазіргі Түркістан қаласы маңындағы Жүгінек елді мекенінде дүниеге келген. Орта ғасырлық түркілік мәдениеттің ірі тұлғасы. Тоталитарлық жүйенің кезінде атеистік бағыттағы дүниетаным басымдылық еткені белгілі. Соңғы кезде елімізде демократиялық үрдістерге бетбұрыс негізінде Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Жүгінеки сияқты діни философияның өкілдеріне деген көзқарасты өзгертіп, олардың іліміндегі адамгершілік құндылықтарды, тәлімдік-тәрбиелік қағидаларды, даналықтың үлгілері бар екендігін мойындатты.
Кеңестік дәуірде Ахмет Жүгінекидің «Ақиқат сыйы» атты тарихи еңбегі 1985 жылы белгілі филолог ғалымдардың Ә.Құрышжанов пен Б.Сағындықовтардың дайындауларымен қазақ тілінде жарық көрді.
Ахмет Жүгінекидің «Ақиқат сыйы» - діни – философиялық рухани мұра, дидактикалық сипаттағы дастан. Бұл дастанның түркі тілдеріндегі бұдан бұрынғы ғақлия дастандарымен салыстырғанда өзіндік ерекшелігі бар. Ақын шығармаларда өсиет, дидактикалық ой, ғибратнамалық нақыл сөздер басым. Ол тіршілік өмірдегі әсемдікті, адамгершілікті, имандылықты, ізгілікті, адамдардың ұнамды іс-әрекеті мен жарасымды мінез-құлқын дәріптейді. Дастан дидактикалық сипаттағы 504 өлең жолынан тұрады. Бұл шығарма нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерден тұарды. Дастан білім алу жалпы адамзат үшін, әсіресе кедей-кепшіктер үшін пайдалы екендігін баса айтады.
Шығарма тілдің маңызын, сөйлеу мәдениетін, қарапайымдылық, жомарттық, сыпайылық, өршілдік қасиеттерді қастерлеп, менмендік, надандық, сараңдық және дөрекілік сияқты жағымсыз сияқты мінез-құлықты сынға алады. Дастанда Ахмет Жүгінеки адамның бойында кездесетін жағымды, адами сапаларды тәрбиелеу жөнінде құнды дидактикалық кеңестер береді.
Оның бүгінгі таңда да өзіндік мәнін жоймаған ұрпақ тәрбиесінде кеңінен қолдануға болатын өсиеттік, ғибарттық, тәлім-тәрбиелік нақыл сөздерінің мәні ерекше. Мәселен, «Бастық болсаң, жайсаң бол, кәріге де, жасқа да құрмет көрсет».
Ахмет Жүгінекидің «Ақиқат сыйы» дастанында өнер-білімнің пайдасы, адамгершілік, жағымды мінез-құлық қасиеттер туралы нақыл сөздерге ерекше орын берілген. Мәселен, «Білімсіз надан – құны жоқ бақыр», «Білімді мен білімсіз қашан тең болып еді», «Білімді әйел – ер, надан ерекек - әйел», «Сүйекке – май, адамға – білім керек», «Білімді адамның өзі өлгенмен, аты өлмейді», «Надан – тірі дегені болмаса, аты өлік», «Дәрежең үлкейген сайын ұстамырақ бол».
Мәселен, Ахмет Жүгінекидің еңбектерінде өз замандастарына және кейінгі ұрпаққа арналған төмендегідей өлең жолдары кездеседі:
Ей досым, жаздым кітап түркішілеп,
Мейлің сөк, мейліңқала ерекше елеп.
Артымда ат қалсын деп жаздым мұны
Ғажайып таңсық сөзбен ерекшелеп.
Өнерлеп жаздым кітап сөз түйерлік,
Сан толғап, бірін алдым ел сүйерлік,
Асыл сөз аз болады, қалжың көп қой.
Бөз арзан шәйі қымбат бір киерлік.
Жас ұрпақ тыңда мені, ұғасың көп:
Атымды дұғаңда айтып шығарсың деп,
Өзіңе сирек сөзді сыйлық еттім,
Маған да тарту етсін дұғасын,1- деп дұғаны тарту ету арқылы өткен дүниемен рухани сабақтастықтың және байланыстың сақталатындығын Жүгінеки өз шығармасында дәлелдеп отыр.
Түркі тілдес халықтар ортақ тарихына ортақ тұлға болып Ахмет Жүгінекидің ғұлама ойшыл, ағартушы ретіндегі жан-жақты ғылыми мұрасының бүгін де жастарды имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуде және рухани құндылықтарымызды насихаттауға мәні ерекше.
Достарыңызбен бөлісу: |