Пікір беруші, филология ғылымдарының докторы, С



Pdf көрінісі
бет169/322
Дата15.09.2023
өлшемі8,8 Mb.
#107975
1   ...   165   166   167   168   169   170   171   172   ...   322
ШЫТЫРМАНДА (ІV бөлім) 
Жидебайға қайтардың алдында Абай әкесінен көш-қон жайын сұрастырған. 
Құнанбай үлкен аулына тез көшсін деп бұйрық берді. Қарашоқыдан Жидебайға 
шейін қатты жортып жүріп еді. Қалайша оп-оңай келіп қалғанын өзі де байқамады. 
Абай үлкен үйге түсіп, шешелерімен амандасып болған соң, көші-қон жайын 
айтты.
Кешкі астың алдында Абай Зере мен Ұлжанға Кәмшат жайын айтты. 
Естігенінің ешбірін қалдырмай, қатты айтты. Зере күрсініп, күңіреніп кеп, 
Құнанбайды жерледі. Ұлжан үнсіз, жым-жырт, қиналып отырып Абайға: 

Осы естігеніңнің бірде-бірін Айғызға айтпай тұра тұр. Бүгін таңертең: «Түс 
көрдім. Кәмшат жер ошаққа жығылып қалып, үсті-басы лаулап жанып барады 
екен»- деді. Сүйіндіктің қатыны, аналық мейірімі бар кісі. Бәрінен де соның 
айтқаны тек емес қой. Шыңғысқа жетейік. Сонаң соң өзің қасыңа бір ересек кісіні 
ерт те, тура Шырақтың аулына барып, Кәмшатты өз көзіңмен көріп, бар жайын 
біліп кел. Айғызға содан кейін айтып, әкеңмен шындап сөйлесейік,- деді. Байлау 
осы болды. 
Сол кештен он шақты күн өткен шамада Құнанбайдың үлкен аулы Ақбайтал 
асуынан асып барып, Шыңғыстың сыртындағы Жігітек, Бөкенші жайлауы болған 
Қопаның аузына қонды.
Шешелеріне әнеугі берген «уәде» бойынша, Абай Қопаға қонған күннің 
ертеңінде қасына Ғабитханды ертіп, Бөжей ауылына жүріп кетті. 
Абайлар Бөжей үйінің сыртына кеп, аттан түсіп жатқанда, үйдің ішінде әлсіз 
үнмен жалынып жылаған кішкене баланың үнін есітті. Ауру баланың жылағаны. 
Абай жүрегі жаман белгіні сезгендей су етіп, қатты аянышпен шаншып кетті. Үн 
дәл Кәмшаттың үні сияқты. Бірақ дәл осы кезде жаңағы баланың жылауына 
ызаланған ұрысқақ дауыс естілді. Бөжейдің бәйбішесінің даусы: 

Ырылдатпа! Ырылдатпашы анау көзің ойылғыр жетімекті!- деп, зекіп тастап, 
долы бәйбіше есікке қарады. 
Киіз есік ашылып, екі бала жігіт кіріп келген екен. Абайлар төрге шықты. 
Үлкен үйдің іші сыртындай жұпыны емес, жасаулы, кілемді, алашалы екен. 
Абайлар үй ішімен ақырын ғана амандасты. Жылаған Кәмшат екен. Ол 
қонақтардың оң жағында, бір жаман жыртық жаялықтың үстінде бүк түсіп жылап 
жатыр. Кәмшат жаңа келген кісілерді танымады. Бірақ үй ішінің қаттылығын осы 
жаңа келген жандарға шаққандай боп кемсеңдеп, иегі дірілдеп, біртүрлі әлсіз 
үнмен тағы жылады. 
Бұрын топ-толық, қызыл шырайлы, қарақат көзді Кәмшат, қазір сатқақ 
ұрғандай арықтап, құп-қу шөлмектей боп қалыпты. Күтімсіз, қор болған бала шын 
бишаралық қалпында жатыр. 
Осы жайды көріп, болжай сала, Абай мен Ғабитхан екеуі қатарынан 


216 
Кәмшатқа созылды. Бала танымай, теріс бұрылып, тартына берді. Ғабитхан мынау 
көрген күйіне шыдай алмай, жылап жіберді. Абай ыза менен азаптан, жанашыр мен 
қайғыдан қалтырап кеткендей. Үйдегі әйелдер мыналардың көзінше сыр бермеймін 
деген боп, анау-мынау жай айтып жатты. 

Өзге бала сап-сау! Жалғыз осы бала бақырға бір жаман іш ауру тиіп, толас таппай 
қойғаны!-деп, бәйбіше жайма-шуақтаған болды. 
Абай бұл үйдің ішімен тілдескен жоқ. Бөжейдің қатыны шай қойғызбақ 
сияқты боп қам істей бастағанда, Абай: - Ішпейміз, жүреміз!- деді. Кәмшаттың 
мынадай тұтқында, аямас ғазапта жатқан бишаралығын көріп отырғанда тамағынан 
ас өтер орын жоқ. Ерекше бір ыза мен шер өне бойын кернеп алды. Кеш бата өз 
ауылдарына қайта жеткен уақытта Абай көңілінен осы күй бір сәт арылған жоқ, бір 
мысқал кеміген де жоқ еді. Абай көрген-білгенін толық жеткізді.
Мән-жайды түсінген Зере Құнанбайға қадала қарап:

Қатты болсаң қасыңа бол! Сен де пенденің ұлысың, анадан туғансың. Кәмшат 
турасында күйзелтіп күңірентіп отырсыңдар сендер. Тап енді емін! Құтқар анау 
қаршадай жетімегімді! - деп, қатты бұйрық етіп тоқтады. 
Осының ертеңінде Құнанбайдың сәлемімен Бөжей аулына Жұмабай барып 
қайтты. Ол Бөжей аулынан түнеріп қайтты. Бөжей қасында Байдалы, Түсіптер бар 
еді. Үй ішімен, ағайынымен күңкілдесіп алып, Бөжей Құнанбайға ашулы жауап 
айтыпты: 

Құнанбай жаққан отқа менің арым өртенді. «Жарасы жазылды, сынығы бітті» 
дейме екен? Сұрау салмай, мазамды алмай тек жүрсін, күйдірмесін ағайын!- депті. 
Құнанбай демігіп тыныс алып, қап-қара боп кетті. Бөжейдің бұл жауабынан 
Абай да қатты түңілген еді. 
Осыдан кейін аз күн өткен соң, Бөжей аулынан Айғыздар күткен жаман 
хабар оқыс келді.Кәмшат өліпті. Және таңертең өлген баланы сол күні түс ауа 
қойып та бітіріпті. Керек десе, Құнанбай аулына, Айғыздай көзі тірі шешесіне 
хабар да айтпапты.
Жалғыз Құнанбай емес, бастығы Зере болып, Абай болып, Бөжей мінезіне 
шынымен аса қатты ренжіді. Әнеугі жауап бір көңіл қалдырған болса, мынау ісі 
тіпті бір қырыс надандық пен қаталдық тәрізді, Бөжей өзі осыны сезген болу керек. 
Кәмшат өлген күні ол: «Айғызға хабар қылсақ нетеді?» деп, үй ішімен, 
Байдалымен ақылдасқан еді. Бірақ осы аз күннің ішінде Құнанбайдың Жігітек 
жерінен Бөкеншіге қоныс әперіп отырғанын айтып, Байдалы ырық бермеді. 
Кәмшат жайы осындай күйіп жүрген күндерге дәл келген соң, Бөжейдің рақымсыз 
боп жүргені рас. 
Кәмшаттың қойылып қойғанына Құнанбай жаман қатуланды. Абай әкесінің 
ендігі сырын білмейді. Үлкен кісілер кеп, әке қасын қоршағаннан бері және 
Кәмшат өліп, үй ішін, аналар көңілін уайым басқаннан бері Абай әке қарекетінен, 
ендігі мақсұтынан шетірек қалған-ды. 
Бақанас бойына бір өзгеше хабар шұғыл кеп қалды. Үш жолаушы айтыпты: 
«Бес күннен бері Бөжей науқас еді. Әйтеуір, кеше кешке бар жанкүйер ағайынын 
шақырып, арыздасып жатыр дегенді есіттік»-депті. Бұл жүргіншілердің сөзі 
ұшқары сөз емес, шын еді.


217 
Осы күннің ертеңінде суық сыбыс анық боп, Бөжей қайтыс болды деген 
хабар да жетті. Бұл хабарды Жұмабай ат үстінде естіп Ұлжан үйіне келгенде, ол үй 
таңертеңгі шайын ішіп отыр екен. Үйде Құнанбай, Зере, Ұлжан бар. Балалардан 
Абай, Оспан, Тәкежан отыр еді. 
Бөжейдің өлімін есіткенде үй іші тегіс аңтарылып, селт етті. Құнанбай қатты 
сұрланып алып, түрулі тұрған есіктен алыстағы көк адырға қадалып отырып, ернін 
жыбырлатты да, баяу ғана бата қылды. Зере жалын атып, зор күйінішпен күрсініп 
қойып, кесек-кесек жас ыршытты. Абайдың екі өкпесі аузына тығылғандай боп, 
тынысы бітіп, жүрегі қатты соғып кетті. 
Бақанастағы Ырғызбайдың бұл ауылдары Бөжейдің өлімі туралы айрықша 
хабаршы келер деп күтті. Жаназаға деп саба, сойыс, үй қамдап, өз жолымен 
барудың жайын да шолақ-шолақ сөйлескен болатын. Бірақ кешке шейін тосса да 
хабаршы келмеді. Сұмдық көрінсе де, көнбестеріне шара жоқ. Бөжейдің өліміне 
Құнанбайды шақырмапты. Әдейі алалап тастапты. 
Құнанбай қатты қиналып, ақыр аяғы ызаға кетті. Кешпес қатал ызаға кетті. 
Өліге шара жоқ. Әсіресе, исі Тобықтыдан бері істелмеген қатыбас, жат сұмдықты 
шығарып отырған Байдалы, Байсалдарға кінәсі көп. 
Жаназаға, Бөжейдің жаназасына шақырылмаған Зере, Ұлжандар өлердей 
күйіп, өзгеше шерлі боп қалған еді. Бірақ істер шара жоқ. Кінәсіз екі мейірбан, 
жазықсыз екі жан Бөжейге деген көз жастарын үйлерінде отырып төкті. Бөжейге 
арналған құрандарын, «тие берсінін» өз үйлерінде, өз балаларына, Абай мен 
Ғабитхандарға оқытты. Шелпектерін пісіртіп, дастарқандарын жайғызып, бір жеті 
бойында өз үйлерінде аза қылып отырысты. 
Құнанбайға хабар бергізбеген Байдалы мен Байсал.
Бөжейдей жұрт жоқтаған жанға топырақ салмай қалған жалғыз Құнанбай 
айналасы болды. 
М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясы, І том, Алматы: «Жазушы», 1989 ж. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   165   166   167   168   169   170   171   172   ...   322




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет