Пікір жазғандар: Кәрібаев Б. Б



бет71/93
Дата10.03.2023
өлшемі0,68 Mb.
#73115
1   ...   67   68   69   70   71   72   73   74   ...   93
Байланысты:
annotation165748

XVIII ғасырдың деректеріне қарағанда қазақтар ұзақ жасайтын халық болған.Қазіргі кезде қазақстандықтардың орташа өмір жасының ұзақтығы 72-ке жетті. Қазақтар – ежелден ұзақ жасайтын халық. XVIII ғасырдағы белгілі ресейлік зерттеуші И.Г. Андреевтің айтуынша «олардың көпшілігі әбден қартайғанша, тіпті 100 жастан аса өмір сүреді, көру қабілетін де, ақыл-есін де жоғалпай, ол тұрмақ тістері түспей жасап, атқа жайдақ мініп жүре береді». А. Паллас сол ғасырдың өзінде осы бір айрықша ғажап құбылысты «Қазақтар көбінесе қарттықтың ұлы қырқасына дейін жетеді, тіпті қарттарының өзі сергек, дені сау болады», – деп бағалаған. Тіпті ХІХ ғасырдың басында-ақ Г. Спасский «Орта және Кіші Орданың қырғыз-қайсақтары» атты еңбегінде осы бірегей дәстүр турасында «Олардың көбі 100-ге келіп, одан асса да күшті дене бітімін, мықты ақыл-есін, жақсы көру қасиетін сақтап қалады әрі салт атпен еркін жүре береді», –деп жазған.
Халқымыз салауатты өмір салтын ұстанды. Алаш қозғалысының белгілі қайраткері Қошке Кемеңгеровтің айтуынша «баяғыда шалдар жасы 70-ке келіп дүниеден озған адамды «құлыным» деп жоқтаған екен». Ал қазір «құлыным» деп әдетте балаларға, жастарға айтады. Ертеректе далалықтардың дәстүрлі қоғамының шарықтау шыңында тұрған кезде ұзақ жасап, мықты денсаулығымен ерекшеленді.
Дені сау, мықты қартаң жастағы ер азаматтардан бала өрбігендігі де – жиі ұшырасатын жайт. Қазақтағы Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбай деген есімдер осының айғағы, яғни олардың әкелерінің жасы – 60, 70, 80, 90 тіпті 100-де болған.
Неміс зерттеушісі Ф. фон Шварц қазақтардың денсаулығының өте жақсы екендігін «Қазақтар Орталық Азияның барлық басқа халықтарының ішінде денсаулығы өте жақсы екендігі соншалық, тіпті «қазақ сияқты денсаулығы мықты» деген мәтелге арқау болған», – деп атап көрсеткен.
Ұлы дала халқының денсаулығының мықты болуы және ұзақ жасауы біріншіден, дала тұрғындары көп уақытын таза ауада өткізіп, қоныстарын жиі-жиі ауыстырып отырды.Сондықтан олар өкпе ауруының (туберкулез) немесе жұқпалы аурулардың не екенін білмеген. Бұл жөнінде Георги «Ұлан-ғайыр даласының саф ауасымен тыныстап, алаңсыз, мамыражай өмір сүріп жатқан олар ауру-сырқауға сирек ұшырайды және көпшілігі қартайған шағына дейін мықты болады», – дейді. Екіншіден,экологиялық жағынан таза әрі табиғи тағам түрлерін, негізінен ет-сүт өнімдерін жеген. Негізгі сусын қымыз болған. Қымыздың дертке – шипа, сауға – қуат беретін пайдалы қасиеті анық дәлелденген. Қымыз адамның денсаулығына әрі ұзақ жасауына пайдасы мол. Мал шаруашылығымен айналысқан дала тұрғындары осы сусынды бірнеше мыңдаған жылдар бойы пайдалануда. Бұл жөнінде ежелгі замандағы «тарихтың атасы» атақты грек тарихшысы Геродот «Скифтер өздерінің құлдарын биенің сүтін піскізуге мәжбүрлеп, соқыр ететін», – деп жазады. XIII ғасырдың үшінші ширегінде бүкіл мәмлүк әлемі олардың билеушісі, даламыздың ұланы Бейбарыс сұлтанның бұйрығы бойынша қымыз ішетін болған.
Ибн Рузбихан 1509 жылы қазақ жеріне келіп, қымыздың емдік қасиеттері туралы былай деп жазған: «Жылқы сүтінен олар дуг, түрікше – қымыз жасайды. Ол – сусындардың ішіндегі ең жақсысы. Расында да, ол өте пайдалы, әрі жағымды сусын. Қымыз жұмақ өзенінің сусынындай хош иісті. Оның тамақтан өткен әр тамшысы адам көкірегін тыныштандырады. Егер де семіздік ауруына шалдыққан адам ішетін болса, онда оның ас қорыту органдарының жұмысы жақсарып, қомағайлану сезімінен мүлдем айығады... Оны ішкен адам барлық дертінен арылады. Қымыз әрі азық, әрі дертке шипа болатын дәрі-дәрмек».
Қымыздың емдік қасиеттері туралы ресейлік Д. Самоквасов та жазған:«Әбден арып-ашып, әлсіреген көшпелі тез арада сауығып, бетіне қан жүгіріп шыға келетіні саяхатшылардың назарын аудартып қана қоймай, қымызды меңдеген дерттен арылтуға ем ретінде пайдалану туралы ой салды. Бақылаулар көрсеткендей, осы бір өте жылдам, әдетте бірнеше аптада ғана, көшпелінің денсаулығы мен бал-бұл жанған жүзінінің қалпына келуі... қарапайым ғана, аз мөлшердегі қысқы сорпаға-суға биенің ашытылған сүтін қосып ішкеннен болатын».Қымыздың пайдалы қасиеттері туралы ресейлік жоғары лауазымды шенеуніктер де біліп, ішіп отырған. Мысалы, XIX ғасырдың орта сында Томск губернаторы Супрунюк отбасымен Құлынды даласында әр жаз сайын келіп, қымызбен емделген. Сол кезде Қазақстанның әр қаласында барлық ұлты мен түрлі діни наным-сенімдегі қала тұрғындары баратын «қымызханалар» болған. Ресей империясы мен КСРО заманында туберкулезбен науқастанғандарды қымызбен емдейтін арнайы санаторийлер жұмыс істеді. Ғылыми зерттеу нәтижелері бойынша нақ осы бие сүті құрамында трансмай қышқылдары болмайтындығы себепті ұзақ жасаудың құпиясын көрсетеді.Академик Т. Шарманов бие сүтінен шоколад жасап шықты. Үшіншіден, көшпелілер өмірі ат үстінде өтті. Ұзақ уақыт бойы салт атпен жүру, олардың денсаулықтарын жақсартып, ұзақ өмір сүруге септігін тигізді. Сайын далада еркін өскен ер-азаматтар арасында жыныс безі, несеп-жыныс жолдарының аурулары жоқ болды деуге болады. Төртіншіден, қазақ қоғамында арақ-шарап ішімдіктерінен ішкен жоқ, темекі де шекпеген. Керісінше, отырықшы тұрғындардың денсаулығы осы кеселден зиян шеккен.Шыққан тегі неміс ресейлік ғалымВ. Радлов осы орайда «Маскүнемдік сияқты кесел қазақтарға мүлдем тән емес», – деп жазғаны куә. Н. Малицкий «Этнографиялық шолу» атты еңбегінде: «Қазақтарда темекі тарту деген әдетінде болмаған»,депжазды. Бесіншіден, қазақтар білікті халық емшілерінің емін пайдаланған. Емшілік өнер ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған. Бүгінде осындай емшілік өнер бізде жандануда. Алтыншыдан, қазақтардың басым көпшілігі аңшылық пен ұлттық спорттық ойындарымен айналысқан,бұл да ұзақ жасауға ықпал еткен.
Қазақстардың ұзақ жасауы мен қартайған шағындағы денсаулығы жөнінде орыс генералы С. Броневский былай деген: «Бірқалыпты өмір мен ас-ауқаты, үнемі таза ауада болу сияқты жайттар қазақтарды аурулардан сақтайды, олар әбден қартайғанша өмір сүреді, жас 100-ге жеткендер көп, ал 70 жастағылары барлық ауыртпашылықтарды жастармен бірдей көтереді. Және тіпті де кәрі көрінбейді. Кейде, олардың көз жанары түтіннен ертерек зақымдалады; ол үшін аттың қара қылынан өрілген көзілдірік қолданылады; өле-өлгенше тістері сол күйінде сақталады, суық тиюден көп азап көрмейді».
В. Радлов «Далалық түркі көшпенділері» атты еңбегінде былай деп түйіндейді: «Қазақтардың ішінде ауру-сырқау, әлсіздер аз және жалпы құнарлы ас пен таза ауадағы өмірдің арқасында олардың арасында дертті адам сирек кездеседі. .. Көптеген қазақтар кәрілік шағына дейін өмір сүреді. Тіпті жүз жасаған қарттар да бар. Қазақтардың барлық сезу қабілетінің ішінде көру қабілеті жақсы дамыған, бұған таң қалуға болмайды да. Қазақ әдетте кең жазық жапан түзде өмір сүретіндіктен және жастайынан алысқа қарауда көздері өткір». Ал, ХХ ғасырдың бірінші жартысында кеңестік зерттеуші Н. Малицкий, ғылыми зерттеулерге сүйене отырып: «өз елінің қатаң климаттық жағдайлары шынықтырған қазақтар мықты денсаулығымен, салыстырмалы түрде көп ұрпақ өсіргіштігімен ерекшеленеді, осының арқасында өздерінің тұрақсыздау көршілерін ығыстыра отырып шар-тарапқа ірге кеңейтуде. Қазақтардың дене бітімі де мықты. Тұрпаты келісті. Кеудесі кере қарыс, кең жауырынды, желке-мойыны тұтас, бұлшық етінің күші бірден байқалады. Ас қорытуы да керемет. Дене қызуы да еуропалықтарға қарағанда жоғарырақ. Қазақтардың организмінің қуаттылығы жараланған кезде байқалады: жарақаттары кейде дене қызуынсыз өтеді, ал өзі, асқа тәбетін жоғалтпаған күйі жазылып кетеді. Қазақтардың суыққа да, дене ауырсынуларына да төзімділігі жоғары», – деп жазған.
Денсаулық пен ұзақ жасаушылық туралы мақалдар мен мәтелдер көп. Мысалы, «Денсаулық – зор байлық», «Ауру желмен кіріп, термен шығады», «Ауру атанды да шөктірер», «Ауру кірді – әлек келді», «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады», «Көзің ауырса - қолыңды тый, ішің ауырса – тамағыңды тый» «Ауруын жасырған – өледі», «Тәні саудың – жаны сау», «Балық жаны – суда», «Емнің алды – еңбек», «Азған денеге ауру үйір», «Басы аманның малы түгел», т.б.
Көшпелілер білікті емшілерге емделді. Емшілік қасиеті ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырды. Балгерлерді «тәуіп», емдік шөптермен емдейтін адамдарды «дәрігер», хирургтарды – «оташы», сүйекті түзетіп, сынықты емдейтіндерді «сынықшы» деп атаған. Жергілікті емшілердің ішінде Бұқара, Самарқанд медреселерінің түлектері болған. Емшілер Ибн Синаның медициналық канондарымен таныс болған. Олар дәрі жасауды білген, тіпті улы заттарды да (хинин, камфор, скипидар, тотияйын, сынап, алмас, апиын) дәріге пайдаланған.
Дәрілік шөптердің ішінде жусанның түрлері, саумалдық, қара андыз, қалампыр, арша, киікоты, тал қабығы, итмұрынның тамыры, долана, меңдуана, мия тамыры және т.б. кеңінен қолданылған. Мысалы, зерттеушілердің мәліметтері бойынша ХІХ-ХХ ғасырларда тек Түркістан өлкесінің өзінде ғана қазақ емшілері өсімдік текті 227 түрлі дәрі-дәрмектерінің қасиетін білген.
Емші дәрігерлер жануарлардың ағзасынан алынған емдік дәрі-дәрмектерді де пайдаланған: аюдың өті, суырдың, борсықтың, қаздың, қойдың, жылқының майлары. Мысалы, суық тисе қойдың майы қосылған қайнатылған сүтпен тез арада жазылған.
Қазақ емшілері адам анатомиясы жайлы жан-жақты білімі болды. Олар аурудың диагнозын тамыр ұстап анықтай алатын. Шөлді және шөлейтті жерлерде сырқат адамдарды құм ванналарымен емдесе, қысқы уақытта сырқат адамдарға тұз бен түрлі емдік шөптер қосылған жылы ванна қабылдатқызған. Кейбір ауруларды қазақ емшілері науқасты жаңа сойылған ешкінің, қойдың, өгізшенің немесе құлынның терісіне түсіріп те емдеген. Жергілікті емшілер ертеде тұзды көлдер мен минералды бұлақтардың шипалық қасиеттерін білген. Мұндай емдеу тәсілдерінің көптеген буын ауруларын, сыртқы және ішкі ауруларды емдеуге көмегі тиетін. Көшпелілер тұзды, батпақты көлдерде емделген.
Қан қысымынан болатын бас ауруларын емдеуде қан шығару әдісін қолданған. Қазақ емшілері сүлікпен де емдеген. Залалсыздандырып, қанды тоқтату үшін күл сеуіп, я болмаса күйдірілген киіз басатын. Халық емшілері құрсақ қуысын тіліп, жарып босандыру (кесар тілігі) отасын да жасай білген. Сынықшылар аяқ-қол, иық, тіпті жамбас шығуды, түрлі сынықтарды да емдей алған. Психикалық ауруларды бақсылар емдейтін. Өкінішке қарай, кеңес билігі кезінде емшілер заңсыз қуғынға, тіпті саяси сүргінге ұшырады.
Ұзақ өмір сүретіндердің жарқын бейнесін көрсеткен белгілі тұлғалар өздері жайлы естелік қалдырған. Әнет баба, Қазыбек би, Төле би, Бұқар жырау, Жамбыл Жабаев т.б. 100 және одан да көп жасаған жандар. Қошке Кемеңгерұлының мәліметі бойынша ұлы Абылайдың баласы Уәли хан 105 жыл жасап, 1821 жылы дүниеден озған. Дала әлеуметінің әйелдер қауымы да ерлерден қалыс қалмаған. Мысалы, Бопай (Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың әйелі) 100 жастан асып жасағаны тарихтан белгілі.
Ұзақ жасау пен салауатты өмір салты қазақтардың егде тартқан кезінде де балалы болуына мүмкіндік беретін. Мысалы, атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы 75 жасында өзінен көп кіші 32 жастағы Бибіжан Бүркітқызына үйленген. Екі жыл отасқаннан кейін Жанәбіл есімді ұл дүниеге келген.Қуатты денсаулық дала тұрғындарының бірнеше әйел алуына мүмкіндік берген.
2012 жылы 5 қыркүйекте Назарбаев Университетінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы студент жастарға: «ХХІ ғасырда қазақстандықтар Ұзақ жасаушы ұлт болуы тиіс. Көп жағдайда денсаулық тек медицинамен байланыстырылады. Денсаулықты бірінші кезекте адамның өзі қалыптастыруы керек. Мен сіздерді және барлық студенттерді біздің олимпиадашыларымыздың жеңісі құрметіне зиянды әдеттерден бас тартуға шақырамын, спортпен айналысыңыздар, салауатты өмір салтын ұстаныңыздар», – деген болатын. Қазіргі ғалымдардың айтуынша, дүние жүзінде ұзақ жасаудың бес «көгілдір аймағы» бар екен: Окинава, Икария, Сардиния аралдары, Коста-Рикадағы Никоя түбегі мен АҚШ-тағы Лома-Линда қалашығы. Мұнда адамдар 90-нан 100 жасқа дейін өмір сүреді екен.
Ш. Уәлиханов (1835-1865) «Қазақ халқы – ғаламшардың ең қайырымды халықтарының бірі» – деп толғанған.Шынында да,қазақтардың бойындажанашырлық, қайрымдылық, адамгершілік, кісілік сияқты керемет қасиеттер бар. Сондықтан да болар басқа этностар мен конфессия өкілдері Дала ұрпақтарының ортасында олардың үйреншікті өмір ырғағымен табиғи үйлессе, барды күштеп өзгертуге тырыспай жүрсе, өздерін өте жақсы сезінеді және сезініп те отыр.Көшіп-қонып жүретін тұрмыс салтына қарай дүниетанымы ерекше, ой-өрісі кең, далалықтар қоршаған ортаға түсіністікпен ғана қараған жоқ, сонымен бірге оны өзгертпей, сол күйінде қабылдады.
Еркіндік, демократия, шектен асқан байлық, негізінен, мал шаруашылығымен айналысу, кең жазық дала, жақын-туыстарының көп болуы, Қазақстан тұрғындарының бойнда адал қасиеттерді қалыптастырды.
Ғұндардың құдіретті болуының себептерінің бірі – олардың толеранттылығы, тұтқындарға сыйластықпен қарауы еді. Бұл жөнінде V ғасырда Прииск жазған болатын. Ол тұтқында жүрген грекке отанына қайтуды ұсынады, бірақ сақтардағы құлдықтан енді ғана босаған грек ғұндардың арасында «Византияда еркіндікте жүргендегіден гөрі, құл ретінде жақсы өмір сүргендігін» айтып, бас тартқан көрінеді.
Жақсы мінезді ғұндардан кейін келген ортағасырлық түркілер де мұраға алып, ғасырларға жеткізген. Бұл жөнінде арабтың ғалымы әл-Джахиздан (775-868 жж.) асырып ешкім де айта алмаған шығар: «Түркілер – өшпенділік, жалған өтірік, екіжүзділік, жала жабу, өсек айту, жасанды қылық, менмендік, басқаларға менсінбей қарау, көршілерінен асқақтық дегенді білмейтін жұрт», – деп жазады.Бұл қыпшақтарға да қатысты. Атақты араб ибн Яхия қазақтардың тікелей жақын бабалары – қыпшақтардың бірегей қасиеттерін толықтырып жазады: «Қыпшақ түркілері басқа түркілерден өздерінің діншілдігімен, батырлығымен, жылдамдығымен, дене сымбатымен, келісті келбетімен және тектілігімен ерекшеленеді».
Далалықтардың жақсы мінезі мен адамгершілігін олардың қоғамдағы әйелдер қауымына құрметпен қарауынан да байқауға болады.
Қазақтардың лексиконында қайырымдылық, адамгершілік, кісілік ізгілік туралы әлі күнге дейін сақталған: «Бір күн дәм-тұзын татқанға қырық күн сәлем», «Су ішкен құдығыңа түкірме», «Итті күшігім десең, аузыңды жалайды», «Игіліктің ерте-кеші жоқ», «Жақсылық қылсаң – жасыр, жақсылық көрсең – асыр», «Жағымпаз надан – жаудан жаман», «Жақсылық біреуден қайтпаса, біреуден қайтады», «Кең болсаң, кем болмайсың», «Жақсылық – ағаш басында, жамандық – аяқ астында», «Біреуге өлім тілегенше, өзіңе жүрім тіле», «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды», «Жақсылық еккен, алғыс орады», «Іші тар қатын бала тумас», «Кекшіл болма, көпшіл бол», «Жаман арба жол бұзар, жаман адам ел бұзар», «Тәрбиелі адам – тағалы атпен тең».
ХІХ ғасырдың ортасында жазған «Қазақтың әдет-ғұрыптарына сипаттама» деген еңбегінде Андре көшпелілердің мінез-құлқының ерекшелігін: «Табиғынан ақылды, тәжірибе мен түзу сәлемін қоса алғандағы ерекше рухани қасиеттері олардың ерекше сипаты, әрі игілігі» – деп көрсеткен. Белгілі зерттеуші А. Алекторов «қазақтар табиғатынан қайырымды, достыққа жақын, тіл табысқыш» – деп жазған.
А. Седельников қазақ халқының негізгі мінез-құлқы белгілерін, қайырымды, әрі бейбіт сүйгіш халық екеін былай деп жазады: «Азияда көшіп-қонып жүрген түркілердің ішінде қырғыз-қазақтар – неғұрлым мәдениетті халық. Олардың болашағы жарқын болатыны сөзсіз: саны да өсіп келеді. Олар мәдениетті қабылдағыш, тілінің сипатын, өз ойын жеткізу тәсілі мен қабілетін халық әдебиетінің байлығына, ақыр соңында өнерінің даму ахуалына қарап байқауға болады. Қазақтардың қоғамдық өмірі жете дамыған, қонақ күту, сапарлау, сауық құрушылықтың төңірегінде, отбасы шаралары мен мерекелер кезінде бүтіндей ауыл-аймақ атсалысады, ұзақсонар әңгіме айтылып, жастардың ойыны мен өлеңшілердің әндеріне ұласады. Қазақтың қоғамдық құрылысын демократиялық деп айтуға болады».
Ал, орыс офицері С. Броневский далалықтардың қарапайымдылығы мен қайырымдығын былай пайымдайды: «Өздерінің туыстарына қарапайым және шексіз қайырымды: олардың бөліспейтін заты, көрсетпейтін қызметі жоқ – аса қонақжай; ас беріп күту – оларда міндет емес, парыз. Пісіп жатқан қой етінің иісін сезген қазақ, тәбеті ашылып кетіп, танымайтын үйге бас сұқса, туысындай күтілетін. Шақырылған, шақырылымаған қонақ деп ажыратылып жатпайтын. Орысты да, барлық шетелдікті кең пейілмен қарсы алады: киіз үй, ас-ауқат, жеке басыңның қауіпсіздігі бәрі де шын көңілден ұсынылады».
Ал, шаруаларды жаппай қоныстандыру, депортация, саяси қуғын-сүргіндер мен жер аудару кезінде миллиондаған халық өкілдері қазақ жерінен пана тапты. Жергілікті жаны жомарт қазақтардың қоныс аударушы шаруаларға көрсеткен көмегін 1911 жылы «Омбы жаршысы» беттерінде оның Ақмола облысы, Омбы уезі, Голубев болысы, Сабайғыр-Шілік елді мекеніндегі тілшісі былай деп жазады: «Алғашқы переселендер су ішетін жер таба алмай шөлден өле жаздады. Переселендердің айтуынша, олардың бірнеше сиыры шөлден қырылып қалған. Қазақтарға рахмет. Қазақтар осы учаскеден 15 шақырымдай жердегі Сүргінкөл ауылы маңындағы көлді көрсетіп, аман алып қалды», – деп жазған. Осы ауылдың тұрғындарын қиналғандарға көмек қолын созуына, көшіп келген шаруалардың пайдасына рулық жерлерін күштеп әперуі (ығыстырылуы) де бөгет болмады! Сондықтан да қазақтар арасында бұрын да, қазір де жергілікті халықтың тілі мен мәдениетін толығымен игеріп алған еуропалық ұлт өкілдерінің елеулі бөлігі тұрды, тұрып жатыр да. Неміс, орыс, украиндар арасында бір кездері республикадан кетіп қалып, тағатты да бейбіт қазақтардың арасында өмір сүру әлдеқайда жақсы әрі үйреншікті екендігін түсініп, бүгінде Ұлы Дала еліне қайтып келіп жатқандар да аз емес.
Біздің еліміз «этносаралық бейбітшілік пен келісімнің қазақтандық моделі» туралы жайдан-жай айтылмайды. 2016 жылдың 1 наурызынан бастап жыл сайын «Қазақтарға алғыс айту күнін» тойлаймыз. Яғни, басқа ұлт қазақ халқына алғыс айтады. Мұндай ескерткіш тасты корей халқы өз атынан жасады.
Ата – бабаларға құрмет көрсету дәстүрі елдік қасиет, ділдік қасиет, отбасы-әулет құндылығы. Мұның тарихы әріден басталады. Мысалы, сақтарды зерттеген К. Райс «Ежелгі пирамида құрылысшылары» деген еңбегінде Геродотқа сүйеніп: «Скифтер Дарийден артқа шегінді. Дарий ашық шайқасты қалады. Бірақ скифтер патшасы: «Егер де бізбен шайқасу қажет болса, қара да тұр: бұл жерде біздің аталарымыздың қабірі жатыр, оны тауып, бұзып көр – сонда көресің біз сенімен соғысамыз ба екенбіз. Ал сен мұны істемесең, егер құлқымыз болмаса, біз сенімен шайқасқа кіріспейтіндігімізге сенімді бола бер. Бұл сенің тастаған үндеуіңе менің жауабым», – деп жазады. Бұл Дала тұрғындарының ата-бабасы мен олардың зиратына деген құрметінің жарқын мысалы.
Аға ұрпақтың бойындағы ақыл, күш, даналық, адамгершілік әр уақытта құрметтелетін. Солардың арқасында бейбітшілік пен тыныштық орнағаны ұмытылмайтын. Адам өмірінде де, қайтыс болғанда да бірдей құрметтелді. Қарым-қатынастағы құрмет, сонымен қатар, шежіре арқылы да білінетін. Олар туралы аңыз, әпсана айтылып, ұрпаққа өнеге етілетін.
Халқымыздың дәстүрінде ата-бабалар қабіріне де аса құрметпен қараған. Бұрынғылар мұнда аруақ алдында адалдыққа ант берген. Түнде қалған жолаушы қазақ дәстүрі бойынша қабірдің қасында түнеген. Қабірдің қасынан өтіп бара жатқан жан міндетті түрде аттан түсіп, Құран оқыған. Егер жолаушы зиратқа аялдап, дұға бағыштамаса, өзі үшін де, ұрпағы үшін де, халық үшін де қиын болады деген түсінік қалыптасқан.
Өз ата-бабаларын ұмытпас үшін олардың құрметіне мазар немесе қорым салған. Тіпті мәжбүрлі казак және шаруа колонизациясы кезеңінде де бұл дәстүр ұмытылмаған. Мысалы, Ресей империясының патшасына петиция жібергенде, рулық зиратқа қол сұғылмауын сұраған. Ғұн, сақ, қыпшақ, түркі ата-бабалары тәрізді олар да марқұмдарға аса құрметпен қарады: «Бабаларының мүрдесі жатқан жерлерді қасиетті деп санайды, қабірлерге және жалпы оның қоршауына да мұқият қарайды» (Н. Зеланд «Қырғыздар: этнологиялық очерктер»), – деп жазған.
Әрбір ру өз ата-бабаларын жекелеген рулық зираттарда жерледі. Тіпті алыс жерге көшсе де рулық зираттарға әкеліп жерлеген. Мысалы, 1788 және 1798 жылдары қазақтардың бір бөлігі Ертістің сол жағалауынан оң жағалауына біржолата көшуге мәжбүрледі. Өздерінің рулас адамдарымен қарым-қатынас жасауға тыйым салынса да, оң жағалаудың қазақтары ұзақ уақыт бойы қайтыс болған адамдарын сол жағалау жеріндегі рулық зират қасына көме берген.
Баласы жоқ әйелдер қасиетті деп саналған ата-бабаларының бейітіне медет тілеп, зиярат етіп барған. Жүйкесі сыр беріп, ауырған адамдарды ертеректе емші, тәуіп, қасиетті, өте дәулетті ата-бабаларының зиратына апарған.
Ата-бабалар рухының тынышытығын ойлау – қыр тұрғындарының басты парызы. Аруақтардың ризалығы үшін қазақтар өмірде неғұрлым діндар, тәртіпті, адамгершілікті болуға тырысқан. Мысалы, қайтыс болған адамға 7, 40, 100 күндік ас беріп, көп халық шақырып, жыртыс таратып, Құран бағыштайтын салтын қазақтар бүгінгі күнге дейін үзбей сақтап келеді.
Дәстүрлі қазақ қоғамында ас беру әлеуметтік-мәдени маңызға ие. Мұнда саяси, шаруашылық, әлеуметтік маңызды мәселелер талқыланады. Халық сенімі бойынша, ас неғұрлым ауқымды және берекелі өтсе, қайтқан адамның рухы риза болады. Атақты астарда жүздеген киіз үй құрып, дұға оқуға ғұламалар, ел алдында сөйлеуге ақындар мен билер, батырлар шақырылған. Оған көп күш, қаражат жұмсалған. Спорттық ойындар мен сайыстар, бәйге, түрлі тартыстар халыққа ұсынылған. Ақындар айтысы өткізілген. Салтанатты астарды тек байлар ғана жасай алған. Ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісі Сырым батыр ХVІІІ ғасырдың үшінші ширегінде халық жадында қалды. Өз заманында үлкен құрметке ие болды. Халық ауыз әдебиетінің деректерінде оның асына 2000 жылқы және 2500 қой сойылғаны туралы айтылады. Бұл халықтың - көшбасшысына деген құрметі. Тарихта Абылай ханның, Сағынайдың, Өскенбайдың (Құнанбайдың әкесі) және Сапақ бидің асы және т.б. атақты астар белгілі.
Жыршылар ата-бабаларының ерліктерін жырлады. Қыр адамдарының пікірінше, тірі адамдардың бейбіт өмірі ата-бабаларына тәуелді. Егер қазаққа бірдеңе болып, келеңсіз жағдайға ұшыраса, «Аруақ ұрды (атты)» деп айтқан. Кіші жүз қазақтардың әдеттік құқығының білгірі Л. Словохотов «Құлан түздегі қырғыз үшін аруақ құдіреті зор (рухани) күш. Ол одан қашып құтылу мүмкін еместей қорқады» –деп жазды.
Ата-баба есімдері топонимика мен ұрандарда айтылды. Ауылдар мен мекендерді, таулар мен шатқалдарды, ормандар мен көлдерді ата-бабалар есімімен атау – қалыптасқан жол, әрі тарихи маңызы зор дәстүр идеологиясына бағындырды.
Аруақ есімінің мәртебелі ұранға немесе әскери атойға айналуы, жер-су, елді-мекен атына берілуі табиғи орныққан үрдіс. Әр рудың, тайпаның, субэтностың, бүкіл халықтың өз ұраны болды. Қайын жұрты бабаларының есімдерін келіндері ешқашан атамаған. Тұспалдап қана айтқан, арнайы ат қойған. Жеті атасына дейін бабаларының есімдерін жаңа туған нәрестелеріне қоймаған. Дау-дамай, пікірталас, айтыс кездерінде басқа рулар мен халық өкілдерінің бабаларға тіл тигізуі қорлаудың ең жоғары дәрежесі саналған. Арғы бабалары туралы естелік ретінде әрбір отбасында қандай да бір тәбәрік зат сақталып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған. Намаз оқыған кезде әсіресе дұға оқығанда, марқұм болған ата-бабалардың аттары аталып, еске түсірілген.
Қиын-қыстау күндерде ата-баба аруағына сыйынған.Ата-бабалардың аруағына сыйыну немесе Жаратқаннан медет сұрау ұлт сенім-нанымында болды.Қиын жағдайда ата-баба аруағын шақырған, олардың атынан құрбан шалған. Жұт пен құрғақшылық заманында жаңбыр сұрап, «тасаттық» немесе «құрмалдық» дәстүрін жасаған.
Жеті ата толып, ру екі бөлек шыққанда, немесе екі жақ жер дауы, жесір дауымен айтысқанда, жауласқанда, бейбіт келісім үшін ерекше белгісі бар қойды немесе көк ат, ақ түйені құрбан шалып, ата баба зиратының жанында пәтуаға келген. Осыған орай «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген мақал шықса керек.
Аталарымыз марқұм бабаларын құрметтеу мысалында ұрпақты тәрбиеледі. Олардың арасынан, әлбетте, руын мақтан еткен би, әнші, ақын, жыршы, батыр, балуан, ұста т.б. болды.
Қазақтарда үлкенге құрмет көрсету культі болды.Ұлы Далада мыңдаған жылдар бойы жалғасқан рулық, тайпалық, жүздік және этникалық ерекшелікті үлкенді құрметтеу дәстүрі толықтырып тұрды. Оның өзіндік ғылыми түсінігі де бар: жердің климаттық ерекшелігі және табиғи географиялық шарттары бізді көшпелі және жартылай көшпелі мал шарушылығымен бірге егіншілікке де баулыды. Әрбір тарихи кезеңде адам әрдайым ынта-ықыласымен және заңды түрде дәулетті және бай болуды көздейді. Дәстүрлі шаруашылықта төрт түлік малды молшылық пен тұрақтылық үшін ұстайтын. Мал басының көбеюі оларды бөліске салып, туыстарға таратылуына себепші болды. Ондай болмаған жағдайда, жайылымдар құнарсызданып, жайылым жерін жиі ауыстыруға тура келетін еді. Ал, бұл көшіп-қонуды, киіз үйді жиі тез жинап, құруды үйретті. Сондықтан көшпелі тіршілік – әркімнің «қалауы» немесе «артта қалушылық» емес, Ұлы Дала елінің ережесі болды.
Үлкенді құрметтеу дала қоғамына молшылық пен тұрақтылық әкеледі деп түсінді. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтылмайды. Себебі олар – дәстүрдің алтын қазығы еді. Үлкендер кішіге жылдар бойы жинақтаған білімін, тәжірибесін берді. Еуразия халықтары ішінде үлкендерге құрмет көрсетуде қазақ тәжірибесі, үлгісі арнайы зерттеуді және насихаттауды талап етеді. Бүкіл мерекелер мен шараларда үлкендерге ең құрметті орын берілді. Жиындарда жастардың аға толқынды мүлтіксіз тыңдауы – аса маңызды шарт.
Қазақтың бұрынғыдан келе жатқан дәстүрінің ерекше бір түрі – соғым кезінде ең алдымен, үлкендерді шақырып, батасын алуы. Дәм кезінде оларға соғымның ең жақсы әрі дәмді мүшесі ұсынылады. Дастарханда ақсақалдар ас алуды бірінші болып бастайды. Далалық осынау этикет, жазылмаған заң мыңдаған жылдар бойы үзілмей келеді. Одан бөлек ақсақал қолынан бір тілім ет алу – жоғары құрметтің белгісі. Ал, дәм соңындағы «асату» дәстүрі – жиынның мәнін де, жастарға көрсетер тәлімінің деңгейін де көрсететін шара.
Кішілер ешқашан үлкеннің рұқсатынсыз үстел басына отырмаған. Астан кейін жасы бойынша ең үлкені және имани жолы ең лайықтысы бата берген. Кіші үлкеннің жолын ешқашан кеспеген. Ақсақал келгенде, жастар аттан түсіріп, бірінші болып амандық-саулық сұрасқан. Үлкендерге жас ұрпаққа дауыс көтеруге тыйым салынатын. Әңгімелескен кезде ешқашан үлкеннің сөзін бөлмеген, әңгімені әрдайым үлкен адам бастаған.
Алыс жолға сапарға шыққалы жатқанда, отбасы құрар алдында үлкендерден бата алған. Жат әрекетке барғанда немесе қылмыс жасағанда ақсақалдардың кәріне ұшырау, «теріс бата» алу – ең ауыр жазаның бірі.
Қиын шаруаны шешкенде, мәміле немесе пәтуа жасарда ақсақалдардың болуы міндетті. Солайша жер дауы, жесір дауы, құн төлемі шешілген.Ерекше құрметке жасы ұлғайған әйелдер де ие болған.
Дала автохтондарының үлкенге құрмет көрсетуі туралы баға сол заманның зерттеулерінде де көрініс тапқан. Мысалы, ресейлік жаңа заман зерттеушісі А.И. Левшин: «Әкесіне немесе шешесіне тіл тигізіп, қол жұмсаған баласын қара сиырға теріс мінгізіп, мойнына құрым киіз байлап ауыл айналдырып қамшымен ұратын болған, ал қызын байлап, жазалау үшін шешесінің қолына беретін»,деп жазды.Әйгілі«Описание киргиз казацких, или киргиз-кайсацких орд и степей» (СПб., 1832) еңбегінде қазақтардың мінез-құлқына мынадай сипаттама берген: «Игі істерге құмарлық және үлкенге немесе ақсақалдарға құрмет көрсету – ұлт мінезіндегі жақсы қасиеттер!». Бұндай бағаны қазақтар тек балаға жақсы тәрбие беру арқылы ғана алған. Бұл туралы Н. Изразцев былай жазады: «Ақылды қария баршаның құрметіне ие, оның жасын құрметтейді».
Танымал ресейлік зерттеуші Н. Малицкий: «Қырғыздарда үлкендерге, әсіресе үлкен туыстарына деген құрмет кең дамыған. Жастар үлкендерді көрген кезде орындарынан тұрып, орын береді. Қариялардың көзінше әзіл-қалжың айту әдепсіздік саналады. Үйленген ұлдары еншісін алып, жеке тұрады, ал кенжесі ата-анасымен қалып, қолында бірге тұрады», – деп жазған.Мысалы, XIX аяғында неміс зерттеушілерінің бірі Ф. фон Шварц былай деп жазды: «қырғыз-қайсақтарда сұлтандар мен батырлардан басқа, барлық үлкен ер адамдар, шыққан тегіне қарамастан сый-құрметке бөленеді».Орынборлық көпес Д. Белов жол күнделігінде осы маңызды институт туралы «Қырғыздарда қарияларға ерекше құрмет көрсетіледі, оларға ұсақ-түйек шаруасына көмектесіп, барлық жағынан сыйластық танытады, жасы кіші үлкенге бас иеді. Қай жерде болсын өз орнын беріп, атына мінгізеді. Жолға шықса, жасы кішісі үлкенінің атын ерттеп беріп, атын жайлап, барлық қызметті көрсетеді, кішісі үлкенін атымен атамайды, отағасы дейді, үлкені кішісін қосшы (көмекші) деп атайды», - деп жазған.
Үлкен адамдардың атына Дала тұрғындары «әке» немесе «еке» жұрнақтарын қосатын. Бұл адамның қоғамды беделін көрсетті. Осы туралы ХХ ғасырдың басында орыс ғалымдардың бірі Л. Баллюзек: «Қырғыз әдептілігі мен сыйластығы ережесінің бірі «–еке» жұрнағын қосып айту» деп жазған. Мысалы, Амантай – Әбеке, Әнуарбек – Әнеке, Бауыржан – Бауке, Дихан – Дәке, Қазыбек – Қазеке, Сабыржан – Сәке, Серік – Секе және т.б. Бейтаныс үлкен адамға да «аға», «апа», «тәте», «ата», «әже» сөздерін қосып, сыйлау ишаратын көрсеткен. Ақсақалдарды тікелей атамас үшін, кейде жастар оларды қызметімен тұспалдаған: Би аға, Батыр аға, Болыс ағай т.б. Балаларға азан шақырып, ат қою рәсімін де жасы үлкендер жасаған. Жүрісі ширақ, мінезі жақсы үлкен адамға балалардың тұсауын кестірген.
Балаларын тәрбиелеуде қазақтар үлкенге құрмет көрсету туралы мақал-мәтелдері бүгінгі күнге дейін де үлкенге құрмет көрсетуді үйретеді:«Ақылды қария – ағынды дария», «Кәріге құрмет – жасқа міндет», «Жаман жігіт – жасында шал», «Адам қартайса да, көңіл қартаймайды», «Кәрі – кәрінің сөзі дәрі», «Кәрі білгенді пері білмейді», «Табақ асымен жарасты, кәрі жасымен жарасты».
ХХІ ғ. басында үлкендерді құрметтеу дәстүрі көп этносты, урбанизацияланған Қазақстан халқына белсенді әсерін тигізіп отыр. Біздің ерекшелігіміз осы. Қоғамдық орындарда және басқа өмірлік жағдайларда жастар үлкендерге әрқашан орын беруі тиіс. Үлкендердің сөзін тыңдап, кеңестеріне құлақ асып, тыңдауымыз керек. Үлкендерге дауыс көтеру – көргенсіздік, олардың көзінше лайықсыз іс-әрекеттерге бару – қылмыс.
Қазақ даласында ежелден қоғамды біртұтас етіп біріктірген өзара көмек, мұқтажға қол созу сияқты бірегей дәстүрлер берік орныққан. Бұл туралы Н.Ә. Назарбаев «Ашықтық пен шынайылық, бейбітшілік сүйгіштік, ұлтына, діні мен тіліне қарамастан кез келген мұқтаж немесе қуғынға ұшыраған жанға көмек қолын созу – біздің халқымыздың туғаннан бері ажырамас қасиеті» деп, жақсы айтты.
Оның мәні мынада: өрт шалғанда немесе шапқыншылық пен жұтта, су тасқынында, аштықтан зардап шеккенде қиындыққа ұшыраған отбасыларына ауыл адамдары, руластары елеулі материалдық көмек берген.
Зардап шеккендердің алдына мал салып, киім-кешек, ыдыс-аяқ беріп, үйін көтерген. Бұл – шынайы қамқорлықтың, жанашырлықтың көрінісі. Ал, ортақ көмек беруден бас тартқандар руынан шеттетіліп, көшіріліп жіберілген. Бұлайша қауымнан аласталғандар ағайын көмегіне иек арта алмаған. Оның отбасы, сондай-ақ мүлкі мен малы кез келген тонаушының жеміне айналған.
Мысалы, бұрынғы қазақ даласында жұртшылықдеген әдет-ғұрып кеңінен тараған. Онда қарызға, шығынға батқан, одан шығатын жағдайы болмаған жақын-жұрағатқа ағайындары, ауылдастары көмектесетін. Бұл жәрдем ағайындардың мәслихат-кеңесінен кейін жасалады. Жұртшылық салты – Алаш жұртының ауызбірлігінің, бір-біріне жанашырлығының айқын дәлелі.
Дәстүрлі әдет-ғұрыптардың бірі – асар. Бір адамның не отбасының әлі келмейтін күрделі ісін бүкіл жұртшылық бірлесе жұмылып, бір-екі күнде бітіріп береді. Оған ешқандай ақы сұрамайды, міндет етпейді. Асарға шақырылғандар Алла жолында жәрдемдесу үшін өз еріктерімен келеді. Мысалы, баспана салу, шөп ору, пісіп тұрған егінді дер кезінде жинап алу, құдық қазу сынды жұмыстарда көпшіліктің күші қажет болады. Сондай жағдайға тап болған кісілер ағайын-тума, көрші-көлемді жинап асар жасайды. Кей кездерде асарды үйінде ауыр жұмыс істей алмайтын, ересек адамдары жоқ отбасылар үшін жанашыр жандар өздері ұйымдастырып, істерін атқарып береді. Сондай-ақ, көпшілікке қажетті нысандар да кей кездері асардың күшімен аяқталған. Кезінде осындай сауабы көп салауатты салттың арқасында талай мешіт-медреселер бой көтерген. Асарға келмеу – дала жұртының арасында өрескел қылық болып саналған. Бұл жөнінде орыс көпестерінің бірі Д. Белов сырдариялық қазақтарды мысалға алып, былай деп жазады: «Қырғыздарда бір-біріне көмектесу салты бар… Бірнеше адам жер жыртуға немесе пішен жинауға шақырылады, қожайын оларды етке тойғызып, содан кейін іске кіріседі; жұмыс аяқталғаннан кейін әркім өз ауылдарына тарасады. Мұндай көмек әдетте малы жоқ немесе қартайған және бала-шағалы адамдарға көрсетіледі… Қоңсылас әйелдерді шақырып, киіз басу да осындай ізгілікті істердің бірі».
Даланың әрбір тұрғыны мұқтаж адамдарға көмектесуі, шөлдеп келгендерге су беріп, шөлін қандыруға міндетті. Руластар және ауылдастар мал іздеуге ат салысып, барымташылармен бірлесе күрескен. Кез келген адам мұндай шұғыл істерде өз туысының жылқысын міне салып, аттанған. Мұндай кезде ат иесінен рұқсат сұрау міндетті емес. Ал егер одан бас тартқан жағдайда ат-тон айып салынып, жұртшылық алдында талқыға түскен. Өзара көмек дәстүрлері туралы кезінде белгілі зерттеушілер А. Левшин, Ә. Диваев, М.Ж.Көпейұлы, В. Григорьев, М. Шорманов, Т. Шевченко, т.б. жазған.
Әрбір дала адамы кісі қайтыс болған қаралы үйге көңіл айтып, кіріп шығуды өз борышы санайды. Құран оқумен қатар, мал түрінде немесе ақшалай көмек береді, оны бүгінде бата оқу деп атайды. Кісісі қайтыс болған отбасына көмек беру – ежелден келе жатқан дала дәстүрі. Мысалы, Күлтегін ханзаданы жерлеу кезінде қытайлықтар «көптеген сыйлықтар мен мол алтын мен күміс» жіберген.
Қазіргі кезде бұл дәстүр сақталған. Көктемгі су тасқыны, жер сілкінісі, сел немесе басқа да табиғи апаттар кезінде Қазақстан халқы зардап шеккендерге, әсіресе, адамы қаза болған отбасыларға материалдық және қаржылық көмек көрсетеді. Тұтастай ұжымдар өзінің еңбекақысының бір бөлігін аударады. Осыған байланысты Н.Ә. Назарбаев былай деп көрсеткен: «Қазақтардың бүкіл тарихы - бұл топтасу тарихы, бірігу тарихы. Қазақтар бірлік пен топтасу жолын іздеген халық».
Елімізде Аралдағы оқиға, әлемде болып жатқан Короновирус індеті кезінде де «Біз біргеміз» деп, халқымыз топтасып жатқанын айқындауда.
Қазақтар өміріндеБата адамдарды келеңсіз қадамдардан сақтап, жастарды игілікті және ізгі істерге үндеді. Ортада оң ой-пікір, идеялар мен істерге бағыттады. Атап айтқанда, бата адамдарды ізгі істер атқаруға шақырды.
Сөз екеш сөз де адамға әсер ететіні жасырын емес. Қазіргі ғылым сөздің зор және өмірге құштарлық беретін күшін дәлелдейді. Осыған байланысты жазған В. Даль сөзін еске түсірейік: «Сөзбен ойнауға болмайды. Сөз – адамдар арасындағы көрінбейтін байланыс, дене мен рух арасындағы жалғастырушы буын».
ХХ ғасырда танымал америкалық ботаник Лотан Бурбанк өсімдіктермен әңгімелесе отырып, олардың жаңа және қажетті түрлерін шығарды. Мәселен, тікенексіз кактус өсіру үшін ол бірнеше рет оның жапырақтарына «Тікенектер Сіздерге қажет емес, қорықпаңыздар. Мен Сіздерді қорғаймын» деп сыбырлаған. Содан кейін кактустің тікенексіз жаңа сорты шыққан.
Жапон ғалымдарының пікірінше, сөз судың құрамын да өзгертеді: жақсы сөз – жақсартады, келеңсіздері – нашарлатады. Адам ағзасының 80 пайызы судан тұрады. Сөйтіп, мұндай сөздер суға және өсімдік әлеміне әсер етеді. Осы бүгінгі ғылым жаңалығын біздің бұрынғы ата-бабаларымыз жақсы білген.
Қазақ бақсылары сөздің сиқырлы күшімен құрғақшылық кезінде жаңбыр шақырған немесе нөсер жаңбыр толастамаса, оны тоқтатқан. Олар сөздің сиқырлы күшімен ауру адамдардың жүйкесіне әсер етіп, көп ауруды жазған. Бабалар «Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер» немесе «Жақсы сөз – жарым ырыс»деп, тегін айтпаған.
Бата беру салты бүгінге дейін сақталған. Бата – тіршіліктің айнымас темірқазығына айналған.
Қорыта айтқанда, қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары ХХІ ғ. басында да қолданылып, біздің рухани жаңғыруымызға, патриоттық тәрбиемізге үлесін қосуда.
Бақылау сұрақтары:

1.«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ халқының әдет-ғұрыптарының қалай жанданып жатқанын сипаттаңыз.


2. Малицкий Н., Радлов, А. Левшин қазақтардың әдет-ғұрыптарына байланысты айтқан пікірлерін салыстырып, талдау жасаңыз.
3. Бата қай кезде берілген, оның қандай ғибрат алар мәні бар екенін айқындаңыз.
4. Үлкенді құрметтеу дәстүрлерінен мысал келтіріңіз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   67   68   69   70   71   72   73   74   ...   93




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет