Мемлекеттiк құпиялары бар мәліметтер жеткізгіштерді жоғалту (ҚР ҚК 186-бабы)
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағын білдіретін іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) мемлекеттiк құпиялары бар құжаттармен немесе мемлекеттік құпияны құрайтын заттармен жұмыс жасау (оларды сақтау, жинақтау, жою және т.б.) бойынша бекітілген ережелерді бұзу арқылы көрініс табады. Мемлекеттiк құпиялары бар құжаттармен немесе заттармен жұмыс жасау әрі әрекет арқылы да, әрі әрекетсіздік арқылы да жасалуы мүмкін.
Мемлекеттiк құпиялары бар мәліметтер жеткізгіштерді жоғалту (ҚР ҚК 186-бабы)
Қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы формальды-материалдық болып табылады. ҚР ҚК 186-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер жеткізгіштермен жұмыс істеудің белгіленген қағидаларын бұзу салдары негізінде мемлекеттiк құпиялары бар мәліметтер жеткізгіштерді абайсызда жоғалтуды білдіреді.
ҚР ҚК 186-бабының 2-бөлігі материалды құрам болып табылады, қылмыстық құқық бұзушылықты аяқталған деп санау үшін іс-әрекетпен қатар қоғамға қауіпті салдарларын, сондай-ақ олардың арасындағы себептік байланысын анықтау керек. ҚР ҚК 186-бабының 2-бөлігі ірi залал келтiруге немесе өзге де ауыр зардаптардың туындауына әкеп соққан жағдайларды қарастырған, оған мемлекеттің қорғаныс қабілетіне, мемлекеттің экономикалық және басқа мүдделеріне нұқсан келтіру түріндегі зардаптар жатқызылуы мүмкін.
Мемлекеттiк құпиялары бар мәліметтер жеткізгіштерді жоғалту (ҚР ҚК 186-бабы)
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъекті - қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта он алты жасқа толған есi дұрыс жеке тұлға, сондай-ақ оның арнайы субъект белгілері де бар – қызмет және жұмыс бабымен не Қазақстан Республикасының заңында көзделген өзге де негіздер бойынша сенiп тапсырылған жағдайларда мемлекеттiк құпиялары бар мәліметтермен және оның жеткізгіштерімен жұмыс жасайтын адам.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағы – менмендiкпен немесе немқұрайлылықпен жасалатын кінәнің абайсыздық нысанымен сипатталады. Кінәлі, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер жеткізгіштермен жұмыс істеудің белгіленген қағидаларын бұза отырып, оларды жоғалтуы мүмкін екенін алдын ала біледі, бірақ оған жеткіліксіз негіздерге бой беріп ондай жағдайда жоғалтпайтындығын өзінше пайымдап, жеңілтектікке салынып жол береді (менмендік), не болмаса жоғалтуы мүмкін екенін алдын ала болжай алмайды, бірақ тиесілі көңіл бөлсе немесе алдын ала пысықтаса, жоғалтарын білер еді және алдын ала білуге тиіс еді (немқұрайлылық).