Он үшінші сурет Бюро. Түрегеп тұрған бесеу: Мүсірепов, Ғатауллин, Алтынбеков, Қуанышев, Дәулетқалиев.
Голощекин. Атыласыңдар! Бесеуің де атыласыңдар!
Құрамысов. Атылады! Сотқа беру керек!
Жантоқов. Бәрі де пантюркистер. Атылсын!
Исаев. Сабыр етіңдер.
Иванов. Инквизиция болмасын. Социализм – инквизиция емес. Орта ғасырларға қайта оралмайық.
Голошекин. Сандырақ! Социализмнің қас жауларына аяушылық болмайды.
Құрамысов. Партиядан шығарып, сотқа беру керек.
Жантоқов. Атылсын!
Голощекин (Мүсіреповке). Не амал, сені ажалға қимай-ақ қоюға болар еді. Бірақ сен түзелмейсің. Саяси бүкір адамсың. Ал бүкірді тек мола түзейді.
Мүсірепов (тіп-тік, шалқақтап). Ал сіз саяси авантюрист адамсыз. «Кіші Октябрь», «Асыра сілтеу» – бәрі авантюра!
Елеусіз (аяғандай). Қарағым, Ғабит-ай, тым тіресе берме- сеңші...
Мүсірепов (Елеусізге қарап). Атам қазақ айтқан: «Шалқайғанға – шалқай, пайғамбардың ұлы емес; еңкейгенге – еңкей, әкеңнен қалған құл емес».
Голощекин (бюро мүшелеріне қарап). Айттым ғой, саяси бүкір адамды тек мола ғана түзейді деп. Атылсын!
Мүсірепов. Атыңдар! Голощекин! Құрамысов! Жантоқов! Біз халық қырылып жатқандықтан атыламыз. Ал сендер халық қайта тіріліп кеткендіктен атыласыңдар! Халық қайта тірілгенде сендер екі дүниеден де орын таппай қаласыңдар. Сендер сияқтылар бұрын да болған. Сендер сияқтыларға Данте айтқан: «Қарабетті аспан қарғап, тамұқ та оны қабылдамас», – деген. Қасқыр қарызынан терісін беріп құтылады. Ал сендер қисапсыз қылмыстарыңнан мәңгі-бақи құтыла алмайсыңдар. Ал, атыңдар!
Сахна жабылады.
эпилог Ана дүние... Ғарыштық сарындағы музыка. Кілең ақ киген аруақтар. Бейнесі бүтін бір зат жоқ. Бәрі кұбылып тұрады. Оқтын-оқтын тұман қаптап, кайта ашылып, ойдым-ойдым мұнар арасынан аруақтар легі елес береді. Арғы бетте, ойпаңда тамұқ оты лапылдап жатады. Ол жақтан шыңғырған, ыңырсыған, ышқынған дауыстар естіледі. Бергі бетте, өрде шынар сияқты ағаштың түбіне екі елес шыға береді. Біреуі – Рысқұлов, біреуі – Мүсірепов.
Рысқұлов (арғы бетті нұсқап). Ғабит, сен жас аруақсың ғой. Бұл жақтың ұңғыл-шұңғылын біле бермейсің. (Даусы көтеріліп.) Әне – тамұқ!
Мүсірепов (арғы бетке аңтарыла қарап). О, Құдірет! Мұнда – рисалат нұры, анда – тамұқ. От ішінде ойнақ салған әлденелер... Олар кімдер, Тұрар аға?
Рысқұлов (көтеріңкі). Жарық дүниеде жазықсыздарға жапа шеккізген озбырлар. Қиянатшыл бәлеқор-жалақорлар. Әділет тағынан тайғандар. Пейілі жаман пенделер. Танаураған тайтақайлар...
Мүсірепов. Зауал! Зауал! Біз білетіндерден кімдер бар?
Рысқұлов (серігін қолынан тартып). Берірек жүр. Жақындасаң өзің де танырсың, (Жар жағалап, лапылдаған отқа таяп келеді.) Әне, анау барқырап тұрғанды сен танымассың, Ғабит. Ол баяғы Нерон.
Мүсірепов. О, Құдірет! Әлі ән салып тұр екен ғой. От ішінде... шырылдайт. О баста-ақ император басымен театрға барып ән салады екен...
Рысқұлов (әріректегі сұлбаларды меңзеп). Анау шешесі, оның жанындағы туған інісі... Нерон ол екеуін де өзі өлтірткен...
Мүсірепов. Туған анасын, туған бауырын аямаған. Олардың өліктерін баспалдақ етіп, мансапқа биіктеген. Содан не тапты?
Рысқұлов. Мансап та ауру. Мансапқорлар да нашақорлар сияқты. Мансаптың мастығы – нашақор мастығынан да қауіптірек. (Кенет серігін жеңінен тартып қалып.) Ал ана аруақты? сен бірден тануға тиіссің!
Мүсірепов (селк ете қалып, сәл-пәл тағзым еткендей болып). Ста-а-али-ин! (Тұтығыңқырап). Бі-ір же-е-ңі қ-қ-қы-зыл, бір жеңі-і қа-а-ра. Қызыл жолақ үстімен Сталин ары-бері баяу басып, бірсыдырғы жүреді де қояды.
Рысқұлов (ықыластана күліп). Айттым ғой, жазбай танисың деп! Немене, қорқып калдың ба?
Мүсірепов (таңдайын қағып). Жарықтық, трубка тартқанын әлі қоймапты ғой.
Рысқұлов. Тамұқта от лапылдап, бұрқылдап жатса да түтінге тоймайды.
Мүсірепов (мақтаныш сезіммен). Сталин жолдас император Неронға қарағанда құдайдай ғой.
Рысқұлов (мырс етіп). Нерон Сталиннің қолына су құюға жарамайды.
Шексіз ғалам музыкасы гуілдейді. Сол сәтте арғы беттен арпылдаған, әупілдеген, барақ жүн орнына жыбырлаған жылан шыққан, шарадай екі көзі от шашқан, танаулары үңірейген, ауызы арандай, өзі есектей ит әлдекімді қуалап шыға келеді.
Мүсірепов (үрейлене шегіншектеп). Астапыралла! Мынау не сұмдық, Тұрар аға?
Рысқұлов. Қорықпа! Бізге жете алмайды. (Басын шайқап). О, сорлы Филипп Исаевич... Анау Цербер осының-ақ соңынан қалмай қуалайды да жүреді.
Мүсірепов (жағасын ұстап, ішегін тартып). Өзіміздің Голощекин жолдас па?!
Рысқұлов. Дәл өзі! Тозақ төбеті Цербер осы байғұсқа бір сәт тыным таптырмайды. Жарық дүниенің өзінде-ақ бишараның даусы тамұқтан шыққандай шарылдап тұрушы еді, енді мүлде қақ- сауық болып алды.
Жар басында ақ жамылған түмен аруақ: «Цербер! Цербер! Айдақ! Айдақ! Бас! Бас!» – ден шуылдап тұрады. Ғарыш музыкасы шексіз ғаламның құрсағынан шығып жатқандай ыңыранады.
Мүсірепов (Рысқұловқа). Сонда Голощекин жолдастың шыбыны мәңгі-бақи шырылдаумен бола ма?
Рысқұлов. Мәңгі-бақи. Ара-арасында сәл-пәл тәнәпіс бар. Қазір өзің де көресің...
Цербер арсылдап қуалап келеді. Голошекин шырылдап қашып барады. Кенет алдарынан Сталин шыға келгенде, Цербер қалт тұра қалып, тек ырылдай береді. Голощекин барып Сталиннің аяғына тығылады. Сталин Церберге трубкасын кезеп-кезеп қояды.
Мүсірепов. Ойпыр-ой, жарықтық Сталин-ай! Тозақтың төбеті де бата алмай қалды-ау. Енді Голощекин жолдас құтылды ғой бәледен?..
Рыскұлов. Жоқ, Ғабит, қателесесің. Филип Исаевич баяғы өзің білетін жағымсыз дауыспен зар қағып, ана кісінің ма- засын май ішкендей қылады. Содан соң оны Сталин «Кет» деп куып жібереді. Аңдып тұрған Цербер тағы да қуалайды.
Мүсірепов (сыбырлап, Сталинді меңзеп). Ана кісі тамұқтың тақсіретін тартқан адам сияқты емес қой. Немене, тамұқтан да тайсалмай ма?
Рысқұлов (жайдары күліп). Ой, Ғабит-ай, соншама сұңғыла болсаң да, қазаққа тән аңқаулығың қалмайды. Оу, Иосиф Виссарионович жарық дүниенің өзінде тамұқ орнатып, соның тағында отырған кісі емес пе!
Мүсірепов (мекірене күліп). Е, бәсе, тамұқ ол кісіге таңсық емес екен-ау.
Рысқұлов. Ол тозақтың өзінен ләззат алады.
Мүсірепов (Рысқұловтың иығына тығылыңқырап). Қарайды біздің жаққа...
Рысқұлов. Тамұққа түскелі бері жар жағалап, осы біздің жақтан бір көз алмай, ары-бері теңселіп жүреді де қояды.
Мүсірепов (әнтек таңқалып). Онысы несі екен?
Рыскұлов. Ретін тапса, біздің жақты да тамұққа айналдырып жібермек.
Мүсірепов. Тағы да сойқан соқпаса игі еді...
Рысқұлов (жайбарақат). Соқпайды. Көрдің бе мына шыңырауды? Екі жағалаудың арасын біріктіріп тұрған тек мына қыл көпір. Сталин одан өте алмайды. (Шырылдаған дауысқа елең етіп.) Цербер Голощекинді әлі куалап жүр.
Мүсірепов. Жарық дүниеде тозақтың отын тұтатқан Голощекин ғана емес сияқты еді-ау. Жандайшаптары бар еді...
Рысқұлов (мырс етіп). Е, әлгі, Құрамысов сияқтылар ма? Олардың адымы тым қысқа ғой. Цербер оларды тістеп алып, әлдеқашан отқа лақтырып жіберген. Әне, анау алаудың ішін анықтап қарашы: бір-біріне от шашып жүр.
Мүсірепов. Адамдар тамұқта да бір-біріне от шашып ойнайды деген осы екен-ау! (Кенет ойына бірдеңе түскендей). Ойын демекші, қайтсақ қайтеді, Тұрар аға...
Рысқұлов. Жалықтың ба?
Мүсірепов. Мұхаңа преферанс ойнаймыз деп уәде беріп қойып ем...
Рысқұлов. Мұхтар болса... қайту керек.
Мүсірепов. Мұхаң бала сияқты ғой, сәл нәрсеге ренжіп қалады.
Рысқұлов. Мұхтар – пайғамбар ғой... (Ойланып, кенет көңілденіп). Ана сары бала да ойынпаз ғой деймін.
Мүсірепов (кеңк-кеңк күліп). Ғабиден бе? Біз бүгін соның дачасына жиналамыз. Ол мұнда да дача салып алды ғой!
Рысқұлов, Мынау кім болды екен!
Мүсірепов. Бұл Нұрхан деген ақын. Сталин мен Голощекиннін ашаршылығында сүйген қызы Күләндадан айырылған. Сол Күләндасын мұнда да зарыға іздеп таппай жүр.
Рысқұлов. Сағыныш кернеп сарнаған қос дүние!.. (Кең әлемге көз тігіп.) Әзизаны мен де таппай жүрмін.
Мүсірепов. Данте Беатричесін іздейді, Вергилий Лаурасын сағынады... Айтпақшы, Тұрар аға, біз олармен жолыға алар ма екенбіз?
Рысқұлов. Кімдермен?
Мүсірепов. Данте, Вергалий...
Рысқұлов. Ғалам шексіз, біз сол шексіз әлемде тозаңдай ғанамыз. Әлемде миллиардтаған тозаңдар ұшып жүр. Соның бәрі адам рухтары. Кімді тауып, кімді танып болғандай...
Мүсірепов. Иә, сүйгендердің де бірін-бірі табуы қиын екен...
Рысқұлов. Енді біз асықпаймыз, Ғабит. Бұл дүниенің жарық дүниеден бір артықшылығы – асығып-аптықпайсың. Уақыт – шексіз. Сол шексіз уақыттың бәрі сенікі. Мұнда минут, сағат, күн санау жоқ. Мұнда мың жыл дегенің – қас қағымдай-ақ. Миллиондаған жылдар өтеді. Бәлкім, біз жер бетіне қайта оралармыз...
Мүсірепов. Голощекин де ме?
Рысқұлов. Иә, Ғабит, Голощекин де... Бірақ кім болып оралары белгісіз: адам бейнесінде ме, әлде құрт-құмырсқа болып па, немесе зәрлі тікенек түрінде ме – әйтеуір оралады. Жер бетіне о да шығады.
Мүсірепов. Гүл өскен жерге тікенек те өседі, періште жүрген жерге ібіліс кұмар. Кім біледі, дүние деген құдіреттің заңы шығар,
Рысқұлов (әлемді шолып). Сағыныш кернеген дүниелер... Миллион жылдарда сүйгеніңмен әйтеуір бір кездесесің... Жүр, Ғабит, Мұхтар күтіп қалған шығар...
Екеуі ақбоз буалдыр арасына баяу батып бара жатады, Ғарыш құрсағынан күңірене толқыған музыка Мұхиттың «Қара қаншық» әуеніне ұласады. (Оркестр)
Шымылдық