Прологті, эпилогті, екі бөлімді тарихи драма Қатынасушылар



бет7/10
Дата19.04.2023
өлшемі68,56 Kb.
#84451
түріҚұрамы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Төртінші сурет
«Ақсақ құлан» азынайды. Келесі – ақбоз үй екен. Бір жақсылық бар болса, тек осы үйде ғана сияқты көрінеді. Сол үмітпен Нұрхан барып, ішінен ши қаптаған киіз есікті түріп ашып кеп жібергенде, іштен кілең қара дию, ібілістер биін көріп, шошып шегінеді.
Нұрхан. Сұбихан алла, Сұбихан алла!
Мүсірепов (мойнын созып). Ендігі сұмдық – не сұмдық?
Нұрхан (шаңыраққа қарап). Аһ, жауыздар! Бәсе, түндіктен түскен екен ғой. Құзғын қарғалар. Құзғын тазқаралар.
Мүсірепов (іргеден туырлықты көтеріп көріп). Данте суреттеген тамұқта мұндай албастылар алапаты жоқ сияқты. Мынау үйде тозақ оты лапылдайды. Қара албастылар ойнақ салады. Қырқадан қырсық шалған сорлы ел! Тазқара тасыраңдаған сұм заман! (Аһ ұрып.) Арамыздан азап арылмаған, төбемізді қырсық жайлап, кеудемізге қорлық қыстаған неткен ел едік?! (Көмекшілерге ақырып.) Тез! Өртеп жібер мынау тозақтолы үйді! Індет таратады.
Нұрхан (домбырасын шертіп, жыр-реквиемге басады).
Жалғыздап қадақ ел қалған
Есіктері ашылып,
Сирағы сидам сырықтай,
Білегі күйген шыбықтай,
Саусағы солған сүліктей,
Табаны қара сүріктей,
Тырнағы темір күректей,
Кірлері ағып сүмектен.
Жылай алмай ыржаңдап,
Жүре алмай жүр бұлғаңдап,
Мас болғандай маужырап.
Сүйектері саудырап,
Сөйлей алмай күрмеліп,
Ыңырсып жүр күңіреніп.
Көрінгенге сүрініп,
Сүйретіліп жүр келіп.
Жерден тауып, жеп тоймай,
Өлмеші жан күн көріп,
Қыбырлаған неткен жан,
Дүниеден безіп кеткен жан,
Таусылмайтын күнде өліп.
Терме-жыр алыстан естілгендей болады да, шам сөне береді.
Бесінші сурет
Жарық кабинетке түседі. Бюро мүшелері қалжыраған түрі бар. Елеусіз басы төсіне домалап, қор ете қалады. Құрамысов бүйірінен түртіп кеп жібереді. Голощекин тесірейіп қарайды.
Голощекин. Естідіңдер ғой мына жазушының не айтқанын?
Дауыстар. Естідік, естідік.
Елеусіз (апалақтап). Естідік.
Голощекин. Естісеңдер, осының осы айтып тұрғанына сенесіңдер ме?
Елеусіз (жан-жағына қарап). Сенеміз.
Голощекин (ашуланып). Қалайша сенесіз?
Елеусіз (апалақтап). Е, қайдан білейін, жаңа біреу өлең айтты ғой. Демек жағдайлары жаман емес те. Аш адам өлең айтушы ма еді?
Голощекин (күйініп кеткендей). Міне, біздің ел басқарып отырған көсемнің түрін қара!
Иванов (мырс етіп). Басқартып қойған кім?
Голощекин (шап ете қалып). Мен! Мен! Мен! Сол ғой айтпағың? Пролетариат диктатурасы. Ал Елеусіз жолдас жұмысшыдан өсті.
Иванов. Өсуіне қарсылық жоқ. Өзіңіз емес пе, «көсемнің түрін қара» деп місе тұтпай тұрған.
Исаев. Жолдастар! Негізгі әңгімеден ауытқып кеттік. Меніңше, Мүсірепов жолдас сөзін әлі аяқтаған жоқ. Тыңдайық.
Голощекин (ықылассыз). Ал,тыңдайық...
Алтыншы сурет
Сейтек. «Заман-ай!» Сахна – буалдыр. Будақ-будақ түтін, түйдек-түйдек бұлт арасынан Мүсірепов пен Нұрхан сұлбалары қылт-кылт көрінеді.
Нұрхан. Ешкімге қиянаты жоқ, залымдығы, қулық-сұмдығы жоқ ел едік, Ғабит-ау, не жаздық?
Мүсірепов. И-ә-ә. Зауал дейтін зауал емес.
Нұрхан. Бұрынғылар айтар еді: әр адамның «Ғұмыр кітабы» болады. Адам не істесе, не айтса – соның бәрі «Ғұмыр кітапқа» табанда жазылады. Кінәсі яки күнәсі болса – зауал соқпай қоймайды. Қиянат қылса – алдынан шығады, жақсылық қылса – о да алдынан шығады дер еді.
Мүсірепов. Халық айтса – қалт айтпайды.
Нұрхан. Ендеше, мына сорақы заман зауалы кімге? Кім тартпақ? Голощекин бе? Әлде одан да зор біреулер бар ма?
Мүсірепов. Голощекин қолшоқпар ма деп қорқамын.
Нұрхан. Онда тып-типыл болдық десеңші...
Мүсірепов. Әлем алдында тұтас бір халықты қырып қойып, Кеңес өкіметі қол қусырып отырмас. (Аулақтан шиебөрілер шуылдайды).
Нұрхан (басын күйзеле шайқап). Әй,тірі қалар ма екенбіз... Осы сойқанды Сталин білсе – Голощекиннің көзін жояр еді-ау.
Мүсірепов (түнере басын шайқап). Голощекин Сталиннің қолындағы көсеу ме деп қорқамын.
Нұрхан (абыржып). Қой, ойбай, менен басқа ешкім естімесін.
Мүсірепов. Қостанайда мен Зиновьевпен жолыққанымды айтып па едім.
Н ұрхан. Ал?
Мүсірепов (айдалада біреу естіп қоятындай, абайлап жан-жағына қарап). Мына біз алып жүрген азын-аулақ көмекті аштарға деп бөлдірген сол Зиновьев.
Нұрхан. Ойбай-ау, кәдімгі Мәскеудегі Зиновьев пе?
Мүсірепов (бейхабарлығына таңданғандай). И-ә-ә. Қазір ол Қостанай облаткомы.
Нұрхан (түсінбей). Немене, сонша төмендеген бе?
Мүсірепов (сазарып). Солай болғаны да.
Нұрхан (шыдамсыздана). Ал?
Мүсірепов. Мен одан: «Бұл қырғынды Сталин жолдас біле ме?» – деп сұрадым.
Нұрхан. Ал?
Мүсірепов (дардай кісінің шыдамсыздығын ұнатпағандай). Біледі дейді.
Нұрхан. Ал?
Мүсірепов. Сенер-сенбесімді білмеймін.
Н ұрхан. Апыр-ай, Сталиннің жаны ашымаса, құдайдың да жаны ашымағаны ғой.
Мүсірепов. Солай болғаны да. (Ойланып.) Ал Голощекиндікі көпе-көрнеу зорлық. Зорлықтың түбі – қорлық. Қорлықтың түбі – қу тақыр. Соны да көрдік біз пақыр.
Нұрхан. Голощекин біздің жерді өртей беретіндей не жаздық? Осы өрттің отына бас-сирақ үйіте ме, қайтеді? Сондай бір зымиян ойы жоқ па?
Мүсірепов. Елдің – егесі, бөрінің – тәңірісі бар. Мәскеудегі азаматтарымыз: Рысқұлов, Нұрмақов... қарап қалмас.
Нұрхан. Ал... Алматыдағы азаматтар не бітіріп отыр? Тек бас шұлғи бере ме?
Мүсірепов (күрсініп, алысқа қарап). Ұлық өзінен акылдыны ұнатпайды. Орнымды алып қояды деп қорқады. Біздің бетке ұстар, білімді, арлы азаматтарымызды Голощекин сырттатып жіберді. Алматыда қалғандарына күн көрсетпейді. Ал соның сөзін сөйлеп, сойылын соғатын Құрамысов сияқтылар қомпиып отыр.
Нұрхан. Қомпиып емес, қортиып отыр десеңші.
Мүсірепов. Дұрыс. Қолынан қайыр бермейтін қортиғандар би болды. Халқым деген адамға «ұлтшыл» деген қарғыс таңбасы басылады.
Нұрхан. «Ұлтшыл» атанбас үшін халықты жек көріп, қыра беру керек пе сонда?
Мүсірепов. Құрамысовтар сондай. Құрамысовтар құрымайынша берекеміз кірмейді.
Нұрхан. «Түзелер еді бұл заман, пейілі жаман пендені, кетсе астына жер тартып...»
Мүсірепов (ашынып). Әзірше бейкүнә бейбақтарды тартып жатыр... (Буалдырға қол созып.) Әне... әне! Біреу келе жатыр.
Жетінші сурет
«Көкіл» күйі. Мұнар-мұнар көк тұман. Түтін арасынан басын қара орамалмен шандып, жыртық шапанды белінен буып алған, аяғына керзі етік киген, кексе жүзді жүдеу әйел көрінеді. Бұл Амангелді батырдың жары Балым еді. Арқасында – дорба.
Нұрхан (жақындап барып). Апыр-ай, тірі жан баласын көретін күн де бар екен-ау. Кімсің жарқыным?
Балым (миығына мысқыл үйіріп). Ат арыса – тулақ, адам арыса – аруақ. ( Тіктеп қарап.) Танымай қалдың ба, ақын кайным? Мен – Ба-а-ал-ым...
Нұрхан (шыр-пыр болып). Ойбай құдай!.. (Балымды құшақтап көрісіп.) Ардагер Амангелді ағамнан қалған алтын жеңгем! (Анықтап қарап.) Мына нәубет сенің де нұрыңды алыпты-ау, қайран жеңешем!
Мүсірепов (ширыға жалт қарап). Не дейді? Сіз Балымсыз ба?!. Батырдың жары... Армысыз, Балым...
Балым. Бар бол, шырағым. (Нұрханға қарап.) Бұл қай бала?
Нұрхан (көтеріңкі). Бұл жазушы Ғабит Мүсірепов. Батыр туралы кітап жазбақ ниеті бар еді...
Балым (үһлеп). Е. шырағым, ораза-намаз тоқтықта деген. Батыр туралы әңгіме шертіп, кітап жазар кез бе бұл...
Мүсірепов. Дұрыс айтасыз, Балым. Әуелі өрттен шығып алайық. (Айнала өртті көрсетіп.) Батыр туралы нелер кітап жазылар...
Балым (қатқыл). Өртті салған қай жендеттің қолы?
Мүсірепов (ызғарлы мысқылмен). Қазақстанда әлі Кеңес өкіметі орнамапты-мыс. Қазақстанда «Кіші Октябрь» төңкерісін жүргіземін дегендердің қолы, Балым.
Балым (бойын тіктеп). Қазақстанда Кеңес өкіметі орнамаса, Амангелді сынды батырлар не бітірген? Не үшін жанпида болған?
Мүсірепов. Октябрьдің дауылы Қазақстанды жанай өтіпті-мыс. Сондықтан жаңа дауыл тұрғызамын деген. Сол бір сойқан әрекетке рұқсат та берілген.
Балым (кекесінмен). Сондағы «Кіші Октябрь» төңкерісінің сықпыты осы ма?
Мүсірепов (баяу). Осы болғаны да.
Балым (екпіндеп). Адыра қалғыр! Адыра қалсын мұндай «кіші» төңкеріс! (Мүсіреповке көзінен от шаша қарап). Әй, жазушы, бір тірі жан қалса, сен қаларсың. Сен аштан өлмессің...
Мүсірепов (сөзін бөліп). Аштан өлмесем де, азаптан, жан азабынан өлермін.
Балым. Өйтпесең, жазушы боласың ба? Халық касіреті жүрегіңді жараламаса – несіне жазушымын дейсің... Айта бар ана жарты құдайыңа да, оның жандайшаптарына да: күні кеше (айналаны нұсқап) нар жайылған, жау қайырған қайран жерді өртке алдырған албастылардың ақыры – аза! Түбі – қаза! Жазаға – жаза!
Мүсірепов (мырс етіп). Құдайдардың құлағы тосаңдау. Айқай салып айтпасаң естімейді. Айқайлап-ақ айтармын, Балым.
Балым. Айт озбырларға: елдің қырылғаны қырылып, қалғаны мына іргедегі Челябі, Башқұрт, Орал, Қорған, Түмен ауып кетті. Ол жақта мұндай сойқан жоқ.
Мүсірепов. Біз аштарға азын-аулақ азық-түлік үлестіре шыққан жәрдемшілерміз. (Қолын шошайтып.) Әне, ана арбалар... Біз соны беретін тірі пенде таппадық. Кімдер бар? Кімге береміз азықты?
Балым (ызғарлана). Кеш қалғансың, жарылқаушы. Мен де өзің сияқты жәрдемші. Бригада кұрып, Башкұрттан, Баймақ деген елден астық алып келдік. Соны үлестіретін жанды біз де таппай қалдық. (Арқасындағы дорбаны көрсетіп). Мынаны үйде қалған кемпіріме алып бара жатырмын. Әй, бірақ бұйырар ма екен...
Мүсірепов. Сонда?..
Балым (сөзін тез бөліп). Сонда енбегің – еш, тұзың – сор, байғұс бала. Әкелген астығыңды анау Алматыдағы шала кұдайыңа апарып, өңешіне тық. Қақалып өлсін!
Мүсірепов. Жоқ, Балым жеңгей... жеңеше, олай демеңізші! Халық тып-типыл қырылмаған шығар...
Балым. (қаңтарылып). Кеудесінде жаны бары Қопаға қарай кетті-ау деймін.
Мүсірепов. Соларға жетейік. Жол-жөнекей шұбап бара жатқандарды куып жетейік.
Балым (торыққандай). Әй, білмеймін, енді ел болып оңбаспыз да...
Мүсірепов (өтінгендей). Олай деме, жеңеше. Омыртқаң опырылса да, рухың сынбасын.
Балым (сұқтана қарап). Ақылды сөз шықты-ау аузыңнан, қайным. Әй, бірақ халқыңның омыртқасы опырылып қана коймай, рухы да сынып кетті-ау деймін.
Мүсірепов (рухтана). Қайрат – қыран, қайғы – жылан. Қайғыра бермей қайрат қылайық. (Аспанға қарайды). Иә, қайрат қылайық.
Балым. Аспаннан не іздейсің, қайным? Аспанға қанша тесіліп қарасаң да періштелер көрінбейді. Құдай да, өкіметте бізді ұмытқан.
Мүсірепов. Біздің елді қырқадан қырсық шалғаны рас. Бірақ қиялдан қысыр, арманнан ада болмайық. Үміт үзілмесін. Жол көрсетіңіз. Босқындарды қуып жетейік.
Балым (екіойлы). Бетінен тозақ оты лапылдаған мына даладан кімді іздеп табар екенбіз?
Мүсірепов (күйінгендей). Тұяғы күйген тауықтай осылай тұра берсек, әрине, ешкімді де таппаймыз.
Балым (тәуекел етіп). Халқы үшін шырылдаған қарлығаш жанды ұл екенсің. Тәңірі бетіңнен жарылқасын, қайным. Айт ана арбакештеріңе, көліктің басын Қопаға қарай бұрсын!
Нұрхан (бата алмай). Апыр-ай, жеңеше-ай, арғы ауылды да көргенсіз-ау сонда, К-К-Күләнда аман ба екен?
Балым (Нұрханға аянышпен қарап). Қайран ақын қайным. Адамдар аң болcа, бірінің етін бірі жеп, қу құлқыннан басқаның бәрін тәрк еткенде, се-е-ен сұлуды ойлайсың. Сүйгеніңді ұмытпайсың.
Нұрхан (сескеніп). Айтшы, жеңеше. Не болды? Көрдің бе?
Балым (Нұрханды маңдайынан сипап). Дүниенің оты сөнді ме деп едім. Жылт еткен бір шоқ бар екен ғой... (Басын изеп қамығып.) Махаббат шіркін шоқ кой. Сол шоқ сөнбесе, өмір өлмейді.
Нұрхан (жалынғандай). Айтшы, жеңеше...
Балым. Мен «Қызыл отауды» соңғы рет көргенде Күләнда сұлу тірі еді, әй, бірақ бұрынғы Күләнда емес-ау. (Жідіріп.) Көрсең — көңілің қалып жүрмесін, жазған-ау. Аштық ит алдыменен ажарыңды алады екен ғой...
Нұрхан (өзеурей). Мейлі, жеңеше, әйтеуір тірі болса...
Балым. Онда тез жет, сорлы ғашық! Бәлкім. әлі тірі шығар. Ғашықтар тез өле қоймайды. (Залға қарап.) Шын ғашықтар тірмізік келеді.
Мүсірепов (залға). Дүние тек махаббаттан жаралса, аштықта аулаққа безіп кетер еді да. (Нұрханға.) Тез, Нұраға, тез жетіңіз... Еңді жолымыз осы жерде айырылады. Сіз Күләндаға барыңыз. Біз (Балымға қарап.) Қопаға, бәлкім, Батпаққараға қарай кеттік.
Нұрхан (қимай). Тірлікте көрісуге жазсын Тәңірі!
Сегізінші сурет
Күләнданың үйі. Кәрі әке-шешесінің белсенділер қол-аяғын байлап тастаған. Үйін тінтіп, ет, кұрт, май дегеннен түк қалдырмай арбаға артып жатыр. Бір жақтан Күләнда жүгіріп жетеді.
Күләнда. Бұл не сұмдық? Бұларыңыз қалай?
Талтаңбай (танауы делдиіп). Оу, жігіттер, ең үлкен олжаның өзі келді ғой!
Күләнда (таңырқап). Пай-пай, міне нағыз сұлу осы!
Бурабай (өңмеңдеп). Әй, сендер барыңдар! Үйді тінте беріңдер. Бұл қызбен өзім сөйлесем.
Күләнда. Қарақшылар! Босатыңдар әкем мен шешемді! Арсыздар!
Талтаңбай. Босатылмайт! Олар – бай-кулак!
Әжібай (қылжақтап), Бетіңнен бір сүйгізсең, мен босатамын. (Ернін дүрдитіп, ұмтыла береді.)
Күләнда (бетінен шапалақпен тартып жіберіп). Құдай-ау, Кеңес өкіметі орнында ма, жоқ па? Мына қарақшылар қайдан шыққан?
Бурабай. Өкіметке тіл тигізгенің үшін сотталып, атыласың, сорлы. Онан да маған көн... (Жанындағыларға.) Әйда, сендер шыға тұрыңдар!
Талтаңбай (екпіндеп). Тапқан екенсің ақымақты! Мен де сұлу танимын.
Әжібай (оны итермелеп). Жоқ, қыз менікі!
Бурабай.Мен соттың өкілімін. Жаңа ол өкіметке тіл тигізді. Өзім соттаймын. Екеуің шыға тұр, әйда.
Күләнда (оның қолынан жұлқынып шықпақ болып). Соттасаң — сотта! Бірақ ана жазықсыз жандарды босат!
Бурабай. Айтқаныма көнсең — босатамын. (Өзеуреп, қапсыра құшақтай береді.) Көне ғой...
Күләнда (далаға қарап айқайлап). Кім барсың, жұртым! Тапа-тал түсте қарақшылар тонады!
Т алтаңбай. Ешкім келмейді. Дәметпей-ақ қой.
Әжібай. Өй, өзі долы екен, бетімнен салып қалды-ей.
Бурабай. Демек сені ұнатпайды. Аузың апандай, мұрның үңгірдей, сені қайтеді?
Әжібай (тыржиып). Әй, сенің оңып тұрғаның қайсы, сасық неме...
Талтаңбай. Әй, өйтіп өзді-өзіміз таласпайык.
Бурабай. Өй, әкеңнің... (Қызды қолынан тартқылай бастайды.)
Әжібай. Әй, былай тұр-ей! (Екінші қолынан тартқылайды.)
Талтаңбай. Мен тұрғанда сен екеуіңе не жоқ! (Қызды бұрымынан тартады.)
Үшеуі үш жағынан көкпарша тартып жатқанда төбеден біреулер сақ-сақ күледі.
Бурабай (бұрылып қарап). Әй, кімсіңдер-ай? (Төбедегілер сақ-сақ күледі.)
Талтаңбай (бұрылып қарап). Ей, мыналар кім-ей?
Әжібай (шоршып түсіп). Ойбай, кұдай ұрды!
Бурабай. Не болды-ей?
Әжібай (тұтығьт). Го-го-го-ло-щекин!
Бурабай. Не дейді?
Сол кезде Голощекин мен Кұрамысов төбеде секеңдеп билеп жүреді.
Талтаңбай. Ой-бой!Жын-періғой!
Голошекин мен Құрамысов сақ-сақ күліп, селтең-селтең билеп жүреді.
Голощекин (сақ-сақ күліп). Вот дикари! Айттым ғой бұлар жабайылар деп.
Құрамысов. Иә! Рас айтасыз, Филипп Исаевич, үшеуі бір қызға таласып жатыр...
Талтаңбай. Ой-бай,рас-ей! Го-го-го-лощекин!
Үшеуі де қызды тастай беріп, жан-жаққа тым-тырақай қаша жөнеледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет