Екінші сурет Жазушының қуықтай бөлмесі. Жазу үстелі. Айнала – сірескен кітаптар. Шағын кілем тұсында – құс мылтық, қос домбыра ілулі тұр. Босағада – шоқпарлар. Креслода – Мүсірепов, жанындағы орындықта – қыр қазағынша киінген ақын Нұрхан. Ол домбыра тартып отыр. Сірә, «Ақсақ құлан» күйі. Мұңлы. Әлдебір қиын, қысылыс, тығырық жайды домбыра тілімен сөйлетеді. Күй өксіп-өксіп барып үні біткенде Мүсірепов басын көтеріп алады.
Мүсірепов (аһ ұрыпі). Түсіндім, Нұраға.
Нұрхан (домбыраны жантайтып қоя беріп, беторамалымен маңдайын сүртіп). Түсінсең сол. Ғабитжан. Киіз туырлықты, қыл-құйрықты тулы ел едік. Ешкімге залалымыз жоқ еді. Елдің қырылып жатқанын өз көзіңмен көрдің.
Мүсірепов (қасын керіп, бипаздап). Дәл сондай сойқанды мен Керекуден де өз көзіммен көріп келдім. Нәубет төнген сенің Торғайың ғана емес, бүкіл Қазақстан!
Нұрхан (булыққандай). Көрсең – неғып жайбарақат отырсыңдар! Сені жұрт Голощекиннің қасында отырады дейді ғой. Неге айтпайсың көрген сұмдығыңды?
Мүсірепов. Осының бәрін Қазақстан өкіметіне де, Мәскеудегі Сталинге де... е-е, Рысқұловқа да жаздық білем...
Нұрхан (үміттене итініп). Ал?!
Мүсірепов (қасын керіп, алысқа қарап), Немен тынарын біліп болмас. Үнсіз қалу да жарамас. Лақ екеш лақта бауыздарда тұяқ серпіп калмас па?!
Нұрхан (елжіреп). Айналайын Ғабитжан-ай, топалаң тиген қойдай қырылып жатқанымызда, ақырып айқай салар азаматтар тумады ма осыншама халықтан деп күйіп-пісіп кетуші едім. Бар екенсің ғой, жарығым!
Мүсірепов (сыздап). Ақырып айқай салар азаматтар атаулының көбі аждаһа көрген қояндай бұғып қалып отыр ғой.
Нұрхан. Сонда қалай, халық қырылса – қырыла берсін, өзім аман қалайын дегені ме?
Мүсірепов. Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» деген бар емес пе? Жайшылықта бәрі де «елім, жерім» деп еңіреген болад, ал ел басына күн туғанда әлгі «әулиелер» мүнә-фи-күн!
Нұрхан. О не тағы?
Мүсірепов (жәй мырс-мырс етіп). Оу, Нұраға, құранды судай судыратқанда мұны қалай білмейсің? Құранның «Әлмүнә-фикүн» деген сүресін оқып па едің? Меккеден күрейіштерді бастап шыққан Әбу Суфианға қарсы мәдиналықтарды Мұхаммед расул алып шыққанда, мәдиналықтардың бірсыпырасы Әбу Суфиан жағына сатылып кетпеуші ме еді. Оларды расул «мүнә- фикүн, яғни екіжүзділер дейтіні қайда?
Нұрхан. Ғабитжан-ай, біздің құран білуіміз далбаса ғой. Жұрттың бәрі өзіңдей ғұлама қайдан болсын. (Ойланып.) Сонда басшылар арасында «мүнәфикүн» болғаны ғой?
Мүсірепов (керенаулау). Солай дағы.
Ауыз үйде телефон шырылдайды. «Алло, алло» деген Құсни даусы шығады. Құсни Ғабит пен Нұрхан отырған бөлмеге имене бас сұғады.
Құсни. Ғабит, сені телефонға шақырып жатыр.
Мүсірепов (темекісін тұтатып болып, содан соң). Кім?
Құсни. Крайкомнан дейді.
Мүсірепов (жақтырмағандай). Жә-рр-әй-ды. (Орнынан баптана тұрып барып, телефон тұтқасын алады). Әл-лө. Мүсірепов тыңдап тұр.
Дауыс (екпіндеп). Мен Голощекин жолдастың көмекшісі. Крайкомға тез жетіңіз. Бюро бар!
Мүсірепов (қабырғадағы шынжыр баулы сағатқа қарап). Мезгіл түн ортасы болайын деп қалды, неғылған бюро?
Дауыс (бұйыра). Тез жетіңіз, кезектен тыс бюро!
Мүсірепов (кергіп). Жә-рр-әй-ды. (Трубканы тастай беріп.) Мезгілсіз шақырған тауықтың басын жұлмақ керек.
Құсни (шошыңқырап). Түн ішінде хауіпті, бит. Қаңғыбастар қаптап жүр көшеде. Мен бірге барайын.
Мүсірепов (мырс етіп). Сен қорған болып қарыкқыларсың, көшенің бандиттерінен (әлдеқайда қолын сілтеп) андағылар қауіптірек. Ал сен мені олардан бәрібір қорғай алмайсың. Одан да ана костюмді алып бер. (Киінеді. Босағада ілулі тұрған шоқпарды қолына алады. Нұрхан отырған бөлмеге бұрылып.) Ал, малыш, мен төбелеске кеттім. (Қол шоқпарды білеп қояды.) Демал.
Нұрхан (абыржып). Апыр-ай, тыныштық болсын, лайым. Бәле-жаласынан сақтасын. Бармай-ақ койсаң қайтеді?
Құсни. Иә, бармай-ақ койсаң, а? Ауырып қалды дермін тағы звандаса.
Мүсірепов (басын баяу шайқап). Жердің астына кіріп кетсең де таптырып алады. Қорыққанмен жан қалмас. Осының бәрі қорқақтықтан. Жорғалар – жортақ, батырлар – қорқақ болған сұм заман.
Құсни. Жалғыз сен батыр болып кімді шабасың. Барма.
Мүсірепов (жайдарланып). Неге сонша үрпие қалдың? Онан да мейманға шәй бер.
Телефон бебеулеп қоя береді. Құсни тұра ұмтылады. Мүсірепов оны қолымен жасқап тоқтатып, тұтканы өзі алады.
Мүсірепов. Әл-ло-у.
Дауыс (қатқыл). Жолдас Мүсірепов! Бюро сізге қарап отыр ғой. Қашанғы күтуге болады?!
Мүсірепов (тәкаппарлана). Тез жетсін десең машина жіберіңіз.
Дауыс (дөрекі). Мүмкін, айдауылды қоса жіберу керек шығар?!
Құсни (жалбарына). Ерегестіре көрме, Ғабит...
Мүсірепов. Жә-рр-әй-ды. (Тұтқаны тастай салады.) Түзелер еді бұл заман... пейілі жаман пендені... кетсе астына жер тартып... Жә, қорықпа, Құсни! (Есіктен шыға береді.)