Төртінші сурет Сол бұрынғы кабинет. Тек отырғандар сіресе қалған. Голощекин – креслода. Әлдеқалай қобалжулы. Саусақтары дірідаеп, графиннен су құйып ішпек болады. Бірақ иіскеп, ішпей қоя салады. Мүсірепов кіреді.
Голощекин. Кел, жазушы... (Мүсірепов сыпайы бас изеп амандасады.) Сені ғой біз Крайкомға жауапты қызметке алдық. Не үшін?
Мүсірепов. Оны өздеріңіз білсеңіздер керек еді. Мені Крайкомға кызметке алыңдар деп мен арыз бермеген сияқтымын.
Голощекин (бюро мүшелеріне, шағынғандай). Көрдіңдер ме? Қалай-қалай кердеңдейді.
Кұрамысов. Жолдас Мүсірепов! Сіз Крайкомның бюросында тұрғаныңызды білесіз бе?
Мүсірепов. Тойға келмегенімді сеземін. Бірақ Крайком бюросы Голгоф емес қой деп ойлаймын.
Елеусіз («Голгоф» дегенді түсінбей, Құрамысовқа сыбырлап). Не дейді? Қай жер дейді?
Құрамысов (тыржың етіп). Иса пайғамбарды крешке шегелеп тастаған жерді айтады. Соны Голгоф дейді.
Елеусіз. Астафыралла! Сонда бұл өзін Исамын деп тұр ма?
Голощекин (қуанып кеткендей, Мүсіреповке). Рас-ау, сонда сен өзіңді Иисус Христосқа балап тұрсың ба?
Мүсірепов. Жоқ, жолдас Голощекин. Мен коммунист, жазушы Мүсіреповпын.
Құрамысов. Онда неге қайдағы Голгофты еске алып тұрсыз?
Мүсірепов. Жолдас Ізмұқан, мен – Христос емеспін, бюро – Голгоф емес. Голощекин жолдас – Понтий Пилат болмас, Сіз – Синедрион болмассыз. Онан да мәселені түсіндіріңіз. Мені неге шақырдыңыз?
Голощекин. Сен өйтіп көлгірсіме, жазушы. Білмей тұрған шығарсың. Хатты ұйымдастырған сен ғой?
Мүсірепов. Мейлі, мен-ақ болайын.
Голощекин. Міне, нағыз Иисус! Өзін кұрбандыкка дайындап тұр.
Мүсірепов. Неге құрбан болуға тиіспін? Шындықты айтып, бюроға ашықтан-ашық мәселе қойғаным үшін бе?
Голощекин (шыңғырып). Қайдағы шындық?! Халык, мал-жан жаппай қырылып жатыр деген шындық па?! Жала! Жала! Жала!
Құрамысов (килігіп). Жала арқылы халықты Крайкомға қарсы қою. Бұл – провокация!
Елеусіз (дөңгелек сақалын уыстап). Ғабит шырағым, оның қалай?
Мүсірепов (торыққандай). Елаға, сіз де түк көрмей қалдыңыз ба? Бір үзім нан сұрап, кеңсеңіздің алдында сұлап жатқандардың үстінен аттап-бұттап өткеніңіз де есіңізден шыққан ба?
Голощекин. Олар жалқау оңбағандар! Жұмыс істегісі келмей, ыңырсып жатқандарды кеңсенің алдынан мен де көрдім.
Мүсірепов (ызалана). Оларға: «Бездельники! Работать надо!» – деп, бастарынан теуіп-теуіп кеткеніңізді мен де көрдім.
Голощекин. Жалқау оңбағандарды маңдайынан сипауым керек пе сеніңше? Аяғыма оралды, аяғымды ажыратып алғаньм рас. Тепті дегенің тағы жала.
Елеусіз (жаны ашығандай). Ғабит шырағым, «Төремен тіреспе, күштімен күреспе» демеуші ме еді, неғыласың қарсыласып...
Голощекин. Ол бізді негізгі мәселеден бұрып әкетіп, бұлғаққа салып тұр ғой. (Мүсіреповке қолын шошайтып). Экспертиза хаттың үш дана басылғанын анықтады. Қалған екі данасы кайда?
Мүсірепов. Біреуі Сталин жолдасқа жіберілген.
Голощекин. (шиқылдап күліп). Сен шынында да Иисуссың! Иисус Христос өзін құдайдың ұлымын деп жариялаған ғой. Ал сен Сталин жолдаспен тікелей хат жазыспақ болғансың. Бірақ хатың Сталинге жеткен жоқ. Хат ұсталды.
Мүсірепов. Әлгі кеңес поштасының азамат құпиясын сақтайтыны қайда?
Голощекин. Құпия сақтағышын. Поштаның Крайкомнан жасыратын құпиясы жоқ. Ал хаттың үшінші данасы қайда?
Мүсірепов. (тура қарап). Жоқ. Жыртып тастадық.
Голощекин. Сен жалақор ғана емес, өрі өтірікші екенсің ғой. (Қоңырауды басып қалып, көмекшіге). Шақыр Қарабаевты!
Карабаев кіреді.
Голощекин. Міне авторлардың біреуі. Бұлар о басында алтау болған. Мүсірепов, Гатауллин, Алтынбеков, Қуанышев, Дәулетқалиев және Қарабаев. Бірақ Қарабаев өз қатесін түсініп, соңғы сәтте қол қоюдан бас тартқан. Және о бастағы ниеті үшін бізден кешірім сұрады. (Қарабаевқа.) Қарабаев жолдас, хаттың үшінші данасы қайда?
Қарабаев. (қызарақтап, жан-жағына алақ-жұлақ қарап). Үшіншісі – РСФСР Совнаркомына, Тұрар Рысқұлов жолдасқа жіберілмек болған. Бірақ жіберген-жібермегенін білмеймін. Мен... мен топтан шықтым ғой...
Голощекин. Естідің бе, жазушы? Енді есіңе түсті ме?
Мүсірепов. (Қарабаевқа жиіркене қарап). Иуда!!!
Голощекин. (алақандарын шапалақтап). Браво! Міне Иисус! Ай да Иисус! Қарабаев – Иуда, Мүсірепов – Иисус. Иуда Иисусты ұстап берді. Тарих қайталанбайды дейді. Қайталанады. Қайталанады!
Елеусіз (Құрамысовқа). Не деп кетті?
Құрамысов. Иса пайғамбарды Иуда деген сатып кеткен. Соны айтады.
Голощекин.Сталин жолдасқа қолы жетпеген бейшаралардың ендігі тапқаны – Рысқұлов.
Жантоқов. Рысқұлов – пантюркист!
Иванов. Жолдастар! (Сағатына қарап). Түнгі сағат бір болды. Нақты мәселеден ауытқып барамыз.
Голощекин. Кателесесіз, Иванов. Нақты мәселеге енді келдік. Бүліктің бастауы қайда жатқанын білдіңіз бе? Анықталды ғой. Бәленің бәрі Рысқұловтан. Алыста жатып Мүсіреповтердің қолымен от көсейді. Бұл бүлікке Рысқұлов араласқан екен ғой. Міне, бұл – шатақ! Шатақ!
Жантоқов. Рысқұлов – пантюркист! (Орнынан ұшып тұрып.) Рысқұлов –пантюркист! Мүсірепов – ұлтшыл! Ұлтшыл! (Қалш-қалш етіп, қолы ербеңдеп, көзі аларып, құлап бара жатып.) Пантюркист! Пан-тюр-кист! ұлт-шыл! Ұлт...
Голощекин. Шатақ! Шатақ! Рыскұлов шатақ!
Сахна қараңғылана береді.