Прологті, эпилогті, екі бөлімді тарихи драма Қатынасушылар



бет6/10
Дата19.04.2023
өлшемі68,56 Kb.
#84451
түріҚұрамы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
БЕСЕУДІҢ ХАТЫ .НҰСҚАСЫ

Екінші сурет
Қорқыт күйі ыңырсып тұрады. Сұрқай дала. Сұрқай киіз үйлер. Кейбірінің туырлығы түсіп, кереге-қаңқалар ырсиып-ырсиып көрінеді. Сол мелшиген үйлерге биіктен көз тігіп екі адам қалт тұрып қалған. Бірі – Нұрхан, бірі – Мүсірепов. Аулақта шиебөрілер шулайды.
Нұрхан. Міне, міне, әлгі мен айта беретін ауыл.
Мүсірепов (құлазып). Қыбыр еткен жан жоқ. Ит те үрмейді.
Нұрхан (шошығандай). «Үрерге иті, сығарға биті жоқ» деген осы боп жүрмегей...
Мүсірепов. Сіз айтқан Күләнда осы ауылда ма?
Нұрхан (даусы дірілдеп). И-иә-ә.
Мүсірепов. Онда бірден сонда соқпаймыз ба?
Нұрхан (аңырып). Жо-оқ, Ғабит, бірден баруға жүрегі түскір дауаламай тұр. Ұсқыны жаман ғой мына жұрттың... Әуелі, тірі жан жолықса, хабар білейік. (Олар төбешіктен түсіп, бірінші үйге таяп келеді). Кім бар-о-о-й? (Қайталап). Кім бар-о-о-ой?
Мүсірепов. Ешкім жоқ.
Нұрхан. Кім бар? (Айқарма есікті итеріп ашады. Жүк жиюлы. Аяқ-табақ, жиһаз-мүлік орнында. Бір бүйірде ақ шымылдық есіктен енген желмен желбіреп тұрады). Кім бар?
Мүсірепов. Ешкі-ім жо-оқ.
Нұрхан (шымылдықты түртіп қалғаны сол, ақ перде күл болып, сау етіп сыпырылып түседі). Ойбай!
Мүсірепов (селк етіп). Ол не?
Нұрхан. Ғабит, мынаны қара! Екеуі де... Беу, бейбақтар, құшақтасып жатып жан тапсырыпты. (Ішінен күбірлеп аят оқып, бетін сипайды.)
Мүсірепов (күйіп кеткендей). Екеуі де опат. Екеуі ғана ма екен. Бір тайпа ел ғой. Екеуі балалы-шағалы болар еді... Бір шаңырақтан қаншама отау бөлініп шығар еді...
Нұрхан (көзінің жасын сілкіп). Қой, шырағым, сескеніп қаларсың. Үңіле берме. Кетейік. (Шегіншектеп.) Есікті мықтап жауып кетейік. Әлгі лағнат шиебөрілер бекер шулап жүрген жоқ.
Үшінші сурет
«Көкіл» күйі сарнайды. Екінші үй. Жүк жиюлы. Қазан-ошақ орнынла. Бірақ бәрі қаңсып тұр. Бір бүйірде бесікке асынып, келіншек отыр. Ұйықтап кеткен сияқты.
Нұрхан. Апыр-ай, Ғабит, мұнда біреу отыр.
Мүсірепов. Иә, отыр.
Нұрхан. Ау, жарқыным, кісілер келді үйіңе. (Дыбыс жоқ). Естімеді. (Келіншектің иығынан тартады. Омырауын балаға тосқан күйі аңырып бері қарағанда, бесікте жансыз жатқан бала көрінеді.) Ау, байғұс-ау, не болды? (Әйел оларды елемей, айдалаға қарайды.)
Мүсірепов (есікке тұра ұмтылып, көмекшілерді шақырады). Мұнда! Тез! (Бері бұрылып.) Ей, ит озбырлық! Голощекин осыны көзімен көрмейді, а!
Нұрхан. Ол кұдай! Көзін шел басқан құдайсымақ.
Мүсірепов. Мұндайды көрсе, рахаттана ма деп қорқамын.
Нұрхан. Онда анау ұлып жүрген қорқау қасқырдан несі артық?
Мүсірепов. Қорқау қасқырды табиғат о баста солай жаратқан. Голощекин адам баласы ғой.
Нұрхан. Адамнан шыққан қорқаулар қасқырдан да қатыгез. (Көмекшілер кіреді.) Әй, бәрібір қатарға қосылмас. (Келіншекті иығынан тартып.) Күләнда аман ба? (Әйел тіл қатпай, аңырып шаңыраққа қарайды. «Көкіл» күйі күңіренеді.)
Мүсірепов (көмекшілерге). Бүкіл ауылдан бірінші көрген тірі адам, өліктен айырмасы шамалы. Тамақ беріп көріңдер. Көрер жарық сәулесі болса, тірі қалар. (Әлдекімге кіжініп.) Арсыздар! («Көкіл» күйі күңіренеді.)


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет