Просит принять срочные меры и оградить хозяйствующие субъекты Северо-Казахстанской области от неправомерных действий монополиста энергопередающей компании тоо «СевКазЭнергоцентр»


Конституциялық Кеңес – билік тармақтарының өзара әрекеттестігін жетілдіруші институт ретінде



бет24/31
Дата29.04.2023
өлшемі1,24 Mb.
#88457
түріДиссертация
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   31
Байланысты:
Диссертация от 18.04.2013г.

3.2 Конституциялық Кеңес – билік тармақтарының өзара әрекеттестігін жетілдіруші институт ретінде
«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі» туралы Конституциялық заңына сәйкес Конституциялық Кеңес келесі субъектілердің өтініштері бойынша өз қызметін жүзеге асырады:
1) Республика Президентi;
2) Парламент Сенатының Төрағасы;
3) Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасы;
4) өздерiнiң жалпы санының кемiнде бестен бiрi болатын Парламент депутаттары;
5) Премьер-Министрi;
6) Республика соттары.
Жоғарыда аталған конституциялық құқықтық қатынастардың барлығы дерлік конституциялық бақылау органының қызметі болып табылғанымен, олардың әрқайсысының өзіндік бір ерекшеліктері бар. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламент Палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдің, жалпы санының кемінде бестен бірі болатын Парламент депутаттарының өтініштері бойынша Конституциялық Кеңестің өндірісінде қаралатын істер алдын ала конституциялық бақылауды білдіретін болса, республика соттарының Қазақстан Республикасы Конституциясы 78-бабының негізінде Конституциялық Кеңестің өндірісіне жіберілген өтініштер, санаты жағынан кейінгі конституциялық бақылауға жатады. Алдын ала бақылау өзінің құқықтық табиғаты жағынан кез келген нормативтік құқықтық актінің әлі күшіне енбей, яғни қоғамдық қатынастарды реттемей тұрып конституциялық құқықтық бақылауға ұшырайды дегенді білдіреді. Кейінгі бақылау – соттардың белсенді түрдегі қызметінің негізінде іс жүзінде әрекет етіп, қоғамдық қатынастарды реттеп жүрген Парламенттің қабылдаған заңдары, Президенттің, Үкіметтің, Жоғарғы соттың, орталық мемлекеттік басқару органдарының және т.с.с. мемлекеттік органдардың заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері Конституцияда көзделген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретіндігі немесе келтірмейтіндігі тұрғысынан нақты істі қарастыру кезінде соттармен бағаланып, қажет болған жағдайда өтінішпен жүгінудің негізінде, Конституциялық Кеңеспен тексерілуге жатады. Бұл дегеніміз Конституциямен бекітілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы конституциялық құқықтық бақылаудың қазақстандық үлгісі әмбебап болып табылады. Біздің конституциялық бақылау жүйемізде алдын ала бақылаумен қоса кейінгі бақылау әрекет етуде.
Сондай-ақ, Конституциялық Кеңес Консти­туцияның 72-бабы 1-тармағының 2), 2-1), 3) тармақшаларына сәйкес:
1) Парламент қабылдаған заңдардың Президент қол қойғанға дейін;
2) Парламент және оның Палаталары қабылдаған қаулылардың;
3) Республиканың халықаралық шарттарының олар ратификацияланғанға дейін Конституцияға сәйкестігін қарайды.
Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 4), 5) тармақшаларына сәйкес:
1) Конституция нормаларына ресми түсiндiрме;
2) Парламент тиiсiнше республика Президентiн мерзiмiнен бұрын қызметiнен босату туралы шешiм, Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы түпкiлiктi шешiм қабылдағанға дейiн – белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталуы туралы қорытынды бередi.
Сонымен қатар, Конституциялық Кеңес, егер сот Конституцияның 78-бабына сәйкес қолданылуға жататын заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт адамның және азаматтың Конституцияда баянды етiлген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, Конституцияның 72-бабы 2-тармағына сәйкес, соттардың актiнi конституциялық емес деп тану туралы өтiнiштерiн қарайды. Нақты конституциялық бақылау жүйесін біз соттардың нақты істерді қарастыру кезінде қолдануға тиіс әрекет етуші заң мен өзге де нормативтік құқықтық актілерге қатысты бақылау жүргізуінен көретін болсақ, абсолютті бақылауды соттардан басқа конституциялық бақылау органына жүгіну құқығы бар субъектілердің Конституцияның кез келген баптарына ресми түсінік беру туралы өтініш білдіруінен және заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерге, олардың заңды күшіне енбей тұрып, Кеңеске өтінішпен жүгіну арқылы жүргізетін конституциялық бақылауды жүзеге асыруынан көз жеткізуімізге болады. Конституциялық Кеңеске соттардан басқа жүгіну құқығын иеленетін субъектілер кез келген уақытта Конституцияның тиісті баптарына ресми түсініктеме беру туралы өтініш жасай алады. Бірақ, бұл субъектілер Конституцияның тиісті баптарына ресми түсінік беру туралы және заңды күшіне еніп үлгермеген заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің конституциялығын тексеруді қоспағанда, басқа құқықтық актілерге қатысты ресми түсініктеме беру туралы және заңды күшіне енген нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тану жөніндегі мәселелермен Конституциялық Кеңеске өтінішпен жүгіне алмайды. Демек, республикамыздың конституциялық бақылау жүйесінде нақты бақылаумен қатар, абсолютті бақылау да іс жүзіне асуда. Алдын ала бақылауда және жалпы конституциялық бақылауда Конституциялық Кеңеске жүгінуші субъектілер (соттан басқа), кез келген заңның немесе нормативтік құқықтық актінің, оның заңды күшіне енбей тұрып, конституциялығын тексеруде бастамашыл бола алады. Соттардан басқа субъектілерге еліміздің Конституциясы Конституциялық Кеңеске жүгіну құқығын беріп тұр, мұнда міндеттеу жоқ. Кеңеске өтінішпен жүгіну тиісті субъектілердің жеке субъективтік көзқарастарына байланысты. Керісінше, Конституция соттарды нақты істі қарастыру кезінде қолданылатын немесе қолдануға тиіс заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапқан жағдайда, Конституциялық Кеңеске жүгінуді міндеттейді. Сол сияқты соттар да Конституциялық Кеңеске заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Конституцияның тиісті нормаларына ресми түсінік беру туралы өтінішпен жүгіне алмайды. В.И.Анишинаның пікірінше, «конституциялық бақылау тәжірибесінде заңның нормалары Конституцияға қайшы келетін ережелерді қамтымағанымен, бірақ оларды қолданғанда конституциялық құқықтар мен бостандықтарға нұқсан келтіретін жәйттар кездесіп тұрады[99]. Сондықтан да соттар нақты істі қарастыру барысында қолданатын немесе қолдануға тиіс заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің адамның және азаматтың Конституциямен баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретіндігін анықтаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне конституциялық емес заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тану жөніндегі ұсыныспен жүгінуге міндетті.
Егер шетелдік тәжірибеге көз салатын болсақ, онда кейбір мемлекеттерде бүкіл халық болып сайлаған халық қалауларының қабылдаған заңдары мен нормативтік құқықтық актілерінің конституциялық емес болу мүмкіндігі туралы күмән деген мүлдем болмайды. Сондықтан да ондай мемлекеттерде кейінгі конституциялық бақылау жоқ. Аталған мемлекеттердің санатына Ұлыбритания, Дания және т.б. мемлекеттер жатады.
Мемлекеттік басқару жүйесінде билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерін жетілдірудегі Конституциялық Кеңестің рөлін оның жария мүддені жүзе асыруынан, Конституцияның жоғары тұруын қамтамасыз етуінен және оның ережелерін бұлжытпай орындауынан, тепе-теңдік және тежемелік қағида негізінде заң шығарушы мен атқарушы және сот билігінің арасындағы дауды Конституция ережелеріне сүйене отырып шешуден, сондай-ақ, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын конституциялық емес заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің қорғауынан көруге болады.
Билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерін жетілдіру бойынша субъектіге байланысты дау тудырып тұрған бірқатар мәселе бар. Ол – заң шығарушы мен атқарушы биліктің қабылдаған нормативтік құқықтық актілерін жою жөнінде конституциялық бақылау органына жүгінетін субъект ретінде тиісті сот па, әлде тиісті сот құрамы ма, болмаса жекелеген судьялар танылуы қажет пе? – деген мәселе.
Біздің пікірімізше, Конституциялық Кеңеске заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тану жөніндегі өтінішпен жүгіну кезінде субъект ретінде нақты істі өз өндірісінде қарастырушы, сонымен қатар нақты істі шешу үшін қолдануға тиісті заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актілердің адамның және азаматтың Конституциямен баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапқан жекелеген судья немесе тиісті сот құрамы танылуы тиіс. Себебі, нақты істі қарастыру және оны шешу үшін заңды немесе нормативтік құқықтық актілерді қолдану бүкіл тиісті соттың мүшелерімен жүзеге асырылмайды, ол жекелеген судьялармен немесе тиісті сот құрамымен жүзеге асырылады. Заң баспаларында «судьяның тек қана заңды қолдануы, заңға ғана бағынуы және заңға табиғи құқық тұрғысынан баға бермеуі сот және құқық реформасының дамуын төмендетеді, ал субъектілердің әрекеттеріне және нормативтік құжаттарға табиғи құқық тұрғысынан баға беру құқыққа қарсы шешімдер шығарудан қорғайды» деп айтылған дәйектері дұрыс айтылған[100].
Билік тармақтары қызметінің нәтижесіне соттық бақылауды жүргізу бойынша Конституцияның қазіргі таңдағы редакциясы (Конституцияның 78-бабы) судьялардың тәуелсіздігіне нұқсан келтіреді. Жекелеген судья немесе сот құрамы қарауындағы нақты істі шешу барысында, оның ісіне ешкімнің де араласуына құқығы жоқ. Кез келген судья немесе сот құрамы нақты іс бойынша шешім шығарғанда Қазақстан Республикасының атынан шығарады. Демек, Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей судья нақты істі шешу барысында басқа билік тармақтарына ғана емес, сот жүйесіндегі түрлі құрылымдар мен лауазымды тұлғалардың іске араласуынан да тәуелсіз болуы қажет. Осы тұрғыда В.Е. Чиркиннің «сот билігі сот мекемесіне оның қанша жерден жоғары мәртебеде болатындығына қарамастан тәуелді болмайды, ол сот алқасына (жекелеген істер бойынша – бір судьяға) тәуелді» деген тұжырымын еске түсіруге тура келеді[101]. М.Т.Кемаловтың пікірінше, «сот төрелігін жүзеге асыру кезінде соттың тәуелсіздігі конституциялық қағидасы негізінде судьяның өтінішке (ұсынысқа) қол қою құқығын беру мәселесін шешу керек»[102]. Сол сияқты судьялардың тәуелсіздігі хақында Қазақстан Республикасында сот билігі туралы заңдарды қолданудың кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1998 жылғы 14 мамырдағы №1 нормативтік қаулысында былай делінген болатын: «Соттар судьялардың тәуелсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударып, олардың қызметіне араласуға жол бермеу жөнінде шаралар қолдануға, судьяларға бақылау жасауға немесе оларға өкілеттіктерінен тыс міндеттер жүктеуге тырысушылықтарға тиым салуға тиіс. Соттардың нақты іс бойынша әділ және бейтарап сот төрелігін жүзеге асыруына кедергі келтіру мақсатындағы кез-келген нысандағы іс-әрекеттерді сот қызметіне араласу деп түсінген жөн. Мұндай араласу түрлеріне, атап айтқанда, сот процесіндегі нақты тараптың пайдасына шешім қабылдау туралы әлдебіреулердің сырттан берілген тікелей нұсқауы немесе жанама өтініші, судьяларды белгілі бір шешім қабылдауына мәжбүр ететін жағдайлардың әдейі жасалуы және басқа да осындай іс-әрекеттердің жатуы мүмкін»[103].
Конституциялық Кеңес туралы Конституциялық заңның 22-бабының талаптарына сәйкес, Конституциялық Кеңеске өтініш тиісті соттың атынан және осы тиісті сот төрағасының қол қоюы арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Ақиқатында бұл заңның 22-бабының ережесі еліміздің Конституциясының 78-бабымен сыйыспайды. Себебі, өтінішітің жіберілуіне себеп болған заң немесе өзге нормативтік құқықтық акті тиісті сот алқасының немесе жекелеген судьяның өндірісіндегі қарастырылып жатқан іске байланысты болуы керек. Конституцияның 78-бабының құқықтық табиғатына терең үңілетін болсақ, онда өтініш толық бір сот органынан емес, нақты істі қарастырып отырған сот құрамынан немесе істі қарастырушы жекелеген судьяның атынан жіберілуі керек. Қазіргі таңда Конституциялық Кеңеске өтініш жіберіліп, кейінірек ол өндіріске қабылданбай, қайтып келіп жатқан өтініштердің басым көпшілігі жекелеген істі қарастырушы судьялардың және жалпы соттың кәсібисіздігінен деп түсінген жөн. Себебі, нақты іс жекелеген немесе алқа судьяларымен, яғни тиісті сот құрамымен қарастырылатын болса да, өтініш тиісті соттың атынан жөнелтіледі, яғни жіберілетін өтінішке тиісті соттың төрағасы қол қояды. Тиісті соттың атынан жөнелтілген өтініш өндіріске қабылданбай, кері қайтып жататын болса, онда ол бүкіл тиісті аудандық немесе облыстық, болмаса Жоғарғы Соттың кәсібисіздігін білдіреді. Мұны сот саласында жіберіліп отырған үлкен олқылық деп түсінеміз. Ақиқатында, әрбір судья өзінің Конституциялық Кеңеске жолдаған өтінішінің тағдырына өзі жауап беруі керек. Бұл жағдайда конституциялық жауапкершілік орнауы тиіс. Себебі, мұнда тараптардың құқықтары бұзылуда. Осы жағдайда судья өзінің кәсібилігін дәлелдеуі керек. Ал, дәл қазіргі Конституциялық Кеңеске соттардың өтініштерін реттейтін іс-әрекет етуші норманың жағдайында кінәлі лауазымды тұлғаны табу қиынға соғады. Өйткені, сот төрағасы да кінәлі болмайды, себебі қаралып жатқан іс оның өндірісіндегі іс емес. Өз өндірісіндегі істі қарап жатқан судья да кінәлі болмайды, себебі, ол өтінішке субъект ретінде қол қойып, жіберген тұлға емес. Судьялар өз әрекеттері үшін дербес жауаптылықта болуы керек.
Қазіргі таңда әрекет етуші заңнама бойынша өтініш беруші субъект ретінде тиісті сот танылуы тиіс. Конституциялық Кеңес тиісінше заңды немесе нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тану жөніндегі өтінішті субъект ретінде тек тиісті соттардан қабыл алуы қажет. Ал тәжірибеде мүлдем басқаша. Конституциялық Кеңес өзінің шешімдерін жалпы соттың өтініштерімен қоса, жекелеген судьялардың өтініштерін де қарап шешуде. Сол сияқты Конституциялық Кеңестің бір ғана қаулысының ішінде субъект ретінде, бірде тиісті сот танылса, бірде соттың төрағасы немесе судья танылуда. Мәселен, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі... өзінің ашық отырысында Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты төрайымының "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы заңының 36-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі туралы өтінішін қарады... Өтініш беруге Сарыарқа аудандық сотының іс жүргізуінде жатқан... қылмыстық іс себеп болды...[104]. Баяндалған Конституциялық Кеңестің қаулысынан бір жерде субъект ретінде аудандық сот төрайымын, ал басқа жерде аудандық сотты көрсетіп жатқанына көз жеткізуімізге болады. Сонымен қатар, қаулыда нақты іс Сарыарқа аудандық сотының іс жүргізуінде жатқандығы туралы баяндалады, бірақ ол нақты іс субъект ретінде өтініш беріп жатқан сот төрайымының, не болмаса басқа судьяның қарауында екені баяндалмайды. Сонымен бірге, қаулының атауы «Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты төрайымының "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы заңының 36-бабын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы жөнінде» деп аталады. Келесі мысалға келетін болсақ, онда «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі... Қазақ КСР АІЖК-нің 115 және 310-баптарын Конституцияға сәйкес емес деп тану жөнiндегi Маңғыстау облыстық сотының өтiнiшiн (ұсынысын) қарай келiп, Конституциялық Кеңес мыналарды анықтады: Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 3-тармақшасына ресми түсiндiрме беру және Қазақ КСР АІЖК-нің 115 және 310-баптарын Конституцияға қарама-қайшы деп тану жөнiнде Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Н.К.Чиняев ұсыныс жасады... Конституциялық Кеңес Маңғыстау облыстық соты төрағасының Қазақ КСР АІЖК-ның 115 және 310-баптарын конституциялық емес деп тану жөнiндегi өтiнiшiн қанағаттандыруға болады деп тапты...[105]. Мұнда да қаулының атауы «Қазақ КСР-сы АІЖК-нің 115 және 310-баптарын Конституцияға сәйкес емес деп тану туралы Маңғыстау облыстық сотының өтiнiшi (ұсынысы) туралы» деп аталғанымен, қаулының бір жерінде өтініш субъектісі ретінде Маңғыстау облыстық сотының төрағасы танылса, тағы бір жерінде Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Н.К.Чиняев, ал тағы бір жерінде субъект ретінде Маңғыстау облыстық соты көрініс тапқан.
Конституцияда және Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы Конституциялық заңда көзделген талаптарға қарамастан, БАҚ-та Конституциялық Кеңеске заңның нормасын конституциялық емес деп тану жөніндегі өтінішті Капшағай қалалық сотының төрағасы Ж. Жайлаубаймен жіберілгендігі баяндалады[106]. Конституциялық Кеңестің құқықтық деп есептелетін соттың өтініш субъектісі ретіндегі жолдаған өтініштерінің негізінде шығарылған қаулыларында өтініш субъектісі ретінде бірде Жоғарғы Сотты, сонымен қатар сол қаулы ішіндегі кей жерлерде, өтініш субъектісі ретінде Жоғарғы Соттың Төралқасын көрсетеді[107].
Негізінде Конституция мен Конституциялық Кеңес туралы Конституциялық заң бойынша тиісті сот өтініш субъектісі болып танылып, заңның талаптарына сәйкес, өтінішке тиісті соттың төрағасы қол қойып жібергенімен, бұл тиісті сот төрағасын субъект ретінде тану керек дегенді білдірмейді. Конституция мен заң бойынша субъект ретінде тек тиісті аймақтың соты танылуы тиіс. Дәл осындай Конституциялық Кеңестің өндірісінде жіберіп алған қателіктері жетіп артылады. Тізбелей берсек, бірі бірінен асып түседі.
Кейбір жағдайларда Конституциялық Кеңес өтінішті жіберу бойынша заңмен белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін нақтырақ айтқанда, субъект ретінде тиісті сот емес, судья болғандығы үшін де конституциялық өндіріске қабылдаудан бас тартуда. Мәселен, «Жамбыл облыстық сотының жіберген өтініші ҚазССР ӘҚБтК 280-бабы, 2 бөлімін конституциялық емес деп тану жөнінде болған. Бірақ, ол өндіріске қабылданбаған, себебі іс бойынша өндірісті тоқтата тұру туралы ұйғарым болмаған, сондай-ақ, өтініш сот төрағасының қол қоюының орнына, судьямен қойылған, және істің мән-жайы баяндалмаған»[108].
Конституциялық Кеңеске өтініш субъектісі ретінде республика соттары жүгінген кезде, олардан Конституцияның және Конституциялық Кеңес туралы Конституциялық заңы 22-бабының талаптарын, яғни өтініш берудің нысаны мен мазмұнын қатаң сақтауды талап етеді. Конституциялық Кеңес регламентінің 2-бабына сәйкес Конституцияның, Конституциялық заңның және Регламенттің талаптарын бұза отырып, келіп түскен өтініштерді Конституциялық Кеңес аппаратының басшысы кері қайтарады. Осылайша Конституциялық Кеңес заңда белгіленген өтініш беруші субъектілерден өтінішпен жүгіну кезінде Конституцияның, Конституциялық заңның, регламенттің және т.б. нормативтік құқықтық актілердің талаптарын қатаң сақтау туралы талапты қоя тұра және өтініштің нысаны мен мазмұнына қойылған талаптарды сақтамаған жағдайда ұсыныстарды өтініш жасаушы субъектілерге кері қайтара отыра, өздері Конституцияның, Конституциялық Кеңес туралы Конституциялық заңының және өздері қабылдаған регламенттің талаптарын орындамауда, қатаң сақтаудың орнына – бұзуда. Сонымен қатар, Конституциялық Кеңес өзінің конституциялық өндірісте жіберілген қателіктерін Қазақстан Республикасының Парламентіне келіп, өздері жыл сайынғы мемлекеттегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы баяндаған жолдауында бүкіл халыққа жария етуде. Мәселен, өзінің жолдауында, өтініш субъектісін, бір жерінде «Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының өтініші бойынша» десе, екінші жерінде «Алматы қаласы Бостандық аудандық соты судьясының өтініші бойынша», – дейді[109]. Конституциялық Кеңестің өзі де тәжірибеде субъектіні шатастырып алуда. Біздің ойымызша, Конституцияның жоғары тұруын қамтамасыз ететін Конституциялық Кеңес ең бірінші кезекте өзі конституциялық нормалардың талаптарын қатаң түрде сақтауы керек.
Тәжірибеде соттардың Конституциялық Кеңеске жіберілетін объект ретіндегі заңдар мен нормативтік құқықтық актілер санатына байланысты да қателіктері жетіп артылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы соттың өтінішпен жүгіну объектісі ретінде нақты істе қолданылуға тиісті Конституциямен баянды етілген адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні атайды. Мәселен, мынадай сұраққа келетін болсақ: қандай заңдар мен нормативтік құқықтық актілер соттың өтініші бойынша Конституциялық Кеңеспен конституциялығын тексеру объектілері болып табылады?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет