Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтарын және өзара әрекеттестік тетіктерін дамытудағы өкілеттіктері
Мемлекеттік басқару, саясат, заң ғылымы теориясында кейбір ғалымдар Президентті атқарушы биліктің құрамына кіргізетін болса, қайсібірі президенттік институт ешбір билік тармақтарының құрамына кірмейтіндігін, атқарушы биліктен тыс тұратындығын дәлелдеуде. Біздің пікіріміз екінші тұжырыммен сәйкес келеді. Бұл институт табиғаты жағынан атқарушы билікке жақын тұрғанымен, Конституцияға сәйкес және тәжірибеде ешбір билік тармақтарының құрамына кірместен, бөлек әрекет ететіндігін дәлелдеді. Қазақстандық модельдегі президенттік институт – мемлекеттегі басқа билік тармақтарының қызметін үйлестіруші, арбирт болып табылады. Президент – мемлекеттік басқаруды тиімді түрде жүзеге асыру үшін тиісті тұжырымдамалар бекітіп, Парламент сессиясының ашылуында заң шығарушы биліктің алдына қоғамға, мемлекетті басқаруға қатысты заңдарды қабылдауға, атқарушы билікке осы заң жобаларын Парламентке кешіктірмей енгізуге, Парламент пен Үкіметке бірлесе қоян–қолтық жұмыс істеуіне тапсырма береді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 40 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, барлық қатынастарда (елдің ішінде, халықаралық қатынастарда) Қазақстанның атынан және Қазақстан халқының атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға болып табылады. Президент – халықтың және мемлекеттік биліктің бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылады. Ол дегеніміз, Президент мемлекеттік басқару бойынша билікті халықтан ала отырып, оның құқықтарының сақталуына кепілдік беріледі. Сондай-ақ, Президент мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді, яғни биліктің тиімділігін арттыру мақсатында билік тармақтарының (Парламент, Үкімет және сот билігі) өзара әрекеттестік тетіктерінің дұрыс бағытта (халыққа қызмет көрсету) жүзеге асуын бақылайды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президентi:
1) Қазақстан халқына елдегi жағдай мен Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды;
2) Республика Парламентіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды; Парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақырады; Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;
3) Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Республика Үкіметінің құрылымын айқындайды; Республиканың Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады, Республика Үкіметінің мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді; Үкіметке заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсырады; Республика Үкіметі мен Премьер-Министрінің, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;
4) Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;
5) Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
6) Республика дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшыларын тағайындайды және керi шақырып алады;
7) Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;
8) Республиканың мемлекеттiк бағдарламаларын бекiтедi;
9) Республика Премьер-Министрiнiң ұсынуымен Республиканың мемлекеттiк бюджетi есебiнен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлерiне арналған қаржыландыру мен еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекiтедi;
10) республикалық референдум өткiзу жөнiнде шешiм қабылдайды;
11) келiссөздер жүргiзедi және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды; бекiту грамоталарына қол қояды; өзiнiң жанында тiркелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және өзге де өкiлдерiнiң сенiм грамоталары мен керi шақырып алу грамоталарын қабылдайды;
12) Республика Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердiң жоғары қолбасшылығын тағайындайды және ауыстырып отырады;
13) Республиканың мемлекеттiк наградаларымен марапаттайды, құрметтi, жоғары әскери және өзге атақтарды, сыныптық шендердi, дипломатиялық дәрежелердi, бiлiктiлiк сыныптарын бередi;
14) Республиканың азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерiн шешедi;
15) азаматтарға кешiрiм жасауды жүзеге асырады;
16) Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауiпсiздiгiне елеулi және тiкелей қатер төнген, мемлекеттiң конституциялық органдарының қалыпты жұмыс iстеуi бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламентi Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялардан кейiн Республика Парламентiне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкiл аумағында және оның жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгiзудi, Республиканың Қарулы Күштерiн қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететiн шараларды қолданады;
17) Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей қатер төнген ретте Республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде әскери жағдай енгiзедi, iшiнара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентiне дереу хабарлайды;
18) өзiне бағынысты Республика Президентiнiң Күзет қызметiн және Республикалық ұланды жасақтайды;
19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Хатшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, оның мәртебесi мен өкiлеттiгiн анықтайды; Республика Президентiнiң Әкiмшiлiгiн құрады;
20) Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады;
21) Республиканың Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады [52]. Президент Конституция мен заңдарды басшылыққа ала отырып, оны орындау үшін және атқарушы биліктің заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің осы заңға сәйкес келуін орындау үшiн елдің барлық аумағында мiндеттi күшi бар жарлықтар мен өкiмдер шығарады. Конституцияға сәйкес Президенттің заң шығаруға өкілеттігі бар, ол үшін 53 баптың 4 тармақшасында көзделгендей депутаттар Парламент палатарының бірлескен отырысында Президентке бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беруге құқылы. Дегенмен, депутаттар өзінің бастамасымен бұл мәселені көтере алмайды, бастама Президенттің өзінен шығуы керек.
Президенттің билік тармақтарымен қабылданған немесе бастамашылықпен көтерілген басқарушылық шешімге қол қоюда, олардың Конституцияға сәйкес, сапалы болып шығуы үшін Парламенттің әр палатасы төрағаларының және Премьер-Министрдің қолдары қойылып тиянақталады. Бұл өз кезегінде осы актілер үшін аталған билік тармақтарының заңдық жауапкершілікте болатындығын білдіреді. Біз билік тармақтарының шетелдік тәжірибесін қарастырған кезде, ондағы «контрассигнатура» жүйесіне бірнеше мәрте тоқталып өткен болатынбыз. Дегенмен, ондағы «контрассигнатура» мен біздегі жоғары мемлекеттік органдардың жауапты тұлғаларының басқарушылық шешімдерге алдын ала қол қоюы табиғаты жағынан бөлек болып табылады. Мәселен, шетелдерде жауапты тұлғалар қол қоймаса, заңның күші болмайды, ал бізде ол жауапты тұлғаларға қосымша жауапкершілікті жүктейді. Бұл Президенттің халық пен қоғам алдындағы билік тармақтарының жауапкершілігін арттырудан көрініс табады.
Конституцияның 47 бабының 2 тармағына сәйкес, Республиканың Президентi өзiнiң мiндеттерiн атқару кезiндегi iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап бередi және бұл үшiн Парламент оны қызметiнен кетiруi мүмкiн. Айып тағу және оны тексеру туралы шешiм Мәжiлiс депутаттарының кемiнде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшiлiгiмен қабылдануы мүмкiн. Тағылған айыпты тексерудi Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелерi Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен Парламент Палаталары бiрлескен отырысының қарауына берiледi. Бұл мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм айып тағудың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңестiң қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында қабылданады. Айып тағылған кезден бастап екi ай iшiнде түпкiлiктi шешiм қабылдамау Республика Президентiне қарсы тағылған айыптың күшi жойылған деп тануға әкеп соғады. Республиканың Президентiне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың қабылданбауы оның қай кезеңiнде де осы мәселенiң қаралуына себепшi болған Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға әкеп соғады [52]. Бұл баптың аясында Президент пен Парламенттің арасында өзара әрекеттестік тетіктері жүзеге асырылады.
Мемлекеттік басқаруды шұғыл түрде жүзеге асырушы атқарушы билік (Үкімет) өзінің бүкіл қызметінде Қазақстан Президентінің, ал Конституцияның нормаларында көзделген реттерде Парламент Мәжілісінің және жалпы Парламенттің (қос палатаның) алдында жауапты болып табылады. Республика Президенті Үкіметтің және оның мүшелерінің, атқарушы биліктің біріңғай құрамына кіретін аймақ әкімдерінің халық пен халық қалауларының алдында есеп беруін қамтамасыз етеді. Мұндай есеп беру қазіргі таңда тәжірибеде жүзеге асырылуда. Жыл сайын тиісті облыс және аудан әкімдері халықпен кездесіп, жылды қортындылап, халықтың мұң-мұқтажын ескере отырып, алдағы есепті жылға нақты жоспарлар бекітеді. Ал министрліктер мен ведомстволар болса әр жылдың басында өткен жылды қорытындылап, алдағы жылдағы жоспарларымен бөлісу үшін алқа отырыстарын өткізеді. Бұл қазіргі кезде қалыптасқан үрдіс болды. Үкімет өз кезегінде Конституцияда көзделген реттерде Парламенттің алдында жыл сайын тиісті жылдың бюджетінің орындалуы бойынша есеп береді. Президент пен Парламент өз кезегінде билікке келер сәттегі халыққа берген уәделерінің орындалуына қадағалау мен бақылауды жүргізіп, ол бойынша халыққа есеп бере отырып, мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халықпен кері байланысты орнатады.
Президент атқарушы билікті өз бастамасы бойынша құрады, таратады және қайта құрады. Атқарушы билік бүкіл өзінің қызметінде Президенттің алдында жауапты болады. Мемлекеттік басқару жүйесіндегі атқарушы билікті реформалауға келесі құжаттар негіз болды:
– Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясы. Мұнда 7-ші ұзақ мерзімді басымдық ретінде «Негізгі міндеттермен ғана шектелетін кәсіпқой мемлекет» белгіленген болатын. Бұл құжатта Президент «Қазақстанда нарықтық экономика үшiн оңтайлы болатын мемлекеттiк қызмет пен басқару құрылымының осы заманғы, тиiмдi жүйесiн жасау, басым мақсаттарды iске асыруға қабiлеттi Үкiмет құру, ұлттық мүдделердiң сақшысы бола алатын мемлекет қалыптастыру» жайында айтқан болатын [97].
– «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк басқару жүйесiн жаңғырту жөнiндегi шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 қаңтардағы N 273 Жарлығы.
– «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығы.
– «Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 маусымдағы № 573 Қаулысы.
– «Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 23 сәуірдегі № 438 Қаулысы.
Дегенмен, біздіңше, өз деңгейінде мемлекеттік басқарумен шұғылданатын басқа да билік тармақтарын ысырып тастап, тек Үкіметті кәсіби ету мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендетері хақ. Себебі мемлекеттік билік – өз алдына бір бөлек ағаш емес, ол бүтін біртұтас организмді құрайды. Сондықтан да организмнің бір жерін дамытып, екінші жерін асқындырып алатын болсақ, организм бәрібір әлсірейді және күндердің бір күнінде сыр бере бастайды. Сол сияқты Елбасы Н.Назарбаевтың 1997 жылы халыққа жолдаған Қазақстан – 2030 жолдауында да 7 – ұзақ мерзімді басымдық ретінде «негізгі міндеттермен ғана шектелетін кәсіпқой мемлекет» танылған болатын. Мұнда тек кәсіпқой үкімет қана емес, кәсіпқой әрі ықшам мемлекет құру туралы да баяндалған. Біздің пайымдауымызша, мемлекеттік басқаруды тек қана атқарушы биліктің қызметімен байланыстыру аздық етеді. Өйткені, мемлекеттік басқаруда заң шығарушы билік және сот билігі ерекше рөлді атқарады. Үкімет – мемлекеттік басқаруға құқықты Республика Президенті мен Парламентінен алады. Атқарушы билік халықтың алдында тікелей жауаптылықтан гөрі жанама жауаптылыққа ие болып табылады.
Барлығымызға белгілі Дүниежүзілік Банк жыл сайын мемлекеттік басқарудың дүниежүзілік көрсеткіштерін есептеп келеді. Ақпарат жылына бір рет жарияланады. Көрсеткіш 6 индикатордан тұрады:
Дауыс беру құқығы және есептілік – дауыс беру еркіндігі, бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігі, азаматтық және саяси құқықтар;
Саяси тұрақтылық және жаншудың жоқтығы – әрекет етуші билік тұрақтылығының деңгейі;
Үкіметтің тиімділігі – мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы және мемлекеттік аппараттың тұрақты жұмыс жасау және мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі;
Заң шығарудың сапасы – нарықтық экономика еркіндігі принципіне сай реттелуі және бизнестің дамуына құқықтық жағдай жасау;
Заңның үстемдігі – заң шығару жүйесінің және оны орындау мен сақтаудың тиімділігі және анық болуы;
Сыбайлас жемқорлық деңгейі – сыбайлас жемқорлықтың қоғам мен бизнестің дамуына әсері, қоғамда жемқорлықты қабылдау мәселесі.
С.Зимановтың пікірінше, билік жүйесінің тиімді және демократиялық негізде жұмыс істеу үшін келесі шарттар болуы керек:
Әрбір билік тармағы өзінің құрылымында жаңа жағдайдағы жұмыс режимінде болуы шарт;
Қандай да бір монополиялық жағдайда болмас үшін билік құрылымы өзара байланыста болуы керек. Биліктің үш тармағы – оның негізгі түйіні. Басқа билік тармақтарының оңтайлы орналасқанына қарамастан, оның біреуінің қалып қоюы және шырғалануы, билік жүйесінде жұмыс режимінің бұзылуына, оның түрінің өзгеруіне алып келеді, көп жағдайда кескінсіздік өзгерісті туғызады. Бұл Президенттің басшылығындағы атқарушы биліктің деңгейіне артта қалған заң шығарушы мен сот билігінің тартылуын білдіреді [18, 90б.].
Мұнда С.Зиманов атқарушы биліктің басшылығында Президенттің болуы керектігін құптайды және оны тиімді жүйе ретінде қарастырады. Сондықтан біздің пікірімізше, сот билігі мен заң шығарушы билік атқарушы биліктен даму жағынан артта қалып қоймауы керек.
Президент сот билігіне тікелей қарым-қатынасы бар. Президент Жоғарғы Соттың судьяларын, төрағасын қызметке тағайындау үшін және оларды қызметтен босату үшін Парламенттің Сенатына ұсыныс енгізеді. Облыстық және оған теңестірілген, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьяларын лауазымға тағайындайды.
Сонымен қатар, Президент билік тармақтарының басқарушылық шешімдерін соттың Конституцияның 78 бабының негізінде Конституциялық Кеңеске конституциялық емес деп тану бойынша шығарылған Конституциялық Кеңестің шешіміне наразылық білдіре алады. Бұл тәжірибеде орны алған.
Республика соттарының өтініші бойынша шығарылған Конституциялық Кеңестiң қорытынды шешiмiне тұтастай немесе белгiлi бiр бөлiгiне Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарсылықтары енгiзiлуi мүмкiн. Бұл орайда айта кету керек, Қазақстан Республикасының Президентінің қарсылықтары Конституциялық Кеңестің қорытынды шешiмiнiң мәтiнiн алған күннен бастап бір ай мерзiмнен кешiктiрiлмей енгiзiлуі керек. Президенттің Конституциялық Кеңес шығарған қаулыға толығымен немесе бір бөлігіне келіп түскен қарсылығы, конституциялық іс жүргізуге қатысушыларсыз, қарсылық келіп түскен сәттен бастап бес күннен кешіктірілмей Конституциялық Кеңестің жабық отырысында қаралады.Егер Конституциялық Кеңес мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қаулыны жақтап дауыс берсе, онда қаулы расталды деп есептеледі. Өтініш бойынша шешімге Президент қарсылығы білдірілген өтінішті қарауға қатыспаған Конституциялық Кеңес мүшелері де дауыс беруге қатысуға құқылы. Осыған орай, өтініш материалдарымен танысып шығу үшін қатыспаған мүшелерге екі (2) күн берілуі тиіс.Республика Президентінің қарсылығы Конституциялық Кеңес мүшелерінің жалпы санының үштен екісінің даусымен еңсерілмеген жағдайда, Конституциялық Кеңестің қаулысы қабылданбады деп есептеледі және конституциялық іс жүргізу тоқтатылады. Тәжірибеде соттың өтініші бойынша шығарылған Конституциялық Кеңестің түпкілікті шешіміне Қазақстан Республикасы Президентінің қарсылығы енгізілген болатын. Мәселен, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi Маңғыстау облыстық сотының өтiнiшi бойынша 1997 жылғы 24 ақпандағы N 1/2 Қаулысымен Қазақ КСР Азаматтық iс жүргiзу Кодексiнiң 115 және 310 баптарын конституциялық емес, Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында тұжырымдалған адам және азамат құқығына қысым жасайды деп таныған болатын. 1997 жылғы 12 наурызда Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың Конституциялық Кеңестiң аталған қаулысында Қазақ КСР-iнiң АІЖК-нiң 310-бабына қатысты оны конституциялық емес деп танығанына Қарсылығы келiп түстi. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қарсылығында Қазақ КСР-iнiң АIЖК-нiң 310-бабын конституциялық емес деп танудың сенiмсiз екенiн, осыған байланысты Конституцияның 77-бабының 3-тармағы 3) тармақшасындағы келтiрiлген норма бланкеттi болып табылатынын, яғни соттылықты белгiлейтiн нақты заңға сiлтеме бары туралы пiкiр айтылған болатын. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қарсылық бiлдiруiн қараудың нәтижесiнде АIЖК-нiң 310-бабының конституциялық емес жөнiндегi Конституциялық Кеңестiң шешiмi Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көрсетiлген Қарсылық бiлдiрудi жеңу үшiн қажеттi дауыс санын ала алмады. Яғни, Конституциялық Кеңестiң 1997 жылғы 24 ақпандағы АIЖК-нiң 310-бабын конституциялық емес деп тану жөнiндегi N 1/2 қаулысы Конституцияның 73-бабы 4-тармағының нормасына сәйкес қабылданбады деп табылады.
Жоғарыда айтылғандардың негiзiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабы 4-тармағын және Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы» Жарлығының 38-бабы 3-тармағын басшылыққа ала отырып, Конституциялық Кеңес қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылғы 10 наурыздағы Қарсылық бiлдiруiн жеңе алмауға байланысты Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң 1997 жылғы 24 ақпандағы "Маңғыстау облыстық сотының Қазақ КСР АIЖК-нiң 115 және 310 баптарының Конституцияға сәйкес еместiгiн тану жөнiндегi өтiнiшi (ұсынысы) туралы" N 1/2 қаулысының Қазақ КСР АIЖК-нiң 310-бабын конституциялық емес деп тану бөлiгi қабылданбады деп табылсын.
2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң 1997 жылғы 24 ақпандағы N 1/2 қаулысы Қазақ КСР АIЖК-нiң 310-бабын конституциялық емес деп тануды қоспағанда оны қабылдаған күн 1997 жылғы 24 ақпанынан бастап күшiне енедi[98].
Түйіндеп келгенде, Қазақстан Республикасының Президенті билік тармақтарының өзара әрекеттестік тетіктерінің дамуына және оны жетілдіруге айтарлықтай үлес қосуда. Президенттік институттың қазіргі кезеңде біздің конституциялық жүйемізде өзінің ерекше орны қалыптасты деп айтуға болады.