Екінші кезең, яғни 1995-2000 жылдар аралығында конституциялық экономиканың қалыптасуы орын алды. 1995 жылы елдің Конституциясы қабылданды.
Парламенттің заң шығару қызметін талдағанда айтып өткеніміздей, бірінші шақырылымдағы кәсіби екі палаталы Парламенттің (1996 жылдың 30 қаңтарынан 1999 жылдың 30 қарашасы аралығында) қызметі ішінде Үкіметпен 591 заң жобасы енгізілген болатын. Бұл заң жобалары экономиканы тұрақтандыруға және даму көрсеткішіне шығу үшін арналды. 1995 жылдан бастап реформалардың басты бағыты ретінде макроэкономикалық тұрақтандыруды, заңнамалық базаны, қаржы жүйесін, әлеуметтік саланы және өндірістік секторды, оның ішінде демонополизациялау, жекешелендіру және банкроттықты қоса алғанда, жетілдіруді қамтамасыз ету болып табылды. Экономиканың дамуына үлкен үлес қосқан – шетел инвестициялары. Қазақстан белсенді түрде инвестицияларды тарта бастады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес 1993 – 2006 жылдар аралығында Қазақстан 51,2 млрд. АҚШ долларын, оның ішінде тек 2006 жылы – 10,4 млрд. АҚШ долларын тікелей шетел инвестицияларын тартты. Қазақстанның үлесіне бүкіл Орталық Азия мемлекеттеріне құйылған шетел инвестицияларының 80% тиесілі [64].
Біздің пікірімізше, әлеуметтік-экономикалық реформалардың макроэкономикалық тұрақтылық сатысындағы негізгі нәтижелері мыналар болып табылады:
Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануы (1995 жылғы);
Тұрақтандыру бағдарламаларының жұмыс істей бастауы (ақша-несие саясатын шектеу, мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігі бойынша қатаң шаралар қолдану);
Мұнай және мұнай өнімдері бағаларының босаңдатылуы;
Қазақстан Республикасындағы банк және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының жүзеге асырылуы;
Инвестиция, яғни үлкен мұнай және газ, тау-кен, металлургиялық кәсіпорындарды еліміздің экономикалық мүдделерін ескере отырып, шетел инвесторларына беру туралы келісім-шарттарға қол қою;
бірқатар шетелдің және халықаралық қаржы институттарынан қарыз алу туралы шарттарға қол қою және оларды Парламенттің деңгейінде ратификациялау.
Шетел инвестицияларын тарту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі бірқатар мемлекеттермен сауда-экономикалық әріптестік туралы екі жақты және көп тарапты халықаралық шарттарға қол қойды. Оны соңынан Парламент ратификациялады. Бірқатарын нақты атап айтар болсақ:
1993 жылғы 29 қаңтардағы «Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы капитал салуды ынталандыру және өзара қорғау жөніндегі Шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
1993 жылғы 29 қаңтардағы «Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы өзара жәрдемдесу және инвестицияны қорғау жөніндегі Келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
1993 жылғы 13 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы мен Қайта Құру және Даму Халықаралық Банкі арасындағы техникалық көмек қарызы және қайта оңалту қарызы жөніндегі Келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
1995 жылғы 7 сәуірдегі «Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы шағын және орта кәсіпорындардың дамуы жобасын несиелеу жөніндегі Кепілдемелі келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
1995 жылғы 7 сәуірдегі «Қазақстан Республикасы мен Швед несиелеу корпорациясы арасындағы қарыз жөніндегі Келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
1995 жылғы 12 мамырдағы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Венгер Республикасының Үкіметі арасындағы ынталандыру және өзара инвестицияны қорғау жөніндегі Келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
1995 жылғы 12 мамырдағы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы ынталандыру және өзара инвестицияны қорғау жөніндегі Келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
1995 жылғы 22 мамырдағы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы ынталандыру және өзара инвестицияны қорғау жөніндегі Келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және т.б. [65].
1997 жылы «Қазақстан - 2030» даму стратегиясы қабылданған болатын. Әлеуметтік-экономикалық саясаттың басты бағыты ретінде бұл кезеңде мұнай мен газды игерудің жоғары сатысына негізделген экономикалық дамудың дағдарыстан кейінгі моделін құру болып табылады. Нәтижесінде, Қазақстан шын мәнінде экономикалық дағдарыстан экономикалық өрлеуге шығып, халықтың тұрмыс деңгейінің түзеле бастағанын көруге болады. Мемлекеттік статисткалық агенттіктің мәліметіне сәйкес, жалпы ішкі өнімнің динамикасын қарастыратын болсақ, онда 1998 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,9% экономикалық құлдырау (төмендеу) болса, 1999 жылы экономикалық өсім 2,7%, ал 2000 жылы 9,8% құрады [66]. Мемлекеттегі билік тармақтарының өзара әрекеттестігі, Үкіметтің Парламентпен жақын ықпалдасуы мемлекеттің экономикасын тұрақтандыруға және даму үшін шетелден инвестиция тартуға өз септігін тигізді.