Түйсiктердiң түрлерi Түйсiктердiң түрлерiн үлкен үш топқа бөлуге болады.
1. Сыртқы дүниедегi заттар мен құбылыстардың жеке қасиеттерiнiң бейнесi болып табылатын түйсiктер. Бұлардың рецепторлары дененiң бетiнде немесе оған жақын орналасқан. Осындай сыртқы анализаторлардың рецепторларын экстероцептор деп атайды. Бұған көру, есту, иiс, дәм, терi түйсiктерi жатады. 2. Iшкi мүшелерiмiздiң күйiн бейнелейтiн (хабарлайтын) түйсiктерге түрлi органикалық түйсiктер жатады. Олардың рецепторларын интероцептор деп атайды.
3. Дене мүшелерiнiң қозғалысы мен бiрқалыпты орналасуын қозғалыс немесе кинестезиялық түйсiктер хабарлап отырады. Мұның рецепторы проприоцептор деп аталынады. Ендi осы топтағы түйсiктерге жеке тоқталып өтейiк.
А. Көру түйсiктерi Көру түйсiктерi бiздiң көзiмiзге электромагнит толқындарының әсер етуiнiң нәтижесiнде пайда болады. Егер бiр уақыттың iшiнде көзiмiзге ұзындығы 380-нен 780 миллимикронға дейiн (миллимикрон мм-дiң 1/1000 000 бөлiмi) электромагнит толқындары әсер етсе, бiз жарықты сеземiз. Белгiлi ұзындығы бар әр түрлi толқындар әсер етсе ғана көз заттардың түсiн (бояуын) ажыратады. Мәселен, қызыл түс ұзындығы 700 миллимикрон, жасыл түс 300 миллимикрондай ұзындықтағы электромагнит толқындарының әсер етуiнен пайда болады. Спектрге қараған кезде одан табиғаттағы жетi негiзгi түстi және олардың сансыз реңдерiн айыруға болады. Ересек адам түстiң 180 дей жеке түрлерiн және он мыңнан астам реңктерiн ажырата алады.
Түстер хроматикалық, яғни бояулы (қызыл, қошқыл сары, жасыл, көгiлдiр, көк, күлгiн), ахроматикалык, яғни бояусыз (ақ, қара және барлық сұр түстерi) болып екiге бөлiнедi.
Хроматикалық түстер үш түрлi сапамен (түстiң жарықтылығы, өңi, қоюлығы), ахроматикалық түстер тек жарықтылығымен ғана ажыратылады. Түстiң жарықтылығы— түстердiң қара түстен айырмашылық дәрежесi. Мәселен, ақ түс ең жарық түс, қара түс жарықтылығы ең төмен түс болып табылады.
Түстердiң өңi дегенiмiз бiр түстiң екiншi түстен өзiндiк ерекшелiгiн көрсететiн сапасы. Түстiң қоюлығы — жарықтылығы бiрдей сүр түстерден жеке түстердiқ айырмашылыеы. Ең қою түс — қызыл түс болады.
Көру мүшесi — көз. Оның негiзгi бөлiмi — көз алмасы. Көз алмасы үш түрлi қабықпен (ақ түстi, тамырлы және торлы) қапталған шар тәрiздес нәрсе.
Ақ қабықтың түсi пiсiрiлген жұмыртқаның ағына ұқсас. Мұның алдыңғы жағы аздап дөңестелген түссiз мөлдiр қасаң қабыққа (роговица) айналады. Мөлдiр қасаң қабық арқылы көз алмасының iшiне жарық сәулесi енедi.
Тамырлы қабы қақ қабықтың астында жатады. Қасаң қабықтың артқы жағы, тамырлы қабықтың алдыңғы бөлiгi нұрлы қабық деп аталады. Көздiң түсi осы нұрлы қабықтағы пигментке байланысты түрлiше болып келедi. Нұрлы қабықтың ортасында қарашық орналасқан.
Ең iшкi, үшiншi қабықты торлы қабық дейдi. Мұнда жарық сәулесiнiң сезiмтал таяқшасы (палочка) және шақша (колбочка) деп аталатын фоторецепторлары орналасқан. Онда 130 миллионға жуық таяқша, 7 миллиондай шақша клеткалары бар. Таяқшалар ымыртта, қараңғыда көрудiң, ал шақшалар күндiз көрудiң аппараты делiнедi. Шақшалар торлы қабықтың ортасына, ал таяқшалар оның шеткi жағына орналасқан.
Таяқшаның клеткаларында көру пурпуры (зрительный пурпур) деген зат болады, бұл жарықтың әсерiнен химиялық жолмен бөлiну арқылы көру жүйкесiн қоздырып отырады.
Көру мүшесi үшiн ми қабығы (оның желке бөлiмiндегi көру орталығы) сондай-ақ көмекшi анатомиялық аппараттардың да (қабақ, кiрпiк, қас т. б.) тиiсiнше қызмет атқаратыны түсiнiктi.
Заттардың түстерiн көру “үш түстi көру” теориясымен түсiндiрiледi. Осы теорияны алғаш ұсынған ұлы орыс ғалымы М. В. Ломоносов болса, оны одан ары дамытқан немiс ғалымы Г. Гельмгольц. Осы аталған ғалымдар көздiң тор қабығында үш түрлi жұмыр клеткалар бар, олардың бiр-бiрiнен айырмашылығы жарық сәулелерiнiң әсерiн түрлiше сезетiндiгiнде деп жорамал жасады. Егер көзге ұзын толқынды сәуле әсер етсе, онда бiрiншi жұмыр клеткалар қозу күйiнде келедi де, осының нәтижесiнде қозса, онда жасыл түстi түйсiну пайда болады, ал үшiншi жұмыр клеткаларының қозуы күлгiн түстi түйсiнуге мүмкiндiк бередi. Осы үш жұмыр клетка қатар қозатын болса, кiсi ақ түстi түйсiнедi, ал бұлардың қозу күшi әр түрлi болып келсе, аралық түстер түйсiнiледi. Заттың түстерiн дұрыс айыра алмау көздiң тор қабығындағы осы аталған үш түрлi жұмыр клеткаларының жұмысына зақым келуден болады. Заттың түсiн сезбейтiн адамдарды ахроматтар деп атайды. Оларға айналадағы нәрсенiң барлығы бiр түстi болып көрiнедi. Тiптi осы клеткалардың бiреуiнiң қызметi бұзылса да адамға заттың түстерiн дұрыс түйсiну қиын соғады. Түстердi көре алмайтын адам зор азап шегедi. Мұндай адамдарды кейбiр мамандықтар бойынша жұмысқа қабылдамайды. Мәселен, паровоз машинистерi, шоферлер мен трамвай жүргiзушiлер түстердi жақсы ажырата бiлуi қажет. Өйткенi светофорда тек қызыл және жасыл түс қана болады. Осы түстердi ажырата алмай қалушылық, транспорттың апатқа үшырауына себеп болады. Сондықтан осындай жұмыстарға адам алғанда олардың түстi айыра бiлу қабiлеттерiн дәрiгерлiк комиссия арқылы анықтап отырады.
Түстердi бiрiмен-бiрiн араластыру, яғни бұлардың қоспасынан жаңадан бiр түс шығару да белгiлi заңдылықтарға негiзделген. Мәселен, қосарлап алынған таза спекторлық түстердiң қосындысынан (қызыл мен жасыл, көк пен сары) ахроматикалық, бояусыз түстер (ақ, кара түс) шығады. Хроматикалық түстердiң осы айтылғаннан басқа кез келген екi жұбын араластырса, қандай болмасын бiр аралық түс — түстiң реңi келiп шығады. Мәселен, қызыл мен сары түстiң қосындысынан күлгiн түс пайда болады.
Басқа түйсiктер тәрiздi көру түйсiгi де тарихи дамудың нәтижесi. Адам көзiнiң заттың түсiн ажырата алу қабiлетi бiрден қалыптаспаған. Талай ғасырлық дамудың нәтижесiнде еңбек процесiнiң үстiнде, заттың түсiн ажырата алу қабiлетi бiртiндеп қалыптасқаң. Бұл пiкiрдiң дұрыстығын мына бiр мысал жақсы көрсетедi. Жаңа туған балаға айналасындагы заттар мен құбылыстар бiркелкi болып көрiнедi. Ол заттың түсiн тек 5—6 айдан былай қарай айыра бастайды. Баланың осы қабiлетiн дамытуда бояулы ойыншықтар үлкен рөль атқарады. Ал көру түйсiктерiнiң дамуына еңбек процесiнiң, адамның нақтылы мамандығының қалайша әсер етiп отыратындығын мына бiр мысал жақсы дәлелдейдi. Мәселен, қара мата тоқитын тәжiрибелi тоқымашылар бiр қара түстiң өзiнен-ақ оның 40 қа жуық реңкiн ажыратса, қалған адамдар осының 2—3 түрiн зорға айырады.