Психология кафедрасы



бет34/64
Дата25.05.2023
өлшемі262,41 Kb.
#97085
түріСабақ
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   64
Байланысты:
Психология пәнінен дәріс жинағы 2

Ұмыту процесi — есте қалдыру процесiне карама-қарсы процесс. Өмiрге қажет емес нәрселердi ұмытып отыру — адамның рухани дамуына көп көмегiн тигiзедi. Егер адам қабылдаған нәрсенiң барлығын есiнде сақтай беретiн болса, онда кез келген ұсақ-түйектер мидың бiр қалыпты жұмысын қиындатар едi. Эксперименттiк тексерулерге қарағанда қайта жаңғыртылған материалдардың дәл болып келуi өте сирек кездеседi. Материалды қайтадан құрастыру кезiнде оның көлемi кемидi, онша маңызы жоқ ұсақ жерлерi шығып қалады да, негiзгi түпкi мағынасы ғана қорытылып есте қалады. Қабылдаған материалдың тiршiлiк қажетiмiзге жарайтындары ғана (түрлi жолдармен арнайы есте қалдырылғаны) көбiнде ұмытылмайды. Ал бiздiң тiршiлiгiмiзге тiкелей байланысы жоқтары өзiнен-өзi ұмытылып отырылады. Ұмыту түрлiше жағдайларда көрiнуi мүмкiн. Бiрде ұмыту объектiнi әдейiлеп еске түсiруге, не тануға мүмкiншiлiктiң жоқтығынан пайда болса, ендi бiрде объектiнi қате тану, не әдейiлеп еске түсiре алмаудан болады. Материалды оқыған бойда (көлемдi, күрделi түрлерiн) бiрден қайта жаңғырту кейде қиынға түсiп, мазмұны толық берiлмей қалатын кездер болады. Бiрақ бұлар екi-үш күннен кейiн тым тәуiр кайта жаң-ғыртылуы мүмкiн. Осындай кешiгiп еске түсiрудi психологияда
реминисценция құбылысы деп атайды. Кешiгiп еске түсiру, көбiнесе, мектепке дейiнгi балалар мен төменгi сынып оқушыларында жиi кездеседi. Өйткенi олар көлемi үлкен, күрделi материалдарды бiрден толық айтып беруге шамалары келмейдi де, ойларына келген жерiн айта бередi. Ой-әрекетiнiң бiртiндеп күрделенуiне және есте қалдырудың жолдарын меңгере бiлуге байланысты ересек адамдарда реминисценция құбылысы көп кездеспейдi.
Ұмыту процесiнде байқалатын екiншi бiр құбылыс төмендегiше сипатталады: өткен материалға ұқсас екiншi бiр материал оқылса, бұл қайта жаңғыртудың сапасының төмендеуiне әсер етедi. Бұл құбылыс-ретроактивтiк тежелу деп аталса, бұрын есте сақталған материалдың екiншiсiне бөгет жасауы проактивтiк тежелу деп аталады.
Айтылған құбылыстардың табиғатын бiлудiң улкен педагогикалық мәнi бар. Өткен шығармадан көлемдi, мазмұны ұқсас шығарманы жаттағанда, олардың басы мен аяғы есте жақсы сақталып, орта жерi тежелуге ұшырайтындығы көрiнiп отыр. Мұғалiмдер мұндай тежелулердi оқушыларда болдырмау үшiн, сабақ кестелерiнде ұқсас пәндердiң қатар тұрмауын қадағалап, әр жастағы оқушылардың үй тапсырмаларының нормасы қатаң сақталынып, оқу әрекетiн үнемi түрлендiрiп отырулары керек.
Ес дәрежесi бiрдей екi адамды табу қиын. Бiреу өлеңдi жылдам жаттаса, екiншi бiреу-санды жақсы жаттайды, үшiншi бiреу үмытшақ, төртiншi кiсi көргенiн есiнде ұстағыш келедi т. б. Адамдар, сондай-ақ, есiнiң дәлдiгi жөнiнен бiр-бiрiнен ажыратылады. Естiң дәлдiгi — ешбiр жаңылмай, ойдың тәртiбiн бұзбай, мағыналы түрде айта бiлу қабiлетi. Мәселен, орыс композиторы Балакиревтiң есi дәл осындай болған. Концертте отырғанда, ол Чайковскийдiң бiр симфониялық шығармасын естидi де, екi жылдан кейiн осы симфонияны Чайковскийдiң есiне жаңылмай орындап бередi.
Есi дәл адамдар материалды игерiп алудың жылдамдығы жөнiнде де алдына қара салмайды. Жұрт бұларды зейiндi, зерек адам дейдi. Ал басқа бiреулер, керiсiнше, кайта-қайта оқыса да есiне түсiре алмай, әуре болады. Адамдар еске қалдырудың ұзақ-қысқалығымен де ажыратылады. Мұны кейде естiң берiктiгi деп те атайды. Мәселен, бiр нәрсенi жаттап алса, оны ұзақ уақыт бойына ұмытпайтын болады. Екiншi бiреу оны тез үмытады.
Естiң жақсы сапаларының бiрi — даярлығы. Естiң қорынан кез келген уақытта қажет нәрсенi тауып ала бiлудi естiң даярлығы дейдi. Сондай-ақ көп нәрсенi миына тоқи алатын, есiнiц өрiсi кең адамдар да боладьт. Бiреулер көзбен көргендi, ендi бiреулер құлағымен естiгендi жақсы қалдырады. Жоғарыда аталған ерекшелiктер балалар арасында да жиi кездеседi. Оларды төмен-дегiше жiктеуге болады:
1) Есте қалдыруы шапшаң, қайта жаңғыртуы жақсы, еске қалдырғанын көпке дейiн ұмытпайтын оқушылар.
2) Есте баяу қалдырғанымен, ұмытпайтын оқушылар.
3) Есiнде қалдыруы тез болғанымен, тез ұмытатын оқушылар.
4) Есiне қиналып түсiретiн және тез ұмытып қалатын оқушылар.
Бала есiнiң сапасы төмен болуы көптеген себептерге байланысты. Есте қалдыруы нашар балалар сабақтан көп қалады, үй тапсырмаларын жүйелi орындап отырмайды, кiтапты қалай оқудың тәсiлдерiн бiлмейдi. Есте қалдырудың нашарлығы баланың сабақты дұрыс тыңдамауынан, зейiнсiз отыратындығынан да болады. Мұндай балалар үнемi мұғалiмнiң бақылауында болуға тиiс. Ендi бiр балалар ауру-сырқаулы (тiптi ми-жүйке ауруларымен ауыратындары да болады) болғандықтан тез шаршайды, сабақты кiрбiң көңiлмен тыңдайды. Мұғалiм осындай балалармен де жеке жұмыс жүргiзуi тиiс. Мәселен, оларға қосымша сабақ ұйымдастыру, ол оқушылардың арнаулы режиммен жүрiп-тұруын қадағалау т.б. балалардың ес қабiлетiн арттыруға себепшi болады.
Баланың есi туғаннан былай қарай дами бастайды. Мәселен, төрт-бес айлық бала стақандағы ыстық суды бiлiп, оған жоламайды, өйткенi оған қолын күйдiрiп алған. Жарты жастағы бала өзiнiң шешесiн бiрер жетi көрмесе де тани алады. Бұл — балада тану процесiнiң өте ерте көрiнетiндiгiн байқатады. Бiртiндеп баланың есiнде қалатын заттарының көлемi арта түседi. Бiр жасар бала көрген нәрсесiн бiр-екi апта есiнде сақтайды, үш жасар бала көргенiн бiр жылға дейiн ұмытпайды. Бала есiнiң дамуына жүру, айналасындағылармен қарым-қатынас жасауға талпыну, ойын әрекетi елеулi орын алады. Үш-төрт жасар баланың есте қалдыруындағы негiзгi ерекшелiк — жаттайтын материалдың сыртқы түрлерiне көңiл бөлетiндiгi, есiнiң нақтылы, бейнелi келетiндiгi. Төрт жасқа дейiн балада ерiксiз ес күштi дамиды. Мәселен, бала өлеңдi, қара сөздi, тақпақты қалай болса солай, тез жаттап алғанымен, оның мазмұнын түсiнбейдi. Бес жастан былай қарай балада естiң жоғары түрлерi (ерiктi есте қалдыру, қайта жаңғырту) көрiнедi.
Мектепке түсу балалардың логикалық есiн дамытуда үлкен рөль атқарады. Оқушылардың есiн тәрбиелеуде де мүғалiм олардың жас және дара ерекшелiктерiн қатты ескере отырып, жұмыс жүргiзедi. Төменгi сынып оқушылары оқу тәсiлiн өз бетiмен таңдап ала алмайтындықтан мүғалiм үйге тапсырма бергенде, материалды қалай оқу керектiгiн балаларға ұдайы ескертуi керек. Бұл жөнiнде оқулықтардың бәрiнде мәтiндi қалай оқу, тапсырманы қалай орындау керектiгi айтылған. Бiрақ баланың назары кейде бұған жөндi түсе қоймайды. Мұғалiм мұны қатты ескергенi жөн.
Төменгi сынып оқушылары (әсiресе, бiрiншi, екiншi кластағылар) материалды, көбiнесе, сөзбе-сөз жаттап алады. Олар материалды есiне қалдырғанша оқи бередi. “Оқулықтағыдай бiлсем болғаны ғой” дейдi. Бұлайша есте қалдыруға материалдың қысқалығы әрi жинақылығы себеп болады. Балалардың сөздiк қорының аздығы да өз сөзiмен айтуға мүмкiндiк бермейдi. Сондықтан, мұғалiм бiр жағынан, баланың сөздiк қорын дамыта отырып, екiншi жағынан, материалды өз бетiнше айта бiлуге үйретуi қажет. Баланың оқыған нәрсесiнiң мәнiн түсiне алуы — оның материалды өз сөзiмен айта бiлуi болып табылады. Осылайша, есте қалдыру үшiн оқитын материалды бiрнеше мағыналы бөлiктерге бөлу, оның жоспарын жасау қажет екендiгi өткен параграфта айтылды. Төменгi сынып оқушылары бұл жағына өте шорқақ екенiн де, психологиялық зерттеулер көрсетiп отыр. Өйткенi, бала мәтiнге талдау жасауды бiлмейдi, мәтiндi жеке бөлiктерге бөлгенмен, оның негiзгi жерiн айыра алмайды. Оқушылар шығарманың жеке бөлiктерiне ат берiп, басты жерлерiн табудың орнына, мәтiндi түгелдей жаттай қояды. Бұл әдiс оған оңай болып көрiнедi. Егер мәтiн ұсақ бөлiктерге бөлiнетiн болса, оқушылар жеке фактiлер мен сөйлемдердi оларға тақырыпша етедi де, мәтiн үлкен бөлiктерге бөлiнсе, бұлардың тақырыпшасы шамадан тыс, шығарманың мазмұнын көрсетпейтiн жағдайда болады.
Шығарманың мәнiне қарай бөлiктерге бөлуге төменгi сынып оқушыларының көпшiлiгiнiң қабiлетi жетедi. Бiрақ мұнда оқылатын мәтiннiң сипаты және балалардың жас ерекшелiктерi ескерiлуi тиiс. Шығарманың ең негiзгi идеясын табу, оған өз бетiнше тақырыпша беру, үшiншi сынып оқушыларында жап-жақсы дамитындығы байқалады. Бұл әдiстi балаларға мұғалiм ғана үйрете алады. Оқушыларды жаңа шығарманы өткен шығармамен байланыстыра бiлуге машықтандыру, оқу материалдарын неғұрлым ұзақ мерзiмге есте қалдыруға бағыт беру — мағыналы естi дамытудың басты әдiстерiнiң бiрi. Мұғалiм, сондай-ақ, балалардың есте қалдыру, қайта жаңғырту мүмкiндiктерiн өздерi қадағалай алуына үнемi жолбасшылық көрсетiп отыруы тиiс.
Бала есiнiң дамуы — мұғалiмнiң жұмыс әдiсiне, әсiресе психологиялық дайындығына байланысты. Алдымен мұғалiм есте қалдыру мен қайта жаңғыртудың заңдылықтарын жақсы бiлуге тиiс. Сонда ғана ол балаларды осындай әдiстерге үйрете алады. Мұғалiм оқушылардың есiн тәрбиелеуде олардың жас және дара ерекшелiктерiн қатты ескередi. Мұндайда бағдарламалық ма-териалдардың iшiнен аса қажеттi дегендерiн iрiктейдi, жаңа сабақтың мазмұнын әр кез оқушының бұрыннан бiлетiндерiмен байланыстырады, баланы алаңдататын факторларды болдырмау жағын қарастырады, оқушылардың шамасы келмейтiн тапсырмаларды бермейдi. Сабақты баланың есiнде жақсы қалдыру үшiн, мұғалiм бала бiлуге тиiстi нәрсенi үнемi көзiне көрсетiп, дұрыс қабылдай алуына қатты зер салу кажет. Бұл үшiн қолымен ұстатқызып, суретiн салдырғызып отырғаны дұрыс. “Алғашқы образдардың есте берiк және барлық жағынан сақталып қалуының ерекше мәнi бар,— дейдi К. Д. Ушинский,— өйткенi балалардың есiнде оқыту арқылы жеткiзiлетiн алғашқы образдар неғұрлым берiк орын алатын болса, соғұрлым келешектегi образдар баланың есiнде оп-оңай және берiк сақталатындығын көремiз”. Баланың есiн тәрбиелеп, дамыту iсiн оның бүкiл ақыл-ой, адамгершiлiк тәрбиесiмен қосақтастыра жүргiзген жөн. Оқушылардың оқу мен еңбекке байланысты борышы мен жауапкершiлiгiн, әдетi мен ерiк-жiгерiнiң жақсы сапаларын тәрбиелеу олардың есiн де жетiлдiрiп отыруға көп көмегiн тигiзедi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   64




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет