Психология кафедрасы



бет38/64
Дата25.05.2023
өлшемі262,41 Kb.
#97085
түріСабақ
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   64
Байланысты:
Психология пәнінен дәріс жинағы 2

Индукция — жекеден жалпыға қарай жасалатын ой қорытындысы, мәселен, оттегi болмаған ауада өсiмдiк өсе алмайды, сондай-ақ, оттегi жоқ ауада жануарлар да, адам да тiршiлiк ете алмайды десек, осы айтылғандардан жалпылап оттегi жоқ ауада “барлық тiрi организмдер тiршiлiк ете алмайды!” деген қорытындыға келемiз. Индукцияда жеке жағдайлардан жалпы ереже, фактiлерден қорытындылар жасалады. Мәселен, Д. И. Менделеев химия элементтерiнiң периодтық заңын индукция тәсiлiмен ашқан. Анализ бен синтез операциялары бiр-бiрiмен қандай тығыз байланысты болса, индукция мен дедукция да сондай байланыста болады.
Аналогия дегенiмiз — ұқсастық бойынша ой қоры-тындыларын жасау. Мәселен, И. Ньютон бүкiл әлемдiк тартылыс заңын тапқанда, ой қорытындысының осы түрiне сүйенген. Ол жер үстiндегi денелердiң қозғалуы, әсiресе, құлауы мен аспан денелерiнiң қозғалуы арасындағы ұқсастықты түсiндiруде аналогияны келтiрдi. Аналогия осындай ғылыми гипотезаның бастамасында елеулi рөль атқарады.
Оқушыларда ұғымдар мен пiкiрлердiң бiртiндеп қалыптасуы, соған сәйкес ой қорытындыларының дамуына мүмкiндiк туғызады. Өйткенi, ойлаудың формалары бiр-бiрiмен байланыса дамып отырады. Бiрiншi, екiншi сыныптағылар ой қорытындыларын тiкелей байқауға сүйенiп жасайды. Ал үшiншi, төртiншi сынып оқушылары жеке құбылыстардың себеп-салдар байланыстарын байқай келiп, одан жалпы қорытындылар жасап отырады. Тәжiрибе үстiнде құбылыстарды тiкелей байқап көру индукциялық ой қорытындыларын жасауға жағдай туғызса, жалпы заңдар, ережелер мен принциптердi меңгеру дедукциялық ой қорытындыларының пайда болуына қолайлы әсер етедi. Дедукциялық ой қорытындысында бала өзi бiлетiн нақтылы фактiлердi, байланыстарды, қатынастарды сол жалпы заңдылықтарға негiздей ұғуға тырысады. Мәселен, ұрықтың iшiнде дәнi болатындықтан, помидорды да ұрық тұқымдас өсiмдiкке жатқызу оқушының дедукциялық ой қорытындысын жасай алатындығын жақсы дәлелдейдi.
Адамның ойлау әрекетiнде шындықтағы заттар мен құбылыстардың негiзгi қасиеттерiне, ерекше белгiлерiне, мәнiне түсiне бiлудiң маңызы зор. Түсiну арқылы ғана бiз айналамыздағы заттардың себеп-салдарлы байланыстарын, бiр-бiрiне тәуелдiлiгiнiң шығу тегi мен даму жолын ажыратамыз. Түсiнудiң басы — шындықтағы заттар мен құбылыстарға танысудан, көрiп, бiлуден басталады. Өйткенi қандай нәрсенi болмасын “ұғыну үшiн, ұғынуды, зерттеудi эмпириялық жолмен бастау” қажет.
Түсiну күрделi ой жұмысын керек етедi. Мәселен, “Бұл не нәрсе?” деп сұрақ қоюдың өзi де түсiнудiң қарапайым формасы, ал “Бұл қалай және қашан пайда болған?”, “Бұл не үшiн жасалынады?” деген сұрақтарға жауап беру арқылы шындықтағы құбылыстардың негiзгi белгiлерiн, олардың байланыстарын ашып, түсiну қабiлетiмiздi бiлдiремiз.
Заттар мен құбылыстардың тек iшкi мәнiне түсiнудiң арқасында ғана түрлi амал-әрекеттiң себебiн, олардың бiр-бiрiмен байланысын, iшкi мазмұнын, яғни ғылымның тұжырымдарын аңғарамыз. Бұл айтылғандармен бiрге түсiну сан алуан құбылыстың бөлiктерi мен ұсақ-түйектерiне айыруда, басқа бiреудiң сөзiнiң мәнiн ұғуда да (мәселен, интонация, пауза, метафора, әзiл, қалжың т. б.) ерекше көрiнедi. Бiрақ барлық жағдайда да дұрыс түсiну үшiн адамға бiлiм қоры, дағды, iскерлiк қажет.
Түсiну сөз арқылы берiлетiндiктен түрлiше формаларда тұжырымдалады (Түсiну қысқаша, жалпы, кең, детальдi т. б. болып келуi мүмкiн.). Түсiнудiң бұлай түрлiше болып келуi адамның алдына қойған мақсатына, жеке психологиялық ерекшелiктерiне, ана тiлiнiң iшкi заңдылықтарын бiлуiне, сол адамның сөзi мен iсiне байланысты болады. Бiр нәрсеге дұрыс түсiнгендiктiң көрiнiсi — сол материалды өз сөзiмен түрлендiрiп айтып, iс жүзiнде орындап көрсету болып табылады.
Түсiну екiге бөлiнедi: оның бiрiншi түрi — тiкелей түсiну. Тiкелей түсiну жанама түрде ой операцияларын керек етпейтiн, қабылдауға ұқсас процесс. Мәселен, бiзге жақсы таныс сөздер, сөйлемдер, белгiлi құбылыстар, адамдардың қылықтары т. б.
Түсiнудiң екiншi түрi — жанама түсiну. Жанама түсiну бiрнеше аралық басқыштардан тұратын, ой операцияларын керек ететiн, көмескi нәрсенi анық-айқын етiп бейнелеуде бiрнеше ой түйiндерiн талап ететiн процесс. Жанама түсiнуде сұрақ қоюдан басталатындығын, сұрақ пен жауап табудың арасында аралық түйiндер бар екендiгiн, осы аралық түйiндердi табу жаңа мәселенi шешудiң кiлтi екендiгiн атап өтуiмiз қажет. Тiптi, қарапайым есептiң өзiнде де осы жолды көруге болады. Мәселен, “Ахметте үш алмұрт, Хасенде екi алмұрт бар. Екi балада барлығы қанша алмұрт бар?” деген мәселе есептi шешуде де белгiлi шығару амалынсыз (яғни бұл екi санды бiр-бiрiне қоспайынша) оның жауабы шықпайды. Бұл жерде қосу аралық амалдың қызметiн атқарып отыр.
Ойлау дегенiмiздiң өзi мәселенi шешу, оның мәнiсiне түсiне бiлу деген сөз. Мәселен, “Сырдария Арал теңiзiне құяды” деген сөйлемде ой тууға негiз боларлықтай себеп жоқ. Өйткенi, бұл бұрыннан бiзге белгiлi нәрсенi бiлдiретiн хабарлы сөйлем ғана. Ойлау қашанда белгiлi қажетке байланысты адамға әзiрше белгiсiз жайтты iздестiруден туындайды. Проблемалық ситуация (жардай) адам ойлауының түрткi қазығы. Бiзге әзiрше белгiсiз, ойланып-толғануды қажет ететiн құбылыстың бiр-бiрi проблемалық жағдайға саяды. Мәселен, құйғытып келе жатқан жеңiл машина кенеттен тұрып қалды дейiк. Мұндайда шофер машинасының әр тетiгiн басып көрiп, осы жайттың неден болғанына ой жүгiртедi де, көп ұзамай өзiне бұрыннан белгiлi нәрсенiң ендi жарамсыз екендiгiне көзi жетiп, жаңа мүмкiндiктердi iздестiре бастайды.
Адам сұрақ қою арқылы алдындағы кедергiнi сезедi, оны бiртiндеп жояды, сөйтiп, өзiнiң әр түрлi тану қызығуларына жауап алады. Сұрақ қою, оны дәл тұжырымдау, мәселенi “ойда ұстай бiлу” сұрақты талдай бiлу және жинақтау, шығару тәсiлi мен амалдың орталық түйiнiн табу, жорамалдар жасай бiлу т. б. ойлау процесiне мәселелердi шешу үшiн аса қажеттi жағдайлар болып табылады.
Төменгi сынып оқушыларында тануға негiзделген тiкелей түсiнулер байқалады. Бұл тiкелей түсiнулер заттарды тiкелей қабылдаудан туған түсiнулер. Егер зат баланың өткен тәжiрибесiнде болмаған болса, оны бiрден түсiну қиынға соғады. Түсiну үшiн оны алдымен жан-жағынан жақсылап қабылдап алу қажет. Жанама түсiну — жаңа затты, құбылысты белгiлi ұғымға жанастыра барып түсiну деген сөз. Баланың сыртқы дүниенiң сан қилы сырларын түсiне алуы жанама түсiнулер арқылы ғана жүзеге асады. Бiр нәрсенiң мәнiне түсiну үшiн жай тану жеткiлiксiз, оған қоса, оның себебiн, яғни нелiктен осылай болып тұрғанын бiлу керек. Мектеп жағдайында кейбiр оқушылардың оқыған әңгiмесiн, грамматикалық, математикалық ережелердi дұрыс түсiне ал-майтын фактiлерi жиi кездеседi. Мұғалiмдер, көбiнесе, баланың әр жаңа материалды не себептен түсiнбей қалатынын кезiнде талдау жасап отырмайды. Бала ойлауы үнемi кедергiсiз жүрiп отыратын процесс емес, ол кейде құбылыстарды толық бейнелей алмайды, тiптi қателiктер де жiбередi, бiрде бiлмегенiн екiншiде бiледi. Мiне, осы жайларды мұғалiм асқан байсалдылықпен ескерiп отыруы тиiс. Сондықтан жаңа сабақты бiрден түсiне алмай қалған оқушыларды ұғымы төмен деп кiнәлаудың, өзi педагогикалық тұрғыдан дұрыс болмайды.
Төменгi сынып оқушыларыньң ойлауы негiзiнде нақтылы келетiндiктен, олар көп нәрселердi өз қалпында түсiнуге бой ұрады. Мәселен, бiр зерттеуде үшiншi сыныптағылардың аллегориялық ұғымдардың мәнiн жете түсiнбейтiндiгi анықталған. Олар: “бiлiмдi” деген ұрымды тек “оқитын адам”; “дүние” ұғымын “байлық”, “ақша”; “жақсылық” ұғымын “жақсы нәрсе”; “ер” ұғымын “аттың ерi” деп олардың заттық, бейнелiк жақтарына көбiрек көңiл аударады да, осы ұғымдардың мәнiн салыстыру, теңестiру арқылы түсiндiрiп бере алмайды.
Балалардың кұбылыстарды түсiне алуында олардың сөз байлығын, сөздiк қорының өсiп отыруын қадағалау зор маңыз алады. Мұғалiмнiң жаңа сабақты түсiндiрудегi методикалық шеберлiгiнiң (әр ұғымды өз мәнiнде толық түсiндiру, сөйлемдердiң қысқа, ықшам болып келуi, екi ұшты сейлемеу т. б.) жоғары болуы бала түсiнiгiнiң жақсы дамуына қатысы бар басты факторлардьң бiрi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   64




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет