Жоғары сезiмдер адамға ғана тән. Осы топқа адамгершiлiк, эстети- калық, интеллектiк деп аталатын сезiмдер кiредi.
Қоғамдық өмiрдiң талабына сәйкес адам мiнез-құлқынан жиi көрiнетiн сезiмдердiң бiрi адамгершiлiк сезiмдер.
Адамгершiлiк немесе имандылық сезiмдердiң мазмұны да, құрылымы да күрделi келедi. Бұлар ең алдымен қоғамдық мәндi және жеке көңiл күйге байланысты моральдық сезiмдер болып бөлiнедi. Бұл екеуi бiр-бiрiне қайшы келiп қалуы да мүмкiн. Бiрақ сана-сезiмi жетiлген, дүниетанымы мен сенiмi қалыптасқан адамда мүның бiрiншiсi басым болып отырады. Осындай сезiмдердiң тобына: достық, жолдастық, адалдық, ар-намыс, борыш, жауапкершiлiк, ұят т. б. жатады. Ар-намысты қорғау — адамға аса жарасымды сипат. Сезiмнiң осы түрi, көбiнесе, қайсар, әжет, табанды әрi көздеген мақсатына жетпей тынбайтын адамдардан жиi байқалады. Өз мiнiне iштей күйiну, өзiн жазғырып, жазалау — адамның тек өз басын қадiр тұтқаннан туындамайды. Ар-намысты қорғау дегенiмiз, сонымен бiрге, айналадағы адамдарды да сыйлай бiлу деген сөз. Ар-ұятты қастерлеу, намысқа тырысушылық — екiнiң бiрiнен кездесе бермейтiн қасиет. Мұның адам психологиясына қатты әсер етiп, терең iз қалдыратындығы сонша — кiсi кейде “кiрерге жер таппай, кiсi бетiне қарай алмай... ұйқыдан, тамақтан қалатыны да болады”. К. Маркс ұятты адамның iштей ашулануы, өзiнше ашу шығаруы деген екен. Ал Абай ұяттың екi түрi бар дейдi: оның бiрi — надандықтан туатын, екiншiсi — жағымсыз iске, терiс қылыққа ұялу. Оның ұғымынша, ұялмас нәрседен ұялу бұл надандық, ынжықтық, жiгер-қайрат осалдығы, бiлiм мен тәжiрибенiң саяздығы. Шын ұят ақыл-парасаттың iсi. “Өлiмнен ұят күштi” деп халқымыз тегiн айтпаған. Бiлiмi, тәжiрибесi, тәрбиесi мен мiнез бiтiсiне қарай адамның ұялу дәрежесi түрлiше болады. Мәселен, надан адам әдепсiз қылығына айылын жимаса, мәдениеттi, ақылды кiсi мұндайда қатты ұялып, жерге кiрiп кете жаздайды. Адамның ары мен ұяты ақылының күзетiнде болса, жүрек, қайрат үшеуi бiр жерден шығып отырса, мұндай адам ұятты болады дейдi Абай. Ұялу сезiмi мектепке дейiнгi сәбилiк, бөбектiк шақта, ылғи да үлкендердiң, ата-ананың жақсы сөзi мен iс-әрекетiне, қылығына елiктеу, оларды өнеге тұту арқылы бiртiндеп қалыптасып отырады. Адамның өмiр сүрген қоғамы, оның қоғамдағы орны, нақтылы iс-әрекетi бұл секiлдi сезiмдердiң мазмұнына күштi әсер етедi. Қоғамдық тәрбиенiң ықпалымен ар-намысты қорғау адамның тұрақты сезiмдерiне айналады, егер адам қоғамдық ережелердi бұзса, оны өжданы көтермей, қатты қиналады да, бұларды орындай алса, оған жақсы рақаттанып, масаттанатын болады. Қоғамдағы моральдық принциптер сол қоғамның экономикалық жағдайларына сәйкес келедi.
Жоғары сезiмдердiң екiншi бiр түрi — эстетикалық ссзiмдер. Эстетикалық сезiм дегенiмiз адамның шындықтағы қандай болмасын бiр сулұлықты сезiнуi. Бұл тектi сезiмдер сұлу, сымбатты, өмiрге үйлесiмдi, әдемi көрiнiстердi тамашалау немесе табиғаттағы, көркем-өнердегi, әсiресе, өмiрдегi шынайы, әсем нәрсе-лерден ләззат алу кездерiнде байқалады. “Сұлулық сезiмдерi адамның дұрыс, сұлу, ләззат iздеуiне, сұлу нәрсеге сүйiнiп, керiксiз нәрседен жиренуiне... жақсылыққа үмтылып, жауыздықтан тыйылуына көп көмек керсетедi” (М. Жұмабаев). Эстетикалық сезiмдер, сондай-ақ, сурет полотноларынан, скулыптуралық, архитектуралық, музыкалық немесе сахналық шығармалардың шебер орындалуынан ләззат алуға байланысты да туып отырады. “Адамзатқа тән ерекше бiр қасиет,— дейдi әл-Фараби, өзiн қоршаған дүниенiң әсемдiк сырларына үңiлу, содан рухани нәр алу, өзiнiң нәзiк сезiмiн образдар арқылы паш ету”. Мәселен, “жақсы ән мен тәттi күй”, яғни жақсы музыкалы әуеннiң адамның эстетикалық сезiмдерiнiң қалыптасуында ерекшс маңыз алатындығын С. Торайғыров былайша сипаттайды: “Халықтың арғы-бергiсiн қозғап, естерiне түсiрiп, мұң-мұқтаждарын зарлап, кем-кетiгiн көрсетiп, әдемi даусымен құйқылжытып тұрғанда, қандай тас көңiл болса да жiбiмеген ер-кiне қоймайды. Халықтың қайдағы-жайдағысы ойына қозғалып, түсiп, қандары қайнап, тiптi арқалары қозып кетедi. Әркiмнiң көңiл көздерiнен жастар моншақтап, бойлары балқығандай, шартта-шұрт қол шапалақтасып... тарқайды”.
Осы үзiндiде ақын жақсы ән мен тәттi күйдiң қандай тас көңiлдi болса да жiбiтiп жiберетiнi, қанды қайнататыны, көзден жас ағызатыны, бойды балқытатыны т. б. адам психологиясын нұрландырып, байытатындығын, адамды ләззатқа бөлейтiнiн айтып отыр.
Эстетикалық сезiмдердiң мазмұнын да қоғамдық-әлеуметтiк жағдайлар билейдi. Н. Г. Чернышевский мұны төмендегiдей әсерлi сөздермен жақсы түсiндiрген: орыс шаруасы өзiнiң жұмыстан пайда болған күстi қолын, жуан бiлегiн, мығым денесiн, кең жауырынын мақтан етсе, дворян бикештерi өздерiнiң сыңқылдап наздануын, ақ саусағы мен бұраң белiн, қиылған қасы мен оймақтай аузын, ерекше нәзiктiгiн, еңбектi сүймейтiндiгiн мақтан етедi. Н. Г. Чернышевскийдiң айтып отырған сұлулық жөнiндегi пiкiрлерi қарама-қарсы екi таптың өмiрге көзқарасы. Сөйтiп, өмiрдегi сұлулықты, көркемдiктi барлық адам бiрқалыпты сезiнбей, әркiм өзiнiң таптық тегiне, тарихи дәуiрге, нақтылы тарихи жағдайға сәйкес сезiнедi.
Жоғары сезiмдердiң бұдан басқа бiр түрi — интеллектiк сезiмдер. интеллектiк сезiмдер адамның тану процестерiмен, ақыл-ой әрекетiмен тығыз байланысып жатады. Интеллектiк сезiмнiң түрлерiне таңсықтау, бiлуге құмарлық, күдiктену, сенiмдiлiк, интуиция ықтималдық, жаңашылдық, болжау т. б. сезiмдер жатады.
Сезiмнiң осы түрлерi оқу процесiнде, ғылыми-зерттеу жұмыстарында, адамға зор ләззат беретiн жаңалықтар ойлап табуда пайда болады.
Мұғалiмнiң басты мiндетiнiң бiрi — оқушылар санасында интеллектiк сезiмдердi қалыптастыру болып табылады. Ол үшiн көп оқу қажеттiгiн, оқусыз ешбiр мақсатқа жете алмайтынымызды оқушыларға түсiндiру керек. “Оқу инемен құдық қазғандай”, ол оңайлықпен қолға түспейдi. Оған жан-тәнiңмен берiлмесең, тиянақты еңбек етiп, катты зейiн қоймасаң болмайды. Оны үнемi толықтырып отыру да қажст. “Адамның көңiлi шын мейiрленсе,— дейдi Абай,— бiлiм-ғылымның өзi де адамға мейiрленiп, тезiрек қолға түседi”. Жүрдiм-бардым үйренетiн адамдарға ғылым тұрақтамайды. Өйткенi, ғылым өзiне түгелдей берiлудi қажет етедi. Интеллектiк сезiмдер адамның сана-сезiмiнен орын алса, кiсiнiң шындықты аша түсуге құмары арта түседi, мұндайда ол асыл мұрат үшiн күреске белдi бекем байлайды.
Адамдардың сезiм саласындағы айырмашылықтары түрлiше болып келедi. Семья тәрбиесiне, тұрмыс-жағдайына, денсаулығы-на, жүйке жүйесiнiң типтiк ерекшелiгiне, бiлiм қорына, өзiн-өзi тәрбиелеу дәрежесiне, жас өзгешелiгiне т. б. қарай адамдарда эмоциялар мен сезiмдердiң сан алуан түрлерiн кездестiруге болады. Өмiрде көңiлi көтерiңкi, жайдары, шат адамдармен қатар, сәл нәрсеге уайымдағыш, қабағы қатулы, немесе өзiн ұстай алмайтын, тиянақсыз, болар-болмас бiрдеңеден асып-сасып жүрттың үрейiн алатын адамдар да кездеседi.
Психология сезiм саласындағы мұндай шексiз жеке ерекшелiктердi тере бермей, адамдарда типтiк ерекшелiк ретiнде қалыптаса бастаған сезiм түрлерiн зерттеудi қарастырады. Адамдардың сезiмдерi, өзiнiң бағыты, тереңдiлiгi, тұрақтылығы, әсерлiлiгi тәрiздi жағымды сапаларымен құнды болмақ.
Балалардың қарапайым эмоциялары туған күнiнен бастап-ақ көрiнедi. Бала есейген сайын эмоциялар бiртiндеп дами түседi. Мәселен, екi жарым жасар бала қол-аяғы байлаулы адамның суретiн көргенде, оған жаны ашып жылаған. Төрт жасар бала анасы кiтаптан иттiң кiрпiнi ұстап алайын деп тұрған жерiн оқығанда қатты күйзелген. Төрт-бес жасар балаларда жоғары сезiмдердiң (моральдық, эстетикалық) элементтерi кездеседi. Мәселен, осы жастағы баладан: “бiреудiң нәрсесiн сұраусыз алуға бола ма?” десең, “Сұраусыз алсаң, ұры атанып ұсталасың, жаза тартасың”— деп жауап бередi.
Төрт жасқа аяқ басқан бала әкесiнiң жаңа костюм кигенiн көрiп: “сен сұлусың”,— дейдi. Бес жасар бала түрлi түстерден құралған суреттi ұнатады; шешесiне: “терезенi жаппай тұра тұр, күн қандай сұлу”,— деп оның батуың тамашалайды. Бала аспанға қарап: “мы-нау одан да әдемi!”—дейдi. Әрине, осы көрiнiстердi бала өзiнше ұнатады, ол нәрсенiң сыртқы жағын ғана тамашалайды. Алғашқы кездегi эмоциялар органикалық қажеттiң (тамақ, ұйқы т. б.) төңiрегiнен алысқа бара алмайды. Мектеп жасына дейiнгi балалардың ой-әрiсi тайыз, өмiр тәжiрибесi жеткiлiксiз, түрлi психикалық құбылыстары, әсiресе, ерiк-жiгерi дамып жетiлмеген. Осы жағдай оның эмоциясына да тән. Мектеп жасына дейiнгi балалар эмоциясының басты ерекшелiгi — тұрақсыз, тұрлаусыз, нақтылы да мәнерлi қозғалыстарға толы келетiндiгi.
Мектепке түсу бала сезiмдерiн жүйелi, жоспарлы түрде тәрбиелеудiң негiзгi жолы болып табылады. Төменгi сынып оқушылары да (әсiресе, бiрiншi, екiншi сыныптағылар) аса сезiмтал, эмоциялы келедi. Бұл-балалар сергек те жайдары, ақ көңiл де сенгiш, аңқау да, әдiл болып келедi. Олар кез келген нәрсенiң бәрiне таңырқап, қызықтайды және өзiнiң қатынасын белсендiлiкпен бiлдiрiп отырады. Бала сабақ үстiнде де бiрқалыпты отыра алмайды. Өйткенi өзiне ие бола алмай, сезiмiнiң жетегiне ерiп кетедi. Мәселен, бiрiншi сынып оқушыларының арасынан сабақ үстiнде қатты дауыспен күлетiн не жылап жiберетiн оқушыларды кездестiруге болады. Бұлар жүйкесi қозғыш, өздерiн үстай алмайтын балалар.
Сыныбы жоғарылап, есейген сайын оқушы мұндай қылықтарынан арыла бастайды. Мұғалiмнiң ерiк-жiгер тәрбиесiн қосарластыра жүргiзуi оқушыларға көп көмек көрсетедi. Осы жастағыларда бiрiнiң iстегенiн екiншiсi де iстегiсi келетiн бiр қасиет бар. Мәселен, сынып бiреу күлсе, оған қосылып қалғандары да күледi, бiреу сөйлесе, қалғандары да оған қосылады.
Бiрiншi сынып оқушыларының сезiмдерi, көбiнесе тiкелей қажеттерiне байланысты туып отырады. Жылау, күлу, қамығу, ұялу - бәрi де олардың қажеттерiнiң өтелу-өтелмеуiнен туатын эмоциялар. Мұндай жағдайда оны ақылмен иландыру қиын. Мүмкiндiгiнше болашақ қажетiнiң өтелу жағын ойластыру керек. Бұл жай оқу процесiн балалардың сезiмiне тiкелей әсер ететiндей етiп ұйымдастыру қажеттiгiн еске салады.
Мектепте баланың жоғары сезiмдерi одан әрi дами түседi. Әрине, баланың жоғары сезiмдерiнiң негiзi мектепке дейiнгi тәрбиеде қаланады. Осы кезде балада бiреудi жақсы көруi (көбiнесе, ол өзiн жақсы көрген адамды ұнатады), тiл алғыштығы, бiреудiң айтқанын тыңдағыштығы байқалады. Бала жақсы адамдардай болғысы келедi. Мәселен, космонавтарға елiктеп, солардай боламын деу — кез келген баланың арманы.
Үшiншi, төртiншi сынып оқушыларының сезiмдерi бiрте-бiрте күрделене түседi, олар көңiл күйiн бiрқалыпты етiп ұстауға үйренедi. Отанды, туған елiн сүю сезiмдерi көрiне бастайды. Осындай сезiмдердi тiптi бiрiншi сынып оқушысынан да байқауға болады. Мәселен, оқушылардың “Мен Қазақстанда тұрамын”, “Бiздiң бәрiмiз де Қазақстанда тұрамыз”, деген шағын пiкiрлерiнiң өзiнен де осы iспеттес сезiмдердiң iрге тасы қалана бастағанын көруге болады. Бала сыныптан сыныпқа көшкен сайын моральдық сезiмдерiнiң шеңберi кеңи түседi. Мәселен, жер жүзiндегi кейбiр елдердiң еңбек адамдарының ауыр халiне күйзелетiнiн, олардың ортақ мүддесi бiр екендiгiн аңғара алады. Бұдан былай балалардың Отан, ұжымдық туралы түсiнiктерi белгiлi мәнге ие бола бастайды. Мәселен, төртiншi сынып оқушысына “интернационализм” деген сөзге қалай түсiнесiң десең, ол: “Бұл барлық ұлттардың бiрдейлiгi, бiздiң сыныпта оқитын қазақ, орыс, украин, еврей балалары бiр-бiрiмен өте тату тұрады”,— деп жауап берген. Екiншi бiр оқушыдан: “Ұлттық мақтаныш дегендi қалай түсiнесiң?”—деп сұрағанда, ол: “Бiзде жоқ емес зат жоқ, бiзде корғасын да, темiр де, көмiр де, нан да, ет те мол. Шетелдердiң бiрде-бiреуiнде мұндай емес. Бiз соған мақтанамыз”, — дейдi. Осы жауаптар төртiншi сынып оқушыларында өз Отанына деген сүйiспеншiлiк сезiмiнiң қалыптасып қалғанына жақсы дәлел бола алады. Осы жастағы балалардың қоғамдық пайдалы жұмыстарға (мектеп алаңын көгалдандыру, темiр-терсек, ескi-құсқы қағаз жинау, балалар бақшасын шефке алу т. б.) белсене қатысуы да моральдық сезiмдердiң жақсы нышаны екенi белгiлi.
Ұжым өмiрi балаларда борыш, жауапкершiлiк, ар-ұят сезiмдерiнiң қалыптасуына жақсы әсер етедi. Жеке мүдденi ұжым мүддесiне бағындыра алу — ең тамаша қасиет. Балаларды осындай борыштық, жауапкер шiлiк сезiмге баулу да мұғалiмнiң басты мiндетiнiң бiрi. Оқушылар қоғамдық тапсырманы бүкiл сыныптың оған сенiп тапсырған жұмысы деп есептейдi де, мұқият орындап отыруды өзiне мақсат етедi және оны зор мақтаныш тұтады.
Төменгi сынып оқушыларында ұялу сезiмдерi де онан сайын жетiле түседi. Ұялу — баланы жағымсыз iс-әрекеттен тоқтатып отыратын күштi моральдық сезiм. Мұның элементi мектеп жасына дейiнгi балаларда да жақсы байқалады. Мәселен, екi жасар балаға бөтен бiреу сөз қатса, ол төмен қарайды не анасының артына тығылады. Әрине, мұны шын мағынасындағы ұялу деуге болмайды. Бұл — баланың танымайтын адамға тосырқауы, немесе осы жастағы балаларға тән жасқаншақ тықтың бiр көрiнiсi. Егер осындай жағдайларда бала тәрбиесiне дұрыс бағыт берiп отырмаса, оның жаңағы әдетi бiрте-бiрте сүйегiне сiңiп, ынжықтық, құр босқа ұялшақтық, не керiсiнше, көкiректiк, басқаны сыйлауды бiлмейтiн паңдық қасиеттердiң де қалыптасып кетуiне себепшi болады.
“Жақсы”, “жаман” деген сөздердiң мәнiн айыра бастауы балада ұялу сезiмiнiң қалыптасып келе жатқандығын байқатады. Мәселен, таза жүрiп-тұруға дағдыланған кейбiр балалар ойнап жүрiп үстi-басы былғанып қалса, бұған қатты қынжылады, ол, әсiресе, әке-шешесiнен қатты қысылады. Мұндайда оған жақтырмаған пiшiн көрсету не зiлсiз ескертпе жасаған абзал. Бұл онда ұялу сезiмiнiң беки түсуiне себепшi болады.
Мектепке түскен баланың ұялу сезiмi жаңа мазмұнға түсiп, күрделенедi. Ендi бала өзiнiң түрлi ағат iстерiне бүкiл ұжым алдында жауап беретiнiн, мұның оңай нәрсе еместiгiн анғаратын болады. Тәжiрибелi ұстаз баланың ұялу сезiмiн аса сабырлылықпен ескерiп отырады, өйткенi туысынан жүйке жүйесi әлсiз, босаң балалардың ұялу сезiмiн елемесе, қиын халге ұшырайды. Әсiресе, не болса соған ұяла беретiн балалардың психо логиясына мұғалiм байсалдылықпен қарауы қажет.
Баланы орынсыз ұялта беру де дұрыс емес. Бұл баланың өз күшi мен қабiлетiне сенiмiн жоғалтып, онда ұялшақтық пен тұйықтықтың дамуына жағдай жасайды. Мұғалiм баланың ұялу сезiмiне асқан сақтықпен қарауға тиiс. Мәселен, салақтық, епсiздiк немесе күйгелектiктен болған жағымсыз iстердi әдейi жасаған тәр тiпсiздiк қылықпен бiр дәрежеде қарап, ұялту қате. Бала өзiнiң жағымсыз iс-әрекетiнiң мәнi неде екенiн, қандай тәртiптi бұзғанын айқын бiлгенде ғана ұялтудың тәрбиелiк әсерi болады. Кейбiр мұғалiмдер баланың ағат iстерiнiң шығу төркiнiн тексермей-ақ, оны ұялта бастайды. Сондай-ақ, баланың өзi түзете алмайтын қатесi үшiн де ұялтатындар болады. Мұндай “әдiстiң” екеуi де дұрыс емес.
Бастауыш сынып оқушыларынан достық, жолдастық сезiмдердiң нышандарын байқауға болады. Бұларды шын мәнiндегi тұрақты дос деп айту да қиын. Бiрiншi, екiншi сыныптағылар үшiн оған ұнаған баланың бәрi “дос” болып көрiнедi, өйткенi, не үшiн дос болатындарын аңғара алмайды. Осы кезде олар “достарын” жиi алмастырып отырады, бүгiн бiр баламен дос болса, ертең скiншi бiр баламен достасады. Мұндай достық ойын үстiнде ерекше қызады. Оқу әрекетiне байланысты достық бүл кезде көзге көрiне қоймайды. Төменгi сынып оқушысының түсiнiгiнде, достық ұғымының өрiсi өте тар. Мәселен, оларға: “досың бар ма, кiммен доссың?” десе: “Менiң досым Асан жақсы бала, ол менiмен төбе-леспейдi, жаман сөз айтпайды, менiң айтқанымның бәрiн iстейдi, менен ештеңесiн аямайды, ылғи да бiрге ойнаймыз”,— дейдi. Егер “досы” рснжiтетiн болса, кiнәның көбiн соған аудара салады, жолдасының алдында өзiн жауаптымын деп сезiнбейдi.
Үшiншi, төртiншi сынып оқушыларында жолдастық, достық қарым-қатынастары тереңдей түседi. Бұл кездс олар моральдық мiнез-құлықтың нормаларынан бiраз хабардар болады, кейбiреулерiн iс-жүзiнде орындай алуға кабiлетi жетедi. Осы кезеңде балада қызығулардың түрi кең өрiс ала бастайды. Бұл оның достық жолдастық сезiмдерiн белгiлейтiн мотивтердiң бiрi болып есептелiнедi. Мәселен, кiтап оқуды ұнататын екi бала бiр-бiрiмен достасады, бiрiнiң оқығанын екiншiсiне айтады, өзiнде жоқ кiтаптарды бiрi екiншiсiнен алып тұрады, бiрге жүрiп, бiрге ойнағанды да тәуiр көредi. Өзiнiң жолдасына пайдалы iс iстеу жағын ойластыру, досқа қамқорлық, жасау, оның ащы-тұщысына ортақтасу - осы кезеңдегi балалардың психологиясынан жақсы кө-рiнедi.
Бастауыш мектеп окушыларының моральдық түсiнiктерi олардың мiнез-құлық нормаларын орындай бiлуiмен сәйкес келе бермейдi. Моральдық ұғымдарға түсiнгенмен, қай жерде қалай қолданатындарын бiле қоймайды. Сондықтан мұғалiм моральдық түсiнiктердiң практикамен байланысу жағына көңiл бөлiп, оқушыларды осыған үнемi жаттықтырып отырған жөн.
Төменгi сынып оқушыларында интеллектiк сезiмдер де байқалады. Алғашқы кезде сезiмдер оқу процесiнiң мазмұнынан оқшауырақ тұрады. Бiрақ бала бiртiндеп өзiнiң оқудағы мiндетiн түсiне, оның нәтижесiн көр бастаған кезде, оқуға қызығушылық пайда бола бастайды. Бiр сабақты басқасынан жақсы көрiп, көбiрек қызығып оқиды да, мұндағы өзiнiң табысына рақаттанады. Бұл - ондағы интеллектiк сезiмнiң нышаны. Интеллектiк сезiмдердiң дамуы баланың рухани қажеттерiнiң өсуi үшiн аса қажет. Егер бала оқыған кiтабынан, өз бетiмен шығарған есебiнен ләззат алып отырмаса, оның эмоциясы көрiнбейтiн болса, оқуға қызықпайтын жаман әдет қалыптасуы мүмкiн. Мұғалiм осы жайды әр кез есiнде қатты ұстауы қажет.
Сабақ үстiнде, сабақтан тыс жерлерде оқушылардың эстетикалық сезiмдерiн тәрбиелеп отырудың да, каншама маңызды нәрсе екендiгi белгiлi. Оқушылардың эстетикалық сезiмдерiн дамытатын мүмкiндiктер бiзде мол. Оқу кiтаптарының бетiндегi түрлi суреттер мен иллюстрациялар, музейлерге, экскурсияларға апару, табиғатқа байқау жүргiзу, кинотеатрларға бару, көркем әдебиет кiтаптарын оқу, радио тыңдау, телевизор көру т. б. төменгi сынып оқушыларының эстетикалық сезiмдерiн тәрбиелеуде таптырмайтын әдiстер. Мұғалiм балалардың көркем әдебиеттердi, музыкалық шығармаларды қабылдауы әлде де нашар екендiгiн, көркемдiк мәнiн түсiне қоймайтындығын сезiсiмен оны болдыр-маудың тәсiлiн ескеруi тиiс. Мәселен, бiрiншi сынып оқушылары жеке заттардың әдемiлiгiне көңiл аударады да, композициясына, яғни суретшi осы шығармасында ненi көрсеткiсi келгенiне зейiн аудармайды. Жетi-сегiз жастағы балалар музыкалық шығармалардан құйқылжыта жылдам орындалатын әуендердi, даусы қатты шығатын музыкаларды көбiрек ұнатады. Тоғыз-он жастағылар музыкалық әуендер мен дыбыс үйлесiмдерiне көңiл бөле бастайды. Өлең, ән-күй сабақтарында мұғалiм оқушылардың есту қабiлетiн, музыкалық сезiмталдығын кеңейтiп отыратын болса, бала әндi ырғағына, нақышына келтiрiп дұрыс айтуға дағдыланады, музыканы тыңдай бiлуге машықтанады.
Баланың эстетикалық сезiмдерiн дамытуға сурет сабағына бөлiнген сағаттарды тиiмдi пайдаланған дұрыс. Бала құбылыстар мен заттардың өзiне тән типтiк белгiлерiн: пiшiнiн, пропорциясын, көлемiн, түсiн, нендей материалдан iстелгенiн бiлу арқылы өмiр әсемдiгiн көре бiледi. Мұғалiм түстердiң бiр-бiрiне үйлесiмдi келуiнiң қандай маңызы бар екендiгiн түсiндiргенде (мәселен, жасыл жарық түстi қызыл түспен араластыру адамның көңiлiн сергiтедi, қара мен күлгiннiң қосындысы керiсiнше. көңiлсiздiк туғызатынын) түрлi түстi суреттерден, балалардың киiмдерiнен, сынып әшекейiнен мысалдар келтiрiп отыруына болады.
Эстетикалық сезiмдердi дамытуда табиғаттану сабақтарының, алатын орны да зор. Бала табиғат құбылыстарын өнер туындыларымен танысу кезiнде байқайтын болса, оның танымы кеңейе түседi. Мәселен, музыка тыңдау, сурет галереясына бару, көркем әңгiме мен өлең оқып, осыдай кейiн табиғатқа экскурсия жасаса, бұл баланың эстетикалық сезiмiн қай жағынан да дамыта түседi. Өмiрдегi көркем заттар табиғаттағы әсемдiктi сезiне бiлуге әсер етсе, табиғат өз тарапынан өнер шығармаларын көре, түсiне, тыңдай бiлуге қолайлы жағдай туғызады.
Балалардың эстетикалық талғамын тек осы айтылғандар ғана туғызып қоймайды. Оны тудыратын себептер сан алуан. Мәселен, адамның қолынан iстелiп шыққан әдемi нәрселер де, ерiктi еңбектiң романтикасы да, еңбек адамдарының ерлiк iстерi де эстетикалык сезiмдердi тудырып отыратын қуатты факторлар болып ессптелiнедi. Жер бетiндегi байлықты, әсемдiк атаулыны жасайтын — адам. Адам араласпай бұлардың бiрде-бiреуi әсем де сұлу да бола алмайды. Сондықтан да эстетикалық сезiмдердiң басты бұлағы адамдар екенiн балалар жақсы ұғатындай болсын.
Мектеп — бала сезiмдерiн жүйелi әрi жоспарлы түрде дамытып отыратын арнаулы орын. Мұғалiмнiң осы саладағы жүргiзетiн жұмыстарының кейбiрi мына төмендегiдей болмақ:
1) Бала эмоциялары мен сезiмдерiн тек құрғақ сөз бен жалаң үгiт арқылы тәрбиелеуге болмайды. Мүмкiндiгiнше бұл сезiмдердi бала өз басынан кешiретiн болсын. Өзi күйiнiп көрмеген адамның бiреудiң қайғысына ортақтаса алмайтыны сияқты, бала өзiнiң және айналасындағылардың табысына қуанып, сәтсiздiгiне жаны күйзелiп отырмаса, сезiм тәрбиесi өзiнiң пәрмендiлiгiн жояды. Мәселен, баланы Отанды сүю сезiмiне тәрбиелеу iсi оның жас төлдi күту, бау-бақша жұмыстарына қатысу, қоғамдық пайдалы еңбекке қолғабыс тигiзу сияқты нақтылы iс-әрекетiмен ұштастырылып отырылуы тиiс.
2) Сынып, мектеп ұжымында берiк орын алған салт-дәстүрлер - бала эмоцияларын дамытып, тәрбиелеуде таптырмайтын құрал. А. С. Макаренко осындай дәстүрлердiң зор тәрбиелiк мәнiн көре бiлген. “Дәстүрлер менiң ұжымымда өте көп едi,— деп жазды ол,— тiптi жүздеп санауга болатын. Мен олардың бәрiн бiле бермеушi ем, бiрақ балалар бiлетiн және балалар бiлгенде бiр жерге жазылған түрiнде емес, өздерiнiң бiр сезiмiмен бiлетiн. Осылайша iстеу керек десетiн. Ал неге олай iстеу керек? Үлкендер осылайша iстейдi. Үлкендердiң тәрбиесiн, үлкендердiң логикасын құрметтеу, олардың коммуна құру жөнiндегi еңбегiн құрметтеу және оның өкiлдерiнiң құқтарын құрметтеу — ұжымның аса маңызды қасиетi болып табылады және олар дәстүр арқылы сақталып отырады. Мұндай дәстүрлер, балалардың түрмысына ажар берiп, гүлдендiрiп отырады. Осындай дәстүрлердiң арқасында өмiр сүрiп, өздерiнiң ұжымдық ерекше заңымен тұратындығын сезедi, ол заңды мақтаныш етiп жақсартуға тырысады.”.
Бастауыш сыныптуда осы әдiс кең өрiс алған жөн. Мәселен, бiрiншi сынып мүғалiмдерiнiң әлiппе кезеңiн бiтiргеннен кейiн осы оқиғаның құрметiне “әлiппе күнiн” өткiзуiне болады. Бұл балалар үшiн үлкен қуаныш. Мұндай күндi олар жақсы оқу, үлгiлi тәртiппен қарсы алуға тырысатыны сөзсiз.
3) Сезiмдердi тәрбиелеудегi басты жолдардың бiрi - балаларды өз эмоцияларын басқара алуға, өзiнiң аффекттерiн тежей бiлуге дағдыландыру. Бұл көп жаттығуларды, машықтануды қажет етедi. Мұғалiм арнаулы жаттығулар арқылы баланың оғаш мiнезiн де, сылбыр эмоциясын да қалыпқа келтiре алады.
4) Оқушылардың жоғары сезiмдерiн тәрбиелеу iсi оның дүниетанымы мен сенiмiн, жеке басын қалыптастыру iсiмен қосарластыра жүргiзiлуi тиiс. Өйтпеген жағдайда мүғалiмнiң осы саладағы әрекетi пәрмендi болмауы мүмкiн.
5) Бала сезiмiн тәрбиелеушiлердiң де (ата-ана, мұғалiм т. б.) сезiмдер өз дәрежесiнде болуы тиiс. Олардың өмiрiнде, iс-әрекетiнде шынайы жақсы сезiмдер орын тепсе, балаға да үлгi-өнеге болатыны табиғи нәрсе. Бала елiктеуге жарарлық үлгi-өнеге көрмесе, оның сезiмдерi де дұрыс дамымайтын болады.