Психология кафедрасы



бет23/64
Дата25.05.2023
өлшемі262,41 Kb.
#97085
түріСабақ
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   64
Байланысты:
Психология пәнінен дәріс жинағы 2

Қабылдау саласындағы айырмашылықтар, оларды қалыптастыру жолдары
Адамдардың барлығы бiркелкi қабылдай бермейдi. Мұнда топ адамға тән типтiк өзгешелiктер де болады. Кейбiр адамдар қабылдау кезiнде заттың өзiне, жеке тұрқына, сырт көрiнiсiне көңiл аударуға бейiм болады, олар көргенiн баяндауды ғана мақсат етедi. Ендi бiреулер сол заттың мән-мағынасына көз жiбередi, қабылдағанын жан-жақты түсiндiрiп берудi кажетсiнедi. Осы айтылғанға орай бiрiншi топтағы адамдарды қабылдаудың баяндаушы типiне, ал екiншiлерiн түсiндiрушi типке жатқызуға болады.
Қабылдау саласында адамдар объективтiк және субъективтiк типтер болып та бөлiнедi. Бiрiншi типтiң өкiлдерi заттар мен құбылыстарды дәл, айқын, ешбiр қоспасыз, сол қалпында қабылдайды, өз жанынан еш нәрсе қоспайды. Ал субъективтiк типтегi адамдардың қабылдауында долбарлау, қиялдап жаңа образдар қосу жағы басым болады. Мұндайда қабылданатын заттан гөрi адамның сезiм күйлерi (үмiт, үрей, елжiреу, алдану т. б.) ерекше әсер ететiн болады. Субъективтiк типтI кейде қабылдаудың эмоциялык типi деп те атайды.
Қабылдау синтездiк (сыртқы дүние заттары мен құбылыстарын үнемi тұтастай қабылдап, бiрақ оның ұсақ-түйегiне жөндi мән бермейтiндер), анализдiк (мұндайлар керiсiнше заттардың ұсақтүйектерiнен шыға алмағандықтан, оны тұтастай қабылдауға шорқақ болады) типтер де кездеседi. Халық осылардың бiрiншiсiн “көрмес түйенi де көрмес” десе, екiншiсiн “Түймедейдi түйедей” ететiндер дейдi. Қабылдаудың өмiрге өте икемдi типi — анализдiк-синтездiк тип. қабылдау саласындағы типтiк ерекшелiктер бұл айтылғандармен ғана шектелмейдi. Сондай-ақ, бұлардың қай-қайсысы да тұрақты, өзгермейтiнi қажет емес. Тұрмыс, дағды-әдет, iс-әрекеттiң мақсаты мен мазмұны, адамның жас және дара ерек-шелiктерi т. б. белгiлi жағдайларда қабылдау саласындағы типтiк ерекшелiктердi өзгерiске түсiрiп отырады.
Балаларда қабылдаудың дамуы түйсiк, ойлау процестерiнiң дамуымен бiрге жүрiп отырады. Қабылдаудың дамуында тiлдiң шығуының маңызы зор. Өйткенi қабылдаған нәрсенiң аты-жөнiн атап отыру — оның мағынасын ұғынуға жәрдем етедi. Мағынасын ұғыну арқылы ғана затты жақсы қабылдауға болады.
Мектеп жасына дейiнгi балалардың өмiр тәжiрибесi аз. Сондықтан, олар заттарды көбiнесе үстiрт қабылдайды. Мәселен, төрт-бес жастағы бөбектер кеңiстiк пен уақытты, алыстық пен қашықтықты нашар ажыратады. Екi-үш жастағылардың кейде аспандағы ай мен күндi әпер деп шешесiне маза бермейтiндiгi де көпшiлiкке мәлiм. Бала ең алдымен өзiнiң қолы жететiн, жақын жердегi кеңiстiктi таниды.
Уақытты дұрыс қабылдау да балаларға қиын. Бөбектер күн мен түндi, жылдың төрт маусымын бiр сыдырғы ажыратқанымен, бүгiн мен ертеңдi, кешегi мен бүрсiгүндi бiр-бiрiмен шатастырып отырады. Олардың ұзақ мерзiмдi, келер шақ пен өткен шақты қабылдауы да өте мардымсыз.
Мектеп жасына дейiнгi балалардың қабылдауы олардың қимыл әрекетiне байланысты және эмоциялык, бояуларға бай болып келедi. Мәселен, олардың қозғалмалы, бояулы заттарға тез зер салғыш келетiнi, қанық бояулы нәрселерге ерекше құмартатыны да осыдан. Төменгi сыныптарда оқитын балалардың қабылдауында мына төмендегiдей ерекшелiктер болады. Олар әлде де болса құбылыстарды тұтас зат күйiнде жөндеп қабылдай алмайды. Бала заттың көлденеңнен кезiккен жеке қасиеттерi мен белгiлерiн ғана көредi, заттарды талдай қабылдау жағы да жетпей жатады. Мәселен, ол заттың өзiне ұнағанын, олардың көзге бiрден көрiнетiн сыртқы белгiлерiн қабылдауға ұмтылады. Мұндай қабылдауда белсендiлiк жағы аз болады. Егер объектiнi қабылдау қиынға соқса, бала оған қынжылмайды, екiншiсiне ауысады, қабылдаған затының жеке бөлiктерiн тiзбектей алғанмен, бiрақ онда жүйе болмайды. Мәселен, оқушы көбелектiң құрылысын айтқан кезде: “Көбелектiң қанаты ақ. Қанатында дөңгелек қара нүкте бар. Көбелектiң мұрты, көзi, құйрықшасы болады” деп жай тiзбектейдi де, оның негiзгi ерекшелiктерiн (түрi, түсi т. б.) айтуды естен шығарады. Кейде бала нәрсенiң жеке жақтарын қабылдайды да, оның тұтас зат екенiн ұмытады. Мәселен, оқушы кружканың суретiн салғанда, тұтқасын шамадан тыс үлкейтiп жiбередi, ал үйдiң суретiн салғанда есiк, терезесi еденiнен төбесiне дейiнгi жердi алып жатады.
Үшiншi сыныптан бастап балалардың қабылдау саласындағы осындай қателерi азая бастайды. Оқушы заттың негiзгi белгiлерiн байқай алатын болады. Қабылдауда анализ бен синтез қатар жүредi. Бала әр заттың өзiндiк белгiсiн ұққысы келедi, оның мәнiне, iшкi, сыртқы құрылысына, жасалу принципiне зер сала бастайды. Ендi затты жан-жағынан байқап көргiсi келедi. Заттарды дұрыс қабылдай алу, мәнiне түсiну барлық пәндер бойынша бiрдей болмайды. Мәселен, күнбе-күн өтiлетiн арифметика, ана тiлi сабақтарына қарағанда сирек болатын ән-күй, сурет сабақтарынан бала қабылдауының даму дәрежесi әлдеқайда баяу болады.
Қабылдау процесiнiң күрделене түсуi балаларда байқай алу қабiлетiнiң көрiнуiмен ұштасады. Байқаудың қарапайым элементi бiрiншi сынып оқушыларында да бар. Мәселен, “қоңыздың мұртшасы, көзi, табаны, аяғы бар” деп баланың тiзбектеуi — оның байқай алатындығының белгiсi. Байқау — белсендi ой-әрекетiнiң балада дамып келе жатқандығының көрiнiсi. Ал екiншi сынып окушыларында селсоқ қабылдаудан белсендi қабылдауға көшу, ұқсас заттарды iздестiру, дәлелдеме келтiру бiршама жетiле түседi. Мұғалiм баланың белсендi қабылдауының дами түсуiне дұрыс басшылық беруi тиiс. Мәселен, оқушыларға объектiлердi бiрден сомдап бермей, бөлшектеп берсе, олар байқау тапсырмасын онша қиналмай орындайтын болады. Үшiншi, төртiншi сынып оқушылары объектiнiң түсiне, түрiне, үлкен-кiшiлiгiне де назар аудара алады, байқаудың мақсатын түсiнедi, нәтижесiн сөз арқылы тұжырымдап, бiрнеше объектiлердi қатарынан байқай алуға шамасы келедi, объектiлердiң бiр-бiрiмен байланысын түсiнудi ойлайды. Осы жастағы баланың байқауы да қабылдауы сияқты эмоциясымен, қызығуларымен қосарлана жүредi. Байқаудың белсендi жүрiп отыруына сезiм мен қызығу жақсы әсер” етедi. Сондықтан да мұғалiм байқау кезiнде оқушылардың әрқайсысының белсендiлiгiн қадағалап отырғаны абзал. Өйткенi бала объектiлердi қарауға селсоқ кiрiсетiн болса, байқау дәрежесi өте темен болады.
Мектепте жүретiн барлық сабақтардың бала қабылдауын дамытудағы ерекше рөлiн ескере келiп, әрбiр мұғалiм мына төмендегi шарттарды орындап отыруы тиiс:
1) Көрнектi құралдарды (модельдер, суреттер, коллекциялар) пайдалануда балалардың жас ерекшелiгiн мұқият ескеру жөн.
2) Оқушы байқаудың, қабылдаудың мақсатын айқын-ұғынып, қабылданатын заттар мен құбылыстардың мәнiсiне калай да түсiнгенi мақұл. Мәселен, бала әдебиеттегi көркем шығарманы қабылдағанда оның мазмұны мен бiрге басты кейiпкердiң мiнез-құлқына, мазмұндаудың тәртiбiне түсiне бiлмейiнше, оны мағыналы түрде қабылдай алмайды.
3) Қабылданатын заттар мен құбылыстарды бiр-бiрiмен салыстыруға, жаңа материалды оқушылардың бұрынғы бiлiмдерiмен үнемi байланыс тырып отыруға, әр-түрлi объектiлердiң жеке жақтары мен ұқсастықтарын ажыратуға көзделген басты мақсат пен жеке мәселелердi түсiнiп, айыра алуына қатты зер салу қажет.
4) Оқушылардың сабаққа белсендiлiгiн арттыруда оқу материалының түрi, көлемi, ауыр-қиындығы еске алынып, бұларды қабылдауының сапалы болуы мұғалiмнiң дұрыс нұсқау бере бiлуiне де байланысты. Мәселен, сурет көрмесiн көрген оқушыларға кейiн ондағы нәрселердi қайтадан айтып беру мiндетi қойылмаса, сол нәрседен санасында бұлдыр елес қана қалатын болады.
5) Оқушылардың байқағыштық қасиетiн тәрбиелеу үнемi есте болғаны жөн. Қабылдау мен бақылаудың, дәлдiгiн тәрбиелегенде баланың ауызша сөзiндегi немесе жазғандағы қателерiн өзiне түзеттiрiп, оны қайтадан дұрыс қабылдап үйренуге әдеттендiру қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   64




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет