Байқау дегенiмiз — белгiлi мақсат пен объектiнi әдейiлеп қабылдау. Қабылдау үшiн оны көру жеткiлiксiз, оған белгiлi көзқарас бойынша баға берiлуi қажет. Бiр нәрсенi мұқият байқау үшiн бiраз уақыт бойына жүйелi түрде бiр объектiнi бөлiп алып қадағалаған дұрыс. Бұл — байқаудың негiзгi шарттарының бiрi. Байқау үшiн белсендi ой жүгiрту, арнайы зейiн қою, байқау нәтижесiн сөзбен айтып отыру ерекше маңыз алады. Адамның ақыл-ой әрекетiнiң дамуында заттар мен құбылыстарды тез байқай алу көп пайдасын тигiзедi. Байқағыштық — адамның жақсы қасиеттерiнiң бiрi. Байқағыштық — кез келген уақытта көзге iлiнбейтiн, iлiнсе де оған көбiнесе мән берiлмейтiн нәрселерге ерекше зейiн қоюшылық. Мәселен, бүркiт пен тазының арасындағы шайқастың ұсақ-түйектерiн тек жақсы аңшы ғана байқай алады. Осы суреттi А. Құнанбаев “Қан сонарда бүркiтшi шығады аңға” деген өлеңiнде жақсы көрсеткен:
“Бiреуi көк, бiреуi — жер тағысы
Адам үшiн батысып қызыл қанға.
Қар аппақ, бүркiт қара, түлкi қызыл
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға”—
“қар аппақ”, “бүркiт қара”, “түлкi қызыл” деген тiркестерде кез келген адамға байқала бермейтiн көрiнiстер сөз болып отыр. Мұндай сөздердi осы нәрсенi өте жетiк бiлетiн адам ғана айта алады.
Байқағыштық жаңа фактiлердi бiлуге құмарлықты, олардың егжей-тегжейiн бiлудi, адамның әрдайым қабылдауға даярлығын тiлейдi. Сонымен қатар, жiтi көру мен қалтқысыз естудi, бiр зат пен екiншi заттың байланысын аңғара бiлудi қажет етедi. Байқағыштық қасиет — адамның өмiр сүрген ортасына, алған тәлiм-тәрбиесiне, мамандығына, айналысқан кәсiбiне де байланысты. Осы айтылғанды да көптеген фактiлер дәлелдейдi. Мәселен, Австралияның абориген тайпасының балалары шөл даладағы мың сан “белгiлердi” қатесiз “оқи” алады, құмға түскен iзге қарап, көптеген “құпия сырларды” ашады. Олар қандай. құстың iзi суатқа келетiнiн, кенгурудың тырнағы тиiп, аударылып түскен жалпақ тастың жерге қарап жатқан бетiнiң аз-маз өзгергенiн, iзге қарап, адамның оң иығында ауыр заттың барлығын, бойының ұзындығын, денесiнiң салмағын табады.
Байқағыштық — өмiрдiң әр саласы үшiн өте қажеттi қасиет. Байқағыштық, әсiресе, ғылыми жұмыста, мұғалiмдiк қызметте, ақын-жазушының өмiрiнде ерекше орын алады.
Кеңiстiк пен уақыт — материяның өмiр сүруiнiң негiзгi формалары. Сондықтан, кеңiстiк пен уақытты материядан бөлектеу, оларды материядан аулақ өмiр сүредi деу шындыққа сай келмейдi. Бүкiл әлемдегi барлық заттар мен құбылыстар кеңiстiкте белгiлi тәртiппен орналасып қана қоймайды, сонымен қатар материя қозғалысының нәтижесiнде уақыт арқылы үздiксiз өзгерiске ұшырап, қайта жаңғырып, дамып отырады. Материядан тәуелсiз, оның қозғалысынан тыс жеке-дара ешбiр кеңiстiк те, уақыт та жоқ.
Кеңiстiктi қабылдау — заттар мен құбылыстардың көлемiн, тұрқын, түрiн, аумағын, алыс-жақындығын, тайыз-тереңдiгiн, бағыт-бағдарын қабылдау деген сөз. Кеңiстiктi қабылдау өте күрделi процесс. Мәселен, заттың көлемi мен түрiн қабылдау — көру, сипай сезу, қимыл қозғалыс түйсiктерiнiң күрделi үйлесiмi арқылы ғана жүзеге асады.
Тек адамның нақтылы тәжiрибесi жан-жақты бiлiмi арқылы ғана кеңiстiктi дұрыс кабылдауға болады. Адам заттардың бiрiнен-бiрiнiң қашықтығын, бет алысын, көлемiн, рельефiн, бағдарын және формасын қабылдау арқылы ғана кеңiстiктi дұрыс қабылдайды. Дүниедегi заттардың барлығы да кеңiстiкке орналасқан. Олардың әрқайсысының белгiлi тұрқы (ұзын, қысқа, ендi, енсiз, биiк не аласа т. б.) болады. Сондай-ақ, олар бiзден түрлi қашықтықта тұрады.
Кеңiстiкке орналасқан заттардың көлемiн қабылдауда екi көзбен көрудiң (бинокулярлық көру) маңызы зор. Ал бiр көзбен көру (монокулярлық көру) тереңдiк жөнiнде дәл мағлұмат бере алмайды. Мұны бiр көздi жұмып, екi қолды бiр-бiрiне тигiзбей, инеге жiп сабақтаудың қиын екенiнен де байқауға болады.
Бинокулярлық қарауда екi көзге түсетiн кескiн қосылып кетедi де, нәрсенiң бедерi айқын сезiлiп, бiр ғана кескiнге айналады. Нәрсенiң көлемдiк қарамын қабылдау үшiн оның бiрiгiп, қосылып көрiнуi маңызды роль атқарады. Екi көзбен көруде түрлi заттардың тұтасып көрiнуi, оның қашықтығы мен қоршауын, шамасы мен түсiн, рельефiн жан-жақты қабылдауға мүмкiндiк туғызады.
Қашықтық пен заттардың көлемiн қабылдауда көздiң конвергенциясы яғни екi көздiң көрiлетiн затқа бiр көздей болып әрекет етуi қажет болады. Бұл құбылыс жақындағы нәрсенi ажыратуда
байқалады. Көз тiккен нәрсе неғұрлым жақын тұрса, конвергенция да сонша күштi болады да, көз iшке бұрыла бередi. Көздiң түрлi қашықтықтағы заттарды көруге бейiмделу қабiлеттiлiгiн аккомадация деп атайды. Көздiң аккомадациясы хрусталь дөңестiгiнiң өзгеруiне байланысты жақын заттарды көргенде жиырылады да, алыстағы заттарға карағанда ашыла түседi.
Кеңiстiктегi заттарды қабылдауда көру-қозғалыс анализаторының мәнi ерекш. Бiр эксперименттiк зерттеуде көру қозғалыс қабылдауы қатыспайтын бiрде-бiр мектептiк пән жоқ екендiгi, шәкiрттердiң оқу материалдарын тиянақты ұғынуы, жiберген қателерiн кезiнде көре бiлiп, түзетуi, әр пәннiң (сызу, сурет, еңбек т. б.) өзiндiк ерекшелiгi түрлi аспаптармен жұмыс iстеуге ықпал ететiндiгi жақсы байқалған.
Қашықтықты қабылдау өте күрделi процесс. Мәселен, iштен соқыр болып туған адам көзiне операция жасағаннан кейiн де қашыктықты айыра алмайды. Оның көзiне iлiккен нәрсенiң бәрi бiрдей, дәл алдында тұрғанға ұқсайды. Алыстағы заттар қозғалса, өзi соқтығып қалатындай көредi.
Адам қашықтықты айыруды да өмiр тәжiрибесi арқылы үйренедi. Мәселен, қашықтықтағы нәрсенiң дәл шамасын бiлу үшiн бала алғашқыда сол нәрсенiң көрiнуiне лайықты тиiстi қозғалыс жасауға әдеттенедi.
Заттың бiзге немесе басқа нәрселерге қарап тұрған бет алысы — көздiң торлы қабығында сәулеленумен бiрге, дене қозғалысының жағдайына да байланысты. Заттың бет алысын адам тiк тұрып немесе отырып горизонталь жағдайда ғана жақсы қабылдай алады. Мұндайда адам өзiнiң тұрған жерiнен алдындағы бiр затты нысана етiп, қалған заттардың бет алысын соған бағдарлайды. Мәселен, құла түзде тұрып бет алдымыздағы заттарды көрсеткенде, назарымызды бiр затқа ғана тiгiп, басқа заттарды сол заттың не оң жағында, не сол жағында, не бер жағында, не түбiнде, не үстiнде т. б. деп айтамыз.
Кеңiстiктегi заттарды қабылдауға тек көру мүшесi ғана қатыспайды, мұнда қозғалыс, сипай сезу түйсiкте де елеулi роль атқарады. Мәселен, iштен соқыр болып туған баланың операциядан кейiн көзi көрсе де, шарды жай дөңгелектен, төрт бұрышты затты үш бұрышты заттан айыра алмаған. Сондай-ақ, жаңағы бала екi нәрсенiң арасындағы қашықтықты да ажырата бiлмеген. Бiр нәрсенi қашықтыққа қойып, оны ендi ал дегенде ол қолын олай-бұлай созып, дәл ұстай алмай, қармалап жүрiп қолын нәрсеге әзер жеткiзген. Бала нәрсенi қолына алып, сипап байқағаннан кейiн ғана оның үлкендiгiн, формасын т. б. айыра алған. Бұл айтылғандар кеңiстiктi қабылдауда кинестезиялық түйсiктер де қатынасатындығын көрсетедi.
Кеңiстiктi дұрыс қабылдап үйрену кiшкентай кезден басталады. Мәселен, мектеп жасына дейiнгi балалар түрлi нәрселердi ұстап, байқап, сипап қарайды, олардың формасын үлкен-кiшiлiгiн көредi. Кейiн есейiп, тәжiрибесi артып, ой-өрiсi кеңейген кезде заттардың кеңiстiкке орналасуын жақсы аңғара алатын болады. Заттардың кеңiстiкте орналасуын дұрыс бiле алудың адамның iс-әрекетi үшiн (әсiресе, шоферлерге, ұшқыштарға, суретшiлерге, әскери қызметкерлерге, дәл аппарат жасайтын мамандарға т. б.) қаншама маңызды екендiгi түсiнiктi. Уақыт та кеңiстiк сияқты қозғалушы материяның өмiр сүруiнiң объективтiк реалды формасы.
Уақытты қабылдау да сыртқы дүниедегi заттар мен құбылыстарда болатын өзгерiстердiң санаға әсер етiп қалдыратын бейнесi. Уақыт — дүниедегi заттардың өзгерiп, бiр қалыптан екiншi қалыпқа келiп, ескi заттардың жоғалып, олардың орнына жаңа заттардың пайда болып отыруының көрсеткiшi. Шындық құбылыстардың тiзбегi, бiрiздiлiгi, объективтiк ұзақтылығы уақытты қабылдау арқылы белгiлi болып отырады. Сыртқы дүниедегi оқиғалардың бәрi бiр бағытта, яғни өткен шақтан осы шаққа, одан келер шаққа қарай ағады. Осылай бiр бағытта ағу — сыртқы дүниедегi оқиғалардың объективтiк белгiсi. Бұлар жеке адамның түйсiгiнен, қабылдауынан тыс болып отыратын реалды құбылыстар. Уақытты қабылдау бiрнеше компоненттерден тұрады. Соның бiрi — уақыттың ритмi. Уақыттың ритмi — құбылыстардың белгiлi ырғақпен өтiп жататын бiр iздiлiгi. Уақыт темп арқылы өлшенедi. Темп — құбылыстардың бiр iздiлiгiнiң тездiгiнiң не баяулығының көрсеткiшi.
Уақыттың шақтарын қабылдауда субъективтiк моменттер де орын алады. Мәселен, өткен шақ адамға өте қысқа мерзiмдi болып көрiнедi. Өткен шақты, әсiресе, бiзден алыс дәуiрдi минуттап, сағаттап санап отырмай айлап, жылдап, ғасырлап, дәуiрлеп есептеймiз. Халқымызда ежелден келе жатқан уақыт өлшемдерi, атаулары аз емес. Олар: азан, түс, намаздiгер, бесiн, сәске т. б. Осы секiлдi атаулардың шәкiрт танымына ұлттық бояу, реңк беретiнi белгiлi. Өткен оқиғалар адамға көмескiлеу болып та көрiнедi. Уақыттың өтуiнiң түрлiше қабылдануы сол кезеңде өткен оқиғаларға байланысты.
Осы шақтың (үстiмiздегi дәуiр) бiзден алысырақ мерзiмдерi ғасыр, жыл, ай ұғымдарымен белгiленсе, оның бiзге жақынырақ кезеңдерi күн, сағат, минут, секундпен есептелiнедi. Осы шақ әр кез объективтiрек болып қабылданады, өйткенi, бұл кезең нақтылы iсiмiзбен, тiкелей қабылдауымызбен ұштасып жатады.
Өткен шақтың тез өткенiндей, келер шақтың өте ұзақ тәрiзденiп көрiнуi — субъективтiк жағдайлардың нәтижесi. Егер адамның уақыты мағыналы, қызықты iстермен толы болса, ол уақыттың қалай өткенiн байқамай да қалады. Адамның көңiлi қаншалық шат болса, соншалықты уақытта тез өткендей болып қабылданады. Мәселен, қызық ойын үстiнде уақыт тез өтедi. Ал, керiсiнше, адамның уақыты мәнсiз өтсе, ол кезең бiтпейтiндей болып көрiнедi. Сол сияқты, поезды күтiп отырған адамға да уақыт өтпейтiндей болады.
Уақыттың қабылдануы оның қандай мазмұнда болуымен де шарттасып жатады. Егер ұсақ-түйек әрекетпен өткен уақыт ұзақ болып көрiнсе, пайдалы әрекетке толы уақыт тез өтедi. Көбiнесе, уақытты субъективтiк болжау дұрыс болмай шығатындықтан, оны объективтiк өлшемдермен (минут, сағат тәулiк, апта т. б.) өлшеген дұрыс болады.