ЖАЛПЫ РӘСІМДЕР
3.1. ТОП ЖҰМЫСЫНЫҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ
Барлығы танысып болғаннан кейін топ жұмыс істейтін ережелер қабылданады. Ережелердің негізгі мәні – қатысушыларға топта олар қауіпсіздікте болатындығын көрсету. Бұдан басқа, ережелер барлық тренингтік процедураларды ретке келтіруге көмектеседі. Кейде жаттықтырушы өз өмірін жеңілдететін, бірақ топқа оң ықпалын тигізбейтін ережелерді ойлап табады; жаттықтырушының, менің ойымша, зиянды болып табылатын ережелерді енгізетіні де болады. Сондықтан алдымен үш пайдалы ереже.
Бірінші ереже – кері байланыс ережесі. Оң кері байланыс ережесі деп айтқан дұрыс болады. Бұл барлық қатысушылардың бір-біріне рольдік ойында кім өзін қалай ұстағандығы, нені жақсы істегендігі және нені жақсырақ істеуге болатындығы туралы айта алатындығын білдіреді. Ереже өте күрделі, және жаттықтырушы оның сақталуын қадағалауы тиіс. Позитив арқылы, сындарлы түрде ескерту жасау – бұл өте пайдалы дағды. Бұл ереже көптеген қорқыныштарды бірден алып тастайды, себебі, біз: бір-бірімізді сынамайтын боламыз, өйткені бұның пайдасы жоқ, - деп келісеміз.
Егер топта қарсылық білдіретін болса (мысалы, қайсыбіреу өзін сынауын өтінуі мүмкін, өйткені ол осыған үйренген), сіз Гетенің сөзін мысалға келтіре аласыз: «Егер біз адамдарды, олар қандай болса, сол күйінде қабылдайтын болсақ, біз оларды жаманырақ етеміз. Егер біз оларға, олар қандай болулары тиіс, сондай сияқты қарайтын болсақ, біз оларға олардың сондай болу қолдарынан келетіндей болуларына көмектесеміз».
Тренингте кері байланыс ережесі қабылданғанда, артықшылықтарды да, кемшіліктерді де айтуға болатындығы ұғынылады. Он екі адам бір қатысушыға өздерінің теріс пікірлерін айтатын болып шығуы да мүмкін. Ал осыдан кейін, келесі ойын басталып, жаттықтырушы еріктілер керек дегенде, барлық қатысушылардың бастарын төмен түсіретіндіктері болады. Теріс кері байланыс – бұл сындарлы емес. Адамға тек оның жамандығын ғана айтатын болса, ол тек сол ойға шырмалып қалады. Ол дамымайды.
Қатысушыға оның нені жақсы істегенін және нені жақсырақ істеуге болатынын айтса, бұл оған қай жаққа жылжуға болатынын көрсетеді. Әрі, он екі адам былай істеуге болар еді, не болмаса, былай істеуге болар еді деп айтса, адамда нұсқалар пайда болады. Таңдау еркіндігі пайда болады. Тренинг мінез-құлықтың бір дұрыс алгоритміне үйретпейді, ондай нұсқалар көп, және әрқайсысы тренингте өзі үшін пайдалы әлденені табады.
Екінші ереже – «қазір және осында» ережесі. «Қазір және осында» ережесі біз шеңберде тек топта орын алып отырған жағдайларды ғана талқылаймыз және қарастырамыз дегенді білдіреді. «Ал егер бұл жерде басқа адам болғанда...», - деп айтуға болмайды. Бұл ереже оның кез келген пікірталасты ол созылып кете салысымен тоқтатуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Біз тек шеңбер ішінде болып жатқан нәрсені ғана талқылаймыз. Топ әңгімеге беріліп кетуі мүмкін, және бір ойын туралы үш сағат бойы айтуға болады: «Ал бізде мынадай бір оқиға болған...», «Олардың директорлары сондай, егер біз оған баратын болсақ...» және т.б. Және бәріне қызық та сияқты. Әрі ешкім шаршамайды, бәрі белсенді, бірақ оған алдануға болмайды. Бұлай уақыттың жартысын жоғалтып алуға болады.
Жалпы, топтағы кез келген пікірталас тым болмағанда бір адам жалығып кеткенше жүре береді. Егер сіз біреуінің әлі қызумен, жалынмен өз идеясын түсіндіріп жатқанын, ал енді біреуіне аса қызық болмай қалғанын және оның басын төмен түсіргенін байқасаңыз, демек, бұны тоқтату керек. Егер екі-үш адам әлі белсенді түрде пікірталас жүргізіп жатса, ал бес адам үдерістен шығып қалса, онда сергіту жаттығуымен оларды қозғалта алмайсың. Сондықтан «қазір және осында» ережесі өте пайдалы.
Үшінші ереже – «топтың жабықтығы ережесі», немесе «психологиялық қауіпсіздік» ережесі, немесе жай ғана «қауіпсіздік ережесі». Оның бірнеше нұсқасы бар. Кейде тренинг туралы ешкімге ештеңе айтуға болмайды дейді. Бұл ақымақтық, өйткені ешкім де мұндай ережені орындай алмайды. Орындала алмайтын ережені енгізудің қажеті қанша? Егер біз ереже ойлап табатын болсақ, ол жұмыс істеуі тиіс. Біз кімге болса да және нені болса да айтуға болады, бірақ қатысушылардың аты-жөндерін айтуға болмайды деп айтамыз. Ұйымдар үшін бұл – өте маңызды ереже.
Бұдан басқа, бұл ереже қатысушылардың ойындарды және тренинг мазмұнын үзілістерде талқыламаулары тиіс екендігін білдіреді, өйткені бұл материал топ үшін жоғалтылуы мүмкін. Бәрін тек шеңбер ішінде ғана талқылауға болады, бұл – бірлескен тәжірибе және бірлескен табыс.
Топтың жабықтығы ережесі топтың тұрақты құраммен жұмыс істейтінін, яғни, топтан тренинг аяқталғанға дейін ешкімнің кете алмайтынын және тренинг басталғаннан кейін топқа ешкімнің қабылданбайтынын да білдіреді.
Осы ережелерден басқа тағы көптеген басқа ережелер де бар, бірақ олар, менің ойымша, зиянды. Мысалы, шыншылдық ережесі – бәрі тек шындықты айтады, ешкім де өтірік айтпайды. Бұл ереже маған ойдан ала салған ереже сияқты көрінеді, себебі, топта кілең өтірікшілер жиналғандығын ұйғарады. Менің ойымша, егер оларға өтірік айту тиімді болатын қандай да бір күрделі жағдай болмаса, әдетте адамдар үнемі шындықты айтады. Оның үстіне, өтірік айтқысы келген адам бәрі бір өтірік айтады, және ереже ешкімді бұдан шектемейді. Онда тренинг қатысушыларын әуел бастан өтірікшілікте кінәлаудың қажеті қанша?
Немесе «тоқта» ережесі. Оның мәні топтың кез келген қатысушысының топтағы кез келген процедураны, егер ол оның шамына тиетін болса, тоқтата алатындығында. Яғни, барлығы қандай да бір ойынды ойнап отырады, және егер кенеттен біреу мұның өзін ширықтыратынын, қандай да бір ішкі сезімін қозғайтынын сезсе, ол: «Мен «тоқта» ережесін енгіземін, біз бұны енді ойнамаймыз, бұл туралы енді айтпаймыз», - деп айта алады. Мен мұндай ережені естіген қатысушы болсам, менде бірден мынадай сұрақ туындар еді: «Адамның шамына соншалықты тиетіндей тренингте біз қандай ойын ойнауымыз мүмкін?». Және, дұрысы, ондай ештеңе болмайды да. Бірақ адамдар солай жаратылған, оларға сондай ереже бар деп айтқаннан кейін, олар: бәлкім, онда сондай бірдеңе болатын шығар, - деп ойлайды. Бір күн өтеді – ештеңе жоқ, екі күн өтеді – ештеңе жоқ. Бірақ міндетті түрде біреуі кез келген, тіпті қарапайым ойынның өзінен, тіпті сергіту жаттығуынан осы бірдеңені табуға тырысады да, «тоқта» дейді. Өйткені ережені қолдану керек қой. Кейбір адамдар ережені енгізу үшін үш күн бойы бұл қашан болар екен деп күтіп отырады. Бұл ереженің ешқандай мәні жоқ, және оны пайдаланудың да еш қажеті жоқ.
Келесі ереже – бас тарту ережесі. Оның мәні кез келген адамның бүкіл тренинг бойында тек қана бір рет қандай да бір ойынға қатысудан бас тарта алатындығында. Мысалы, ойынды өткізіп жатып, жаттықтырушы үш адам керектігін айтады да, мысалы, өзінің оң жағында отырған алғашқы үш адамды тағайындайды. Және олардың біреуі: «Мен өзімнің бас тарту құқығымды аламын, мен бүгін ойнамаймын (немесе қазір ойнамаймын)», - деп айтады. Орынсыз ереже – өйткені, егер адамдарға қызықты болса, олар онсыз да ойнағылары келеді, және ешкім де бас тартпайды. Ал бұл жағдайда кейбіреулері ережені пайдалану үшін әдейі бас тартулары мүмкін. Маған еріктілер көп болуы үшін қызықтырып жұмыс істеген дұрыс сияқты – бұл топтың өзі үшін әлдеқайда оңайырақ және қызықтырақ.
Тағы бір ереже – кезекпен сөйлеу. Негізі, көпшілік адамдар бір-бірінің сөзін әдейі ешқашан да бөлмейді – тек қана эмоционалдық қызумен бөлулері мүмкін. Әуел бастан олардың бәрін тәрбиесіз және бір-біріне ілтипатсыз етіп көрсетудің қажеті қанша? Ал жаттықтырушы бірден мұны ереже ретінде енгізеді. Әрине, бұның пайдасы жоқ, өйткені үдерісте, эмоциялармен, тіпті жаттықтырушының өзі де қосылып кетіп, бүкіл топтың сөзін бөлетіні болады.
Тағы да көптеген ережелер бар. Бірақ, қалай болғанда да, сіз әдебиеттен осындай ережелерді көргенде, жай ғана оқып шығып, бұл ереженің арғы жағында не тұрғанын, оның қандай кері әрекеті болуы мүмкін екендігін ойланып көріңіз. Егер бұл ереже топқа көмектесетін болса, онда бәрі жақсы, оны жұмыста пайдалануға болады, ал егер көмектеспейтін болса, жай ғана оны қолданбаңыз.
3.2. ТАНЫСУ
Барлық тренингтер сол бір сценариймен жүргізіледі. Ең басында – танысу, содан соң топ жұмыс істейтін ережелер қабылданады. Керісінше істеуге де болады – алдымен ережелер, содан кейін танысу. Бұл сондай маңызды емес, жаттықтырушы өзіне көбірек ұнайтын тізбекті таңдайды. Сосын тереңдетілген танысу өткізілуі мүмкін, содан соң қандай да бір мазмұндық бөлім және күннің немесе бүкіл тренингтің аяқталуы болады.
Соған сәйкес, басынан бастап барлығы шеңбер жағалай отырады. Жаттықтырушы өзін таныстырып, өзі туралы әңгімелеп береді. Жаттықтырушының өзін таныстыруы неғұрлым қысқа болса, соғұрлым жақсы. Жаттықтырушы өзінің қандай жақсы жаттықтырушы екендігін және қанша көп топтармен жұмыс істегенін тәптіштеп айта бастайтын жағдай күлкілі көрінеді. Қысқаша ғана өзін таныстырып, тренинг туралы, бағдарлама мен мақсаттар туралы бірнеше сөз айтудың өзі жеткілікті, осының бәріне 3-5 минут кетеді.
Содан соң танысу өткізіледі. Танысу нұсқалары өте көп, оларды түрлендіруге немесе өзіңнің бір нұсқаңды ойлап табуға болады. Танысу процедурасының негізгі мақсаты топ үшін – бір-бірімен танысу, жаттықтырушы үшін – қатысушылардың барлығының аттарын есте сақтап қалу. Бұдан басқа, жаттықтырушы танысу процедурасын барлық қатысушылар үшін ерекше, қызықты болатындай және қатысушыларға бір-бірінің алдында аздап ашылуға мүмкіндік беретіндей етіп өткізуі тиіс. Топты ұйымдастыру үдерісі алғашқы минуттардан басталуы қажет.
Ең басында шеңбер ішінде бір-бірімен қалай сөйлесетіндігі туралы келісіп алу қажет. Жаттықтырушы: «Біз топта үш күн жұмыс істейміз және бізге бір-бірімізбен сөйлесу қажет болады. Қалай ойлайсыздар, «сен» деген дұрыс па, әлде «сіз» деген дұрыс па? Атын атаған дұрыс па, әлде аты мен әкесінің атын қоса айтқан дұрыс па?», - деп айтуы мүмкін.
Топтың өзінің, тіпті ұзақ пікірталас барысында болса да, атын атап және «сен» деп сөйлесуге шешім қабылдағаны жақсы болады, сондықтан бұл мәселені топтың талқылауына шығарған дұрыс.
Неге? Алғашқы топтық үдеріс басталады. Сіз топқа сұрақ қоясыз, топ талқылауды бастайды. Сіз топта кімнің не айтатынын және қалай айтатынын: дауыс ырғағын, эмоцияларын, мінез-құлықтарын бақылай аласыз. Сіз ақырындап топты қажетті бағытқа бағыттай аласыз. Топ атын атаудың, аты мен әкесінің атын қоса айтудың, арақашықтық дегеннің не екенін және оның қажет пе екендігін, өздерінің не үшін жиналғандықтарын және т.б. талқылайды. Аты мен әкесінің атын қоса айту жөніндегі пікірталастың 20-30 минут алатыны да болады. Топ осы 30 минут ішінде өздері үшін маңызды барлық мәселелерді айтып шығады. Аты мен әкесінің атына жабыса отырып, олар өздерінің барлық қауіптенулері туралы, неден қорқатындықтары және нені күтетіндіктері, не ойлайтындықтары туралы айтып береді. Және, тиісінше, осылардың бәрін топ келісіп алады.
Бұл өте жақсы. Менде топ аты мен әкесінің атын қоса айту жөнінде ұзақ (20 минут) пікірталаса отырып, нәтижесінде бұл мәселені келісіп, бірлесе жұмыс істеудің алғашқы оң тәжірибесін жинақтаған талай оқиға болды.
Өзім қатысушысы болған бір тренинг әлі есімде. Бізде құрама топ болды, яғни, өзара мүлде таныс емес адамдар. Адамдардың бір бөлігі психология факультетінде оқитын және бірнеше тренингтен өткен. Және өмірінде алғаш рет шеңберге отырған адамдар да болды. Тренингтің басында біз қырық минут сөйлестік. Бірақ осы уақыттың ішінде біз бәріміздің жақсы адамдар екендігімізге, бұл жерде жақсы жұмыс істейтіндігімізге, бір-бірімізге кедергі жасамайтындығымызға және т.б. келісіп алдық. Яғни, біз өзіміз үшін маңызды барлық мезеттерді жаттықтырушының қатысуынсыз айтып өттік. Топ алғашқы 40 минуттың ішінде ұйымдасып үлгерді. Бізде осы әңгімелесуден кейін «біз» сезімі пайда болды, және топта жұмыс істеу бірден оңай және жанға жайлы болып шықты. Топ бірден: атын атап, «сен» деп сөйлесейік, - десе, танысу процедурасына бірден көшуге болады.
Егер сіз топ қарсылық білдіретінін болжалдасаңыз, бізде осындай ереже: атын атау және «сен» деп сөйлесу, - деп айтуыңызға болады. Тек тренинг үшін ғана! Иә, бұл әдеттенбеген жағдай, бірақ біз бұл жерде әдеттенбеген заттарға жаттығамыз ғой. Біз өндірістік мәжілісте отырған жоқпыз деп айтып, өз дегеніңде ереже ретінде тұруға болады. Сонда ешкім қарсылық білдірмейді.
Егер топ, сонда да болса, бір-біріне аты мен әкесінің атын қосып сөйлесетін болып шешсе, онда бейдждер жасаған дұрыс, өйткені бәрін бірден есте сақтай алмайсың. Алайда кәдімгі топта бұл ең дұрыс нұсқа емес.
Менің ойымша, мұндай топтар өте көп жоғалтады. Топ бір-бірімен таныспайтын, әрбір адамның кеудесіндегі жазуын оқитын болып шығады. Бір адам екіншісіне қарап сөйлегенде, қағазға қарап, атын оқиды да: «Светлана, ал сен қалай ойлайсың? Ал Артур ше?..», - дейді.
Жаттықтырушы бұл мәселені пікірталасқа шығарғаннан кейін, «атын атау және «сен» деп сөйлесу» нұсқасын қалай ұсына алады? Жаттықтырушы топқа сұрақ қояды, бірнеше адам «сіз» деп сөйлескілері келетіндіктерін айтады, ал енді біреулері «сен» деуге де болатындығын айтады. Жаттықтырушы жай ғана: «Ал Артур жаңа «сен» деп сөйлескісі келетіндігін айтты», - деп айтып, пікірді баса көрсете алады. Содан соң Артурға: «Саған неліктен бұлай көбірек ұнайды?», - деп сұрақ қояды. Ол түсіндіріп береді. Ары қарай жаттықтырушы: «Ал сіздер қалай ойлайсыздар, «сіз», «сен» деген нені білдіреді?», - деп айтады. Яғни, ол әңгімені белгілі бір бағытта ынталандырады, және осылайша кез келген топ атын атап, «сен» деп сөйлескен жақсы деген қорытындыға келеді.
Осылайша, бірден екі проблема шешіледі. Біріншіден, қандай да бір кедергілер алынып тасталады. Екншіден, бұл – топтық талқылаудың алғашқы нәтижесі.
Достарыңызбен бөлісу: |