«Аудармашы» ойыны
Вербализациялар пайдаланылатын тағы бір ойын, бірақ алдыңғыларынан айырмашылығы, әрқашан өте көңілді өтеді. Ойынға екі адам (ер адам мен әйел адам болғаны жақсы) қатысады. Олар есік сыртына шығады.
Нұсқаулық. Есік сыртындағыларға арналған нұсқаулық: «Әйел адам – американдық киножұлдыз. Ол Ресейге өзінің жаңа фильмінің таныстырылымына келді және баспасөз мәслихатында сөз сөйлейді. Киножұлдыздың міндеті – алдымен фильм туралы әңгімелеп беру, содан соң журналистердің сұрақтарына жауап беру. Екінші қатысушы – ер адам – ол аудармашы. Аудармашының міндеті – киножұлдыздың әңгімесін, оның сұрақтарға берілген жауаптарын аудару және оған қойылған журналистердің сұрақтарын аудару. Яғни, киножұлдыз фильм туралы орыс тілінде әлдене айтады, ал аудармашы оны аударады (бұл ағылшын тілінде айтылғандай етіп). Ол сондай-ақ киножұлдызға арналған барлық сұрақтарды және оның журналистерге берген жауаптарын аударады».
Қалған қатысушыларға арналған нұсқаулық: «Сіздер – журналистсіздер, өз газеттеріңізге ат ойлап табыңыздар. Жартылай шеңбер құрып отырыңыздар. Қазір осында американдық киножұлдыз келеді де, оның жаңа фильмінің таныстырылымына байланысты баспасөз мәслихаты болады. Сіздер фильм туралы әңгімені тыңдайсыздар да, өз сұрақтарыңызды қоя аласыздар. Аудармашы барлық сұрақтарды және оларға берілген жауаптарды, олар сіздерге түсініксіз болып отырғандай, аударады».
Ойын әдетте өте қызықты өтеді, әсіресе аудармашы сұрақтар мен жауаптарды күлкілі етіп аударғанда. Ол журналистер дұрыс емес әлденені сұрады немесе өздерін тым арсыздау ұстады деп санап, мүлдем басқа сұрақтарды аударуы мүмкін. Кейде, егер, оның ойынша, киножұлдызға тым қатты сұрақтар қойылып жатса, оны қорғай бастайды. Сонымен бір уақытта, бұл ойында адамның әріптесінің сөздерін кейде сөзбе-сөз, ал кейде өзі әлдене қосып қайталайтынын жақсы көруге болады.
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ АУЫЗША ЕМЕС ТҮРЛЕРІ
Бағдарлану сатысындағы келесі маңызды мезет – қарым-қатынастың ауызша емес түрлері. Неліктен бұған көңіл аудару қажет? Өйткені, адамдар сөздерге тек 10 % ғана сенім білдіреді, ал қалған сенім ауызша емес қарым-қатынастың арқасында қалыптасады.
Қарым-қатынастың ауызша емес түрлеріне дәстүрлі түрде бірнеше параметр жатқызылады.
1. Сөйлеу сипаттамалары: сөйлеу ырғағы, қарқыны, дауыс ырғағы, кідірістер және т.б. Мұнда топтың назарын кейде тіпті айтылған бір сөздің дауыс ырғағы әңгімелесушіге қалай теріс әсер етуі мүмкін екендігіне аударған маңызды. Иттердің өз иесін қалай тыңдайтындығын мысалға келтіруге болады. Ит сөздерді түсінбейді, бірақ дауыс ырғағына өте сезімтал келеді. Егер әлдене болып, иесі итін: «Келе ғой, менің қымбаттым», - деп, өзіне шақырса, бірақ бұл кезде оның дауыс ырғағы қатерлі сипат алса, ит бірден құлағын тігіп, өте баяу жүріп келеді. Ал егер дауыс ырғағы басқа болса, ит жүгіріп келіп, құйрығын бұлғаңдатады. Адамдар да әңгімелесушісінің сөйлеу сипаттамаларына өте сезімтал келеді, және бұған арнайы көңіл аудару қажет. Мысалы, сізге құрбыңыз қоңырау шалып, «Сәлем» деген бір сөзді айтады. Және сіз дауыс ырғағы бойынша, оның бұл сөзді қалай айтқаны бойынша, оның ары қарай не айтатынын білесіз.
2. Проксемика – өзара орналасу, арақашықтық және дене қалпы. Әріптестердің өзара орналасуы әңгімелесу кезінде маңызды роль атқара алады. 45-тен 90 градусқа дейінгі бұрыш жасап орналасу ең жақсы нұсқа болып есептеледі – бұл бір мезгілде өте жақын отырып, әңгімелесушіге қысым жасамауға мүмкіндік береді, сонымен бір уақытта, әрқашан көз түйістіріп, қажет болған жағдайда, әңгімелесушіңе жанасуға болады. Ал адамдар бір-біріне қарама-қарсы отырғанда, «қарама-қарсы» сөзі дәл сол қатынастардың ықтимал дамуын көрсетеді.
Әңгімелесушілердің арасындағы арақашықтық. Шамамен 0-ден 50 см-ге дейінгі қашықтық жеке (сырластық) арақашықтық немесе дербес психологиялық кеңістік деп аталады. Бұл аймаққа тек ең жақын адамдар ғана жіберіледі. Бұл аймаққа кіру қысым көрсету ретінде қабылданады.
50 см-ден 1 м-ге дейін – достық арақашықтық. Оған кірген дұрыс, бірақ бұны біртіндеп жасау керек. Егер бұл адаммен бірінші әңгімелесу болса, онда бірден достық арақашықтыққа енудің қажеті жоқ, бұны қысым көрсету ретінде қабылдауы мүмкін, өйткені сіздер әлі дос емессіздер ғой.
150 см-ден 4 м-ге дейін – іскерлік арақашықтық. Осы арақашықтықта барлық мәжілістер мен келіссөздер жүргізіледі. Төрт метрден астам – бұл көпшілікке арналған арақашықтық, мысалы, дәріс оқу үшін. Мұндай арақашықтықта қарым-қатынас жасай отырып, адам болып жатқан оқиға үшін психологиялық тұрғыдан жауапкершілік көтермейді – дәрісті тыңдауға да, тыңдамауға да болады.
Дене қалпы әдебиетте кейде тым үзілді-кесілді түсіндіріледі, бірақ біз үшін осы түсіндірулердің жалпы алғанда дұрыс екендігі маңызды. Мысалы, белгілі «екі крест» дене қалпы – аяқты аяқтың үстіне қою және қолдарды айқастыра ұстау әдетте жабық дене қалпы ретінде түсіндіріледі, әйтсе де, мұндай дене қалпы адамның асқазаны ауырып тұрғандығын да білдіруі мүмкін. Бірақ адамдардың көпшілігі бұл дене қалпын жабық ретінде қабылдайды, және бұл маңызды. Дене қалпындағы бұдан да маңызды нәрсе – оның қарым-қатынас барысында өзгертілуі. Егер дене қалпы әңгімелесу кезінде ауысатын болса, бұл әңгімелесушілердің арасындағы қатынастың өзгергенін немесе әңгімеге, оның мазмұнына деген қатынастың өзгергенін білдіреді.
3. Қозғалыстар мен қимылдар. Қозғалыстар мен қимылдар да психологиялық әдебиетте егжей-тегжейлі сипатталған. Дене қимылдары әдебиетте көбінесе тым үзілді-кесілді түсіндіріледі, бірақ, негізінен, бұл авторлардың сенімділігін көрсетеді. Тренингте қозғалыстар мен қимылдарды қарастыра отырып, қимылдар мен қозғалыстардың екі типі – бейнелегіш және күшейткіш типтер көрсетілетін тәсілге көңіл аудару жеткілікті. Не әңгімелесуші дене қимылдарымен өз сөздерін күшейте түседі, не әңгімелесушінің әңгіменің тақырыбы болып отырған нәрсеге қатынасының көрсеткіші болуы мүмкін қандай да бір көріністі бейнелейді. Егер қозғалыста немесе қимылда мұндай ақпарат болмаса, бұған көңіл аудару керек, себебі, бұл маңызды болуы мүмкін.
4. Ым-ишара. Ым-ишара да қарым-қатынастағы маңызды мезет болып табылады. Бала сонау ерте балалық шағынан анасының бет-әлпетіне қарап, оның өзіне де, өзінің іс-әрекеттеріне де қалай қарайтынын түсініп үйренеді. Өмірде біз үнемі әңгімелесушіміздің бет-әлпетіне көңіл аударамыз және, әрине, әңгімелесушіміз де біздің бет-әлпетімізге көңіл аударады. Сондықтан әңгімелесушінің ым-ишарасын қадағалап отыру және ым-ишараның қандай да бір өзгерістері не себептен болғанын және мұның нені білдіруі мүмкін екендігін түсіну маңызды. Және, әрине, өз бет-әлпетімізді де қадағалау маңызды. Әлбетте, сазарып, бедірейіп отырудың қажеті жоқ, бірақ, бет-ауызды тым көп тыжырайтудың да әңгімелесушіге теріс ықпал етуі мүмкін екендігін түсіну қажет.
5. Көз байланысы. Бұған дейін атап өтілгеніндей, көз байланысы ауызша емес қарым-қатынаста маңызды мезет болып табылады, және бұл жерде осы туралы топтың тағы да есіне сала кетуге болады.
Ауызша емес мінез-құлыққа назар аудару өз мінез-құлқыңды бақылауға да, сондай-ақ басқалардың ауызша емес мінез-құлқын бағалауға да мүмкіндік береді. Қарым-қатынас кезінде саналы түрде конгруэнттілікке ұмтылу қажет – бұл адамның сол бір нәрсені айтуы да, көрсетуі де тиіс екендігін білдіреді, оның қарым-қатынасында қарама-қайшылық болмауы тиіс. Психологтың қабылдауындағы клиенттің өз отбасын өте жақсы көретіндігін айтып, сонымен бір мезгілде тізесін жұдырықпен тоқпақтап ұрып отыруы конгруэнтті еместіктің мысалы бола алады. Әрине, мұндай анық қарама-қайшылық өзіне көңіл аудартады және адамның өзі мен оның сөздеріне деген сенімге ықпалын тигізе алады.
«Мафия» ойынын еске түсіруге болады (нұсқаулығы ары қарай беріледі). Біреуді ақтайды, ал енді біреуді «атып тастайды», өйткені бір адам өзінің ауызша емес мінез-құлқына сенетіндей етіп жасады, ал екіншісіне сенген жоқ. Көбінесе бұл ойында «адал» адамға адал емессің десе, ол (мұның әділ еместігінен) қызара бастайды. Қатысушылар мұны дәлел ретінде қабылдайды да, қарсы дауыс береді.
Телевизор мен бейнекамера болса, бүкіл тренинг бойында ауызша емес мінез-құлыққа және конгруэнттілікке қайтып орала беруге болады. Ауызша емес мінез-құлық туралы ақпараттан кейін келетін барлық ойындарда жаттықтырушы дене қимылдарына, дене қалпына, ым-ишараға және т.б. да көңіл аударады. Үстел, қалам, қағаз бар болатын «кабинеттегі» ойындар кезінде бұл әсіресе жақсы байқалады. Адамдар үстел үстінде заттарды қозғай отырып, олармен манипуляция жасай бастайды. Кейде үстел үстінде нағыз футбол матчы ойналады!
Бейнежазбаны көру кезінде бір әңгімелесушінің дене қалпының өзгеруі екіншісінің жай-күйіне қалай әсер ететіндігі өте жақсы байқалады. Мысалы, әңгімелесушілердің бірі, алға қарай ұмсына отырып, екіншісін сөзбе-сөз мағынасында артқа шалқаюға мәжбүрлейтінін байқауға болады. Кейде тіпті артқа шалқаятын орын қалмағанда, оның орындығын жылжытуына тура келеді. Және бірінің екіншісіне қысым көрсетіп отырғаны тіпті сөз айтпай-ақ түсінікті. Тағы бір мысал, екі әңгімелесуші бір мезгілде бір-бірінен шеттеңкіреп, орындықтың арқасына шалқайып отырады. Әңгімелесуге деген қызығушылықтың жоғалғаны бірден түсінікті.
Ауызша емес мінез-құлық туралы теориядан кейін материалды мысалмен түсіндіру және бекіту үшін ойындар өткізу қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |