142-жаттығу. Қыстырма сөздерді тауып, қаратпа сөздермен салыстырып,
ұқсастық, айырмашылығына тоқталыңыздар.
Енді, міне, ана баурындағы соңғы алданышы – қырықтан асқасын көтерген
сүт кенжесі... (Ә.Н.) Әне, әншиіндегі қақпақтай кең жауырыны күжірейіп
тартып барады. (Ә.Н.) Рас, ол кісі мойнында кегін жібермейтін жау. (Ә.Н.)
Ендеше, өмір мен өлім сияқты қараңғы мен жарық та кезек жеңіп, тірлік үшін
бұлар да тартысып жатады. (Ә.Н.) Шамасы, сірә, бұл ат та Кәлен қолынан
шыққан болар деп ойлады. (Ә.Н.) Рас, түн ішінде адасып кетуі де кәдік еді,
бірақ Танабай бұл жерлердің ой-шұқырын бұрыннан бес саусағындай білетін,
тек ат шыдаса болғаны. (Ш.А.) Бәлкім, ол жорғаға мінгісі де келмеген шығар.
(Ш.А.) Рас, Танабай әлі әрі-сәрі, бірақ Шора көндіретінін іші сезеді, бұ жолы да
Шораның айтқанынан шыға алмас. (Ш.А.) Әлбетте, мал болған соң, шығынсыз
болмайды. (Ш.А.) Шынында, Сарыбек бүгін әдейі бел шешіп салғыласуға
кіріскендей, досының да, басқалардың да беделіне қарамай сөйлеп тұр. (Ш.А.)
Жалғыз тісінің өзі найзадай болып бес-алты метрге салбырап кеткен кереметтен
қорықпауға болар ма екен, сірә? (С.Ш.) Оның білдіруінше, бұл адамдар
арасында тағы да бітпейтін кесір дау бар. (М.Ә.) Міне, жайқалған егін арасынан
әлдебір төмпелер қылаң береді. (С.Ш.) Қысқасы, бір құдіретті қолдың күшімен
үй де, күн де өзгеріп, айрықша нұрланып кетіпті. (С.Ш.) Сөйтіп, осы белдің
ойына қарай құлай бергенде, жорға Жұмабай арт жағынан, сол иығы тұсынан
тасырлатып кеп қосылған бір дүсірді есітті. (М.Ә.) – Әділет, сенің ойыңша,
біреудің басына күн туса, соның орнын тартып алу ғой? (М.Ә.)
143-жаттығу. Өздеріңіз сүйіп оқитын ақындарыңыздың өлеңдерінен
қыстырма сөздер кездесетін өлең шумақтарын көшіріп жазыңыздар.
Мысалы, Аспан тұр, міне, күркіреп,
Шөміш қақ, әже, ырымдап.
Көктер ме егін дүркіреп,
Көк биең аман құлындап. (М.Мақатаев)