Түйе атауымен келген ЗА: Ақтайлақ, Атанбек, Бозтайлақ, Бошалақ, Бозінген, Бозымгүл, Боздақ, Бура, Жүзтайлақ, Қоспақ, Нарпатша, Наркескен, Нұқатан, Інгенбай, Ойсыл, Өркеш, Түйебағар.
Түйе – шөлге төзімді, көш - қонның көлігі, көш керуені, «дала кемесі» атанған. Түйенің асыл тұқымдыларын нар, мая, жампоз деп атайды. Нар – жалғыз өркешті, асыл тұқымды түйенің ірі түрі, күштілік, мықтылық, батылдық, қажымастықтың символы. Қоспақ – айыр түйемен нарды будандастырудан алынған түйе тұқымы, батыста жиі қолданылатын бураның бір түрі. Орал өңірінде ақылсыз, ақымақ адамдарды қоспақ деп атайды. Себебі қоспақ басқа түйелерге қарағанда самарқаулау, ауыр қозғалады.
Түйеге тән денотаттық мағына – жуастық, самарқаулық, жалқаулық.
Үй жануарлары мен хайуандары аттарынан жасалған ЗА: Шошқа(евич), Тайқар, Күребай. Бұлардың ішінде ең көбі итке байланысты аттар: Ақкүшік, Арсалаң, Барақ, Доңызқұл, Домбай, Есекбай, Итаяқұлы, Иткүл, Итбай, Итқара, Итқұл, Итбас, Итемген, Иткөз, Иттұмсық, Итуахи, Итбақбас, Күшіген, Күшікбала, Көпек, Төбет, Үрген, Құтпан, Қызылтазы, Құмай, Тазыбайдың Қаншығы т.б.
Б.Бордо айтқан екен: «Адамдарды тани түскен сайын иттер туралы ойлаймын». Ұлы ақын Абай өзі жақтырмаған нәрсесін «ит» деп атаған. Қазақ иттің психологиясын басқалардан анағұрлым көп біледі, итті ауызға бұрын алады, итке деген танымдық көзқарасы бөлек. Тілімізде бейпіл ауыз адам туралы «аузынан ақ ит кіріп, қара ит шықты» деген сөз бар. Жыл туралы бір мәліметте ит жылының әр түсті иеленетіндігі жазылған: 1994 жылы –көк ит, 2006 жылы – қызыл ит, 2018 жылы – сары ит, 2030 жылы – қара ит.
Қазақ есімдерінің тарихына жан-жақты этнографиялық талдау жасаған ономотолог-ғалым Т.Жанұзақов: «Қазақтың ен даласы мәдениет пен тіл бірлігі, әдет-ғұрып, салт-сана тұтастығының негізі. Мыңдаған кісі аттары түрлі әдет- ғұрып, салт-сана, наным-сенім, жол-жоралғы дәстүрлерге байланысты қойылып отырған. Мысалы Итбай, Итбас, Күшік, Барақ деп ат қою дәстүрге айналған»дейді.
Барақ есімінің алғашқы мағынасы көне түркі тілінде ‘сабалақ, жүндес, аңшы ит’ дегенді білдірсе, қазіргі тілімізде ‘барақ ит’ деп сол күйінде қолданылады. Оның шығуы көне дәуірдегі тотеммен байланысты. Алайда антропоним ретінде туынды мағынасы басты назарда ұсталады. Б.Досжановтың айтуынша, «Соңғы ғасырларда тарихта болған Би Барақ, Барақ хан, Барақ сұлтан, Көкжал барақ секілді адамдардың атағы басым түсіп, бұл аттың әуелгі ит мағынасы солғындап, жақсы мағынаға ауысқан» [Б.Ә.Досжанов, 2001; 9-б].
Қазақ ұғымындағы «итжанды мықты, жаны сірі адам» деген түсінік ертеден келе жатқан ит атын қою ырымымен байланысты болса керек. Т.Жанұзақов мұның негізі сыры итті тотем ретінде қастерлеуден туған болар деп түсіндіреді [Т.Жанұзақов,1965; 45-б] және тіліміздегі адам есімдерінің атауының сырында ұлттық ғұрыптардың жатқанын дәлелдейді.
Итжеккен деген кейіпкер атының семасын талдар болсақ, итжеккен ‘алыс, ұзақ жер’ мағынасын білдіреді. Сөздің пайда болуына Қиыр Шығыста, Чукоткада тұратын халықтардың көлік ретінде ит жегетіндігі уәж болса керек. Халық танымында ит семасы алыстықпен, қашықтықпен тікелей байланысты. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген мақалда иттің адам көрмейтін, алыс жерге кететіндігін білдіріп тұр. Тағы бір мағынасы «ит жеккенге айдалу» жер аудару немесе жат жер дегенмен пара пар.
«Әдебиеттен тілді бөле қарау «ала қойды бөле қырқу» тәрізді ғой. Бұл екеуі бірінсіз бірі күн көре алмас керек. Сондықтан да біз әдеби әсерді айтқанда, тілге тіреліп, ал тіл қорын зерттегенде, әдеби туындыларға сілтеп отырамыз» [С.Талжанов, 1978; 36-б] ,– деп С.Талжанов айтқандай, көркем мәтіннен үзінді келтіреміз.
Зерттеуде қазақ әдебиеті бойынша жиналған материалдың тілдік табиғатын тануда әдебиет – тіл – сатира-юмор үштігімен ұластырдық. Белгілі сатирик С.Кенжеахметовтің сатиралық туындысында ит атауына байланысты қойылған Итбай, Итемген, Иткүл деген кейіпкер аттары бар. «Бұл қатынның шешесі итжерік күйінде ит жылы туыпты. Кіндігін Итбайдың кемпірі кесіп, Итемген шал атын Иткүл қойыпты» [С.Кенжеахметұлы 2003; 11-б] .
Достарыңызбен бөлісу: |