Қожанасыр–Алдар көсемен қатар жүретін күлдіргі бейне. Бірақ екі бейненің халық танымында сомдалуы мен күлдіруінде айырма бар. Халық Алдар әңгімелерінде басқаларды Алдар арқылы мазақтатып, өшін алып отырады. Қожанасыр әңгімелерінде өзі аңғал, аңқау, әпенде болып көрінеді. Қожанасырдың аңқаулығының ар жағында тапқырлық пен қуақылық, ащы мазақ пен мысқыл тұрады. Жазушы М.Әуезов: «Қожанасырдың өз басы қазақ емес және әңгімелері де әуелде қазақ ортасында туған әңгіме емес... Қожанасыр әңгімесі – көршілес өзбектен ауысып келген «қыдырынды әңгіме». Әңгіме көбінесе Қожа Насырдың шаһарда тұратындығын айта отырады» дейді [М.Әуезов, 281]. Демек, академик М.Әуезов «қыдырынды әңгімелер» отырықшылық, қаламен байланысты туғандықтан, Қожанасыр қазақтікі емес деп отыр. Біздіңше, Қожанасыр – өзбек, тәжік, азербайжан тәрізді түркі халықтарына ортақ кейіпкер. Оның іс-әрекеті, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы күлдіргі болса да, әңгімелері ғибрат-үлгі, сабақ аларлықтай. Қазіргі қолданыста оның аты апеллятивтенген, себебі әпенділеу, аңқаулау немес сөз тапқыш адамды, «өзі бір жүрген Қожанасыр екен» деп жатамыз.
Бес ғасыр жырланған жыраулық поэзия да сатира мен юмордан алыс болған жоқ. Мәселен, Ақтамберді, Тәттіқара, Бұқар жырау, Шал ақындардың т.б.туындылары сын-сықақ, мінеу-сынау, шенеу т.б сатираның элементтерінен құралақан емес. Біз олардың өз есімдерін өлеңге қосқан тұстарын ғана бөлек беріп отырмыз.
Құлыншақ ақын: – Майлықожа дегеннен май болмадың, Елді қыдырып жегеннен бай болмадың, – дегенде,
Майлы: – Сенің атың қойылған Құлыншақ деп, Не жабағы, не дөнен, тай болмадың, – сөзді жалғап кетеді.
Ақтайлақ пен Балпықтың сөз қақтығысуларында өз есімдері қоланылады.
Балпық: – Сені мен Ақтайлақ екен десем, Боз тайлақ екенсің ғой. Ақтайлақ:
Сені мен Балпық екен десем,
Ақылы жоқ тантық екенсің ғой, – деп қақтығысқан екен. Бұлардың ішінде қазақ сатирасын ерекше белеске көтерген – Абай. Ол өз сатирасында қазақ еліндегі барлық жағымсыз құьылыстарды ащы сықақтады және олардың образдарын жасады. Абай өз дәуірінің қатал сыншысы және қоғамдағы кемшіліктердің міншісі болды.
Әйелің – Медет қызы аты – Өрім,
Айына бір жумайды беттің кірін.
Ер кезек кер жігітке үшке дейін,
Бір боқты тағы бас та және сүрін ,– деп өрім деген сөзді пайдаланып, үсті-басының өрімдігін, әйелдің ластығын, настығын, мысқылдайды.
ХХ ғ.басындағы ақын-жазушылардың қайсын алсақ та, сатиралық шығарма жазбаған не сатиралық сарынды қолданбаған қаламгерер кемде-кем. Бұл туралы «Жүз жылдық кейіпкерлер» деген тараушада арнайы сөз етіледі. Қазақтың юморын, әзіл-қалжыңын еш халықпен салыстыруға болмайды. Қазақ тіліндегі сатиралық-юморлық поэтонимдер қазақ танымында өз әлемін құрап, сол әлемнің тілдік көрінісін бере алады, әртүрлі қаламгерлердің не белгілі бір автордың туындыларының идеялық мазмұнын байланыстырушы рөл атқарады. Күлкінің қоғам мен адам өмірінде алатын орны ерекше. Әрбір халықтың күлу ерекшелігі бар, күлкісі – туған тілінде. Қазақ күлкісі – халық болмысы.
А.Байтұрсынов қазақтың әзіл-сықағын «Күліс» деп атап, күлкіні екіге бөледі: 1.шын күлкі; 2.сын күлкі. «Шын күлкі шаттық үстінде, көңіл қоштанғанда келетін күлкі. Сын күлкі нәрсе көңілге күдікті, ерсі көрінген уақытта келетін күлкі. Адам ауырлайтын да, ауырламайтын да күлкі бар. Ауыр күлкінің аты – сықақ қулық болады. Ең жеңілі ойын сөз, оны әзіл деп атаймыз» [А.Байтұрсынұлы,1989; 292-б].
Сатира зерттеушісі М.Тілеужанов күлкі түрлерін былайша жіктеген: қалжың күлкі, әзіл күлкі (юмор), мысқыл күлкі, улы күлкі (сарказм), кекете-мұқата күлу (издевка), қағыта, шеней, оспақтай күлу (пародия), келекелеп күлу (ирония), мазақтай күлу, мошқау күлкі (насмешка), езу тарту (улыбка), жеңіл күлкі (шутка). Ғылыми ортада «күлкі терапиясымен» танымал, «күлкі коллекционері» академик Шора Сарыбаев қазақтың күлкі түрлерін жіктеп-жіліктеп, 80-дей түрлерін тауыпты. Қазақ басқа да түркі тілдеріндегі күлкіні фоносемантикалық тұрғыдан алғаш талдау жасаған профессор К.Ш.Хұсайынның еңбегін атауға болады. Жоғарыда келтірілген күлкінің түрлерінің қыр-сыры мен алуан түрлі сипаты сатира мен күлкі құбылысының табиғатын ашуға көмектеседі. Тіліміздегі осы жанрға байланысты комизм құбылысын зерттеген Салихова «юмор – комизмді, ал сөзтапқырлық талант пен юморды туғызады» дейді.
Юморист С.Кенжеахмет «Күлкі – күштінің құралы. Күлдіру мен күлкінің құрал-саймандары: әзіл, қалжың, мысқыл, әжуа, келеке, келемеж, шымшыма, шаншыма, сықақ, сөзбен шұқу, ілу, қағыту. Күлкінің мың түрлі себебі бар да, үш түрлі қасиеті бар. Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкі болу – өлім» [С.Кенжеахметұлы,2003;2-б]. Сонымен, сатира, юмор дегеніміз адам баласының алуан түрлі сезімдері мен қабілет-қасиеттерімен, әлеуметтік тұрмыс күйімен, қоғамдық ортасымен тікелей байланысты.
Мысалы, Бесбике (К.Әмір-Бек), Зымзия, Шүшира (О.Әубәкіров), Зілғайша, Шишагүл (Қ.Демеубергенов), Сипагүл, Желдігүл (Е. Жаппасұлы), Әлду, Бәлду (С.Кенжеахметов), Тіріжан, Тістібақа, Жыпбике (Б.Қыдырбекұлы), Сұрсұлу (Ғ.Қабышұлы), Әпитөк, Гүлжапырақ (А.Наймантаев), Зузула, Күлімкөз (Ш.Смаханұлы), Зымыра, Гүбі (У.Уайдин), Қырықсақина (Ш.Хұсайынов) т.б.
«Сатира, юмор – әрі көңілді, жеңіл, әрі зілді, қуаныш, ренішке бейім өнер» [Т.Қожакеев, 197;16-б], сондықтан оның әрбір кейіпкер атында эстетикалық, эмоциялық т.б. деректерге бай болады. Сол себепті оның кейіпкерлері әзілқой, қалжыңқой, мысқылшыл, қағытпа, сыншыл болып келеді.