Р. А. Авакова филология ғылымдарының докторы, профессор


Түр-түстің кейіпкер аттарындағы символдық таңбасы



бет91/111
Дата22.09.2022
өлшемі0,6 Mb.
#39921
1   ...   87   88   89   90   91   92   93   94   ...   111
Байланысты:
annotation30756

3.4 Түр-түстің кейіпкер аттарындағы символдық таңбасы
Табиғатта жай көзбен және арнаулы аспаппен көруге болатын 2 мыңнан 30 мыңға дейін түр-түс бар екен. Табиғатта кездесетін әр алуан түстің барлығы әрқашанда зат пен құбылыстың атауын бере бермейді. Олар кейде мүлдем түске қатысы жоқ мағыналарды білдіре алады. Әр халықтың, әр ұлттың жанына жақын, айрықша қастерлейтін өз бояуы, өз түсі болады. Ол сол халықтың табиғи болмыс-бітімі мен мінез-құлқынан да хабар беріп тұрады деп есептеледі. Академик Ә.Қайдар қазақ тіліндегі түр-түс атауларының тілдік негізі, пайда болу жолдары, түр-түс атауларының субстантивтенуі (заттануы) мен символдық ауыс мағынада қолданылуын «көп дәстүрлі танымға байланысты мәселе» ретінде қарайды [141,33].
Түр мен түстің тура мағынасынан басқа ауыспалы, қосымша ақпарат беретін символдық мағыналары да болады. Түстердің діни мағыналары да бар, ақты – христиандар, жасылды – мұсылмандар, сарғыш қызылды – буддаға табынушылар қасиет тұтады.Алдымен атаудың өзін ұғыну үшін символға берілген анықтамаларды саралайық.
Әдебиетте символ дегеніміз – «ойды астарлап, басқа нәрсені суреттеу арқылы жасалатын нақтылы сипаты бар балама бейне»[175,299]. Символ туралы герменевтика (гр.hermeneutіke «мәтінді түсіндіру өнері») [17,77] ғылымының өкілі П.Риккер былайша түйіндейді: «называю символом всякую структуру значения, где один смысл – прямой, первичный, буквальный означает одновременно и другой смысл – косвенный, вторичный, иносказательный, который может быть понять лишь через первый» [176,8].
Тіл мен таным процесінің ара қатысын когнтивтік тұрғыдан зерттеген ғалым Қ.Жаманбаеваның еңбегінде символ мәселесі мейлінше терең қозғалды. «Ішкі терең қажеттіліктер символдар арқылы оянады. Бұл процесс санаға эмоция арқылы белгілі болады. Енді өз кезегінде сана ішкі қажеттілікті қанағаттандыру үшін қайтадан символдар дүниесіне жүгінеді. Сөйтіп, терең негізі бар қажеттіліктердің сипаты символдар арқылы анықталады» [177,8] деп санадағы образ сөзбен берілетінін айтады.
Тілдік символдардың табиғаты осы анықтамаға жақын келгендіктен, ары қарай тарата беруді жөн санамадық. Символдық мәнге ие түр-түс атауларының табиғаты ерекше: ол ерекшелік – халықтың түр-түсті тануы мен баға беруінен, яғни ұлттық-танымдық мегзеу, ауыс мағыналарды меңгеруінен көрінеді.
Тіл-тілдегі түр-түске қатысты символдық мағыналар белгілі бір ұлттың мәдени құндылықтарына байланысты ұлттылығымен ерекшеленеді.
Түр мен түстің табиғатын зерттеген ғалым Н.Б.Бахилина былай дейді: «В художественной литературе цветообозначение используется в качестве эпитета, поэтому важно не точнее определение цвета, а то, что бросается в глаза, на то хотелось бы обратить особое внимание» [178,265].
Түр мен түске қатысты жасалған есімі езу тартқызып, күлкі шақыратын, аты ашу туғызып, қабақ түйгізетін, күлкілі кейде кекесін мағынадағы аттар: Ақбалдақ, Ақдолы, Ақжаулық, Ақима, Ақтуша, Ақмағанбет(ов), Ақиған, Ақсақал(ов), Ақсом, Аққисым, Ақтайлақ, Ақкөз, Ақкөңіл, Ақкемпір, Аққыз, Ақжем, Ақтабанов, Ақторсық, Алабас, Албике, Алайкөз(ов), Арамқара, Бозінген, Бозтайлақ, Бозғылт, Боздақ, Дәуқара, Жағал, Көкжал, Көкжаулық, Көкіман, Көкібай, Көкми, Көкаяз, Кекала, Көкірек, Көкқасқа, Көкдолы, Көксау, Көктиын, Көкаяқ, Көкқасов, Көкшақа, Көкбайтал, Күкіртсары, Күреңкөз, Қарақатын, Қарабай, Қаракөріпкел, Қарабұқа, Қаракемік, Қарашаруа, Қарабет, Қабанқара, Қарашал, Қарабек, Қарасарт, Қарин, Қызылкөзұлы, Қызылтазы, Қошқыл, Қоңырқұлжа, Месқара, Саршолақ, Сары Шая, Сарыбас, Сарсақал, Саразбан, Семізқара, Сұраман, Сұрсұлу, Сұрқияқыз, Ұйқысары, Үкісарықыз, Шабдарұлы, Шиқара, Шұбарбай, Шикіл т.б
Кейіпкер аттарының құрамында түр-түстің түрлерінің сандық көрсеткіші төмендегідей: ақ түс–27, қара–22, көк–16, сары–15, сұр–7, қызыл–5, боз–5, қоңыр–3, жирен–2, ала–4 рет, шағыр, төбел, шұбар, жағал, қу тәріздес түс аттары жалқыдан ғана кездесті.
Ақ. Ақ+боз(ов), Ақ+балдақ, Ақ+долы, Ақ+қас, Ақ+жаулық, Ақ+жолтай, Ақ+и+ма, Ақ+теңге, Ақ+туша, Ақ+мағанбет, Ақ+сақал(ов), Ақ+сом, Ақ+патша, Ақ+сары, Ақ+қисым, Ақ+көз, Ақ+күшік, Ақ+көңіл, Ақ+кемпір, Ақ+шал, Ақ+қу, Ақ+сүйрік, Ақ+тайлақ, Ақ+қыз, Ақ+жем, Ақ+табан(ов), Ақиған, Ақ+торсық.
Ақ түс – қазақ ұғымындағы ең қасиетті түс. Сондықтан өзі ұнатқан зат пен құбылыс атауына «ақ» сөзін тіркестіріп отырған: ақ бата, ақ жүрек, ақ семсер, ақша бет т.б. Ақ түс қандай зат болмасын оң қасиеттерді символдауға бейім. Кейіпкер аттары ақ түстен жасалғанда, негізгі мағынасында және ауыспалы мағынада қолданылып, тазалық, даналық, ізгілік, бейбітшілік, жақсылық т.б. символдық мәні бар. Мысалы, Ақжаулық – отбасы, тұрмыс құрудың символына айналған сөз. Ақсақал – көпті көрген, ұзақ жасаған, көрген-түйгені мол қазақтың қарты.
Ақтабан. Жоңғар шапқыншылығына ұшыраған қазақ халқы тоз-тоз болып, босып кеткен тұс «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деп аталды. Осы кезде қазақтың ауыр халін бейнелейтін «Елім-ай» атты халықтық әні дүниеге келді. Осы тіл мен танымнан берік орын тепкен фактор поэтонимнің фондық семантикасын құрап ерекше ұлттық-тарихи рең береді.
Ақпатша. Тарихтан белгілі, Ресей империясын ХХ ғасырдың басына дейін Романовтар әулеті 300 жыл бойы билеп келді. Қазақ халқы хан, бек, төре тұқымдарын «ақ сүйек» деп атаған. Орыс патшасын «ақ патша» деп атауы осы санада қалыптасқан ұғыммен байланыстырамыз. Қазіргі кезде батыс өңірінде баланы еркелеткенде, ақ патшам дейді, яғни еркелету мағынасында жергілікті сөз ретінде жұмсалады.
Қара. Қара+балуан, Қара+бұқа, Қара+бай, Қара+жан, Қара+кемпір, Қара+қатын, Қара+қойшы, Қара+көріпкел, Асау+қара, Арам+қара, Дәу+қара, Тас+қара, Мес+қара, Қабан+қара, Қара+қыз, Қара+шал, Қара+домбай, Қара+бек, Қарин, Қара+молда, Қара+сарт+ов, Қара+шайтан, Қарала, Семіз+қара, Ши+қара, Шот+қара. Мысалдардағы СЮП-тер түр-түс атауларын білдірмейді, ономотолог Т.Жанұзақовтың пікірінше, қара сөзі түске байланысты мәнін жойып, басқа ұғымды білдіреді [179,86]. Академик А.Н.Кононов түркі тілдері материалы бойынша қара сөзінің 18 түрлі, ал академик Ә.Қайдар 30 шақты мағынасы бар деп есептейді.
Қара түсті ұлы Абай кеңінен қолданған: қара иісі, қара жұрт, қара тер, қара сөз, қара көңіл, қара жер дейтін тіркестер кездеседі. Сөз зергерлері М.Әуезов, Ә.Нұрпейісовтер де осы түсті ұнатқан.
Қарақатын «Қан мен тер» романындағы Ақбала мен Ақкемпірге барлық жағынан қарама-қарсы алынған, «аты құлаққа қандай жағымсыз болса, бар болмысы да солай оқып отырып, бойыңа әлдеқандай жағымсыз әсер құшағында боласың» деп ұнамсыз аттың дыбысталуында үлкен мән бар екенін айтады [33,95].
Қарашаруа. Қазан төңкерісінен кейін қарапайым еңбек адамдарын «қара шаруа» деп атау тұрмыстық ұғым ретінде пайда болды.
Ақ пен қара түс түркі тілдерінде көп мағыналы болып келетіндіктен, ерекшеліктері де аз емес. Біздің зерттеуімізде байқалған жайт – ақ түс анықтауыш (препозитив түрінде) – Ақдолы, Ақтеңге, Ақсом, Аққисым, Ақжаулық т.б, ал қара түс анықтауыш қызметінде (постпозитив түрінде) – Асауқара, Арамқара, Дәуқара, Итқара, Шотқара, Шиқара т.б қызметінде көбірек қолданылыпты. Орайы келгенде, айта кетейік, атақты Шыңғыс хан әскері жеңіспен оралғанда, ақ ту, шабуылға шыққанда, қара ту көтеріп, халықтың үрейін ұшырады екен.
Көк. Көк+аяз, Көк+долы, Көк+сау, Көк+шақа, Көк+тиын, Көкіман, Көк+жаулық, Көк+ми, Көк+жал, Көк+көзов, Ләйлі+көк, Көк+байталов, Көк+қасқа, Көк+шолақ, Көк+бейнет, Көк+тебай.
Көк түсінің «ҚТТС» -де негізгі үш мағынасы берілгенімен, түркі халықтарында көп мағыналы болып келеді, ол кезде көк пен жасылдың арасы, шегі ажырамаған. Айта кететін жайт, «жасыл» түсімен келетін кейіпкер аттары кездескен жоқ.
Жасыл сөзімен шынайы өмірде де есім қойылмайды. Мұны халықтың мифологиялық түсінігінің жемісі деп қарауға болар, өйткені жасыл түсті деген тіркес найзағай түсті дегенді білдіреді. Келтірілген мысалдарда «көк» түсінің символдық мағыналары жасықтық, шикілік, көнбістік, топастық, адуындылықты бейнелейді.
Сонымен қатар көк – тотемдік, шамандық түске де жатады. Мысалы қазақтарда көксау, көкжөтел ауруларын емдегенде, көкқарға, көгершін, көк ешкі, көк тананың етін беріп, көк мата ұстап қойса, ауру жазылады дейтін түсінік болған. Зеңгір көкті кие тұту дәстүрі халқымыздың көне тарихынан белгілі, түркі халқы көбіне көк шатыр тігіп, бектері көк түсті киінген. Кағанат жұртының көк түркілер атануы тәңірлік түркілер деген мағынаны білдіреді. Ерте заманда көк түстің тотемдік мәні болған, яғни көк түс – тәңірлік түс.
Сары. Сары+бас, Сары+күл, Сарғалдақ, Сары Уайым, Сар+шолақ, Сары Шая, Күкірт+сары, Үкі+сары+қыз, Шикіл, Ұйқы+сары, Судыр Сары, Саразбан, Сар+сақал, Сар+молда, Сарғыш+баев.
Сары түстің о бастағы мағынасы күннің, оттың, алтын, жез сияқты металдарға байланысты қалыптасқан. Кейіпкерлерді жасаушы қаламгерлер табиғаттан, өмірден алшақ кетпеген. Күнделікті сөйлеу тілінде сары гүл, сарғалдақ, сары шолақ, сары қыз кездеседі. Келтірілген кейіпкер аттарында сары түстің негізгі мағынасы басымдырақ байқалады да, символдық мәні солғындау көрінеді. Жалпы сары сөзі көбінесе табиғат құбылыстары мен адамның ішкі көңіл күйін көбірек білдіреді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   87   88   89   90   91   92   93   94   ...   111




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет