Сары Уайым > сары уайым тіркесіндегі сар сөзі парсының уайым-қайғы мағынасын береді, екі сөздің қабаттасып айтылуы тілде плеаназм деп аталады. Қызыл. Қызыл+бай, Қызыл+бек, Қызыл+көзұлы, Қыз+ғалдақ(ов), Қызыл+тазы, Ал+бике. «ҚТТС «-де қызыл түстің жеті мағынасы берілген. Соған қарамастан қызыл түспен аттар аз кездесті.
Тілімізде қызыл көз, қызыл шеке, қызыл көз, қызыл өңеш, қызыл тұмсық деген ТТ-дің мағыналарына қарағанда, қазақ қызыл түсті онша ұнатпаған. «Қызыл» сөзі Қазан төңкерісінен кезінде «революционер», «советтік адам» деген сөздердің орнына қолданылды. Сол кезде «қызыл» сөзі ақын-жазушылар символдық мәнде көп қолданған сөзге айналды. Мысалы, қазақ әдебиетінің Құлагері І.Жансүгіров – қызыл қылыш, қызыл нұр, қызыл ұя, қызыл шұға, қызыл жайнақ, қызыл кеңірдек, қызыл өңеш, қызыл тұмсық, «тар жол тайғақ кешкен» дауылпаз ақын С.Сейфуллин қолданысында – қызыл күн, қызыл шапан, қызыл әлем, қызыл батыр, қызыл әскер, қызыл сұңқар, қызыл арба, қызыл сарай, қызыл ат тіркестері ауыс мағынаға ауысып, инверсияланып кеткен.
Боз. Боз+дақ, Боз+ымгүл, Боз+тайлақ, Боз+інген, Боз+ғылт. Қарап тұрсақ, бұл аттардың түйе малына қатысты жасалғанын байқау қиын емес. Боздақ – ботаның жақ жүні, жас жігіттер жөнінде де айтылады. Бозым – айыр өркешті түйе, қазақ ардақты адамдарын да бозым деп атайды. Боз түс – қазақ ұғымында киелі түс. Эпостық жырларда айтылатындай, батырлар ақ боз ат мініп, боз киім киген. Қазақ ғұрпында той-садақаға боз ат, боз қасқа қой сою салты болған. Бұл түстің символдық мәні мистикалық, магиялық, діни сипатқа көбірек келеді.
Сұр. Сұр+ғаш, Сұр+қай, Сұр+қия, Сұр+сұлу, Сұр+аман, Cұрмерген, Сұр+пақбай, Сұр+жебе. Сұр түс боз түсімен танымдық тұрғыдан шамалас, яғни қуқыл, бозғылт болып келеді. Сұр сөзінен жасалған кейіпкер аттарында сұрқиялық, ұрлық, қаталдық, алдау семасы, символдық мағына жатыр деуге негіз бар.
Ала. Ала+бас, Ақ+ала, Кек+ала, Қара+ала, Ала+көз(ов). Ала түс – ақ түс тобы (ақ, боз, сұр, қызба) мен қоңыр түс тобындағы (торы, кер, күрең, баран т.б) реңктерінің араласуынан пайда болған. «Ала сөзінің көне семантикалық қолданыстарынан біраз этнографиялық мәдени ақпараттар табылады» [180,252], – деп көрсетеді лексиколог-ғалым Р.Н.Шойбеков.
Түстің ала-құла әр тектес болып келуі олардың мағыналық жағынан да шеңберінің кеңеюіне, неше түрлі ауыс мағынада қолданылуына негіз болған.
Мағынасы бұлыңғыр талай сөзді «сөйлеткен» академик Р.Сыздықова ала сөзі «ат», оның ішінде азбан ұғымында жиі кездесетінін [75,28] айтады.
Бұл түсті қазақ онша ұнатпаған, тілімізде «ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас» деген мақал бар. Қазақ өмірі, тұрмыс-тіршілігі малмен тығыз байланысты болғандықтан, малдың жүнінің аладан гөрі бірыңғай ақ не қара болғанын қалаған. Ала көз, ала көңіл, ала құйын, алаяқ тіркестерінің семасында «келіспеушілік, өшпенділік, араздық» сияқты символдық мән жатыр. Сатириктер малға, оның ішінде төрт түліктің әрқайсысының өзіне тән түс болатынын ескере отырып, кейіпкерлердің бойынан дәл сондай малға ұқсас мінез-құлқын беру үшін түр-түс атауларын кейіпкерге лайық қоя білген. Бірақ бұлар малға байланысты айтылатын түр-түс болғандықтан, өмірде адамға қатысты айтылмайды, «түстік ұқсастық болса да, тектестік жоқ» деген бар [141,88 б].
Жоғарыда азды-көпті сөз етілген негізгі түстерден басқа Жирен(ов), Жиренше, Қошқыл, Бөрте, Құбақан, Қу, Жағалша, Төбел т.б. түр-түс аттары жалқыдан кездесті.
Қоңыр. Қоңыр, Қоңыр+құлжа, Күрең+көзов. «ҚТТС»-де қоңыр сөзінің үш мағынасы берілген. Қоңыр – қара мен қызыл аралығындағы қою күрең түс, ауыспалы мағынасына онша мәз емес, жұтаң, кейіпкер аттарында қарапайымдылық, салқындылық, жайбарақаттық семасы жатыр. Сөз зергері Ғ.Мүсіреповтен қоңыр үй, қоңыр күй, қоңыр сәуле, қоңыр көлеңке, қоңыр тұрмыс, қоңыр ой деген қолданыстар бар.
Түр-түс әлемін тіл әлемімен байланыстырған Ә.Қайдар «осы түсті қолданып отырған қаламгердің өз басына тән психологиялық, эстетикалық, творчестволық ерекшелігі, сондай-ақ дүниетанымы, ой толғанысы, мінез-құлқы көңіл-күйі т.б қасиеттері тұруы сөзсіз» деп тұжырымдайды.
Түр-түске қатысты аттар ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, рәсім, ырым, наным-сенім, мифтік түсінік, дүниетаным, бір сөзбен айтқанда, ұлттық бояуымен ерекшеленеді. Кейде сол түсті қолданушы қаламгердің ішкі дүниесі де қылаң беріп қалады. Осылардың бәрін бір адамның бойына сиярлық етіп шебер суреттеудің негізінде сол адамның образы біздің көз алдымызда тұрады. Қаламгерлер ойды қысқаша жеткізу, айтайын дегенін нақты дәл беру, оқушының ой-сезіміне әсер ету, көркемдік сипатпен жеткізудің негізгі бір тәсілі ретінде, яғни экспрессивті-эмоциялы мәнде әдейі түстерді қолданған деп қорытынды жасауға болады.
Тіл феноменін – тіл әлемін академик Ә.Қайдар «этностың өзін танып білудің қайнар көзі, біліктіліктің кәусар бұлағы» [141,11] десек, осы ұғымның ауқымына бәрі сыйып тұрғандай