ИМПЕРАТИВ (лат. imperativus – бұйрықты) – адам, қоғам, мемлекет әрекетінің сипаты мен мазмұнын анықтайтын жоғарғы талап, маңызды принцип. Сонымен бірге, қоғамдық өмірдің әртүрлі салалары мен қызметтерін реттейтін құқықтың анықтаушы нормасы. Экономикалық И. – табиғатпен қарым-қатынастың тиым салынған шегі, қандай жағдай болғанда да одан өтуге адамзат қауымдастығының құқы жоқ.
ИМПЕРИЯ (лат. imperium – толық қанды билік, өкілеттілік) – тарихта И. деп басшысы император атағын алған монархиялық мемлекетті (Қасиетті Рим и-сы, Ресей и-сы және т.б.), сосын отарлық жүйесіне ие болған мемлекеттерді (Британия и-сы, Португалия и-сы) айтады. Күнделікті өмірде «И.» термині күшті орталыққа бағынған, үлкен аумақты қамтыған саяси жүйені белгілеу үшін пайдаланылады. Бұл монархиялық билік жүйесі орнаған мемлекеттер мен территорияларға бір адамның, императордың шексіз билігін білдіреді. Сонымен қатар «И.» терминін әлемнің барлық аймақтарында саяси және экономикалық үстемдігін жүзеге асыра алатын мемлекеттерге қатысты қолдануға болады (қазіргі АҚШ пен бұрынғы КСРО).
ИМПЛИЦИТТІК (лат. Implicite – шатысқан, шырмалған, анық емес) – логикалық және әдістемелік әдебиеттерде ұғымды «имплицитті болатын», «имплицитті анықталған», «имплицитті кіргізілген» деген сөз тіркестерінде жиі қолданылады. Сөздің астарына байланысты оның әртүрлі мәні болады. Мысалы, салыстырмалы берілген ой жүгіртулерде түсіп қалған, бірақ сөйлемде оның бар екені жобаланған сілтеме туралы, ол осы ой жүгіртуде имплицитті болады деп айтылады. «Имплицитті анықталған» сөз тіркесі, мәні тікелей көрсетілмейтін, сөйлем немесе сөйлемдер арқылы белгілі бір терминнің мәні тікелей тура ашылмайтын кейбір ой жүгіртулер жүйесінде бүтіндей алынған осы теорияда және т.б. белгілі бір терминнің мәні жанама түрде ашылатын терминдерге қатысты қолданылады.
ИМПРОВИЗАЦИЯ (лат. improvisus – күтпеген, кенеттен суырып салу) – өнер түрлерінде (поэзия, драма, музыка, хореография) кездесетін көркем шығармашылықтың ерекше түрі. Мұнда шығарма өзінің орындалу үдерісінде пайда болып, бірден орындалады. Қазақ халқының суырып салма музыкалық өнері ежелгі замандардан белгілі. Халық шығармашылығының (өлең-жырлар, күйлер) ұрпақтан-ұрпаққа ауызша берілуі, оларды есте сақтаған әншілер, күйшілер, жырау-жыршылардың И. элементтерін пайдалануына мүмкіндік жасады. Музыкалық ойлау түрлеріне, қалыптасқан дыбыс ырғағына сүйенген олар, музыка өнерін еркін түрлендіріп, музыка өнерінің дамуына, жаңаруына ықпалдарын тигізді. Елімізде халық қолдауына ие болған суырып салма ақындар айтысы осы уақытқа дейін жалғасын тауып келеді.