Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Ежелгі көшпелілер дүниетанымы. Т 1. Астана: Аударма, 2005
ҚАСИЕТТІ (лат. sacrum– қасиетті) – барлық аса киелі құндылыққа, мінәжатқа жататын нәрселер. Теологияда Қ. дегеніміз Құдайға бағынышты болу. Қ-тінің символы ретінде қасиеттеу рәсімі көрінеді, яғни күнделікті тіршілікке Тәңірілік, трансцендентті мағына беретін рәсім. Қасиеттеудің жүйесі төмендегі қосындылардан тұрады: а) белгілі қоғамға тән қасиетті ойлар құрамынан; б) осы ойлардың абсолютты ақиқаттығына сендіретін психологиялық тәсіл мен иландыру құралдарынан; в) арнайы таңбалар жүйесінен; г) арнайы ұйымнан; д) арнайы жүйені қалыптастыруға көп уақыт кетеді, ол өзіне өткен және жаңа пайда болған дәстүрлерді сіңіреді. Қасиетті дәстүрдің және қасиеттеудің өміршең жүйесінің арқасында дін немесе идея қоғамның барлық кеңістігіне тарап, әлеуметтік топтармен қатар барлық буындарды біріктіреді. Таңдаулы объект қасиеттелген кезде қоғам нақты болмыстан гөрі, оның шынайлығына көбірек сенеді. Сондықтан қасиеттеу рәсімін идеологияның ең басты құралы деп санауға болады. Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 4. Ислам философиясы. Астана: Аударма, 2005
ҚАСЫМЖАНОВ Ағын Хайроллаұлы (1931 – 2000). Философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың философия бөлімін 1954 ж. алғашқылардың бірі болып үздік бітіріп шығады. Университеттің аспирантурасын аяқтағаннан кейін 1957-1963 жж. ҚазКСР Ғылым Академиясының философия және құқық институтының кіші ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді. 1960 ж. Мәскеудегі КСРО Ғылым Академиясының философия институтында «В.И. Лениннің «Философиялық дәптерлерінде» диалектика, логика және таным теориясының сәйкестігі мәселесін байыптауы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1963-1966 жж. ҚазМУ-дың доценті. А.Х.Қ. Мәскеу қаласында 1969 ж. «Диалектиканың логикалық аспектілері» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. 1970 ж. ҚазКСР Ғылым Академиясының ең жас корреспондент-мүшесі болып сайланады. Осы жылдары А.Х. Қ. жетекшілігімен әл-Фарабидің философиялық, әлеуметтік-этикалық, логикалық трактаттары алғаш рет араб тілінен қазақ және орыс тілдеріне аударылып, жарық көрді және ғылыми айналымға енді. 1976-1977 жж. А.Х. Қ. ҚазМУ-дың философия және экономика факультетінің деканы, 1977-1983 жж. ҚазМУ жанындағы жоғарғы оқу орындары оқытушыларының біліктілігін жетілдіру институтының директоры, 1983-1986 жж. ҚазМУ-дің философия тарихы және логика кафедрасының меңгерушісі. 1993 ж. А.Х. Қ. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің жанында «Әл-Фараби және қазақ халқының рухани мұрасы» атты республикалық ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік орталығын құрып, ұлы ғұлама-ойшылдың мұраларын түбегейлі зерттеуге жол ашады. 1996-1997 жж. Фулбрайт қорының шақыртуымен А.Х. Қ. Оклохома Мемлекеттік университетінде (АҚШ) «Дала өркениеті», «Орталық Азия мәдениеттануына кіріспе» атты тақырыптарында дәрістер оқиды және Стил-Уотерде (АҚШ) «Ортағасырлық мәдениеттің қайта жаңғыруы» атты халықаралық ғылыми конференцияны ұйымдастырады. А.Х. Қ. 1994 ж. бастап 2000 ж. дейін ҚазҰУ-дің философия және саясаттану факультетінің философия және әлеуметтік таным әдіснамасы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Негізгі еңбектері: «Аль-Фараби в истории культуры» (1975), А.Ж. Келбұғанов, К.М Сатыбалдинамен «Круги в познании: ленинское учение о единстве исторического и логического» (1977), А.Ж. Келбұғановпен «О культуре мышления» (1981), «Аль-Фараби» (1982, 1997), «Қазақ» (1993), «Портреты: Штрихи к истории Степи» (1995, 1997), «Стелы Кошо-Цайдама» (1998), «Портреты. Степь глазами извне: от Геродота до Гумбольдта» (2001) және т.б.
Қоғам. Кең түрде алғанда, Қ. деп адамдардың арасында қалыптасатын сан алуан байланыстар мен қарым-қатынастардың жиынтығын айтамыз. Ғарыштағы Жер бетінде өмір сүріп жатқан саналы пенде-адамдар бір-бірімен бірігіп, сан-қилы қарым-қатынастарға түсіп Қ-ды құрайды. Қ. ұғымының орнына көп жағдайда оған мән-мағынасы жағынан жақын категориялар қолданылады. «Ел» және «Қ.» категорияларын салыстырсақ, біріншінің географиялық жағы басымды. Мысалы, Қазақ елі – Азия құрылығының ортасында, мұхиттардан алыс орналасқан ел. «Қауым» және «Қ.» категорияларына келер болсақ, біріншіге жан-ұя, ру, тайпа, халық, ұлт секілді әлеуметтік ұйымдасу формалары жатады. Ал «мемлекет» пен « Қ-ды» салыстырсақ, – ол мұхиттағы айсберг сияқты: судың бетіндегі көрінетін алып мұздың кішкентай ғана бөлігі – ол мемлекет болатын болса, су астындағысы – Қ. Қ. өміріндегі сан-алуан қарым-қатынастардың ең негізгілерін ғана мемлекет заң арқылы ретке келтіре алады, қалғандары әдет-ғұрып, моральдық, эстетикалық, т.б. әлеуметтік нормалардың негізінде қалыпқа келеді. Сонау көне заманнан бері созылып келе жатқан үрдіс – Қ-дағы рухани, саналы байланыстарды негізгі деп есептеу. Өйткені, бір қарағанда Қ-ның жануар тобырынан айырмашылығы – ондағы рухтың пайда болып сол қоғамға тигізетін зор әсерінде болса керек. Қ. өмірінде өмір сүріп жатқан нақтылы тірі адам басқалармен саналы қарым-қатынасқа түседі. Ол өз алдына неше-түрлі мақсат-мұраттар қойып, оларды іске асыруға тырысады. Яғни, идея әрқашанда алда, соңынан ол іске айналады. Олай болса, Қ. өмірін анықтайтын – билік басындағы ұлы тұлғалардың саналы іс-әрекеті. Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008
ҚОҒАМДЫҚ САНА – қоғамның өзін-өзі, өзінің қоғамдық болмысын және қоршаған ортаны түйсінуінің (осознание) нәтижесінде пайда болатын қоғамдағы әртүрлі пікірлердің, теориялардың, идеялардың, діни сенімдердің жиынтығы. Ол қоғамдық болмысты бейнелейді, бірақ салыстырмалы түрде белсенді, яғни, қоғамдық болмысты бейнелеп қана қоймай, өзі де қоғамдық болмыстың дамуына белсенді әсер етіп отырады. Зерттеушілер қоғамдық сананың құрылымында қарапайым және теориялық, қоғамдық психология және қоғамдық идеология деңгейлерін, сонымен қатар, мынадай түрлерін: саяси сана, құқықтық сана, мораль, дін, өнер, ғылым және философияны атап көрсетеді. Қарапайым немесе әдеттегі сана – адамның қоршаған ортаны бейнелеуінің тарихи жағынан алғанда алғашқы тәсілі, қоғамның рухани өмірінің ажырамас бөлігі. Кейбір ойшылдар қарапайым сананы тоғышарлық сана, жаңаға қабілетсіз деп, төмен бағалайды. Мысалы, осындай менсінбеушілік Гегельде кездеседі, бірақ ол қарапайым сана жалпыадамзаттық мәдениеттің байлығын игеруге талпынса, ғылыми деңгейге дейін көтеріле алады деп сенеді. Ал Кант қарапайым санаға құрметпен қарады. Шынында да, қарапайым сана нақты өмір сүріп отырған адамдардың, қоғамның құрамдас элементтерінің санасы, бір тұлғаның екінші тұлғадан айырмашылығын көрсететін және оларды бір қоғамдық тұтастыққа біріктіретін рухани микрокосм, адамдардың күнделікті өмірлерінің қарапайым уайым-қуаныштарының, үміттері мен түңілулерінің жиынтығы. Қарапайым сананы зерттеу арқылы қоғамның жалпы көңіл-күйі, тыныс-тіршілігі туралы мол мәлімет алуға болады.