Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ....,– деген өлең жолдарында Абайдың сыни этикасы көрініс тауып тұр. Хакім 34-ші қара сөзінде «Адам баласына адам баласының бәрі – досың, дейді. Абай қазақ этикасының түбегейлі ұстанымы – «Адам болуың талап-мұратын жоғары деңгейге қойды. Қазақ этикасын кәсіби деңгейге көтерген ұлы тұлға – Шәкәрім. Ол өзінің «Үш анық» атты еңбегінде этиканы «ар ілімі» деп атап, әдептанудың көптеген мәселелерін теориялық тұрғыдан талдады. Шәкәрім ар-ождан о дүниеде де бар және осыған сену имандылықтың түп-қазығын құрастырады дейді. «Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты», – дейді ғұлама. Ал әдеп жолы дегеніміз адам баласына пайда тигізу, жақсылық ету деп түсіндіреді. Ол үшін адам өз бойындағы кемшіліктерден арыла білуі керек, сөйтіп өз ар-ожданына кір келтірмейтіндей өмір сүруі қажет. Ар-ожданның мазмұнын нысап, қанағат, тәубе, әділет, намыс құрайды деп түсінетін ойшыл олардың мазмұнын кісілік қасиеттермен байланыстырады: Кісіге адамшылық неге керек, Адамдық – өзге айуаннан артық демек. Ит талаған төбеттей қалай дейсің, Аямай әл келгенін жұлып жемек. Қ. э-сы Кеңес өкіметі тұсында қайшылықты жағдайда дамыды. Социалистік құрылыс қазақы әдеп пен мінез-құлық жүйесіне теріс әсерлерін тигізді. Кең-байтақ жерді иемденіп келген көшпелілер табиғатынан ер мінезді, бостандық пен еркіндікті қастерлеген, өр тұлғалы қайсар халық еді. Тоталитарлық жүйе «жылқы мінезді» халықты момын «қой мінездіге» айналдырды. Шолақ белсенділер, «пысықтар», «шаш ал десе, бас алуға» дайын тұратындар пайда болды. «Адам – адамға дос, бауыр», «Барлық адам тең құқықты» деп ұрандатқанымен, қолында билігі барлардың арасында екіжүзділік, озбырлық, тамыр-таныстық, жүгенсіздік, парақорлық өріс алды. «Ортақ мүдде жеке адам мүддесінен жоғары» деген ұран адам еріктілігіне нұқсан келтірді, «қуыршақ адамдарды» көбейтті. Әкімшіл-әміршіл жүйе ескінің қалдықтарымен күресуді желеу етіп, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан әдеп құндылықтарын жойып жіберуге барынша тырысты. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп келген халықтың ішінен сан мыңдаған мәңгүрттер шықты. Әрине, бұл заманда қазақ этикасы таза құлдырау жағдайында болды деу cыңаржақтылық болар еді. Жалпы сауаттылықтың артуы, қалалардың өсуі, орыс тілі арқылы әлемдік рухани мұрамен таныса бастау әмбебап әдептілік жүйесін қалыптастыра бастады. Қазақстанда кәсіби философтарды дайындау ісі де жүргізілді. Бұл қазақ этикасын зерделеген кәсіби мамандардың пайда болуына оң ықпалын тигізді. Қазақстан әдептанушылары мораль философиясы және қазақ этикасының тарихы мәселелерімен шұғылданды (Ғ.Ғ. Ақмамбетов, А.Оразбеков, М.С. Бурабаев және т.б.). Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесін жаңғырту мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Қазақ философиясы мен мәдениеті тарихын зерттеуге арналған еңбектерде (А.Х. Қасымжанов, Ә. Нысанбаев, А. Қасабек, М.С. Орынбеков, О.А. Сегізбаев, С. Ақатай, С. Нұрмұратов және т.б.) Қ. э-сының ауқымды мәселелері көтерілді. Қ. э-сының басты мәселелері ретінде ұлттық әдеп жүйесін диахрондық және синхрондық талдау, ондағы дәстүр мен жаңашылдықтың арасалмағын айқындау, өтпелі қоғам мен ғаламдану жағдайындағы әдептік реттеу тетіктерін айқындау, нарық пен моральдың, табыс пен ізгіліктің арақатынасын айқындау, діни әдеп жүйесінің ерекшеліктерін сараптау, т.т. белгіленді. Қ.Ш. Нұрланова Қ. э-сына тән әсемдік пен ізгіліктің синкретті бірлігіне назар аударып, қазақтың ұлттық идеясы ретінде Жарық дүниедегі адами іштесуді атап өтеді. Ғ.Ғ. Ақмамбетов қазіргі өркениеттегі индивидуалистік ұстанымдардың маңыздылығына назар аударады. Т. Ғабитов этиканың жақсылық пен жамандық, әділеттік, ар, бақыт сияқты категорияларына философиялық талдау береді және әдептік-мәдени типтерге назар аударады. С. Мырзалы өз зерттеулерінде өтпелі қоғамдағы саясат пен моральдың ара қатынасын зерделейді. Мектептерде «Әдептану» пәнінің енгізілуі арнаулы оқу құралдарын қажет етті. Бұл пәнге байланысты қазақ тілінде алғашқы оқу құралдары жарияланды (Қ. Жарықбаев, Ж. Базарбаев, К. Оразбекова, т.б.). Қазақстан Республикасында нарықтық қатынастарды енгізу мен азаматтық-құқықтық қоғам құру міндеттеріне байланысты кәсіптік этикалық алғашқы зерттеулер жарияланды (С. Нұрмұратов, Ә. Нысанбаев, Ж. Молдабеков, Т.Ғабитов, Т.Нұрахметов және т.т.). Бұл еңбектерде еліміздегі моральдық ахуалға ғылыми талдау беріліп, өтпелі қоғамға тән ауытқушыл қылықтың өрістеп кетуінің себептері мен халықтың әдеп мәдениетін жоғары деңгейге көтерудің жолдары қарастырылды. Қ. э-сын заман талаптарына сәйкес қалыптастыру мен дамыту қазақ зиялыларының келелі міндетіне айналып отыр. Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т 12. Астана: Аударма, 2005:
ҚазаҚ эстетикасы адам мен әлемдегі әсемдік пен сұлулық туралы қазақ халқының ұлттық көркем мәдениетін зерттейтін философиялық пән. Эстетика термині ежелгі грек тілінен «сезінуші, сезімдік қабылдау» деп аударылады. Қазақ халқының қалыптасу барысындағы эстетикалық ой-пікірлерінің дамуы бірнеше кезеңдерден өткен. Халықтың эстетикалық құндылықтары алдымен фольклорда, тұрмыс-салт жырларында, аңыздары мен мифтерінде, батырлық және лирикалық эпоста көркем формада баяндалған. Қазақ эстетикасының келесі бір арнасы Қазақстан жерін мекендеген түрік тілдес ұлыстардың өзіндік мәдениеті, жазуы мен өнері болды. Көне түрік жазуындағы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде», Қожа Ахмет Иасауидің «Даналық кітабында», Ахмет Иүгінекидің «Ақыл сыйында», Сүлеймен Бақырғанидың «Хакім Атасында», т.т. эстетикалық мәдениет пен мұраттың түбегейлі мәселелері көркем суреттелді. Ислам Ренессансы эстетикасын қалыптастыруда қазақ топырағында дүниеге келген әл-Фараби ерекше орын алады. Ол өзінің «Музыканың үлкен кітабы», «Поэзия өнерінің каноны туралы трактат», «Поэзия туралы кітап» атты еңбектерінде эстетикалық болмыс пен таным туралы терең пайымдаулар айтты. Қазақтың төлтума эстетикалық мәдениеті хандық дәуірінде қалыптасты және ақын-жыраулар шығармашылығында өзінің шарықтау шыңына жетті. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар, Шал сияқты ақын-жыраулардың эстетикалық ізденістері көшпелілердің дүниені қабылдауын білдіреді және оған айрықша кісілік асқақтық тән: