Қр бғМ Ғк философия, саясаттану және дінтану институтының


Әдебиет: Антология французского сюрреализма: 20-ые годы. М., 1994



бет230/267
Дата20.09.2023
өлшемі1,22 Mb.
#109258
1   ...   226   227   228   229   230   231   232   233   ...   267
Байланысты:
Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)

Әдебиет: Антология французского сюрреализма: 20-ые годы. М., 1994.



СУЖИКОВ Марат Мұхамбетқалиұлы (20.09.1932 – 20.08.1995) – философия ғылымдарының докторы, профессор – 1932 жылы 20 қыркүйекте Астрахань облысында дүниеге келген. Ақтөбе қаласының мектебін бітіріп, 1953 – 1956 жылдары М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университетінің философия факультетінде оқиды, ғылыми жұмысты Қазақ ССР Ғылыми Академиясында өз еңбек қызметінен бастайды. Ол осы ғылыми жұмысқа өзінің 40 жылдық өмірін арнады. 1960 жылы философия ғылымдарының кандидаттық, 1969 жылы философия ғылымдарының докторлық диссертациясын қорғады. М.М.С-тың көптеген ғылыми еңбектері ағылшын, француз, испан және т.б. тілдеріне аударылған. Оған республикалық және одақтық баспаханаларда жарияланған 100-ге жуық ғылыми жұмыстары тиесілі, оның ішінде 21 жеке және ұжымдық монография. М.М. С-тың ғылыми еңбектерінің жалпық көлемі 200 б.т. 1974 – 1975 жж. М.М.С. Гавана Университетінде профессор-кеңесші ретінде, Варшава және Прага университеттерінде дәріс береді. 1988 ж. С. М.М. ұлттық және ұлтаралық қатынастар зерттеу Орталығының жетекшісі, ҚазССР ҒА-ның философия Институтының директор орынбасары болып тағайындалады. Ол Қазақстан ұлттарының ұлтаралық ынтымақтастығын, өзара келісім мен татулығын нығайтуда бағаланбас үлес қосты. М.М.С-тың ғылыми мұраларында ұлтаралық қатынастарды реттеу, ұлтаралық даулардың түпнегізі және оларды болжау проблемалары ерекше орын алады. Оның ғылыми және педагогикалық жұмыстарының нәтижелерi үкiмет наградаларымен атап өтiлiп, республикадағы және оның шегіндігі ғылыми қоғамның арасында кеңінен таңылды. М.М.С. «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен, Қазақ ССР-ының Жоғарғы Кеңесінің Мақтау қағазымен және тағы басқа мадақтамаларымен марапатталды.
Негізгі еңбектері: 1. Вымыслы и действительность. – Алма-Ата, «Казахстан». 1985. –145 б. 2. Некоторые философско-правовые проблемы совершенствования культуры межнациональных отношений. – Алма-Ата, «Наука». 1989. – 3,4 п.л. (Г.С.Сапаргалиевпн бірге). 3. Напряженность или гармонизация? (развитие межнациональных отношений в Казахстане). – Алма-Ата, «Казахстан». 1991. – 6,6 п.л. 4. Межнациональные отношения в Казахстане: теория и практика регулирования. – Алматы, «Гылым». 1993. – 5 б.т.

ТАБУ (полинезиялық тайпалар тілінен аударғанда «тыйым салу») – алғашқы қауымдық құрылыс мәдениетімен тығыз байланысты діни негіздегі үзілді-кесілді тыйым салуды талап ететін ұғым. Терминді алғаш рет ағылшын жиһанкезі Кук енгізген болатын. Т-да екі ұғым – киелілік пен тыйым салынғандық, қасиеттілік пен қорқыныш тоғысады. Т. белгілі бір тұлғаларға да, белгілі бір қоғамдық ұжымдарға да қатынасты қолданылады. Т. туралы терең теориялық ізденістер аз болғандықтан оның қолданыс аясы анықтала қойған жоқ. Дегенмен де, Т-ды діни-моральдық тыйым салу түрлерінен ажырата білген дұрыс, өйткені аталған соңғылары адамзат мәдениетінде кейінірек пайда болған күрделі құрылымды ұғымдар. Т-ланған әрекеттер мен заттар туралы Дж. Фрейзердің («Алтын бұтақ») шығармасынан көптеген мысалдар табуға болады. Фрейзер дін мен сиқырды (магияны) бір-біріне қарама қарсы қойып, Т-ды магияның теріс пішіні ретінде түсіндіреді. Т. туралы психоталдаудан көп мәлімет жинақтауға болады. З. Фрейд өзінің «Тотем және табу» атты еңбегінде Т-дан көсемге деген екіұшты (амбивалентті) қатынасты: бір жағынан, көсемді қастерлеп, табынуды, екінші жағынан, іштей қызғану, жек көруді, бейсаналы түрде ұнатпауды байқаймыз дейді. Әлеуметтік антропология тұрғысынан (Малиновский, Радклифф-Браун және т.б.) Т-ды әлеуметтік бақылау мен қадағалау рөлін атқаратын құрал деп қарастырады. Т. қасиеттілік туралы түсінік қалыптасқан барлық мәдениеттерде кездеседі. Әр мәдениеттің өзіне сай заттарға, іс-әрекеттерге немесе сөздерді айтуға салынатын тыйым түрлері бар. Т-ды бұзған адам қатты жазаланатын болғандықтан оны еш нәрсеге, еш жағдайға қарамай орындауға тырысатын болған. Қазақ мәдениетіндегі кездесетін ата-ене, қайынаға, қайын, қайын сіңілілердің атын атамау, отты, ошақты аттамау, белгілі киелі жануар түрлерін қорғау т.б. Т-лар қазақ халқының көне тотемистік, анимистік көзқарастарынан сыр тартады. Қазақ мәдениетіндегі тыйым салу жан-жоралғылары туралы Ш. Уәлихановтың шығармаларынан көп мағлұмат алынады.
Әдебиет: Дж. Фрейзер. Золотая ветвь. М., 1980; Валиханов Ч. Избранные произведения. М., 1986; Ғабитов Т.Х. Қазақ мәдениетінің типологиясы. А.,1996; Штернберг Л.Я. Первобытная религия в свете этнографии. Л., 1936; Радклифф-Браун А.Р. Сравнительный метод в социальной антропологии.// Антология исследований культуры СПб, 1997. Фрейд З. Тотем и табу. Тбилиси, 1991.

ТАҒДЫР – адам ғұмырындағы барлық жағдайларды алдын ала пешенесіне жазып қоятын табиғаттан тыс күш туралы діни мистикалық түсінікті білдіретін ұғым. Ежелгі гр. мифологиясы бойынша адамдардың, тіпті құдайларының да өмірі Т. құдайшыларының – мойралардың (римдіктерде – наркилердің) қолында. Кейін келе Т-ды әлемнің әміршісі әділетті Хақ тағала түрінде түсіне бастады (гр-де Тихе, Немезида). Христиандықта Т. құдайдың жазмышы, жоғарғы күші ретінде көрсетілді. Т-ды жазмыштың ісі ретінде түсіну қазіргі барлық діндерге тән (Фатализм). Кейбір діни бағыттар (мыс., католицизм, православие) құдайдың жазмышы туралы пікірді адамның ерік бостандығы идеясы мен эклектикалық түрде біріктіру арқылы Т. туралы түсініктің фатализмін әлсіретуге тырысады. Филос. емес мағынада Т. ұғымы жеке адамның немесе бүкіл халықтың өміріндегі түрлі жағдайлар қосындысының көрінісі ретінде қолданылады.

ТАЙЛОР Эдуард Бернетт (1832 – 1917) – ағылшын этнографы, Англиядағы антропологияның негізін салушы. Антропологиямен ойламаған жерден 1856 ж. Мексикаға ғылыми сапармен жол тартқан ағылшын этнологы Г. Кристидің жанына еріп жүрген шағында танысады да қалған бүкіл өмірін соған арнайды. Т-дың көзқарастары Канттың эволюциялық теориясының ықпалының арқасында қалыптасқан болатын. Ол мәдениет тарихын ілгерілемелі даму процесі ретінде қарастырады, өйткені мәдениеттің даму барысында құрал-жабдықтар болсын, өнер түрлері болсын, діни наным-сенім түрлері болсын – бәрі де жетілдірілу үстінде болады. Т. өзінің мәдениет тарихын, діннің бастауларын зерттеген шығармаларымен белгілі. Ол мәдени эволюционизм позициясын ұстанады, яғни мәдениеттің дамуы ілгеріге ұмтылу, өткеннен асып түсу, бұрынғыны жетілдіру деп түсіндіреді. Мәдениет прогресі бүкіл дүние жүзілік халықтардың (олардың әрқайсысының қандай даму сатысында тұрғандығына қарамастан) әкелген үлесіне тікелей байланысты. Оның айтуы бойынша «мәдениет туралы ғылым реформалар туралы ғылым». Мәдени реформалар көбінде діни наным-сенімдер мен табынушылық түрлерін жетілдіруден, күрделі де өнімді еңбек құралдарының пайда болуынан, жаңа өнер түрлерінің көбеюінен көрінеді. Т.-дың айтуынша, мәдениеттің көне кезеңдері туралы ежелден сақталып келе жатқан «қалдықтар», «көнегөздер» – әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер және т.б. көп мағлұмат береді. Осы орайда Т. діннің пайда болуын даярлаған көне наным-сенім түрлерін, соның ішінде әсіресе – анимизмді жете зерттейді. Ол діннің негізін адамның психикасынан, рационалды қызметінен іздестірген. Т-дың аты әйгілі оқушыларының бірі – Дж Фрейзер.
Шығ.: Первобытная культура. М., 1989; Введение к изучению человека и цивилизации. (Антропология) П-М., 1924. Әдеб.:Токарев С.А. История зарубежной этнографии. М., 1978.

ТАЛМУД (көнееврей. – кітап) – Иудейлер дініндегі киелі кітап. Т. «Көне өсиеттің» 5 кітабынан және дінге сенушілердің іс-әрекетін құқықтық нормалар тұрғысынан реттеуші трактаттардан тұрады.

ТАЛИОН (лат. talіo – кек қайтару, өш алу) – қандас туыстар арасындағы қарым-қатынасты реттеуші алғашқы қауымдық қоғамда қалыптасқан салт-дәстүр. Ол салт-дәстүр бойынша туыстар арасында жасалған қиянат үшін пара-пар кек қайтарылуы керек. «Қанға – қан, жанға – жан» формуласы Т-ның мазмұнын білдіретін ең танымал формула. Кейінірек, алғашқы таптық қоғамдарда Т. жасалған қылмысқа сайма-сай жаза кесуді талап ететін қылмыстық жауапкершілік принципіне ауысты. Т. – адамзаттың ақыл ойының ақиқат, әділеттілік туралы алғашқы қарапайым түсінігінің пайда болғандығының көрінісі. Т. алғашқы қауымдық қоғамда қанды кек қайтаруды ғана көздемей, сонымен қатар адамдар қарым-қатынасына қатал шек бола білді. Өйткені Т. пайда болмай тұрған кездерде жөн-жөнсіз кек қайтару орын алған болса, Т. арқылы алынатын кектің шамасы нақтыланды. Т-ның негізінде алғашқы қауымдық қоғамдағы адам санасына және дүниетанымына қатысты «біздер» және «басқалар», «өзіміздікі» және «өзгелердікі», «жақын, бауырлас» және «бөтен» түсінігі жатыр. Т. бір мезгілде адамдарды бөліп те, біріктіріп те отырған, себебі, ол бір рудан тарағандарды басқа ата-балаларынан өзгешелеп отырған, сонымен қатар, бір атаның ұландарының басын ортақ жауға қарсылық тұрғысынан біріктірген. Т. орындау, жүзеге асырудың өзі қасиетті рәсім ретінде қарастырылғандықтан оған атаның еркек кіндіктері, әсіресе, соның ішінде, жапа шеккен жанның ең жақын туыстары қатысатын болған. Т. – алғашқы қауымдық қоғамда бой көрсеткен адамгершіліктің өзіндік ерекшелікті түрі. Т. көне салт-дәстүр қалдығы ретінде көптеген халықтарда әлі күнге шейін кездеседі. Мыс., тау халықтарының қанды кек қайтару принципінен толық қол үзбегендігін ешкім жоққа шығармайды. Жалпы Т. дүниежүзінің бүкіл халықтарының ертедегі даму сатысында кездескен. Қазақ халқының өмір салтында «барымта» сынды Т-ның түр көрінісі болған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   226   227   228   229   230   231   232   233   ...   267




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет