Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
ФЕТИШИЗМ(франц. fetіche – тұмар, қасиетті күш бар зат) – көбінде алғашқы қауымдық құрылыс, архаикалық мәдениетіне тән жансыз заттарға қасиетті деп табыну. Фетиштер арқылы рухани киелі күштер әрекет етеді, қамқорлық көрсетіп, қорғап қоршайды деген түсінік алғашқы адамзаттың мифологиялық-синкреттік санасына сай туындаған болатын Ф. ретінде әрбір затты қарастыруға болады, тек ол үшін сол затқа өзіндік қуат-күш берілсе болғаны.Егер затқа адамша сөйлеп, жалбарынып, табынып, одан бірдеңе сұрап қатынасқа түсетін болса, онда біздің көз алдымызда Ф. тұр деп білуіміз керек. Фетиштер адамзаттың «балалық шағының» бір көрінісі, өйткені қоршаған ортаның көп қыр-сырын түсіне білмеген алғашқы аталарымыз үшін табиғатта, өмірде кездесетін заттардың өзіне де айрықша сиқырлы ғажайып күш телінген. Сөйтіп, соқыр сенім объектісі – фетиштер арқылы адам табиғат күштеріне билік етіп, оларды адамдардың айтқанына көндіруге болады деп түсінген. Ф. Батыс Африкада бүгінгі күнге дейін жақсы сақталып қалған. Ал енді Ф. элементтерін бүкіл дүние жүзіндегі мәдениеттерден кездестіруге болады. Мыс., әлемдік діндердегі – Иконаларға табыну (христиан діні), қасиетті «баспалдақтарға» сыйыну (буддизм), «қара тасқа» ғажайып күш ретінде қарау (мұсылмандық); өмірде – капитал өз-өзінен, еңбекке байланыссыз өседі, байлық байлықты өзіне тартады деп ақшаға, алтынға бас ұрушылық түрлері; өкімет құдіретіне, саяси мекемелерге, идеологиялық ұрандарға мойынсыну т.б. – фетишизмнің түр көріністері.
Әдебиет: Тайлор Э. Первобытная культура. М., 1990;Фальк-Ренне А. Путешествие в каменный век. М., 1985;Семенов Ю.И. Как возникло человечество. М., 1966;Введение в культурологию. (под.ред. Е.В. Попова). М., 1996.
ФИЛОСОФИЯ – (грек.phіlo – сүйемін, sophіa – даналық; тікелей мағынасы – даналықты сүю) – әлемнің, дүниенің, қоғамның және ойлау жүйесінің ортақ заңдылықтары туралы ғылым. Ф. ой дамуы адамзат қоғамының қай кезеңінде де болған. Әсіресе, көне Шығыс өркениеттерінде. Бірақ дін мен мифологиядан өзгеше дүниетаным ретінде ол Ежелгі Грекияда қалыптасты. Ф. адамның қоршаған дүниеге қатынасының жалпы формалары мен заңдылықтарын зерттейтін ілім. Ф. қоғамның экон. Қатынастарынан туындайды және қоғамдық сана формаларының бірі. Ф-ның негізгі мәселесі – сананың материяға, ойлаудың болмысқа қатынасы. Осы тұрғыдан Ф. адам проблемасын зерттейтін адамзат мәдениетінің ерекше саласы. Бүкіл филос. жүйелер қай тұрғыда болмасын адам болмысының оның ойлауына қатынасы туралы мәселеге келіп тіреледі. Ф. термині алғаш Пифагордың еңбектерінде пайдаланылған, ал айрықша білім саласы ретінде Ф-ны Платон енгізді. Ф. құл иеленушілік қоғамда дүниеге келді. Ол кезеңде Ф. адамның объективтік дүние және өзі туралы түсініктерінің жиынтығын құрайтын ілім. Бұл жағдай, антика заманындағы білім деңгейінің төмен екендігін көрсетеді. Қоғамдық практикаға ғыл. білімдерінің көбеюіне байланысты жеке ғылымдар философиядан бөліне бастады. Ф-ның сана формасында пайда болуы белгілі бір қажеттіліктерге байланысты туындайды. Біріншіден, дүниені білу үшін ең алдымен ол туралы жалпы көзқарас болуы қажет. Екіншіден, дүниені тереңдей тану үшін ол туралы дұрыс, рационалды ойлау әдісі, логика және дүниетаным теориясы қалыптасуы керек. Міне, осы қажеттіліктердің нәтижесінде Ф-ның ойлаудың болмысқа қатынасы туралы мәселесі алдыңғы қатарға шықты , ал оның шешімі таным логикасының негізінде жатты. Ф. көптеген салалардан тұрады. Мыс., онгология, гносеология (таным теориясы), логика, методология, этика, эстетика, психология, социология, философия тарихы.
ФИХТЕ Иоганн Готлиб (1762 – 1814) – Канттан кейінгі классикалық неміс философиясының өкілі. Дін мен философияны Иена мен Лейццингте зерттеді. Иена және Берлин ун-ттерінің проф-ры Ф. сословиелік артықшылықты сынады, феод.бытыраңқылықты жойып Германияның бірігуін аңсады. Ол «практикалық» философияның – мораль мен мемл. хұқылық құрылысты негіздеу мәселелердің мәнін атап өтті, бірақ «практиканы» тек моральдық сананың әрекеті деп санады. Ғыл. жолдармен жасалған теориялық жүйені, яғни ғылым туралы ғылымды «практикалық» философияның алғышарты деп есептеді. Ф-нің (1794) «ғылым туралы ілімінің» негізінде субъективтік идеализм теориясы жатыр. Ф. «өзіндік затттар» жөніндегі И.Кант тұжырымдамасын ескермей, танымның алуан түрлі формаларын суъектівтік-идеалистік бір бастамадан шығармақшы болды. Оның пікірінше ол бастама: дүниені жаратушы әрекет иесі қандай да бір абсолютті субъект болып табылады. Ф-нің «Мені», жеке адамның «Мені» емес, Спиноза субстанциясын ұқсайтын субстанция да емес, адамзат санасының шексіз моральдық белсенді іс-әрекеті. Осы «Мен» деген мистикалық бастамада Ф. жеке «Менді» жасады. Жеке «мен» деп ол абсолютті емес, шектелген субъект мен жеке адамды немесе эмпирикалық «Менді» оған қарсы тұрған эмпирикалық табиғатты түсінеді. Ф. ақиқатты тікелей пайымдау арқылы қабылдайтын ақылды, яғни «интеллект туалды интуицияны» саналы таным органы деп мойындады. Ф. үшін басты мәселе – бостандық мәселесі. Ол еркіндікті себепсіз акт емес, қажеттілікті түсінуден туған әрекет деп түсінеді.