ІНЖІЛ, Б и б л и я (грек. bіblіa – кітап) – иудаизм мен христиандар қасиетті деп танитын, құдайға құлшылық ету мен догматиканың негізі болып саналатын, әр тілде, әр кезеңдерде және әр түрлі сипаттағы жазба мұралардың (б.з.д. VІІІ-ІІ ғғ.) жинағы. Б. Көне Өсиет пен Жаңа Өсиеттен тұрады; соңғысын тек христиандар мойындайды. Бұл терминологияны христиандар ұсынған, олардың көзқарастары бойынша, тек бір халықпен (еврейлермен) Құдай арасындағы келісім (өсиет) орнына, кейін Иусус Христостың қызметімен жаңа руханилық негіздерде барлық халықтарға Құдай өсиетін жіберген («иудей де жоқ, эллин де жоқ, тек христиан бар»). Осы аймақта пайда болған Ислам Көне Өсиетті (Таурат), Жаңа Өсиетті де (Інжіл) күнделікті қатынасқа қабылдамағанымен, олардың қасиеттілігін мойындайды және Құрандағы көптеген кейіпкерлер Б-да кездеседі (Ибраһим – Авраам, Йусуф – Иосиф, Иса – Иисус). Көне өсиет ежелгі еврей және кейде арамей тілдерінде жазылған (39 кітап) және б.з.д. ІІІ-ІІ ғ.ғ. аяқталған. Оның ішінде халық мифтері мен аңыздары (Болмыс кіт.) этикалық нормалар мен салт-дәстүрлік жоралғылары (Он өсиет енетін Екінші заңдылық кіт.), публицистикалық туындылыр (Пайғамбарлар кіт.), философиялық толғаулар (Иова, Екклесиаст кіт.), махаббат лирикасы (әндер әні кіт.), діни поэзия (псалмдар), жалған тарихи баяндаулар (Есфирь кіт.) бар. Дәстүр бойынша Көне Өсиет үш бөлікке бөлінеді: Заң (еврейше Тора) немесе Бес кітап, оны құрастырушы деп Моисей есептеледі. Пайғамбарлар және Жазулар – Жаңа Өсиет ежелгі грек тілінде жазылған және 4 Інжілдерден, апостолдық әрекеттерден, 21 жолдаудан, Иоанн Богослов Апокалипсисынан тұрады. Б. батыстық мәдениеттің қалыптасуына және қазіргі заманға құндылық бағдарларына үлкен әсер етті. Оның идеялары, бейнелері, рәміздері мен нормалары батыстық өмір салтының өзігін құрастырып, көркем шығармалық ізденістерін ынталандырып, ділі мен мәдениет модустарын айқындап отырды. Б-ның қағидалары әлі күнге дейін христиан әлемінің әдептік, тұрмыстық, діни-рухани қатынастарында мұрат ретінде алынады.
ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ ЭТИКА – моральдың негізі адам табиғатынан тамыр алады дейтін этикалық теориялардың бір түрі. Этикаға эволюциялық көзқарасты ағылшын ғалымы. Г.Спенсер қалыптастырған. Алайда Э. э-ның негізгі идеялары филос. эмпризм және этик. сентиментализмнен алынып, осы ілімді жаратылыстану ғылымы тұрғысынан негіздеуге тырысқан екінші бір ағылшын ғалымы Ч.Дарвин тарапынан ұсынылған еді. Дарвиннің негізгі идеялары бойынша: қоғам әлеум. инстинктер арқасында өмір сүреді, адам тілінің арқасынада қоғамдық пікір туындайды, әлеум. инстинкт әдетпен бекиді, т.б. Э. э. адамның моральдық мінез-құлқын қоршаған ортаға бейімделу функциясы ретінде қарастырады. Адамгершілік өлшемі бүкіл тіршілікті қамтитын даму процесі деп саналады. Оның дамуына ықпал ететін – ізгілік те, қарсы әрекет ететін – зұлымдық. Э. э. зерттеушілер этика-филос. көзқарастардың теор. мұраларынан бас тартып, моральды мақсатты немесе адаптивті мінез-құлық формасы ретінде сипаттайды.