АНСЕЛЬМ Кентерберийский (1033 – 1109) – ортағасырлық теолог, философ, ерте схоластика кезеңінің көрнекті өкілі, 1093 жылдан Кентерберийскийдің архиепископы. Негізгі шығармалары: «Монолог», «Пайымдауға қосымша» («Proslogion»), «Грамматика жөніндегі сұхбат» және т.б. Ансельм Кентерберийский ілімінің толығымен схоластикалық сипатта болмағанын оның философияда платондық дәстүрлерді жалғастыруынан көруге болады. Сенім ақыл-ойдан жоғары болуы керек деп тұжырымдайды: «түсіну үшін сену» қажет; әйтсе де сенім «рационалды» түрде негізделуі де мүмкін. Христиандық сенім догматтары А. үшін – ешқашан да өзгермейтін ақиқат; солай дегенмен де адамның сенімін нығайту үшін оларды ақыл-ойдың көмегімен түсіндіргенді жөн санайды. Сенім мен ақылдың арақатынасы мәселесінде А.К. августиндік ұстанымды жақтады: сенім ақылдың алдында болады («түсіну үшін сенемін»). Осылайша А. рационализмі фидеизмге бағытталды. Универсалийлер жөніндегі мәселеде А. шектен шыққан реализм бағытын ұстанды. А. құдай болмысын онтологиялық тұрғыда дәлелдеуді дамытты. Дегенмен, А.К. бойынша ақыл-ой диалектика өнерінің көмегімен сенімнің ережелерінде көрініс тапқан ақиқаттарды анықтауы қажет. А.К. пайымдауынша «құдайлық аянды» рационалды жолмен дәлелдеуге болады. Осылайша диалектика сенімнің айрықша құралына айналды: христиандық діни ілім бір жағынан диалектикалық пайымдаудың алғышарттарын негіздесе, екінші жағынан одан шығатын қорытындыларды алдын-ала анықтап қояды. Діни ілімнің догматтарын (әлемнің жоқтан жаратылуы, Үштік, алғашқы тектік күнә догматтары, Исус Христостың адамзатты құтқару жолында құрбан болуы және т.б.) рационалды түрде тұжырымдауды А.К. философиялық «реализмнің» концептуалды негізінде жүзеге асырды. А.К. этикалық мәселелерге де ерекше көңіл бөлді (мысалы, ерік-жігер бостандығы мен таңдау еркіндігі), тілдің семантикалық қызметін зерттеу мен тілді басқаратын ішкі заңдарды іздеу негізінде ақиқат (референциалды, препозиционалды және актуалды ақиқаттар туралы ілім) жайлы өзінің концепциясын ұсынады.
АНТАГОНИЗМ (грек. antahonisma – талас, тартыс, күрес) – жауласушы жақтардың немесе тенденциялардың белгілі бір себептерге байланысты ымыраға, бітімге келмейтін шиеленіскен қарама-қайшылығы. А. термині қайырымдылық пен зұлымдықтың күресі ретінде діни жүйелерде, философиялық тұрғыда И. Канттың, А. Шопенгауердің, К. Маркстің және т.б. ілімдерінде қолданылады. А. әлеуметтік және индивидуалды деп бөліп қарастыруға болады. Әлеуметтік антагонизм Маркстің әлеуметтік философиясында маңызды орын алады. Онда қарама-қайшылықтарға түрткі болатын жеке меншік делінеді. Индивидуалды антагонизмдер халықаларық ұйымдасқан кылмыстық іс-әрекеттер мен сыбайлас жемқорлықта, экстремизм де көрініс табады. Индивидуалды антагонизм қоғамдағы әлеуметтік жағдайларға байланысты орын алады. Мәселен, бұл жағдайда А. адамның өз-өзінен, билік пен мәдениеттен жатсынуынан туындайды.
АНТИНОМИЯ (грек. άντινομία – заңдағы қарама-қайшылық) – белгілі бір мәселеге қатысты қарама-қайшы екі пікірді логикалық тұрғыда біріктірудің мүмкін еместігін білдіретін ұғым. Ең алғашында А. термині жекелеген құқықтық заңның ішкі қарама-қайшылығын көрсеткен. А. идеясы Гераклит пен Платонның ілімдерінде, Зенонның апорияларында қолданылған. Философиялық ұғым ретіндегі А. түсінігі Канттың «Таза ақылға сын» еңбегінде ақыл-ойдың сезімдік тәжірибенің шегінен шығып, «өзіндік затты» тани алмайтындығы туралы тезисін дәлелдеуде анықталған. Кант ілімі бойынша осының әсерiнен ақыл-ойдың шешiлмейтiн қайшылыққа келiп тiрелуі, мақұлдауды да (тезис) терістеуді де (антитезис) негіздеудің мүмкіндігін туғызады: а) Әлемнiң басталған уақыты мен кеңiстiктегi шеңберi бар. Ол шектелген. Әлемнiң уақыттық шеңбердегi басы және кеңiстiктегi шеңберi жоқ. Ол – шексiз; ә) Әлемдегi кез-келген күрделi субстанция қарапайым бөлшектерден тұрады − Бiрде-бiр күрделi зат қарапайым бөлшектерден тұрмайды. Дүниеде бiрде-бiр қарапайым нәрсе жоқ; б) Әлемдегі барлық құбылыстарды табиғат заңдылықтарының негiзiндегi себептiлiк арқылы түсіндіру жеткіліксіз. Оларды түсіндіру үшiн еркін себептiлiктiң де бар екендігін мойындау қажет. − Әлемде ешқандай еркіндік жоқ. Әлемдегінің бәрi тек қана табиғи заңдылықтардың негiзiнде өмiр сүредi; в) Әлемде оның бiр бөлшегi не болмаса, себебi болып табылатын қажеттi мән бар екендігі даусыз. − Әлемде де, әлемнен тыста оның себебі болатын қажеттi мән жоқ. Бұл дәлелдерді тезис және антитезис түрінде баяндаған Кант олардың софизм емес екендігін, дегенмен, алғышарттардың өзгеруі барысында теріске шығарылу мүмкіндігін де көрсетеді. Кант бойынша А.-ны шешудің жолы − құбылыстар мен өзіндік заттарды (феномендер мен ноумендер) ажырататын және кеңістік пен уақыттың субъективті табиғаты жайлы ілім – трансценденталды идеализмде берілген. Канттың концепциясын Гегель біршама өзгертіп, өзінің диалектикалық логикасының негізін жасауда жетекшілікке алады. Гегель бойынша қарама-қайшылық − абстрактілі категорияларды нақты шындықты түсіндіруде сәтсіз қолданудың нәтижесі ғана емес, ол даму үрдісіндегі рухтың, болмыс пен ойлаудың объективті және қажетті негізі. Сондықтан А.-ны тек қарама-қайшылық деп түсіну жеткіліксіз болмақ, өйткені, дамудың антиномиялық сипаты, оның мәнінің диалектикалық қарама-қайшылықта болатындығын көрсетеді. ХХ ғасырдағы философиялық ізденістерде де бұл ұғымның аса маңызды орын алатындығын ғылыми білімнің дамуын зерттеуде (К. Поппер, И. Лакатос, Т. Кун және т.б.) А.-ны кеңінен пайдаланған ғылым әдіснамасы бағыттарынан көруге болады.
АНТИСФЕН – (б.д.д. 435 – 370) Афинадан шыққан грек философы, Сократтың шәкірті, киниктер мектебінің негізін салушы. А-нің жетпіске жуық философиялық және риторикалық еңбектерінің (негізінен Сократтың сұхбаттары мен трактаттар, сөздері) аты белгілі, оның ішінде «Аякс» пен «Одиссей» деп аталатын екі декламациясы толығымен сақталған. Жеке білім ғана ақиқат болуы мүмкін деп Сократтың ілімін ары қарай дамытты. Платонның идеялар туралы ілімін сынға алып, тек жеке заттардың болмысын нығайтады. Дегенмен, киниктердің сыны өркениеттердің барлық жетістіктерімен бірге алғанда үлкен мән-мағынаға ие болды, мұнда ол адамдарды тек қана керекті қажеттіліктермен шектеліп, азға қанағат етуге шақырған. А. пікірінше ең жоғарғы ләззат пен игілік – еңбек, өмірдің мақсаты – рақымшылық. Сол кезеңдегі қалыптасқан әртүрлі ілімдерді жинақтаған А-нің философиясы өзінен кейінгі дәуірлерде қалыптасқан көптеген философиялық жүйелерге негіз болды. Антикалық тарихта ол киниктер, стоиктер, скептиктер және т.б. бағыттардың қалыптасуына ықпал еткен ойшыл болып саналды. Мысалы, Ксенофонт шығармасында А. Сократтың сенімді шәкірті ретінде аталса, өзін Сократтың ізбасары санаған және Антисфенмен көзқарастары қарама-қайшы келген Платон өз диалогтарында оны Сократтың теріске шығарған және келемеж еткен софистердің бірі деп жазады; киниктердің ілімімен таныс болған Афиней еңбектерінде А. «ит» және киниктердің басшысы деп сипатталады; А-нің этикалық іліміне қарағанда диалектикалық парадокстарын тереңірек зерделеген Аристотель оның ізбасарларын киниктер емес, антисфениктер деп атау керек дейді. Бұл шындыққа жақын келетін сияқты, өйткені, стоик Зенон өз ілімінің түпнегізін А-мен байланыстырады, ал, скептиктер дүниені пайымдауға болмайды деген көзқарасты берік ұстанған А-ді өздерінің ілімінің негізін салушы деп есептейді.