Антропологияфилософиялық – кең мағынада адамның табиғаты мен мәні туралы философиялық ілім, тар мағынада – ХХ ғасырдың бірінші жартысында пайда болған батысеуропалық философиядағы бағыт (мектеп). Антропология» сөзі грекше «антропос» (адам) және «логос» (ілім) сөздерінің бірігуінен пайда болған. А.ф. философияның бір бөлімі. Мұнда адам оның тікелей эмпирикалық сипатында емес, жалпылық деңгейінде, яғни болмыстың құрамындағы айрықша шындық ретінде қарастырылады. Адам бұл мағынада философияның пәні ретінде алынады. А.ф. философияның бөлімі ретінде адам болмысын, табиғаты мен мәнін, оның өмірінің мәнін және осыған байланысты сұрақтарды зерттеу пәні етеді. А.ф. адам арқылы негізгі философиялық, дүниетанымдық мәселелерді шешуге тырысады. Тар мағынада – А.ф. ХХ ғасырдың 20-шы жылдары негізінен Германияда пайда болған, кейінен Австрия мен Швейцарияға тараған, философиялық бағыт Оның негізін қалаушылар Макс Шелер, Гельмут Плеснер и Арнольд Гелен болып табылады. А.ф. бастауы М.Шелердің «Адамның космостағы жайы» (1928) және Г.Плеснердің «Органикалықтың сатылары және адам» деген еңбектерімен байланысты. А.ф., Шелердің пікірінше, адамды нақты-ғылыми, философиялық және діни тұрғыдан тануды біріктіруі шарт. Көптеген бөліктерге таралған адам бейнесін біртұтастыққа жинау қажет. Адамның жануарлар мен өсімдіктерден ерекшелігі – адам өз-өзін тануға қабілетті, өзінің психикалық күйін бақылап, тани алады. Жануарлар өз денесіне сәйкес болса, адам өз денесін «билей» алады. Жануарлар өз ортасына тәуелді болса, адам әлемге ашық, ол қоршаған ортасына тәуелді емес. Яғни бұл оның космостағы жайын анықтайды. Плеснердің ойынша, антропология, «тірі болмыс» және оның «табиғи горизоттары» философиясы негізінде құрылуы керек. Адам өз өмірінің объектісі және субъектісі ретінде қарастырылуы керек. Адамды жаратылыстану, психология ғылымдарындағы «тән» немесе «жан», «сана», «психика» ретінде емес, логика заңдары мен этикаға негізделген абстрактілі субъект ретінде емес, психофизикалық нейтралды өмірлік тұтастық ретінде зерттеу керек. Сондықтан а.ф. философиялық биологиямен бірге ғана құрылуы керек.
Адам жағдайының формуласы ретінде Плеснер «эксцентрлік позиционалдылықты» алады. Позиционалдылық кез келген тірі дененің жалпы базистік құрылымы. Ол организмнің қоршаған ортамен қарым-қатынас процесі кезінде өзін біртұтастық ретінде ұстай алуға қабілеттілігі және сол мезетте қалыптасуға да, дамуға да қабілетті болуында. Адамның позиционалдылығы «эксцентрлігі» арқылы іске асады.
Гелен адам философиясын табиғат философиясы негізінде жасайды. Адамның инстинктілерінің дамымағандығы оны ол іс-әрекет жасауға итермелейді. Іс-әрекеттің нәтижесі және сонымен қатар оның мүмкіндігінің шарты жасанды мәдениет әлемі болып табылады. Бұл бейшара жаратылыстың тіршілік етуі үшін қолайлы бірден бір арнайы орта мәдениет қана. Сондықтан, Геленнің ойынша, адам мәдениетті жаратылыс. Сондықтан да адам әлі аяқталмаған жаратылыс. Солай бола тұра ол әрқашан әлемнен өзінің тіршілік ету шартын күшпен алады және өзін өзі міндет және мәселе ретінде таниды.
А.ф. әсерінен діни антропология, педагогикалық антропология, мәдениет антропологиясы, әлеуметтік антропология, психологиялық антропология сияқты жеке дара бағыттар пайда болды.
Қазіргі күні А.ф. батыстық философиядағы ең бір негізгі бағыттардың бірі болып табылады. А.ф. басты бағыттары – биологиялық және функционалдық. Бұл бағыттардың бөлінуінің негізгі критериі – адамды тану мәні бойынша немесе оның өзін өзі көрсетуі мен жағдайы бойынша.
Әдебиеттер: Гуревич П.С., Степин В.С. Философская антропология. Очерк истории //Философские исследования. – 1994. – №1. – С.114-129; Проблема человека в западной философии. Сб.переводов. – М., 1988; Феномен человека. Антология. – М., 1993.
АНТРОПОСОФИЯ (грек. anthropos − адам и sophia − даналық) − мистикалық ілім, теософияның бір түрі. Адамды А. ұғымы кеңінен таралған екі мағынасында қолданылады: 1) А. 1-ші дүниежүзілік соғыстың алдында 1912 жылы неміс оккультисті Рудольф Штейнер (1861− 1925) («Құпия ғылым», 1910; «Антропософия тезистері», 1925) негізін салған және Антропософиялық қоғам атауымен өзі басқарған діни-философиялық ағымның атауы. 2. А.-ның негізінде пифагорлық және жаңа платондық мистиканың, гностицизм, каббализм, масондықтың, сондай-ақ неміс натурфилософиясының діни-философиялық идеяларының қосындыларынан тұрады. Әлі күнге дейін де өз ықпалын жоғалтпаған А. идеясының санқилы нұсқалары адамзат пен мәдениеттің өзіндік санасының іргелі үлгілерінің бірі болып саналады. ХХ ғасырдың басында Ресейде антропософиялық үйірмелер болған. Қазіргі таңда А. Германия, Англия, АҚШ секілді елдерде сақталған.