ГЕРМЕС (грек. Hermes – ежелгі грек мифологиясында Зевстің ұлы) – малшылық пен сауданың құдайы, жолаушылардың пірі (оны бейнелеген мүсіндер – гермалар – жол бойына қойылатын), құдайлардың хабаршысы. Ежелгі Рим мифологиясында Меркурий деп аталған. Эллинистік дәуірде Г. магияны қолдаушы деп есептелген.
ГЕРОНТОКРАТИЯ (грек. Gerontros– қария, kratos – билік, күш)– ағылшын этнографы У.Риверс ХХ ғ-дың басында енгізген, қауымдық мәдениеттегі қариялардың ерекше орны мен билігін білдіретін ұғым. Г. дәстүрлі қазақ мәдениетінде белең алған әлеуметтік құбылысқа жатады. Көшпелік қоғамдағы ақпараттық берілудің ауызекі бітімдерінің үстем болуы «жазылып қойған хатпен бірдей» ақсақалдардың әлеуметтік рөлін арттырды. Г-ның қазақтардағы тағы бір бастауы ұлттық мәдениеттің туысқандық қатынастар негізінде қалыптасуынан нәр алады (жеті аталық үрдіс). Туысқандық қатынастарды басты құндылық санайтын генеалогиялық-шежірешілдік дәстүр арғы тектің маңыздылығын дәлелдейді. Г. ұлттық мәдениетте жасы үлкен адамдарды құрметтеу рәсімдерінен көрініс табады.
ГЕТЕ Иоганн Вольфганг (1749 – 1832) – ұлы неміс ақыны, дана ойшыл, табиғаттанушы. Жас кезінен үйінде арнаулы жан-жақты білім алды, жеті-сегіз жасынан бірнеше көне және еуропалық тілдерді меңгерді, француз мәдениетімен жетік таныс болды. Лейпциг және Страсбург ун-терін бітірді. Г-нің рухани қалыптасуына Винкельман, Гердер және Шиллер үлкен әсер етті. «Гец фон Берлихинген» (1773) атты драмасында реформация кезеңіндегі бүлікшіл рыцарьдың бейнесін ашып көрсетті. Бұл шығармасында романтизм ықпалы байқалды. 1774 ж. Г. «Жас Вертердің азаптары» атты романын оқушы қауымға ұсынды. Бұл романында Г. жас кезіндегі күмәндану мен тынымсыз ақиқат іздеуден гөрі, тұрақты қалыптасқан бейнелерге көбірек бас ұрады. Ол Спиноза пантеизмінен әуестеніп, адамға деген шынайы махаббатымен дараланған Прометей, ізгіліктің жоғары моралін дәйекті ұстаған Христос, тынымсыз ізденістегі Мәңгі Жид, Фауст бейнелеріне үңіледі. Г. антикалық классикалық мәдениетке үлкен мүдделілік танытады. Антикалық өнер мен әсемдік, Г. бойынша, Ежелгі Грекияда мүмкін болған еркін мемлекеттегі тұлға мен қоғам арасындағы үйлесімділіктің көрінісі. Тек осы жағдайда адам адам бола алады. Осындай мұратты азаматтық салада қоғамдық қайшылықтар теңестіріп үйлесімділікпен шешеді. Үйлесімділік тұрғысынан кез келген саяси күштеу тұлғаның жан-жақты дамуын шектеу болып табылады. Сол себепті Г. француз төңкерісін қабылдамады, оған қарсы сатиралық пьесалар жазды. «Соңғы Гомерид» болғысы келген Г. Илиадаға еліктеп «Ахиллеаданы» жаза бастады, бірақ аяқтамады. Веймарда Г. бірінші министр қызметін атқарды. Ол басқару қызыметімен қатар, білім беру, денсаулық сақтау істерімен көп айналысты. Бұл кезеңде Г. табиғаттанушы ғалым ретінде салыстырмалы морфология (терминді өзі енгізген), физика (оптика мен акустика), минералогия, геология және метереология салаларында маңызды жаңалықтар ашты. Г-нің өсімдіктер мен жануарлар жүйелеріндегі құрылымдық бірлік туралы идеялары дарвинизмге жол ашты. Г-нің бүкіл еуропалық ағартушылық ойдың тұжырымдамасына жататын еңбегі – «Фауст» трагедиясы. Кейін Ф. Ницше жалпы батыстық мәдени типті фаустық адам деп атаған. Фауст бейнесінде ақиқатты тынбай іздеуші, азаттық үшін күрескер, рухы жоғары, нағыз жасампаз кейіпкер суреттелген. Мефистофель болса, Г-нің өзіндік күмәндарын білдіреді. Г.еуропалық Жаңа заман мәдениетін биік тұрғыға көтере білген тарихи-мәдени тұлға. Әдебиет: Гете И.Избр. филос. произв. – М.. 1964; Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004.
ГИПЕРМӘТІН (грек. hyper – жоғары, ар жағында) – мәтіндер иерархиясында, жүйеге айналған, сонымен қоса мәтіндердің көптігін білдіретін арнаулы құрылым. Г-нің қарапайым мысалына сөздіктер мен энциклопедиялар жатады: ондағы әрбір мақала осы сөздіктегі басқа мақалаларға сілтеме береді. Осындай мәтінді әр түрлі оқуға болады: Г-дік сілтемелерді ескермей, қажетіне қарай, бір мақаладан екіншісіне; сілтемелерді ескере отырып, мақалаларды басынан аяғына дейін; немесе, бір сілтемеден келесісіне ауысып, Г-дік саяхат жасау кездеседі. В. Рудневтің «Қазіргі мәдениет сөздігі осы үшінші тәсілмен құрастырылған. Айталық Г. мақаласын оқу үшін гипершындық, виртуалдық шындық, сананың өзгерілген түрлері сияқты мақалаларымен міндетті түрде танысу қажет. Г. әдетте, тізбектік сипатта болады және ол түзу сызықты емес ой лабиринтіне ұқсас. Оған бір енгеннен кейін, қайта шығу қиындық туғызады. Мыс., «Көк шалғынды кесуші» фильмінде кейіпкер компьютерлік виртуалды шындықтармен танысқан соң, парасаты мен денесі күшейіп, әлемдік билікке ұмтыла бастады, бірақ компьютерлік Г-ге түскеннен кейін одан шыға аламай қалды, өйткені, ол өз паңдығының қақпанына түсті. Мыс., Адам белгілі бір Г-ді қабылдайды: нақтылы бір тіл ойындарды, қарым-қатынас шеңберін, ойлау тәсілдерін, әдетті кітаптарды т.б. Енді ол осы өзін жалықтырған дүниеден кетейін десе, оны қалыптасқан Г. ережелері ұстап тұрады. Олардан шығу үшін үлкен ырық қажет. Бірақ, ол адамды ырықсыз билей алады. Г. адаммен ойын ойнағандай болады.