ГЕНОЦИД (грек. Genos –тек, қауым, лат. сaedo–өлтіремін) – нәсілдік немесе этностық басымдылық пен жеккөрушілікті желеу етіп, адамдық бірлестіктерді жою әрекеттері. Нәсілдік Г. адамзат тарихында ақ нәсілдің айрықшылығы және үстемдігіне негізделген ұстанымдарды басшылыққа алып, Американың байырғы тұрғындары үндістердің бірталай бөліктерін құртып жіберу әрекеттерінде, негрлерді құлдыққа сатып, оларды туған жерлерінен аластату қимылдарында, Гитлердің «арийлік нәсілдің» үстемдігін орнату мақсатындағы еврейлерді қудалауында және т.б. көрініс тапты. Г-тің негізі – этностарды «адамдар» және «адамсымақтардан» деген принцип бойынша алалау. Этникалық Г-тің мысалдарына қазіргі заманда да кездесетін әртүрлі «этникалық тазартулар» мен ұлтаралық соғыстар жатады. Г. этникалық емес негізде де жүзеге асуы мүмкін. Мыс., Камбоджадағы пол-потшылардың халықты өлтіру зұлымдықтары. Қазақ халқы да өз тарихында бірнеше Г-тік зұлымдықтарды басынан өткізді (XVIII ғ.,XX ғ-дың 30 ж-нда). Г. қазіргі әлем мәдениетіндегі басты құндылықтардың бірі болып есептелетін күш көрсетпеу принципі бойынша қатты айыпталады. Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004.
ГЕОГРАФИЯЛЫҚ орта – адамды қоршаған табиғат, қоғамдық өмірдің қажетті әрі тұрақты шарты; географиялық қабықтың бір бөлігі. Г. О. түсінігі табиғаттың қоғам өміріне әсер ететін құбылыстары мен процестерін де қамтиды. Қоғам дамыған сайын оның материялдық қажеттерін қамтамасыз ететін табиғат ортасы да кеңейе береді. Г-лық қабықтың геогарфиялық ортаға енбейтін бөліктері де ондағы табиғат жағдайлардың қалыптасуына әсер етеді. Мыс. Гималайдың биік шыңдары географиялық ортаға енбегенімен көршілес аймақтардың климатын қалыптастыруға қатысуы арқылы олардың географиялық ортасына да күшті ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, географиялық қабық тұтасымен Г. О. болып табылады. Г. о қоғам дамуындағы рөлі жөніндегі мәселе ойшылдар назарын ежелден-ақ аударып келеді. қазіргі кезде табиғат пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастар біртұтас жүйе аумағындағы қарым-қатынас ретінде қарастырылады. Г. О. – қоғам дамуының материалдық қайнар көзі. Адамзат қоғамы табиғатты сыртқы фактор бола тұра, осы өзгерістер жүретін геогафиялық ортаның айрықша құрамдас бөлігі болып есептеледі. Сондықтан географиялық ортаның қоғамдық элементтерімен табиғи элементтерінің қайшылықтары қоғамдық өндірісті дамытушы фактор ретінде айқындалады. Адамзат тіршілігін табиғат пен қоғамның ұдайы өзара әрекеттесуі ретінде бағалауға болады. Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004. ҚҰЭ: Т. 2. 655 б.
ГЕОСАЯСАТ – мемлекеттердің не мемлекеттер блоктарының территориалдық кеңістік ерекше жағдайларының жергілікті, аймақтық, құрлықтық және әлемдік халықаралық процестердегі орны мен нақты-тарихи ықпалын түсіндіретін теория. Географиялық ортаның қоғам өміріне тигізетін әсерін зерттеуге байланысты шыққан. XVIII ғасырда оны Ш.Л.Монтескье, А.Р.Ж. Тюрго және т.б. дамытты. Олар халықтардың материалдық және рухани өмірі, географиялық ортаның ерекшеліктеріне тәуелді деп пайымдады. Француз философы Монтеске «Заңдар рухы туралы» деген еңбегінде «Ауа райының өктемдігі басқа өктемдіктердің барлығынан да күштірек» дейді. Оның пікірінше қоғам дамуы үшін ең қолайлы жақ – солтүстік бөлік. Ал жер шарының оңтүстік жағында күннің ыстықтығы, ауа-райының мамыражай болыптұратындығы адамның денесін балбыратып, күшін кетіреді, халықты жігерсіздікке, жалқаулыққа бейімдейді дейді. XIX ғасырда бұл теорияны Г.Т. Бокль, Ф.Ратцель, В.Кузен, Ж.Э.Ренан, К.Риттер одан әрі дамытты. Ағылшын ғалымы Г.Т. Бокль «Англиядағы өркениеттің тарихы» деген еңбегінде адам баласының өмірі мен тағдырын басты-басты төрт физ. жәйт, атап айтқанда: ауа райы, тамақ, топырақ және ландшафт, яғни жердің жалпы бедер-бейнесі билейді дейді. XX ғасырда гитлерлік Германияда геогр. Саясатты өз мүдделеріне пайдаланбақ болды. К.Хаускофер және басқалар фашистердің басқыншылық соғыстарының «заңдылығын» дәлелдеп, мұндай соғыстарды «тіршілік кеңістігі жолындағы күрес» деп атады. Осыған байланысты Кеңес Одағы кезіндегі геосаясаттың теріс жақтарымен қатар ғыл. негізді тұжырымдамалары да жоққа шығарылды. Географиялық саясат мәселелері тиянақты зерттеу ісіне Р.Челлен (Швеция), А.Мэхэн (АҚШ), Х.Маккиндер (Ұлыбритания) және т.б. мол үлес қосты. Олар мемлекеттердің орналасу ерекшеліктеріне, жол қатынасына, теңізге шығу мүмкіндіктеріне, көрші елдермен қарым-қатынас жасауға табиғи кедергілердің (таулар, шөлдер, батпақты жерлер, қиын асулар, т.б.) болу-болмауына, олардың ауқымы мен халықтың ұлттық құрылымына, жер бедеріне, топырақ құнарлылығына, қазба байлықтарына, жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне т.б. айрықша назар аударды. ҚР-ның сыртқы саясатында да географиялық фактор маңызды рол атқарады. Қазақстанның географиялық, геосаяси және геоэкономикалық жағдайларын ескере отырып, Президент Н.Ә.Назарбаев Еуразия идеясын ұсынды. Ел астанасының бұрынғы Ақмолаға көшірілуі де географиялық жағдайдың елдің ішкі және сыртқы саясаты мен экон. дамудағы ролін ескеруден туындаған.