Бұлт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылман мен кәуірдің Арасын бұзып өтіп дінді ашқан Сүйініш ұлы Қазтуған!!! Ақын-жыраулар эстетикасының құндылығы көркем мазмұнымен ғана емес, сонымен бірге дәстүрлі қазақ қоғамындағы қуатты әлеуметтік-мәдени орны және қызметімен айқындалады. Сондықтан олардың алдында тек бұқара халық емес, ақсүйектер де ілтипат сақтаған. Ақын-жыраулар толғауларында бүкіл қазақ халқының ой-арманы мен эстетикалық түсініктері шынайы бейнеленген. Олардың шығармашылығында сұлулық пен әсемдікті, ерлік пен елдікті жырлау басым болып келеді. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақ ағартушылары Ресейдің империялық саясатының күшейген тұсында әрекет етіп, ұлттық көркем мәдениетті заман талаптарына сай өзгертуге ұмтылды. Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханның ойы бойынша, әрбір халық үшін басты мақсат – «еуропалық, жалпыадамзаттық ағартуды игере отырып, осы жолдағы кедергілермен күрес жүргізіп, даму мен мәдениетке қол жеткізу... Біздің халық көркемдіктен кенде емес өсімтал әдебиетке ие. Ал қоғамдық дамуымыз жоғары мәдени дамумен салыстырарлық табиғи /балаң/ кезеңде тұр. Осы фактыға біздің бар үмітіміз бен келешегіміз негізделген». Шоқан қазақтың ауызекі мәдени үлгілеріне алғашқы ғылыми талдау берді. Ыбырай Алтынсариннің эстетикалық көзқарастары оның сан қырлы педагогикалық қызметімен байланысты. Оның бұл бағытта қойған бағдарларына жататындары: «қазақтың келешегін дұрыс жолға қою; екіншіден, сенімсіз дүмше молдалардың өлшеусіз қанауынан халықты құтқару; үшіншіден, қазақтың әзірге жойылмай келген ешқандай дін ықпалына түспеген тәжірибелік негізге сүйенген дәстүрін сақтау». Өзінің шығармаларында ол халықтың қоғамдық өмірінде, оның рухани дамуында әдебиет пен өнердің қаншалықты орын алатындығын көрсетті. Мұнда ағартушының отаншылдығы айқын аңғарылады. Ыбырайдың «Орыс-қырғыз школы туралы» жобалары да, әйгілі «Қырғыз хрестоматиясы» да, тіпті жазылу себебін әркім әрқилы жоритын «Шариат-ул ислам» кітабы да дәстүрді үзбеу ыңғайында жазылды. Абай Құнанбайұлының эстетикалық ойлары мың жылдан артық тарихы бар жазба әдебиетіміз бен рухани мәдениетіміздің ХІХ ғасырдағы тарихи шындығы аясында қарастырылуы тиіс. Абай өзінің көркем шығармашылығында сол замандағы қазақ қауымының көкейкесті мәселелерін терең білдіре алды және олардың шешімін іздеді. Ол қазақ әдебиетінде тұңғыш рет табиғат пен адамның сұлулығын нақтылап айқындай түсті. Поэзияның көркемдігін шыңына жеткізе түсуді, мағынасын тереңнен толғау керектігін айтты. Абайдың қара сөздерінде көрініс тапқан эстетикалық көзқарастар қазақтың көркем мәдениетін жаңа деңгейге көтерді. Шын мәнісіндегі халықтық бағыттағы ақын-жазушылар заман талабын терең сезіну мен сол жайында толғануды, алға және алысқа көз тігуді, тарих тамырының жанды соғысын суреткерлік және азаматтық жүрекпен ұғынуды Абайдан үйренді. ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары еңбектерінде әдеби-эстетикалық ілімдер қазақ әдебиетінің орыс мәдениеті арқылы Еуропа және жәдитшіл татар мәдениеті арқылы оянған Шығыспен тоғысуы нәтижесінде қалыптасты. Терең эстетикалық ойлар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ғұмар Қараштың, Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының, Мағжан Жұмабайұлының, Міржақып Дулатұлының, т.т. шығармаларында айтылды. Олардың талқылаған басты тақырыптарына қазақ сөз өнерінің ерекшеліктері, дәстүр мен жаңашылдық, өнердегі гуманизм мен имандылық, фольклордағы рәміздік кейіпкерлер, ұлтжандылық пен азаматшылдық, т.т. жатады. Кеңес Одағында қазақ эстетикасы қайшылықты жағдайда дамыды. Бір жағынан, «мазмұны социалистік, формасы ұлттық мәдениет» дегенді басшылыққа алған тоталитарлық жүйе ұлттық көркем өнер түрлерін зерттеуге шек қойды. Екінші жағынан, «жан-жақты жетілген адам» дегенді мұрат тұту білім беру мен эстетикалық тәрбиеге назар аудартты. Бұл дәуірде көптеген ғалымдар мен өнер қайраткерлері қазақ халқы өнерінің тарихы мен типтік ерекшеліктерін зерттеуге үлкен көңіл бөлді. Олардың қатарында М.О. Әуезовтың, Ә.Х. Марғұланның, Е.Ысмайыловтың, М.Қаратаевтың, М.Базарбаевтың, Қ.Жұмалиевтің, А. Жұбановтың, Б. Ерзаковичтің. Ә. Қоңыратбаевтың, т.т. еңбектерін атап өтуге тұрады. ХХ ғасырдың екінші жартысынан Қазақстанда кәсіби философиялық-эстетикалық бағыт қалыптаса бастады. Идеологиялық қысым жағдайында қазақ эстетиктері / Б.Р. Қазыханова, Қ.Ш. Нұрланова, Е. И. Байзақов, С. Ақатаев, М.Қаратаев, Е.Тұрсынов, М.М. Әуезов, Ә. Мұхамбетова, т.т./ ұлттық тарихи-мәдени мұрадағы көркем мәдениеттің өзіндік болмысына теориялық талдау берді. Әкімшіл-әміршіл жүйе осы авторлардың бір тобы дайындаған көшпелілер эстетикасына қатысты монографияны таратуға тыйым салды. Қазақстан Республикасында эстетикалық зерттеулер әлемдік жаңа өркениеттілік құндылықтарды қабылдау және ұлттық мәдени мұраны жаңғырту аясында өрістеді. Қазақ халқының дәстүрлі өнері мен оның тарихи типтерін, ұлттық ойлаудың көркем негіздерін, көркем мәдениеттегі құндылықтар жүйесін және категорияларын эстетикалық тұрғыдан зерттеген ғалымдардың арасында Қ.Нұрланованың, Б.Қазыханованың, М.Балтабаевтың, Г.Шалабаеваның, С.Ақатайдың, Мирлан Қаратаевтың, Т. Қоңыратпаевтың, А. Сейдімбектің, М.Мағауиннің, Ә. Әлімжанованың және т.т. еңбектерін атап өткен жөн. ХХ ғасырдың соңғы ширегінен бастап Батыс елдерінде эстетиканың дамуы постмодернистік бағытпен тығыз байланысты болды. Қазақстанда бұл бағытта ұтымды шығармаларымен көзге түсіп жүрген авторлардың арасында Б.Нұржановтың, Ә. Қодардың, Ә.Наурызбаеваның, Н.Садықовтың, Ж.Баймұхамбетовтың, А.Құлсариеваның, О.Аринованың, т.б. есімдерін еске алуға тұрады. Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т 12. Астана: Аударма, 2005
ҚАДІРӘЛИ БИ ЖАЛАЙЫР. Қ. би Ж. туралы тым үстірт, жалпы мәліметтер ғана сақталған. Өзі шыққан руы туралы ол Қосым биді өзінің әкесі, өзін «тарақ таңбалы жалайыр» дейді. Қ. Ж. Сібір хандығындағы ірі ұлыстардың бірінің басшысы болған. Тарихи «Жами ат Тауарих» (Жылнамалар жинағы» жазбасының авторы. Бұл шығарма бізге екі нұсқада жетті. Бірі Санкт Петербург ун-тінің кітапханасында, екіншісі Қазан ун-ті ғылыми кітапханасының Шығыс бөлігінде сақтаулы. Деректеме дәстүрлі кіріспеден, Рашидад-Диннің еңбегінен алынған аудармадан және оны өзінше қайталап, әңгімелеп шыққан бөлімнен және қысқаша жазылған тоғыз дастан мен қорытынды сөзден тұрады. Мұнда берілген тоғыз дастанның негізі Шыңғыс әулетінен шыққан Тоқтамыс, Темір, Құтлық, Қажы, Керей, Қажы Мұхаммед, Әбілқайыр, Мадқар, Ораз-Мұхаммед сынды хандардың жеке басына және олар шыққан руларға арналған, ал бір дастанда алтын ордалық атақты Едіге ханның қызметі туралы әңгімеленеді. Соңғы тоғыз дастан кіріспе бөліммен қоса Қ. Ж-дың өзінің төл шығармасы. Оның өзі жазған бөлімдерінің құндылығы арқасында «Жами ат Тауарих» ел арасында кеңінен танымал шығармаға айналды. Әрбір дастан негізінен XIII – XVII ғасырларда Дешті Қыпшақта билік жүргізген жеке әулеттер туралы, ру тарихы сипатында ақпар береді. Өзінің әлеуметтік-саяси бағыты бойынша «Жами ат тауарих» Тұқа Темір әулеті тұсындағы қоғамдық әлеуметтік саяси т.б. тартыстарға құрылған тарихнама болып табылады. Дала тұрғындарының эпосы, лироэпосы және басқа да фальклорлық жанрлар мен бұрын аталмаған және біздің заманымызға дейін жетпеген Шығыс шығармаларының деректері дастандарды жазу үшін арқау болған. Қ. Ж-дың « Жами ат-тауарихы» өткен замандағы Қазақстанның тарихы хақындағы маңызды әрі құнды тарихи деректеме болып табылады. Тарихнама тұрғысынан алғанда «Жами ат-тауарих» әзірге бізге дейін жеткен бірден бір тарихи-әдеби ескерткіш. Оның құндылығы сол-онда сол замандағы көшпелі халықтардың сана-сезім, талғамы, дүниеге көзқарасы, болмыс-бітімі, ой-өрісі, тарихи білімі және т.б.айшықты көрініс береді.
ҚАЗТУҒАН жырау (XV ғ.) – сахара эпосын жасаушылардың бірі, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы. Көшпелілер әулетінен шыққан Қ.ж. рубасы – көсем де, әскер басы – батыр да саналады. Қ. өмірі туралы дерек аз. Ол өз артына өмір хақында, атамекен, туған ел жайлы және әскери тақырыптағы сан алуан мол мұра қалдырған, алайда бізге жеткені мардымсыз. Жыраудың жырлары көшпелілердің болмыс, тіршілік, қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Қ. Ж. қиялының ұшқырлығы, суреттеу тәсілінің шеберлігі мен сонылығы орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде әрі өзіндік сипатқа ие болғандығын көрсетеді. Ұлттық бояуы ашық, афористік толғаныс, көркем тіркестерге бай Қ. жырлары ғасырлар бойы қазақ жырауларының үлгі, өнеге мектебі болған. Жыраудың «Мадақ жыры», «Туған жермен қоштасу» тәрізді шығармалары көне поэзияның таңдаулы нұсқалары болып табылады. Онда көшпелі қазақ халқының өмірге көзқарасы, ой-толғамы бейнеленген.
ҚАЙТА Өрлеу,РЕНЕССАНС – Батыс және Орталық Еуропада XІV ғ. – XVІ ғ. мәдениеттің гүлдену дәуірі. Әлемдік сауда байланысы, өндірістің дамуы, әулем. жағдайдың жақсаруы мәдениеттің барлық саласының прогрессивтік бағытта дамуына ықпал етті. Қ. ө. дәуірінің эстетикалық идеялы жетекші орынға шығарм. тұлғаны шығарды. Рухани және материалдық байлықты бірлестікте қарастырды. Қ. ө. дәуірінің мәдениеті сауда және өндіріс орталығы болған солтүстік және орталық Италияда өзінің классик. формасында көрініс тапты. Адамзат тарихындағы кәсіптік көркемдік шығарм.-тың бір кезеңі Қ. ө. дәуірінен бастау алады.