Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
АРХИТЕКТОНИКА (грек. archіtektonіke –құрылыс өнері) – 1) үйдің құрылымдық жүйесін құрылыс заңдылықтарына сай, жоғары көркемдік дәрежеде жүзеге асыру және оның нақтылы шешімін табу шеберлігін білдіретін сәулет өнерінің ұғымы; 2) көркем шығарманы құрастырудың жалпы эстетикалық жоспары, оның бөліктерінің өзара байланысының үйлесімдігі. Жалпы мәдени туындыларға қатысты да А. ұғымы қолданылады. Әр алуан құрылымдық жүйелердің үйлесімділігін арттыру үшін оның әсемдігі мен функционалдық сәйкестігі біртұтас болуы керек. А-да құрылымның бас элементтері мен қосалқы бөліктерінің арасындағы икемділікке үлкен көңіл бөлінеді. Мыс., мәдени туындының сыртқы бітімдерінің безендірілуі, қоршаған ортамен және тұрмыс қажеттіліктермен үйлесімділігі, құрастырылу қисындығы А. талаптарына сай келеді.
АСАН ҚАЙҒЫ Сәбитұлы (XIV ғ-дың ақыры –XV ғ-дың басы) – мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ, Керей мен Жәнібек хандардың ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Қызылорда обл. Шиелі ауд. «Жеті әулие» қорымындағы Асан ата кесенесі А.Қ. мазары делінеді. А.Қ. заманында Алтын Орда ыдырап, оның орнына Қырым, Қазан, Өзбек хандықтары пайда болды. Ноғай ордасы тарап, Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуы хандықтар арасындағы қым-қиғаш талас-тартысты аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді. Кейінгі ұрпақ әулие танып, аты аңызға айналған «көшпелілер философы» (Ш.Уәлиханов) атанған. А.Қ. «өзінен қалған қысқа сын болжаулары, өсиеті арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс, білік-дерек береді» (М. Әуезов). А.Қ. қазақ халқы ұсақ хандарының басын біріктіріп, іргелі ел етпек болған Керей, Жәнібек сұлтандарды жақтайды. Шу мен Арал аралығында Қазақ ордасы құрылған кезде Асан қайғы жаңа мемлекеттің ұраншысына айналды. Ішкі саясатта жер-су, жайылым, қрныс үшін қақтығыстар мен қайшылықтарды реттеу, ел жұртының хал-ахуалын жақсарту мақсатында А.Қ. хан алдына өзінің «ымыраға келу теориясын» ұсынған. Хан мен қара бұқара арасындағы қарым-қатынасты ушықтырмай, әділет тұрғысынан шеше білген. Сыртқы саясатта халқының өсіп-өркендеуіне ұйытқы болып, қазақ қоғамының үлгісін жасаған. Ол іздеген «Жерұйық» шұрайлы қоныс қана емес, елін, жұртын сыртқы жаулардан қорғайтын жол, жаңа қоғамның үлгісі, қазақ халқын тарих сахнасында сақтап қалу бағдарламасы. А.Қ. осы тарихи ойларын хандармен, сұлтандармен, билермен, әсіресе, Жәнібек ханмен арпалысып жүріп, іске асырмақ болған. Елі мен жұртының болшағы туралы қатты қайғырып толғанған абызды халық Асан қайғы деп атаған. Ол жаңа хандыққа үлкен үміт артып, қазақ халқының бақытты болашаққа жетуін көксеген. Осы мақсатты көздеп ол сол хандыққа қазақ руларын түгелдей енуіне түгелдей күш-жігерін жұмсаған. А.Қ. елінің сулы-нулы, шөбі шүйгін, құтты қоныс тауып «адамы жүзге келмей өлмейтін, қойы екі төлдейтін» мамыражай, еркін өмір сүруін аңсады. Бұл мұратын жырау «Жерұйық» деп атады. Алты атанға жүк артып, алты жыл жайлы қоныс қарап, қазақ жерін түгел шолып шығады, әр қоныс, мекенге байыпты сын, баға беріп отырады. Бұл бағалары әлі күнге дейін ел аузында ұмытылмай айтылып келеді. А.Қ. есімі тек қазақ халқына ғана емес, басқа да ағайын халықтарға (қырғыз, қарақалпақ, ноғай тб.) кеңінен тараған. Бұл орайда жырау толғауларындағы жоғардағыдай философиялық және психологиялық мәні зор қанатты сөздердің атқарған өзіндік рөлі ерекше. Ақынның философиялық дүниетанымы үш бағытқа бөлінеді: 1) этикалық дүниетаным – ұлы жыраудың философиялық ойларының өзегін құрайды. Адам, адамшылықтың басты қасиеттері, олардың мәні мен сипаты жоғары имандылық деңгейінде қарастырылған. Поэтикалық формамен берілген этикалық ұғымдар, түсініктер, қағидалар Шыңыс өркениетіне тән ерекшеліктермен сабақтастық тауып, адамгершіліктің алуан қырлы болмысын айқындайды; 2) поэтикалық зерде және философияның қазақ дүниетанымында егіз ұғым екенін жырау өз толғаулары арқылы толық дәлелдеп берді. Адам өмірінің мәні, мақсаты, өлімнің растығы, қоршаған дүниені тану мәселелері А.Қ. философиясының басты бағыттары; 3) А.Қ. гуманизмі, адамға деген сүйіспеншілігі тарихи сана арқылы түркі халықтарының жадында сақталған. Ноғай, өзбек, түркімен, қырғыз, қарақалпақ халықтары арасында А.Қ. есімі ілтипатпен аталып, құрмет тұтылады. Оның ақындық ойы мен жыраулы философиясы өзінің танымдық құдіреттілігімен ерекшеленеді. Қазақ халқы ғасырлар бойы тарихи сатыларында А.Қ. есімін үстемдікке, озбырлыққа, әділетсіздікке қарсы ұстанған ізгілік символына айналдырды. Әдебиет: Потанин Г., Живая старина, СПб., 1917, вып. II-III; Әуезов М., Асан қайғы: Қазақ әдебиетінің тарихы, 1-т., А., 1960; Халид Құрбанғали, Тауараих хамса, А., 1992. К. Толыспайұлы, М. Жармұхаммедұлы (ҚҰЭ – 471-72 бет)