Қр бғМ Ғк философия, саясаттану және дінтану институтының



бет41/267
Дата20.09.2023
өлшемі1,22 Mb.
#109258
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   267
Байланысты:
Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)

АСКЕТТІК (грек. asketes жаттығу, ерлік) – саналы түрде табиғи қызықтардан, өмір игіліктері мен ләззаттықтан өзін рухани құтқару мен жоғары мағыналықты көздеп, адами немесе діни мұраттарға жету үшін бас тартып, өткінші дүние құндылықтарын тәркі ету. А. көптеген діни (буддизм, индуизм, иудаизм, христиан, ислам) және философиялық (пифагоршылар, стоиктер, гностиктер, неоплатоншылар) жүйелердің жалпы принципі болып келеді. Бір діннің аумағының өзінде А-тің бірнеше баламалары болды. Мыс., христиандықта монахтық А. пен дүниелік А. ажыратылған. Христиандық діннің адам денесінің қасиеттілігі және оның қайта тірілуі мен мәңгі өмір үшін қажеттілігі туралы қағидаларына қарамай, А., әсіресе алғашқы христиандық әулиелердің өмірінде кең орын алған. Батыс Рим империясының құлдырау жағыдайында өріс алған әдепсіздікке қарсы А. руханилықты сақтаудың бірден-бірі жолы деп есептелген. А. принциптер Айса пайғамбардың өміріндегі (мыс., шөлде әзәзілдік нәпсіқұмарлықпен күресу) тәрбиелік құндылықтар ретінде уағыздалды. Орта ғасырда католиктік және православиялық ағымдарда монахтық А. (целибат) қарапайым адамдар үшін де үлгі болып жарияланған. Протестанизм сыртқы монахтық А-тің орнына «моральдық аскеза» принципін ұсынды. Рухани тазару алдыңғы орынға қойылды. Ислам дінінде де А. жоғары бағаланған. А. әсіресе, сопылық бағыттың негізгі өмірлік принциптерінің біріне айналды. Оны Қожа Ахмет Иасауи уағыздарынан байқауға болады. Оның пікірі бойынша, адам нәпсіқұмарлықтан арылу үшін өзіне өзі джихат жариялауы керек, нәпсіні тыйған адам түбінде әулиеге айналады, Жалпы алғанда, А. адамзаттың рухани тәжірибелерінің бірі ретінде қабылдануы керек.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы: Раритет, 2007.

АСҚАҚТЫҚ – жоғары құндылығымен адамды шаттық сезімге бөлейтін, бірақ өзінің орасан зор күшімен және аумақтылығымен адамның оны қабылдау мүмкіндіктерінен асып түсетін, болашақ мүмкіндіктері зор нәрселер мен құбылыстардың эстетикалық құндылығын білдіретін категория. Осы игерілмеген, кейде шамасынан тыс қатерлі күштердің алдында тұлға еріксіз болып келеді. Егер әсемдік еркіндік саласына жатса, онда А. адамның салыстырмалы тәуелділік аймағында қалып қояды. Бұл жағынан А. әрекет етіп отырған объектінің қабылдаушы субъектіден басымдылығын білдіреді. Табиғаттың орасан зор немесе пәрменді құбылыстары, тарихи төңкерістер, тұлғалардың жанқиярлық рухани немесе әлеуметтік ерліктері мен ауқымды шығармашылығы адамдағы А-тың объективті бастауларына жатады. А. күнделікті өмірдің әдетті жүрісіне ретсіздік әкелуі мүмкін. Бұл шұғыл өзгерістер адамда кеңеттен пайда болған шаттану немесе тылсымдық үрейлену туғыза алады. Адам толық меңгергеннен кейін А. әсемдікке айналады. Өнерде А. аумақты, көтеріңкі (пафостық), монументалдық туындыларда анық көрініс табады. Өнер тарихында А. мәселесі алғашқы рет антикалық мәдениетте шешендік өнердің тартымдылығы мен көтеріңкілігіне байланысты қойылды (Цецилий I ғ). Псевдо-Лонгин «А. туралы» деген трактатында оны эстетикалық категория түрінде қарастырады. Жаңа заман эстетикасында әсемдік пен А-тың арасындағы айырмашылықтарға басты назар аударылады. Шиллер А-тың математикалық (аумақ, көлем, сан) және динамикалық (сапа, серпін, күш, әсер) бастауларын атап өтеді. ХХ ғ. эстетикасында А. көркем мәдениеттің басты құндылықтарының біріне айналады.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы: Раритет, 2007.

АССИМИЛЯЦИЯ (лат. Assіmіlatіo – ұқсасу, сіңісу, сіңу) – үлкен этникалық ортада саны кем және саяси-мәдениеті мен әлеуметтік жағдайы төмен халықтың өзінің ұлттық болмысынан айырылып, басым халық арасында сіңіп кетуі құбылысы. Мәдени А. – белгілі бір, әдетте, «әлсіз» мәдениетті өзінен жоғары тұрған сыртқы мәдениеттің арасында толық немесе жартылай таралып кетуі. А-ның негізгі тетіктеріне жаугершілік, этносаралық неке, ұлттық салт-дәстүрлерді орындамау, діни ажыратушылық, ана тілін ұмыту, мәдени элитаның доминатты топқа қосылуы жатады. Мәдени А. ұлттық ділден мүлден айырылумен аяқталады. А. табиғи немесе күштеу жолдарымен жүреді. Табиғи А. жаңа этномәдени аймаққа әртекті ұлттардың қоныс аударуы жағдайында жылдам және органикалық түрде жүреді. Осы жолмен Американың көптеген этностары қалыптасқан. Алайда, бастапқы кезде Жаңа Әлемде басқыншылық та, байырғы халықты қыру процестері де болған. Империялық сипаттағы елдерде А. процесі негізінен күштеу арқылы жүзеге асқан. Мәдени жағынан алғанда, А-ның әртүрлі этномәдениетке тигізетін оң ықпалын да (адамдық бірегейлену, мәдениеттердің тоғысуы мен сұхбаты, мәдениет құндылықтарының таралуы мен алмасуы т.б.) ескерген жөн.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   267




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет