АССОЦИАЦИЯ (лат. associatio − қосу, біріктіру, байланыстыру) − психикалық элементтер арасындағы өзара байланыс. Психикадағы бір элементтің, белгілі бір жағдайда онымен байланысты басқа элементтерді де туындататыны А-ны білдіреді. Адамның әліпбидегі әріптерді бірізділікпен айтуын қарапайым А-ның нәтижесі ретінде көрсетуге болады. Субъектінің объектімен өзара қатынасының нәтижесінде пайда болатын А. заттар мен құбылыстардың шынайы байланыстарын бейнелейді. А. психикалық іс-әрекеттің қажетті шарты. А-ның пайда болуының физиологиялық негізінде – И.П. Павлов ашқан уақытша жүйке байланысының қалыптасу механизмі, яғни, ми қыртысының әртүрлі бөліктерінің арасындағы жүйке жолдарының түйісуімен, осы бөліктердегі қозудың тұйықталуы жатыр. А. адам психикасындағы барлық күрделі құрылымдардың пайда болуының негізін құрайды. Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004.
АСТРОЛОГИЯ (грек. Actron – жұлдыз және logos – сөз, ілім) – аспан шырақтарының жердегі тіршілікке және адамға (темпераментіне, мінезіне, қылығына және болашағына) тигізетін әсері жайлы ілім. Астрологиялық болжам шырақтардың аспан сферасындағы көрінерлік қозғалысы мен олардың аспан сферасындағы өзара орналасуы бойынша (Гороскоп) анықталады. Астрология ежелгі Вавилонда жұлдызға табынуға және жұлдыз аңыздарына байланысты шықты. Кейін Рим империясында (алғашқы гороскоптар б.з.б. II-1 ғасырларда шықты) кеңінен таралды. Християн діндарлары астрологияны қабылдамады. Астрология IX – X ғасырларда Арабияда едәуір дәрежеде дамыды. XII ғасырларда астрология Еуропаға ауысты. Мұнда ол XVII-ші ғасырға дейін қолданылды. Дүниеге ғылыми көзқарастың қалыптасуына байланысты XVII ғасырдың ортасынынан астрология ілімі Еуропадан ығыстырыла бастады. 1-дүние жүзілік соғыстан кейін, сирек кездесетін ғарыштық ерекше құбылыстармен биоғарыштық ритмдерге т.б. байланысты, астрологияға қайта қызығушылық пайда болды. XX ғасырдың ортасынан бастап астрология бұқаралық мәдениеттің бір түріне жатқызылады. Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Философиялық антропология. Мәдениет философиясы. Дін философиясы. Астана: Аударма, 2006; ҚҰЭ. Т.1., 494 б.
АТАМЕКЕН (арабﻤﮎﻥ «мәкан» – орын, жай) – ұрпақтан ұрпаққа қалып отырған «кір жуып кіндік кескен» аймақ, өңір, өлке. Түркі қауымына ортақ «ата» сөзімен қосылып, әуелде «ата қоныс» ұғымында қолданылған. Кейін келе мәні кеңейіп «ата-бабалар ғұмыр кешкен, олардың өз ұрпақтарына мәңгілікке қалдырған иелігі, ең қымбат мұрасы» деген ұғымды білдіретін термин ретінде орныққан. «Ата» – көне түркі дәуірлерінде әрі қолбасы, әрі елбасы болған кісілер есіміне жанама қосылатын атау. «Ата» сөзі тіркескен қасиетті орындардың бәрі де сондай адамдардың аттарымен байланысты болып келеді. А. осындай жерді, мекенді киелі рухқа теңеуден шыққан. Демек ол – ұран тектес сөз. Бұл, әсіресе ежелден аталар рухына – аруаққа сыйынған түркі қауымдарына тән нәрсе. А. көне замандарда ру, тайпа иелігіндегі белгілі-бір аймақ, өңір болса, бертін келе туған жер, Отан ұғымдарының баламасына айналған. Ол еліміздің, мемлекетіміздің негізі. Аумалы-төкпелі заманда империялық отаршыл және кеңестік қызыл саясат салдарынан шетке ауып кеткен қандас бауырлар Қазақстанның егемендік алуына орай өз А-іне қайтып оралуда. Әдебиет: ҚҰЭ. Т.1., 506 б.
АТАРАКСИЯ (грек. –άταραξία, ả − терістеу бірлігі, ταραχή − қобалжу) – қобалжымауды, алаңсыздықты, жан тыныштығын білдіретін антикалық этикадағы термин. Демокрит, Эпикур, Лукреций дүниені тану, қорқынышты жеңу, жан дүниенің қобалжуынан аулақ болу А-ға бастайтын жол деп түсіндіреді. Скептиктер (Пиррон және т.б.) А. жағдайына пікір айтудан өзіңді шектеумен және қорқыныш пен қобалжудан құтылу арқылы жетуге болады деп санайды. Ал, стоиктер болып жатқан оқиғаларға, қуаныш пен қайғыға самарқаулықпен қарауды үйрететін апатия жайлы ілімді дамытады. Түптеп келгенде, антика ойшылдарының атараксия ұғымына қатысты ойлары – жанның аффектіге бой алдырмауының идеалы, ойды, назарды сыртқы жағдайлардан ішкі күйге аудару және сезімді ақылға жеңдіру секілді ортақ түсініктерге жинақталған.