Қр бғМ Ғк философия, саясаттану және дінтану институтының


Ғази Мұстафа Кемал Ататүрік



бет43/267
Дата20.09.2023
өлшемі1,22 Mb.
#109258
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   267
Байланысты:
Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)

Ататүрік, Ғази Мұстафа Кемал Ататүрік (1881, Селаник – 10.11.1938, Стамбул) – Түркі Республикасының негізін қалаушы, оның тұңғыш президенті (1923), түрік әлемінің әйгілі қайраткері. Селаниктегі әскери лицей мен әскери мектепті (1902), Стамбулдағы Бас штабтың академиясын (1905) бітірген. А. өз Отанының тәуелсіздігі мен тұтастығына, ұлттық мәдениеттің дамуы мен ана тілдің жетілу мәселесіне ерті әрі белсенді араласқан. Жас түріктер төңкерісіне (1908), Түркияның Италияға қарсы соғысына (1911-1912), Балқан соғысына (1912-1913) қатысып ерлік танытады. І дүниежүзілік соғыстағы қаъармандығы мен қолбасшылығына орай А-ке түменбасы (генерал) және «Мұстафа Кемал паша» деген ерекше лауазым беріледі.
А. жүргізген ішкі және сыртқы саясаттың принциптері «кемализм» дәстүрін құрайды. А. заманында жасалған «кемализм» идеологиясы ұзақ мерзімді алты ұлттық постулаттар жүйесінен тұрады. Олар: 1. республикашылдық – басқарудың республикалық формасының өзгермеуі; 2. халықтық – «тапсыз» қоғам мүшелерінің барлығының құқығын қорғау; 3. ұлтшылдық – ұлттық мүддені қорғау; 4. лаицизм – мемлекеттің зайырлы болуы және мемлекетті исламнан бөліп қарау; 5. этатизм – мемлекеттің ең алдымен экономикадағы жетекші рөлі; 6. революцияшылдық – ескінің қалдығымен күрес және модернизация.
Мемлекет пен қоғамның тоқырауына жол бермейтін, ұлттың жаңғыруын айқындайтын бұл принциптер 1937 ж. ресми түрде Түркия Республикасының Конституциясына арнайы енгізіледі. «Кемализм» идеологиясы Осман империясының әртекті халқынан біртұтас азаматтық ұлтты – түріктерді қалыптастыруға, ұлт лидері бастаған мемлекеттің ілгері дамуына халықтық ұмтылысты жұмылдырды. А-тің ұлтшылдық идеологиясы түріктердің жалпыұлттық өзіндік сана-сезімін нығайтуға, оны ұлт-мемлекет тіркесінде қабылдап, түрік мәдени кеңістігін ұйыстыруға серпіліс енгізді. А-тің тікелей өзі жасаған «Халықты жетілдіру жоспары» түрік ұлтшылдығы мен бірлігін нығайтатын мына қағидаларды қамтыды: 1. ұлттық келісім туралы пакті; 2. ұлттық тәрбие; 3. ұлттық мәдениет; 4. тіл, тарих және мәдениет біртұтастығы; 5. түріктік өзіндік сана-сезім; 6. рухани құндылықтар. Ұлтшылдық призмасы арқылы халықшылдық ұстанымына назар аудару, түрік жолын анықтау ұмтылысын жандандырды. Ол «әрбір халық өзінің қоғамына сәйкес келетін талаптар мен заңдылықтар және уақыт талабына сай ішкі жағдай мен ахуал бойынша реформация жүргізетінін» атап өтті. Байырғы түрік қоғамының ерекшеліктері мен рухани мұқтаждықтарын ескере отырып, А. жаңа мемлекет құруға күш салды, Түркияда саясат, құқық, ағарту, ғылым, әскери іс, т.б. салаларда реформалар жасады. Еркектер мен әйелдердің құқықтары теңестірілді, дін мемлекеттен бөлінді, араб жазуының орнына латын әліпбиі қабылданды (1928). «Түрік тарихының басты бағыттары» еңбегінде жалпыұлттық идеологиялық қағидалар айқындалынды. Түрік тілін араб, парсы тілдерінен енген кірме сөздерден тазартуға, бүкілтүріктік тіл ретінде оның қолдану аясын кеңейтуге ерекше назар аударды. ХХ ғ. бас кезіндегі өз жолын іздеген Түркияның стратегиялық бағыттары мен тәжірибесі Қазақстан үшін үлкен қызығушылық тудырады. Әлемнің ең жетекші елдерімен ықпалдасу Түркия мен Қазақстан тәжірибесіне ортақ. Бұл жол басқа елдерге үлгі бола алады.
Әдебиет: Ataturk un Soylev ve Demegleri C. ІІІ, Ankara, 1989; Mehmet Ozel, Ataturk. Ankara, 1996; Ә. Нысанбаев, К. Есмағамбетов. Ататүрік. «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы. Т.І, А.,1998.

АТАУ, логикада – белгілі бір затты, материалдық объектіні кең ауқымды мағынасында таныта алатын сөз. Логикалық семантикада «семантикалық үшбұрыш» дейтін ұғым бар. 1) атау; 2) атау білдіретін зат (денотат, яғни десигнат); 3) атаудың мәні. Термин білдіретін объект термин денотаты деп, термин білдіретін қасиет – терминнің мағынасы деп есептеледі. Қандай да болсын болмыс түрін төрт нәрсе белгілейді: атауы, әлпеті, сапа-қасиеті, мән-мағынасы. Атау бұлардың өзінен кейінгі үшеуін де қамтитын болғандықтан, ол ең маңыздысы болып табылады.
Әдебиет: ҚҰЭ. Т.1., 509 б.

АТЕИЗМ (грек. А – сыз, сіз емес қосымшасы және theos – құдай) – табиғаттан тыс күштерге (рухтар, құдайлар, ақыреттік өмір т.б.) сенуді жоққа шығаратын көзқарастар жүйесі, бүкіл дін атаулыны бекерге шығару. Адамзаттың тарихи даму барысында А. әр түрлі әлеуметтік топтардың идеялық қаруы ретінде пайдаланылды. Маркстік А. диалектикалық және тарихи материализмді өзінің филос. негізі етіп алды. Ол атеистік тәрбие жүйесінің теориялық негізін құрайды. Коллективтендіру, тәркілеу, т.б. саяси науқандарда дін иелері қатты қудаланды. 1932 ж. КСРО бойынша дінге қарсы 10 газет, 23 журнал шығарылды. 1954 жылғы 7 шілдеде және 10 қарашада СОКП ОК-і атеистік насихатты күшейу туралы арнайы қаулылар қабылданғаннан кейін бұл бағыттағы жұмыстар жаңа қарқын алды. Жоғары оқу орындарында ғылыми атеизм негіздері курсы оқытылатын болды. КСРО ҒА-ның Тарих ин-ты жанынан 1947 жылдан ұйымдастырылған дін тарихы және атеизм секторы «Дін тарихы және атеизм мәселелері» деп аталатын журнал шығара бастады. 1964 ж. СОКП ОК-нің шешімімен Қоғамдық ғылымдар академиясы жанынан Ғылыми атеизм ин-ты құрылып, «Ғылыми атеизм мәселелері» атты мерзімді басылымды жарыққа шығара бастады. Кеңестік жүйенің әрбір халыққа тән өзіндік салт дәстүр, діни сенім-наным ерекшеліктерін күштеп жою бағытында жүргізген әрекеттері бұқара халықты рухани тоқырауға соқтырды. КСРО ыдырап, ондағы көпшілік елдер, соның ішінде Қазақстан өз егемендігін алғаннан кейін, дін мәселесі Конституциямыздың аясында өз жолын, арнасын тапты. «Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға... хақылы» делінген онда (19-бап).
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006; Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы, 2007; Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004. – С. 73-74.

Атомарлық факт – логикалық атомизм ағымының (Б.Рассел, Л.Витгенштейн) бұл басты ұғымы бойынша, бүкіл дүние бір-бірімен байланыссыз, ары қарай ажырамайтын, өзара тәуелсіз фактілерден тұрады. Бұл ұғым дүниенің бірлігін, оған тән ішкі байланысты, тұтастықты жоққа шығаратындықтан, шеткері тұрғыдағы плюралистік көзқарасқа апарады. А.ф. ұғымының пайда болуы математикалық логикада өз орны бар «атомарлық» сөйлемдердің кейбір қасиеттерін сыртқы дүниенің құбылыстарына бейсыни көшірмелеуден туған деуге белгілі бір негіз бар.

Атомизм (гр. atomon – бөлінбейтін), атомистика, барлық заттардың дербес элементтерден (атомдардан) құралатыны туралы ілім. Кеңірек мағынасында А. ұғымы объектінің, үдерістің, қасиеттің дискреттілігін, үздіктілігін білдіреді (мысалы, әлеуметтік атомизм, логикалық атомизм және т.б.). А. алғаш антикалық философияда көне грек атомистері Левкипп пен Демокриттің философиялық ілімінде орын тебеді. Бұл ілім бойынша, дүниеде бәрі де әрі қарай бөлінбейтін өте ұсақ бөлшектерден (атомдардан) тұрады; атомдардың қозғалысы, өзара әсері арқылы барлық құбылыстар түсіндіріледі. Алғашында философиялық гипотеза статусына ие болған бұл ілім кейіннен (XVII – XIX ғғ.) физика мен химияда (жалпы жаратылыстануда) өз жалғасын тауып, нақтылы ғылыми сипат алады (заттардың атомдық-молекулярлық құрылымы туралы ілім жүзінде). ХХ ғ. кванттық физиканың дамуы атомизм идеясына жаңа серпін беріп, дискреттіліктің (континуалдықпен қатар) материя құрылымына тереңнен тән екендігі айқындалды. Қазіргі физиканың ұйғаруынша, корпускулалық-толқындық дуализмнің микродүниенің негізгі бір қасиеті болып табылатыны осы дискреттілік (үздіктілік) пен континуалдықтың (үздіксіздіктің) өзара диалектикалық бірлігінің айғағы іспеттес.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   267




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет