Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
ӘБУ-л-Уәлид Мұхаммед ибн Ахмад ибн Рушд – 1126 жылы Кордовада туылып, 1198 Мароккодағы Марракеште дүниеден өткен атақты мағрибтық араб философы, Батыс Еуропада латынша Аверроэс деген атпен танымал. Бас қазы және муфтидің отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленді, өз заманының ұлы ғұламаларынан білім алды, ибн Араби сынды атақты сопымен, ибн Туфейль және ибн Зухр сияқты белгілі ғалымдармен достық қатынаста болды. Кордова халифатындағы Жүсіп және әл-Мансұр сұлтандардың тұсында олардың қамқорлығында болып, Мароккода, Севильяда, Кордовада лауазымды қызметтер атқарды. И. Р. Аристотельдің бірқатар шығармаларын аударды, оларға жазған түсініктемелері еуропалық философтардың ежелгі грек философиясымен танысуына ықпал етті. Оның шығармаларының көпшілігі латын тілінде сақталды. Оның пантеистік ілімі Еуропаға кеңінен таралып, аверроизм деп аталды. Алайда бұл ілім мұсылмандық және христиандық қатаң қағидаларды өзгертпей сақтауға тырысушылар тарапынан қуғынға ұшырады. И. Р-тың әл-Ғазалимен пікірталасы философтар қауымына жақсы таныс, оның барысында ол философияның рационалистік қорғаушысы болып көрінеді. И. Р. қос ақиқаттылық ілімінің негізін қалады. Әбу-л-Уәлид Мұхаммед ибн Рушдтың негізгі философиялық шығармалары: «Терістеуді терістеу», «Философия мен дін арасындағы байланыстарға қатысты қорытынды жасайтын пікір». Оның латын тіліне аударылып, бірнеше мәрте қайта басылған медициналық шығармасы «Colliget» (арабша «Куллийат», «жүйе» деп аударылады). Оған қоса И. Р. күн дақтарын зерттеген астроном деп те есептеледі. Оның көптеген шығармалары иврит тіліне де аударылды. Ислам. Энциклопедиялық сөздік. – Алматы: Аруна, 2009.
ӘБУ Мұхаммед бин Мұхаммад ат-Туси әл-Ғазали – (1058 – 1111) – аса ірі діндар, философ және факихшы. Хорасандағы Тус қаласында туған, Нишапурде әл-Жуайнидің (имам әл-Харамайн) шәкірті болған. Ұстазы қайтыс болған соң, 1058 жылдан бастап салжұқ уәзірі Низам әл-Мүліктің қасында болып, 1091 ж. Бағдатта ол негізін қалаған Низамийа медресесіне фиқһтан дәріс беретін ұстаз етіп тағайындалды. 1095 ж. исламшылар Низам әл-Мүлікті өлтіргеннен кейін Ә.- Ғ. қажылық сапарды сылтау етіп, Бағдадты тастап кетеді де, 11 жыл бойы Шамда (Дамашық), Туста, т.б. бірқатар қалаларда болады. Ә.- Ғ. адамдарды танымдық қабілеттері бойынша «қалың бұқара» (әл-һамма, әл-һауамм) және «таңдаулылар» (әл-хасса) деп екі топқа бөлді. Діни дәстүрлер соңынан көзсіз еретін қарапайым қауым мен ислам қағидаларын қорғаумен ғана шектелетін мутакаллимдерді ол алғашқы топқа жатқызды. Екіншісіне ең алдымен сенімді дәлелдер мен дәйектемелер көмегі арқылы ақиқатқа жетуге тырысатын философтарды енгізді. Сонымен қатар «таңдаулылар» қатарына тұрмыс-тіршілік мәнін логикалық қисындардан бұрын түйсік арқылы түсінетін сопыларды да кіргізді. Ә.-Ғ. сопылықтың өзін-өзі жетілдіру бағытынан оның пайдалы жақтарын көрді, бірақ сопылар ұсынған Құдаймен онтологиялық бірлікке жету бағдарын теріске шығарды, өйткені ол «бірлікке жетуді» ең жоғары танымдық күш-қуат – зерде түйсігі арқылы құдіретті пайымдау нышаны ретінде ғана таныды. Ол өзінің бірқатар шығармаларында әлемнің мәңгілігі мәселелері, себептілік теориясы, т.б. бойынша мұсылман философтарымен, шығыстық перипатетизм өкілдерімен (Әбу Насыр әл-Фарабимен, Әбу Әли ибн Синамен және т.б.) пікірталасты өрістетті. Философтар көзқарастарына түсініктеме жазып, олардың іс жүзінде мұсылман әлеміне таралуына себепкер болды. Ол өзінің «Ихйа улум әд-динле» («Діндегі ғылым сәулесі») деп аталатын басты еңбегінде діни-философия мен этика қағидаларын саралап, онда суннит дәстүршілдігі қағидаларын сопылық түсініктермен үйлестірді (мысалы, шариғатта көрсетілген ғұрыптарды сопылық дәстүрмен толықтырды). Адам еркі мен жазмыш туралы мәселеде әл-Ғ. «таңдап алу» ұғымын (касбаны) дамытады, оған сәйкес адам Алланың ұсынған жақсы-жаман әрекеттерінен өзіне қажетін таңдап алуына ерікті екендігін, бірақ соған орай жауап та беретіндігін айтады. Әл-Ғ. мұсылмандық ақыл-ойдың дамуына, сондай-ақ ортағасырлық еуропалық философияға зор ықпал жасады. Оны әдетте «худждат әл-Ислам» (ислам дәйекшесі) деп атайды. Ислам. Энциклопедиялық сөздік. – Алматы: Аруна, 2009.