Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы: Раритет, 2007.
ӘУЕЗОВ Мұхтар Омарханұлы (28.9.1897, қазіргі Шығ. Қазақстан обл., Абай ауд. – 27.6.1961, Мәскеу. Алматыда жерленген) – ұлы жазушы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ҒА-ның акад. (1946), филол. ғыл. докт., проф. (1946), Қазақстанның еңб. сің. ғыл. қайраткері (1957). Ә-тің шығарм. мұрасының аса қомақты бөлігі – оның ғылыми зерттеулері. Ол қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйелеп, қазақ әдебиеті тарихы, Абай өмірі мен шығарм., әдебиеттану мен фольклордың теориялық-проблемалық мәселелері жөнінде іргелі еңбектер жазды. Ол философия тарауларын гносеология, логика, психология, философия тарихы, метафизика, онтология, рационалды психология деп қарастырады. Әрі қарай философия тарихын – ескі және жаңа философияға бөліп, қазақ танымына ыңғайлап, Фалестен классикалық неміс философиясына дейінгі кезеңге шолу жасайды. Ә-тің «Абай жолы» эпопеясы – тек көркем шығарма ғана емес, ұлтмыздың болмысы мен дәстүрлі тұрмысын көркем оймен кестелеген, дала тарихы мен философиясы тұнған даналыө дастаны. Жазушының әдеби-көркем., ғыл. шығарм-н тану керек қазақ халқының қоғамдық және филос. ойының даму тарихын білу үшін ғана емес, жалпы түркі халықтарының философиясы мен психологиясын түсіну үшін де қажет. Ұлттық рух диалектикасын терең түсіне білген Ә. өмір бойы оны байытудың жолдарын қарастырумен болды. Театр, кино, музыка сияқты басқа да қазақ кәсіби өнерінің барлық саласының дамуына тікелей өзі басшылық жасап отырды.
ӘУЛЕТ – (парс. ұрпақ) бір атадан тараған ұрпақтар. Дәстүрлі қазақ қоғамында қандас-туыстық байланысты айқындауда жеті ата ұстанымы негізге алынған. Туыстық байланыс жеті атаға дейін созылып, одан әрі будандалық байланысқа созылады. Ә-тер рулардың қалыптасуының қайнар көзі болды. Жеті атаға толған әрбір әулет руға айналып отырды. Ғылыми әдебиеттерде «Ә.» ұғымы елдегі ең жоғарғы билік лауазымы мұрагерлік жолмен берілген замандардағы билеушілер шежіресін тарату үшін де болды. ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы Қазақстан мен Орта Азияның қоғамдық саяси өмірінде Әбілқайыр Ә-і, Абылай Ә-і ерекше рөл атқарды. Ресейде Романовтар Ә-і, Францияда Бурбон Ә-і, Қытайда Цинь Ә-і т.б. жекелеген мемлекеттерде Ә-тің билік жүргізуі жалғасуда.
Әуестік – адам айналадағы заттар мен құбылыстарды көргісі, білгісі, игергісі келген кезде туатын сана сезімнің бастапқы түрі. Ә. мазмұны даму дәрежесі жағынан жағымды не жағымсыз болуы мүмкін. Адамның рухани адамгенршілік қабілетінің қалыптасуына кейбір ұсақ-түйек жайттар мен әуестенушілік болады. Бұл жағымсыз Ә. Ал адам үшін және басқалар үшін рухани азық боларлық ізгі істерге әуестенсе, ол жағымды Ә. болады. Ә.-нің жағымдысы да, жағымсызы да адамға іштен туа бітетін қасиет емес, мұның қай-қайсысы болмасын тек қана тәрбиенің жемісі.
ӘУЛИЕ – ерекше діндарлығымен, дін жолына кіршіксіз берілгендігімен халық сеніміне ие болған қасиетті тұлға. Ә-лер туралы түсінік барлық діндерде кездеседі. Ислам дінінде Ә. ұғымы бірден орныққан. Мұхаммед пайғамбардың серіктерін, туыстарын, үрім-бұтақтарын, кейінгі діни қайраткерлерді Ә. тұту, оларға құлшылық ету дәстүрі барлық мұсылман елдерінде бар. Кейде оларды жинақы түрде «Ә.-әнбиелер» деп те атайды. Қазақ халқының дүниетанымында Ә-ге табыну ежелден бар. Тәңірге сенген ежелгі түркілер Ұмай ананы, Қызыр атаны, ата-баба аруақтарын желеп-жебеуші санап, оларға үнемі сиынып отырған. Күнге, айға, отқа, табыну, ел иесі Көкбөріні қасиет тұту, су иесі Сүлейменге жалбарыну, тіршілігінің негізі төрт түлік малдың иелері – Қамбар атадан, Шопан атадан, Ойсыл қарадан, Зеңгі бабадан, Шекшек атадан жәрдем күту т.б. ислам дініне дейінгі ежелгі нанымдар қазақ халқының дүниетанымында күні бүгінге дейін сақталған. Қазақ халқының ислам дінін қабылдауы барысында тәңірлік дүниетанымының кейбір элеметтері жаңа дүниетанымдық ұстанымдармен біте араласып, Ә. ұғымының мазмұны толыға түсті. Христиан дінінде де «ұлы қасірет шегуші», «апостол», «монах», «блаженный» (дәруші) т.б. бар. Шіркеу күн түзбесінде оларды құрметтеу күндері көрсетілген. Шіркеу қасиетті Ә-лерге арнап ғибадатхана салады, діни мейрам тағайындайды, соған шоқынуды, сый тартуды уғыздайды. Христиан дінінде ІІІ-IV ғ-ларда патшалардың, князьдердің, епископтардың, патриархтардың, Рим папаларының есебінен Ә-лердің саны көбейді. Рим папасы Пий жылма-жыл орта есеппен 5 адамды «қасиетті» деп жариялап отырды. Қазақ халқының ислам дінін қабылдауы барысында тәңірлік дүниетанымның кейбір элементтері жаңа дүниетанымдық ұстанымдармен бірге араласып, Ә. ұғымының мағынасы толыға түсті. Бұл бағытта, әсіресе, қазақ даласына ислам дінінің сопылық ілім түрінде енуі үлкен әсер етті. Сопылар ұстанымындағыдәруіштік, пәктікке ұмтылу, зікір салу, т.б. қазақтардың ежелгі нанымдарына ұқсас еді. Халық оларды Ә. санап, пір тұтты. Баба түкті Шашты әзиз, Арыстан баб, Баб ата, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата, Сопы Әзиз, Оқыш ата, т.б. Ә-лер білімпаз діндарлығымен де, қарапайым ізгілігімен де халық жадында мәңгілік сақталған. Қазақ халқы сондай-ақ, ел қорғаған батырларды, ұлт бірлігін сақтаған билерді, ақыл-парасатымен тұтас аймаққа үлгі болған аналарды Ә-лер қатарына қосып, олардың аруақтарына табынып келеді.