ӘЛЕУМЕТТІК философия – белгілі түрде қоғамның сапалық өзгешелігін, оның заңдарын, әлеуметтік идеалдарын, шығу тегі мен дамуын, өткені мен болашағын, әлеуметтік процестердің логикасын пайымдайтын философияның бөлігі. Бұл философияның саласы адам мен қоғамның арасындағы өзара байланысты қарастырады. Бұл бағыттың негізін қалаушы – Сен-Симон (XIX ғ)., классиктері – Конт, Маркс, Энгельс, Спенсер, ХХ ғ. өкілдері –– Фуко, Бодрийяр, Бурдье.
ӘПЕНДІ – ел ішінде қулық-сұмдықты білмейтін, қақ-соқпен жұмысы жоқ, жүріс-тұрысы тосын, жасына қарамай аңқау-аңғал, қылығы қызық, әйтседе жан дүниесі таза адамды сыпаттайтын этикалық ұғым. Ол табиғи жүріс-тұрысымен және орнықты сәлем-сауқатымен ғана емес, ерекше әңгімесімен көптің көңілінен шығады. Ондай жанның мінезі мен жүріс-тұрысының әдеттегі қалыптардан алшақтығын көргенде немесе ол туралы естігенде жұрт мәз болып, сергіп қалады. Адамдар қай-қайдағы күлкілі жайттарды соларға апарып жамап, әр жерде қалжың-күлкіге айналдырып айтып жүреді. «Ә.» сөзін бұрынғыда – жағымды, жақсы мағынада, кейінірек – теріс, келемеждеу сыңайында қолдану – ел санасына сіңіп кетті. Теріс мағынада Ә-ні «әпербақан» мағынасында да қолданылады. Әпербақандыққа көбіне а) алаңғасарлық, әңгүдіктік, әулекілік сияқты ұнамсыз мінез-қылықтар тән, ә) қоғамда әлеуметтік құндылықтар ауысқан, көп жақты дағдарыстар көрініс берген кезеңде өршиді. Қоғамның үйреншікті сүрлеуінен шығатын мұндай мінез-құлықта қатыгездік, дөрекілік, өзгенің абыройы мен намысын аяқ асты ететін теріс қылықтар басымдық етеді. Оның шет көріністері – ымырасыздық, қиратушылық қазан төңкерісінен кейінгі ұжымдастыру, байларды тәркілеу және репрессия кезінде етек алған әпербақандықтан халқымыз сұмдық жапа шеккені белгілі. Ә-нің сүйеніш-таянышы – оның әдеттен тыс үмітінде, қоғамның өтпелі кезінде – оның тәртіпті бүлдіргіш жойқындығында.
Әрекет – (араб. – харекет, амал, тәсіл) адамның кейде әлеуметтік топтың әлдебір істі атқаруға белсене кірісуі. Ә. қажеттіліктен, талпыныстан және мақсатқа жетуге қажетті біліктілік пен тәжірибелік дағдылардан құралады. Адамды әрекетке ұмтылдыратын негізгі күш ниет. Ә-тің сыр-сипатын түсіну үшін ниетті мақсаттан ажырата білу керек. Мақсат дегеніміз – Ә. арқылы әлдебір нәтижеге жету болса, ал ниет сол нәтижеге жетуге итермелейтін күш. Сондықтан Ә-ке баға беру ниеттің сипатын айқындаудан басталады, яғни ниет кез келген Ә. сырын ашудың «кілті болып саналады. Демек, Ә. қажеттіліктен, тек ниеттен ғана құралмайды. Ә. кезінде адам мақсатқа жетудің әр алуан құралдары мен мәліметтерді пайдаланып, түрлі амал-тәсілдер есептер т.б. қолданылады. Бұларды игере білу үшін ету барысында қалыптасатын біліктілікті, кәсіби дағды мен шеберлікті иелену басты шарт. Жалпы адам табиғатына тән ә.-тің ойын, оқу-іздену, еңбек түрлері бар.
ӘСЕР – өлшемділігі энергия мен уақыттың немесе жол мен қозғалыс мөлшерінің көбейтіндісіндей болатын физикалық шама. Ә. – психикалық құбылыстардың пайда болып, дамуына себепкер болатын қандай да психикалық процесстер мен қасиеттер әсер арқылы туады. Ә-ден тыс, әсерге тәуелсіз ешбір психиканың болуы мүмкін емес. Біздің психикамызға ықпал ететін обьективтік дүниенің әсерлері тікелей және жанама, кездейсоқ және жоспарлы, жағымды және жағымсыз т.б. бірнеше салаларға бөлінеді. Олардың кейбіреулері қарапайым психикалық процесс түйсікті тудырса, екіншілері одан күрделірек процесс қабылдауды, ал қайсы біреулері бұлардан да күрделі әрі сапалы процесстермен қасиеттердің қалыптасуына себепкер болады. Сыртқы дүниенің Ә-інен пайда болған психикалық процесіміз сол әсердің тек пассивті бейнесі ғана болып қоймай, сол сыртқы ортаға саналы түрде әсер етуімізге, сол арқылы табиғатты өзімізге белсенді түрде бағындыруымызға да көмектеседі.
ӘСЕМДІК – материалдық және рухани дүниенің адамды ләззатқа бөлейтін сипаты, эстетикалық ұғым Ә. әдемілікпен тектес. Бірақ әдемілік объектілердің сыртқы және ішкі қырларын бірдей қамтыса, Ә. құбылыстардың сыртқы көзге түсетін және пішіндік ерекшеліктерін эстетикалық тұрғыдан қабылдауға жатады. Ә. ең алдымен, тепе-теңдік, тұтастық, үйлесімділік, ырғақтылық, мақсатқа сәйкестілік, түс пен жарықтың белгілі бір мөлшері т.б. табиғи өлшемдермен айқындалады. Ә-тің осындай табиғи өлшемдерін эстетикалық түйсінуде адамның сезім мүшелерімен қатар, оның ішкі түйсігі мен ақыл парасаты ерекше рөл атқарады. «Пішіннің сыртқы Ә-дігі» (Гегель) оның ішкі мазмұнымен сәйкес келмеуі мүмкін. Жылтырағанның бәрі әдемі емес. Керісінше, сыртқы сұрықсыздық пен сиықсыздық тасасында жоғары жан сұлулығын кездестіру әбден мүмкін. Ізгілік пен жылылықтан алыс Ә. кейпіне ежелгі қазақ аңыздарындағы Пері қызы, грек мифологиясындағы Нарцисс бейнелері жатады. Ә-ті рухани сұлулықтан алшақтатып жіберген дұрыс емес. Өмір мен өнерді Ә. рухани қуаныш пен ләззатқа бөлей отырып, қоғамда зор танымдық және тәрбиелік рөл атқарады. Адам дүниені Ә. үлгісінде қайта құруға ұмтылады. Адамның түрі де, киімі де, жаны да, ойы да әсем болуы керек. Шынайы Ә. адамның шығарм. дарыны мен қабілетін дамытаотырып нағыз әдемі және сұлу тұлға мұратына ұмтылуына жігерлендіреді. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында Ә. өмір мұратына айналып, оған үлкен көңіл бөлінген. Мыс., қазақтар киелі әйел құдай Ұмайды өте әсем, сұлу және қайырымды, жарқын жүзді, күміс шашы аспанды жарқыратқан, күн сәулесі мен кемпірқосақ нұрына шомылған, қолында балаларды қорғайтын алтын садағы бар жас келіншек немесе қыз ретінде таныған (Орынбеков М.).