Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
ӘДІС, метод (грек. оdes – «бір нәрсеге жетудің жолы») – көздеген мақсатқа жетудің тәсілі, тәртіпке келтірген қызмет жүйесі. Ә. философияда зерттелетін нәрсенiң ойша нұсқасын жасау үшiн қажеттi таным құралы болып табылады. Fыл. негiзделген әдiстердi саналы түрде қолдану жаңа мағлұматтар алудың аса маңызды шарты. Танымның даму процесiнде ғылыми ойлау жүйесiнiң индукция, дедукция, талдау және жинақтау, аналогия, салыстыру, эксперимент, бақылау және басқа да Ә-тері жасалып, қалыптасты. Нақты ғылым түрлерiнің арнайы Ә-терi де болады. Өйткенi олардың зерттеу объектiлерiне тән өзiндiк ерекшелiктерi бар. Философияның өзге нақты ғылымдардан айырмашылығы – мұнда танымның жалпыға ортақ Ә-i жасалады. Бүкiл танымдық Ә. негiзiнде болмыстық, объективтi заңдылықтары жатады. Диалектикалық Ә-тiң объективтi негiзiн материалдық әлем дамуының неғұрлым жалпылама заңдылықтары құрайды. Бұл Ә. өзге ғылым Ә-терiн алмастырмайды, тек олардың жалпы философиялық негiзi болып табылады және барлық салалардағы таным кұралы ретiнде қызмет атқарады.
ӘЗІЛ – адамның өзінің айналасындағы адамдардан күлкіні шақыруға бағытталған әрекеті. Кең мағынада Ә. – екінші адамнан күлкілі эмоцияны шақыруға қабілетті кез-келген өмірлік құбылыстар, жағдайлар, сондай-ақ, кез-келген ойлар, фантазиялар, идеялар және т.б. Сонымен бірге, Ә-ді бір адамның екінші адамды ұялту, сынау, сыр тарту, сөзге тоқтату үшін айтылатын ұрымтал да астарлы көңілді де күлкілі пікірі деп те айтуға болады. Яғни болмысқа, құбылысқа, нақты оқиғаға қатысты көзқарасты білдірудің, баға берудің бір түрі. Алайда, Ә-де де адамның кейбір қасиеттерін сынап-мінеу, іліп-шалу, тәлкек ету пиғылы жатады. Яғни Ә. болса да, артында зілі болуы мүмкін. Тек сол ниет жүрекке ауыр тимейтін етіліп, қалжыңға сүйеп жүзеге асырылуы қажет. Ә. – күлкілі сөзді жатқа айту ғана емес, оны шеберлікпен орындау. Сондықтан да қазақ халқы мұны «Ә.-оспақ», «Ә.-қалжың» деп қосарлап айтады. М., Қайқаус: «Ә.-сықақ айту айып емес, оны аңлап айтқаның абзал. Ә. айту керек, бірақ Ә-ің зілді болмасын» (Қабуснама) деп ескертеді. Демек Ә. адамның намысына тимегені дұрыс, олай болмаған жағдайда ол жамандықтың бастамасы болуы мүмкін. Сондықтан Ә. алды – әдепті сөз болуы шарт. Мазақ, бұралқы сөзбен кісіге әзіл айтудан аулақ болу керек. Ащы Ә-дерде сатираның уыты, ал көңілге қаяу түсірмейтін Ә.-дерде юмордың белгілері болады. Олай болса, Ә. – тапқырлықтың, юморлық сезімнің жемісі бола алады. Алайда Ә.-оспақ, Ә.-қалжыңды сатира, юморға жатқызуға болмайды, себебі, біріншіден, сатира, юмор өмірлік болмыс құбылыстарын ұзақ уақыт байқап-көрудің, зерттеп-білудің, ақыл-ой, дүниетаным елегінен өткізудің нәтижесінде туады. Екіншіден, сатира, юмор белгілі бір дүниетанымның, саяси-әлеуметтік көзқарастың көрінісі ретінде ресми шығарма түрінде жалпы жұртқа жария етілу үшін жазылады. Ал Ә.-қалжың түріндегі шымшыма сөз кез келген жерде – отбасы, ошақ қасында, той-томалақ, әртүрлі отырыстарда айтылады. Онда ресми сипат, кең танымалдық болмайды. Қазақ даласында осындай Ә.-қалжың көп айтылған. Мыс., Абай Қоңыркөкше болысы болып тұрған кезде, оның үйіне Байкөкше ақын келеді. Ол есіктен ене бергенде Абай оны: «Тақыр жерге қауылдап шөп бітеді, Қай адамға мал мен бақ көп бітеді», -деп іледі. Сонда Байкөкше: «Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң, Қашан түсіп қалғанша жеп бітеді», -деп Ә-ге Ә-мен жауап қайтарады. Ә.-қалжың сатира, юмор сияқты ескінің әлеуметтік қалдықтарына, қоғамның ілгері дамуына кедергі болатын зиянды пиғылдырға қарсы бағытталмайды, айтысып, қағысып отырған жеке адамдарға ғана тиістіріліп, тек соны сөзден тосу ниетімен айтылады. Сатира, юмор міні бар қоғам мүшесінің барлығына бірдей бағыттала береді, ал Ә.-оспақ дәстүрлі сөз қағыстыру реті бар адамдар арасында ғана, яғни құрбы мен құрдас, жезде мен балдыз, жеңге мен қайын, құда мен құдаша арасында айтылады. Халқымыз «Ә-ің жарасса атаңмен ойна» деп Ә-ді кек тұтпай, қолдап отырған. Бірақ Ә. сөздің басты шарты – құрмет, кішіпейілділік, кіршіксіз ақкөңілділік болып есептелген. Әдептен атталып айтылған Ә. сөз қадірсіз болады да ол өзіңе қайтып оралады, зор ұятқа қалдырады деген ұстанымға сүйенген.