БрентаноФранц (Franz Brentano, 1838-1917) – неміс философы және психологы, феноменология идеяларын алғаш рет жарыққа шығарған. Аналитикалық философияның кейбір идеяларын қолдаған. Философия мен теологияны зерттеген. Оның философиялық көзқарастары Аристотель ғылымының негіздеріне сүйенген. Оның пайымдауынша, «философия әдісінің нақты ғылым әдістерінен еш айырмашылығы жоқ». Оның ғылыми философияға көзқарасы неміс философтары А. Мейнонг пен Э. Гуссерльге және логикалық позитивизмге айтарлықтай әсерін тигізеді. Оның философиясы физикалық және психикалық феномендердің арасындағы шекараны анықтаудан басталған. Психикалық феномендер тегінің белгісі – интенционалдылық. Сана әрқашанда бір нәрсеге қатынас арқылы сипатталады: «мен түйсіктерімді сеземіні, «мен сезінемін», «мен бір нәрсені ойлаймын». Дәл өз қалпындағы физикалық объект интенционалды емес. Брентано ақиқатты қызық түсіндіреді. Ақиқат – бұл көзге көрініп тұрған анықтылықты сезіп, өз бойынан өткізу. Ақиқат мәселесі – бұл эмпирикалық жолмен білімді дәлелдеу мәселесі, онда іштегі тәжірибе маңызды рөл атқарады. Іштегі тәжірибенің заттары – психикалық феномендер. Сондықтан, психикалық феномендер көзге көрініп тұрған эмпирикалық анықтылыққа ие болады. Әдебиет: ХХ ғ. философия. Әлемдік энциклопедиясы. Москва-Минск, 2002.
БРОЙЛЬ Луи, де (15.08.1892 – 19.03.1987) – қазіргі физиканың дамуына қомақты үлес қосқан атақты француз физигі. Оның алғашқы алған білімі Париж университетінің гуманитарлық ғылымдар факультетінің әдебиет саласынан (1910 ж.) болғанымен, ол өзінің туған ағасы физик Мористің және А.Пуанкаре кітаптарының («Ғылымның құндылығы», «Ғылым және гипотеза») әсерімен физика мен оның философиялық мәселелеріне көңілі ауып, көп ұзамай (1923 ж.) Сорбонна университетінде физика ғылымдарының мамандығын алады. Оны физиканың уақыт, кеңістік, зат пен жарықтың табиғатын зерттейтін философиялық маңызы бар салалары қатты қызықтырады. 1924 ж. Б. Париж ун-тінің дәл ғылымдар факультетінде «Кванттар теориясы бойынша зерттеулер» тақырыбына докторлық диссертациясын қорғайды. Бұл жұмысында Б. кванттық механиканың қалыптасуында зор рөл атқарған барлық микробөлшектерге тән корпускулалық-толқындық дуализм туралы гипотезасын ұсынады. Кейіннен бұл гипотеза өзінің эксперименталдық дәлелін тауып, 1926 ж. Э.Шредингердің толқындық механиканы жасап шығаруына тікелей қолғабыс еткені белгілі. Б. физик-теоретик ретінде бүкіл физика ғылымының тарихына, даму логикасына, философиялық мәселелеріне орай терең зерттеулер жүргізіп, оның дамуына зор үлес қосқан ғалым әрі ойшыл. Оның орысшадан аударылған басты еңбектері: Введение в волновую механику. М., 1934; Революция в физике. М., 1963; По тропам науки. М.: ИЛ, 1962.
БУДДИЗМ – ежелгі Үндістанда б.з.д. VІ – V ғғ. пайда болған діни-философиялық ілім. Негізін салушы – Сиддхарта Гаутама Шакья-Муни, кшатрийлер варнасына жататын ханзада, өмір ләззаттары мен нәпсіқұмарлықтан бас тартып Буддаға (санскрит. Буддһа – көкірегі ояу, көзі ашық) (б.з.б. 623 – 544 ж.) айналған. Оның анасы әйел патша Майя еді, ол шапағаты жер жүзіне тараған, парасаттылығы мен жүрегінің тазалығы айырықша дараланған тұлға болды. Будда өз уағыздарында брахманизмді байлық пен сән-салтанатты өмірге бой бұрушылығы үшін және жайнизмді әсіре аскетшілдік үшін қатты сынға алды. Ол өзінің көзқарастарын «Бенарес уағыздары» атты еңбегіне жүйелі түрде баяндап берді. «Рухани тіршілігі таза адам, дейді Будда, бұл өмірде екі нәрседен арасын аулақ салуы керек. Оның біріншісі – сауық-сайран мен думанды қызыққа толы өмір, бұл адамның рухына қарсы келетін бишаралық, өткінші өмір, ал екіншісі – ерікті түрде қалап алынған азапты, қатігез өмір, бұл да мәнсіз, мағынасыз. Рухани дүниесі бай адамдар өмірдің аталған екі жағынан да өздерін алшақ ұстаған жөн. Ең бастысы, адамдар танымға, білімге бастайтын, олардың ақыл-ой өрісін кеңітетін дұрыс жолға түсулері қажет. Бұл жолтармақтары көп сегіз салалы жол. Олар: адал сенім, әділ шешім, шындық сөз, шындық өмір, шыншыл ұмтылыс, шындықпен еске алу және адамның өз бойындағы қасиеттерін үнемі байыту болып табылады.Б. бойынша, өмірдің азаптары жайындағы қасиетті шындық мынадай: өмірге келу азап, қартаю – азап, жүрегің қаламайтын адаммен қосылу – азап, жақсы көрген адамыңнан айырылысу – азап, көздеген мақсатыңа жете алмау – азап. Осы азаптардан құтылудың басты жолы – сегіз салалы қасиетті өмір жолын таңдап алу, жеке өзін азат ету. Карма және жанның қайтадан басқаға ауысуы принциптері бойынша адам азаптардан о дүниеде де құтыла алмайды. Адамдар төрт қағиданы мүлтіксіз орындауы тиіс: зұлымдықтың алдын алу, зұлымдық пен қатыгездікке жол бермеу, ізгілік пен қайырымдылыққа даңғыл жол ашу, адамгершілік қасиеттерді батыл қолдау. Бұл жағдайда адамдар бақытты нирвана қалпына түсе алады. Нирванада адам карма заңдарынан босатылып, өзімен өзі тұрақты келісімділікке келе алады.Б. Үндістан жерінде қалыптасқанымен, кейін Оңтүстік Азияның көптеген елдерінде басты діни жүйеге айналды. Б.-нің махаяна тармағы Бирма, Тайланд сияқты елдерде ресми дін жағдайына көтерілген. Бұл тармақта Б. құдай дәрежесіне жеткізіледі. Хинаяналық тармақ дәстүрлі түсініктерді көбірек сақтап қалған. Қытайда Б. конфуцийлік-даосистік ағымдармен қатар өмір сүрді. Жапонияда дзэн буддизм кең тараған. Тибет, Моңғолия және бұрынғы Кеңес Одағының кейбір аймақтарында ламаистік буддизм әрекет етеді.