Әдебиет: Нысанбаев Ә. Қазақ философиясы. Тегеран, 2002; Нысанбаев А., Аюпов Н., Габитов Т. Тюркская философия. – Алматы, 2006. ҚҰЭ. Т.3, 142-143 бб.
ДАНЫШПАН ( ғалым, оқымысты) – кемелдікке жетіп, даналық қасиеттерді меңгерген тұлға. Д. болмыстың заңдылықтарын терең түсініп, толық сезінеді және өзі де сол заңдылықтардың аясында, ауытқымай өмір сүреді. Оның қарапайым адамдардан айырмашылығы – өзінің іс-әрекетін, барша ғұмырын өткінші қызықтың, жеке бастың қамына емес, мәңгілік құндылықтарға, жалпыадамзаттық аңсарларға бағыттап, өз тұтастарына, кейінгі ұрпақ өкілдеріне өнеге таратып, ізгі ықпалын тигізеді. ҚҰЭ. Т.3, 146 б.
ДАРАЛЫҚ – жеке тұлғаның қоғамдағы өзіндік ерекше болмысы. Тұлға ретінде әрбір адам әлеуметтік жағдайларға байланысты қалыптасады. Д. тұлғаның өзіндік дүниетанымын, оның әлеуметтік жағдайларға байланысты қалыптасатын ерекше ғұмыр жолын, болмысының өзіндік мәнін көрсетеді. Әрбір адамның өзгелерден ерекшеленетін өзіндік бітімі бар. Сондықтан тұлғалардың даралығы алуан түрлі болып келеді. Д. – табиғи қасиет. Қоғамда адамдардың осы табиғи қасиетіне қарай даралықтың әртүрлі деңгейлері қалыптасады. Әлеум. ортада Д-ты көре біліп қоғам өмірін соған байланысты ұйымдастырудың маңызы өте зор. Яғни әрбір адам қоғамнан өзінің даралық қасиетіне лайық орын алуы қажет. Қоғамның өркениет жолымен дамуы тұлғалардың Д. қасиеттерін ескеруге тікелей байланысты. ҚҰЭ. Т.3, 149 б.
ДАРВИНИЗМ, дарвиншілдік – тірі табиғаттың эволюциясы (тарихи дамуы) туралы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында пайда болған ғылыми ағым. Эволюциялық даму туралы ғылымның негізін салушы Ч. Дарвиннің есімімен байланысты аталған. Д. негізі бойынша адамзат қоғамының даму заңдылықтары биологиялық даму заңдылықтарына сәйкес дамиды, яғни қоғамдық өмірдің дамуын айқындайтын фактор ретінде табиғи сұрыпталу, өмір сүру үшін күрес маңызды принцип деп көрсетті. Д. қоғамды тұтас гармониялық бірлікте деп танитын теорияға қарама-қарсы, қайта қоғам дамуының қайшылықты және конфликтілік ерекшелігін ашып көрсеткен, әлеум. және биологиялық процестің байланысына негізделген теорияны ұсынды. Кейбір әлеуметтік дарвинистердің еңбектерінде алғашқы қауымдық қоғам өмірінің кейбір қырлары, адамның іс-әрекетін реттеудегі әлеуметтік қалып пен әдет-ғұрыптардың рөлі зерттеледі (Беджог, Самнер т.б.).
ДАРЫНДЫЛЫҚ – адам қабілетінің ерекше қабілетінің ерекше дамыған түрі. Д. адамның белгілі бір ғылым, өнер т.б. салаларда ерекше жетістіктерге жетуінен байқалады. Д-тың жалпы және нақтылы екі түрі болады. Ақыл-ойы ерекше дамыған адамның қай салада еңбек етсе де тындырымды атқарып, сапалы нәтижемен аяқтай білуі дарындылықтың жалпы түріне жатады. Ал Д-тың нақты түрі ғылымның, өнердің, т.б. қызметтердің жеке белгілі бір саласында ерекше жетістікке жеткендер еңбегінен көрінеді. Сәбидің ерекше қабілетін дер кезінде байқап, жетілдіре түссе шынайы дарындылық иесіне – талантқа айналады, ал дұрыс бағдар беріп, баулымаса, тәрбиелей алмаса, қабілеті өшіп, ерекше қасиет-қарымын жоғалтуы мүмкін. Психологтардың (Б.М. Теплов, Н.С. Лейтес, т.б.) зерттеулері бойынша, балалардың осындай ерекшеліктері жоғары жүйке қызметінің туабітті қызметіне (мидағы уақытша байланыстардың тез жасалып, берік орнығуы, қозу және тежелу процестерінің, алмасу қабілетінің молдығы, динамикалық стереотиптердің шапшаң жасалып, жақсы орнығуы, т.б.) байланысты екенін көрсетті. ҚҰЭ. Т.3, 155 б.
ДАНТЕ Алигьери (1265 ─ 1321) – Қайта өрлеу дәуіріндегі ұлы итальян ақыны. Итальян әдеби тілін қалыптастырушы, «Комедия» шығармасының авторы. Д-нің ұлы шығармасына тәнті болған халқы, ұрпағы кейінен оны «Құдіретті комедия» деп атады. «Құдіретті комедия» (1307 – 1321) кейіннен әлемге әйгілі шығарма болды. Д. бұл шығармасында ортағасырғатән сюжетті алып, өзінің қуатты көркемдік қиялымен оқырманды тамұқтан, күнәдан тазаруына жол ашады және ұжмақтан өткізеді. Д. кейбір аңғал замандастары ол «О, дүниеде болып келген-мыс» деп ұққан. Д-нің «Құдіретті комедия» шығармасы «Тамұқ», «Күнәдан тазару», «Ұжмақ» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Тамұққа, терең жер астына, күнәhар адамзат өкілдері, кісі өлтіргендер, өзіне қол салғандар түседі де, мәңгілік рухани және дене азабын тартады. Күнәдан тазару жолына түскенде тауға шығып, күнәдан тазарған соң ұжмаққа кіреді. Күнәдан тазарып ұжмаққа барғанша көп азапты жолдардан өтеді. Ал, ұжмаққа кіргендер өмірін мәңгі-бақи рахатта өткізеді. Ақын М.Мақатаев «Комедияның» 1-бөлімін қазақ тіліне аударды, ол 1971 ж. жеке кітап болып шықты.