Әдебиет: Гильберт Д., Бернайс П. Основания математики. М, 1979. Т.1.
Деспотизм (грек. despots – әмірші, билеп-төстеуші) – қоғам мүшелерінің, мемлекеттегі басқа да субъектілердің ерік-жігері мен құқыларын басып-жаншып, дөрекі де қатал тәсілдермен, озбырлықпен, зорлық-зомбылықпен басқаруға негізделген шектеусіз биліктің түрі. Д., әсіресе, абс. монархияға тән сипат. Д. шаруашылық процестерін бюрократиялық жолмен басқаруға, одан түскен пайданы мемлекеттің толық бақылауына алуға бейім. Қоғам мүшелеріне, шаруашылық қарым-қатынас субъектілеріне экон. еркіндік бермейді. Саяси салада оппозициялық партиялар құруға үзілді-кесілді тыйым салып, пікір алуандылығын тұншықтырып отырады. Қоғам тек басқарушылар мен бағыныштылар санатына жіктеледі. Деспотиялық басқару шарғысы түбінде қоғамды толықтырып, іштен тозуға душар етеді.
ДЕСТРУКЦИЯ – М. Хайдеггердің фундаменталды онтологиясының негізгі ұғымдарының бірі. Бұл ұғымды Хайдеггер Гуссерльдің жас кезіндегі философиясына, әсіресе, оның феноменологиялық редукция тәсіліне қарсы пайдаланады. Егер бұрын Декарт, Кант философиясында сана абсолютті құбылыс ретінде дәріптелсе, Гуссерль сананың белгілі бір объектіге бағытталғанда ғана өз-өзін толтыратынын ашып, идеализмге үлкен соққы жасады. Мысалы сіз Декартты оқымасаңыз, сізде Декарт философиясы туралы түсінік болмайды. Сол сияқты табиғаттың белгілі бір құбылысы туралы ойланбасаңыз, ол туралы да сізде түсінік қалыптаспайды. Демек, санаға тумысынан түсіну қабілеті беріледі де, оның орындалуы сананың ыждаһатына, белгілі бағытта жұмыс істеуіне байланысты. Демек, Гегельдің абсолютті рух туралы ілімі жалған. Себебі бүкіл таным жұмысы жеке саналардың қызметіне байланысты. Міне, осы тұрғыдан Гуссерль бұрынғы филос. дәстүрге алаңдаудың қажеті жоқ, бұрынғы түсініктерді жақшаға шығарып, өз қабылдау мүмкіндігіңе қарай жаңаша түсінік қалыптастыр дейді. Феноменол. редукция дегеніміз осы. Себебі редукция деген сөз орнына қайту, қайтадан бастау деген мағынаны береді. Егер Гуссерль феноменол. редукция ұғымы арқылы әрбір философтың өзінше көзқарас қалыптастыруға ерікті екенін дәлелдесе, Хайдеггер бүкіл бұрынғы филос. дәстүрді жоққа шығарады. Себебі бұрынғы классик. философияда болмыстың дауысын тыңдау, болмыспен сәйкестікте болу жоқ дейді. Демек, болмысты ұғынудың бұрынғы жолдарын жақшаға алу керек. Егер классикалық философия бар нәрсе туралы іліммен шектелсе, Хайдеггер бар нәрсенің өзегі уақыт дейді. Әрбір бар нәрсе тек уақыт ішінде бар, уақыты таусылғанда жоқ болады. Яғни, болмыстың мүмкіндігі уақытта. Сондықтан бұл ұғымдар бір біріне етене жақын. Хайдеггер ойынша Д. үш әрекеттен құралады:а) редукция, бар нәрседен болмысқа қайта оралу; б) конструкция, немесе болмыс түсінігін қалыптастыру; в) деструкция, немесе дәстүрлі түсініктерді жаңаша түсінікке сәйкестендіру. Сонымен, Д. редукциямен де, конструкциямен де шектелмейді. Д. арқылы ғана онтология өз ұғымдарының шынайылығын аша алады. Бұл әрекет дәстүрлі метафизикалық ұғымдарды бір уақытта пайдалану мен өшіруіне байланысты болды. Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. Астана: Аударма, 2006; Мәдени-философиялық энциклопедия. Алматы, 2007.
ДЕТЕРМИНИЗМ (лат. determine – анықтаймын) – дүние құбылыстарының объективтік заңдылықтық өзара байланысы және өзара шарттылығы туралы филсоофиялық ілім. Бұл ілімнің ішкі арқауын себептілік ұғымы құрайды: өзара байланысып тұтасып жатқан құбылыстардың бірі (себеп) екіншісін (салдары есебінде) белгілі бір жағдайларда қажетті түрде туындырады, дүниеге келтіреді. Осыдан барып кейде Д. мен себептілік ұғымдарын синоним ретінде қолдану қалыптасқан. Алайда, Д. ұғымының шеңбері әлдеқайда кең, оның құрамына себептілік ұғымымен бірге заң және заңдылық, қажеттілік пен кездейсоқтық, мүмкіндік пен шындық, ықтималдылық сияқты ұғымдар байланысын себептілікке сайып қою Д. ілімінің мазмұнын кедейлендіріп, сыңаржақ түсінікке жетелейді. Философия мен ғылым дамуының белгілі бір кезеңінде (атап айтқанда XVII-XVIII ғғ.) дүниенің механикалық суреттемесі орнығып, сыңаржақ механикалық Д. басымдық танытады. Бұл көзқарасты атақты француз ғалымы П. Лаплас классикалық ғылым мен философияның түсініктеріне орай былай қорытады: егер де бір ұлы ақыл иесіне барлық құбылыстардың бастапқы жағдайлары мен оларға әсер ететін күштер белгілі болса, онда механика заңдарын жетік меңгерген ол үшін дүниеде бәрі де – өткені де, болашағы да – ап-айқын болар еді, белгісіз ештеңе де қалмас еді. Мұндай тұжырым тарихтан лапластың Д. деген атаумен әйгілі. Статистикалық механиканың, математикада ықтималдық теориясының, биологияда эволюция теориясының кванттық физиканың дамуына орай мұндай көзқарастың тарихи шектеулілігі анықталады. Осыған байланысты Д. ілімі және оның негізгі арқауы болып табылатын себептілік ұғымы тұғырдан тайды, құрдымға кетті, дәрменсіздігін білдірді деген қорытындылар жасалып, XIX ғ. соңына XX ғ. басында индетерминистік көзқарас басымдық таныта бастаған болатын. Қазіргі философиялық тұжырым бойынша, кең мағынасындағы Д. ілімі өз күшін жойған жоқ, тек оның категориялық құрылымының күрделілігін, дүние құбылыстарына тән байланыстардың, заңдылықтардың, қасиеттердің көптүрлілігін ескерген жөн. Сонда Д. принциптінің әмбебаптығын, оның қазіргі ғылымдағы методологиялық маңызының пәрменділігі ашыла түседі. Әдебиет: Парнюк М.А. Принцип детерминизм в системе материалистической диалектики. – Киев: Наукова думка, 1972.; Сабитов М.С. Диалектика необходимости и случайности в квантовой механике. – Алма-Ата: Ғылым, 1974.