Р. Әлмұханова, Е. Раушанов, Е. Омарханов Қазақ Әдебиеті


Баққожа Мұқай еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кітаптарын Баққожа Мұқаи



Pdf көрінісі
бет18/76
Дата15.11.2023
өлшемі7,03 Mb.
#122809
түріОқулық
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   76
Байланысты:
Kazak adabietijar

Баққожа Мұқай еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кітаптарын Баққожа Мұқаи 
деген әдеби лақаппен жариялады. Мұндай үрдіс әдебиетте бар. Мысалы, 
көрнекті қазақ жазушысы Әкім Таразидың шын тегі – Әшімов, ал орыс әде-
биетінде Максим Горький, т.б. белгілі.
Ардақты ғалым 
Ермұхан Бекмаханов 
жұбайымен бірге


61
ӨМІРЗАЯ
1
(Роман. Басы. Ықшамдалған)
Бұл еңбегімді қазақ елінің тә­
уел сіз ді гі жолында құрбан болған 
ерлердің аруағына арнадым.
Автор
1
Бұл үйдің есігінің әмісе ашық тұратынын білсе де, әдептінің әдетіне ба-
ғып, қоңырау түймесін басты. Әдеттегідей, ешкімнің рұқсатын күтпестен 
имене басып, ішке енді. Бүйірдегі бөлмеден шашы ұйпа-тұйпа болып, қа-
бағы қабарып, Сыздық шықты. Ұйқыдан жаңа ғана оянған сыңайлы, екі 
көзінің алды іріңді былшық. Екі беті көнектей болып ісінген, өлеусіреген 
көзінде жылт еткен сәуле жоқ, ептеп езу тартқанмен, жүзі жылымады. 
Құнарсыз топыраққа өскен сояудай сирек сақал-мұртына ұстара тимегелі 
де біраз болған тәрізді. Екі иығы қушиып, дірілдеген Сыздықтың өзіне аш-
қарақ көзбен, қасқыр пейілмен қарап қалғанын байқаған Аяғанның жү-
регі әлсіз ғана шым етті. Бас изеп, қарияның бөлмесіне қарай өтіп кетпек 
болған, Сыздық жолын кесті.
– Басым сынып барады, – деді ол тілі икемге әрең келіп. Жылайтын 
адамдай иегі кемсеңдеді, Аяғанға жәдігөйлене қарағанмен, жүзі жылыма-
ды, екі көз суық, ызғарлы. – Өлтірмесең, ақша бер.
Аяғанның қолқасын күлімсі иіс қапты. «Шіркіннің денесіне су тимегелі 
қанша заман болды екен?» деп ойлады жігіт қалтасына қол салып жатып. 
Үш сомдықты Сыздықтың қолына ұстатты. Оның миығындағы өлеусіреген 
әлсіз күлкі су тиген шырақтай лып өшті, жәдігөй жүзіне сұс кірді, қарсы 
алдында өзін жақтырмай тұрған жігітке сұстана қарады. «Бейшара», – 
деді Аяған іштей күбірлеп. Әнтек езу тартты. Сыздық апыл-ғұпыл киініп, 
асығыс шығып кетті.
Аяған алып келген тағамын ас үйге апарып қойып, Алдияр қария жат-
қан бөлмеге кірді. Алдияр Ақпанұлы бөлмеге әлдекімнің келгенін білсе 
де, көзін ашқан жоқ. Қаны қашып, оңған бөздей болып кеткен жүзінен 
тіршіліктің нышаны білінбейді, шалқасынан түсіп, қимыл-қыбырсыз жат-
қан шалдың қабағындағы көзге көрінер-көрінбес әлсіз діріл оның тірлігі-
нен хабар бергендей.
1
Мұқаи Б. Шығармалары. Т. 2. Өмірзая. – Алматы: Ана тілі, 2018, 480 бет.


62
– Алдияр аға, сәлеметсіз бе?
Профессор көзін ашып алып, жылы жымиды. Көптен күткен ада-
мы келген соң, қабағы ашылып, жүзіне шыр жүгірді. Жанына отырған 
шәкіртінің қолын әлсіз саусақтарымен қыса түсті.
Ұстазының өзін асыға күткенін Аяған сезді.
– Қолым тимей кетті, аға, – деді жігіт қысыла күлімсіреп. – Ерте ке-
теміз, кеш қайтамыз. Күн қысқа.
– Түсінемін ғой, қарағым, – деді қарт қарлығыңқы дауыспен. – Балалар 
аман-есен бе? Келіннің денсаулығы қалай?
– Жақсы, аға. Сізге сәлем айтып жатыр.
– Сәлемет болсын...
– Таң атса, кеш батады. Сізге келе алмай, келініңіз қысылып жүр.
– Оқасы жоқ. Маған бола, шаршамай-ақ қойсын, – деп күрсінді шал. – 
Мен аман-есенмін. Дәретханаға бара алмай, қысылатыным болмаса... – 
Алдияр қинала күлімдеді. Аяғанға ол күліп емес, іштей егіліп, жылап 
жатқандай болып көрінді. 
– Мен асарымды асап, жасарымды жасаған адаммын, қарағым. Мен 
деген...
Тағы да бір нәрсе айтқысы келіп оқталды да, тілін тістей қойды. Аяған 
ұстазының көмейіндегі көмескіні болжады.
«Мен деген күні біткен адаммын ғой. Маған бола, әуреге түспей-ақ қо-
йыңдар» дегісі келген шығар», – деп түйді жігіт. Шалға ұрлана қарады, 
жүзіне көлеңке жүгіріп, қабағы шытылыпты. Ернін жымқырып алып
тым-тырыс тынған. Әмісе осылай, көңілінің қошы кетсе, тырсиып, үнде-
мей қалатын әдеті. Ішін ит тырнап жатса да, қиналғанын пенде баласына 
білдірмейтін қарттың қажыр-қайратына қайран қалады Аяған. Тағдыр-
дың соққысы мұншалық қатты тигенмен, сынбай, иілмей келе жатқан 
қайсар шалға әрқашан таң. «Шүкімайдай болып сонша қажыр, қайрат-
ты қайдан алады екен?» – деп таңдай қағады. Алдиярдың көрген қиын-
дығы мен тартқан азабы талай пендеге ауыр жүк боларын, ол салмақты 
кез келген қаймана қазақтың көтеріп кете алмасын Аяған жақсы біледі. 
Басқа салмақты былай қойғанда, өмірімнің жалғасы, болашағым, үмітім 
деп жүрген жалғыз ұлдың сықпыты – анау. Қолына ақша түссе, араққа 
жұмсайды, күніне бір уақ таңдайын жібітпесе, ындыны кеуіп, ыңырсиды-
ай келіп. Әкенің жағдайын ойлап, қабағына қарайтын ұл қайда?! «Әкем 
ауру-ау, дәретке бара алмайды-ау, аш қалды-ау», – демейді. Сүмеңдеп, 
сарқытын беретіндердің соңында жүреді. Сыздықты білмейтін жан бұл қа-
лада жоқ та шығар, ауладан аулаға ауысып, жемтік іздеп, жуынды аңдып, 


63
тіміскіленіп жүретін бұралқы иттен айырмашылығы қайсы?! Бұл тірлігіне 
арланбайды, намыс көрмейді бейшара. Ойы сөнген, бойы көнген. Қу жаны 
қуырдақ болып қуырылып, мұрнының ұшына келгенде, бір жұтым тентек 
су үшін арды аяққа басып жүре береді... 
Осы қылығы үшін Аяған онымен төбелесіп қала жаздаған. Миына тен-
тек судың уыты жайылып, үнемі көні кеуіп, екі есті күйде есеңгіреп жү-
ретін Сыздықты ақылмен тоқтата, күшпен ықтыра алмасын кейін білді. 
Одан беріп қана құтылуға болады екен. Аяғанның әлсіз жерін ол да біліп 
алған, көрсе болды, алақанын жаяды. Бермесе, әдісі белгілі – ауру шал-
дың миын қажауға кіріседі.
Аяғанның таңғалатыны – мұндай сәтте шал ләм деп жақ ашпастан, екі 
көзін шарт жұмып алып, сұп-сұр болып жатады да қояды. Әділетсіздік 
атаулыға шыбын жаны шырқырап, қаймықпай қарсы шығатын Алдияр 
Ақпанұлы соңғы жылдары мүлде өзгерді, көндіккен сыңайлы.
– Арыстандай азаматтың құрметіне атын Сыздық қойып ем. Ел-жұр-
тының жыртысын жыртып, жоқшысы болсын деп ем. Қателесіппін, қа-
рағым. Сорым болды ғой бұл менің. Сыздық төреден садақа кетсін бұл, – 
дейді шал оңаша қалғанда, күйініштен өртеніп кете жаздап. Мұндай кезде 
Аяған оны қалай жұбатарын білмей, абыржиды. Әңгімені басқа арнаға 
бұрып, алдарқатады. Бірақ Алдиярдың жүзін жапқан көлеңке тарқамай-
ды, қабағы ашылмайды, көзін шарт жұмып алып, қимыл-қыбырсыз іштен 
тынып жатады да қояды. «Өзін осындай халге жеткізген тағдырына лағы-
нет жаудырып жатқан шығар» деп ойлайды Аяған.
Міне, қазір де ежелгі әдетіне бағып, екі көзін жұмып алып, үнсіз жа-
тыр. Аяған орнынан тұрып, ас бөлмеге шығып кетті. Шай қойды, талай 
күннен бері жуылмай, баттасып кеткен ыдыс-аяқты тазалады. Ас үйді 
ретке келтіріп, шайын қайнатып, қайтып келсе, шал әлі көзін ашпапты. 
Дауыс шығаруға Аяғанның батылы бармады. Соны сезгендей шал көзін 
ашып, жігітке қадала қарады. Жүзінен реніш, қабағынан кірбің іздеген 
тәрізді. Сезімтал жігіт ақырын ғана езу тартты.
– Шай дайын, аға.
– Шай ішетіндей жағдай жоқ менде, қарағым, – деп мұңайды Алдияр. 
Қинала күлімсіреп, қабағын шытынды. – Су болып жатырмын.
Аяған сөзге келместен, қарт профессорды көтеріп апарып, туалетке 
отырғызды да, қайтып оралып, иістеніп, сарғайып кеткен ақ сейсепті 
жуынатын бөлмеге әкеліп тастады. Терезені ашып, бөлменің ауасын та-
зартты. Профессорды жуындырып, таза киімдерін кигізіп, көтеріп, ас бөл-
меге алып келді. Ұстаз бен шәкірт асықпай отырып, шай ішті. Шалдың 
маңдайы жіпсіп, жүзіне қан жүгірді.


64
– Иә, қарағым, өз жағдайың қалай? – деп сұрады шайға қанып алған-
нан кейін Алдияр.
– Өзгеріс болмай тұр, аға, – деп, мұңайды жігіт. – Үлкен үйге кірдім. 
Жағдайымды айттым. Отырғызып қойып, өзімді кінәлады. Мойны бір 
тұтам, мыжырайған жалпақ сары сызданып әрең сөйлесті. Жаздым, жа-
ңылдым деп, жалынып-жалбарынып, аяғына жығылудан басқа амалым 
қалмады.
– Жалынба, қарағым, – деді шал қабағын шытып. Шәкіртінің жаңағы 
сөзін ұнатпай қалған сыңайлы, қабағы қатуланып, жүзіне сұс кірді. – 
Шындыққа әділеттің ақ жолымен бару керек. Жалынып, жаттың аяғына 
жығылып, жарамсақтанып жүріп, нағыз шындыққа жете алмайсың, қара-
ғым. Ол – адасу жолы, теріс жол.
Аяған іштей құптамаса да, ұстазының көңілі үшін үндемеді.
«Аға-ау, сіз айтқан әділеттің ақ жолы қайда? Егер бар болса, өзіңіз неге 
сол жолмен жүрмедіңіз? Сол жолды сіз өмір бойы іздеген жоқ па едіңіз? 
Бар болса, табар едіңіз ғой» деген сөз талай рет көмейіне келіп кептелген, 
әрқашан қарттың қабағына қарап, тілін тістейді. Түлкі заманда тазы бо-
лып шалу керектігін ерте түсінгендердің мақсатына оңай жететінін Аяған 
білгелі қашан?!
Қазіргідей сырты жылтыр, іші бұлдыр заманда Алдияр Ақпанұлы айт-
қан тәсілмен күресіп, мұратқа жету мүмкін еместігін жердің астындағы-
ны білетін ғұлама Алдияр қарсыластарынан ақылының аздығынан емес, 
айласын асыра алмағандықтан жеңілді. Заманның құбылып тұратын мі-
незіне бейімделіп, керек кезінде жалынып, жалбарынып, аяққа жығылып 
үйренген уақыттың құлақкесті құлдары оны алып та, шалып та жықты. 
Қарсыласуға шамасын келтірмеді мүлде...
– Идеологиялық жұмыстар жөніндегі хатшының қабылдауына жазыл-
дым, аға. Ендігі үміт – сол кісіде, – деді Аяған хатшының көмек қолын 
созатындығына сенім білдіріп.
– Ә-ә, анау ма? – деді Алдияр даусын созып... Оның дауыс ырғағынан 
ол хатшыдан да қайыр болмасын түсінді Аяған. – Оны білемін. Институт-
тан не үшін қуылғаныңды естісе, көмектеспек түгіл, итжеккенге айдатып 
жіберер ол сені. Ол – Ермактың бірінші қорғаушысы.
Аяған тұйыққа тірелді. Мақсатыма алып барады-ау деген жолдың бәрі 
жабылып қалғандай, екіұдай болып, басын қайғы қаңғыртты. Сүлесапа 
бір күйге түсіп, үн-түнсіз ұзақ отырды.
– Бір-ақ жол қалды. Мәскеуге, Орталық комитетке, Брежневтің өзіне 
жазу керек, – деді Аяған біраздан кейін, үлкен бір іске бел буып кірісер-


65
дей құлшынып. Алдияр мырс күлді. Жігіт оның жүзіне жалт қарады. 
Шал біраз уақыт үнсіз жатты.
– Сенің өміріңнің басқа арнаға түсіп кетуіне мен кінәлімін, – деді әлден 
уақыттан соң дауысы жарықшақтанып. Бұл – оның талай рет айтқан сөзі. 
Әсіресе, соңғы уақытта, Аяғанның басына бұлт үйірілгелі бері жиі айта-
тын болып жүр. – Кешіре алсаң, кешір, қарағым.
– Кенесары атамыз әділет үшін, қазақ халқының бақытты ғұмыры, 
азаттығы үшін басын бәске тігіп, ақыры, жат қолынан ажал тапқан жоқ 
па?! – деп күлді Аяған. Шал көзін кең ашып, жаутаңдап, жігітке қара-
ды. – Оның жеңілісінің өзі ұлы жеңіс деуші едіңіз ғой. Ол бақыт дегеннің 
не екенін білген жоқ, қысқа ғұмыры жанталасқан күреспен, азаппен өтті. 
Кенесарыдай ардагер ұлдарының арқасында қазақ халқы бақыттың шын 
бағасын білді, аға. Ал Кенекемнің ұлы – Сыздықтың өмірі ше? Ол да әке 
жолын таңдады. Оның өмірі де кілең жеңілістерден тұрмай ма, аға?!
Алдияр қысылды, миығында күлкі ұялады. Болар-болмасқа елп ете 
қоймайтын профессорды сарыуайымның иірімінен қалай алып шығуды бі-
летін Аяған бұл жолы да ескі әдісіне салды. Бүкіл өмірін қазақ халқының 
ұлт-азаттық көтерілістерін зерттеуге арнаған Алдияр Ақпанұлы үшін бар-
лық қызығын бостандықтың бодауына берген, елінің болашағы жолында 
құрбан болған ерлерден қасиетті ұғым жоқ еді. Аяғанның білетіні – қарт 
профессор сол ерлер үшін ойланбай, отқа түсе алады. Ол күйіп тұрған за-
манда Кенесарыны қорғаймын деп күйген. Тізгінін басқаның қолына ұста-
тып қойып, соның айтуымен жүріп-тұруға үйренген, орғанына мәз болып 
жүрген халқына Кенесары ісінің әділдігін дәлелдемек түгіл, өз басы сау-
даға түсіп, құйрығына шала байланған. Арашалап алар пенде табылмай, 
оттың ортасынан құр сүлдерін сүйретіп, әрең шыққан. Заманның таяғы 
маңдайына бұдан кейін де сан рет тиген, омақаса құлаған сәттері де бол-
ған, сөйте тұра, қыңыр шал алған бетінен қайтқан жоқ, қайта Кенесарыға 
деген ықыласы күшейе түсті. Кенекең үшін көрген қиянаттары есіне түс-
кен сәтте көңілі марқайып, үлкен іс тындырғандай желпінетіні бар.
– Мен шындықты өмір бойы іздедім. Бірақ таппадым, – деп күрсінді 
шал... 
– Заман жақсарар, аға. Атар таңнан үміт күтеміз.. – деді Аяған бәсең 
дауыспен... Алдияр мырс күлді.
– Ол кеткенмен, басқасы келер. Одан не өзгереді? Е-е, қарағым, Кене-
кем осыны баяғыда білген. Білмесе, өзі барып, жанып тұрған отқа түсер 
ме еді? – деп, Алдияр көкірегі қарс айрылардай күрсінді. Оның нені мең-
зегенін жігіт түсінді. «Шындықты табаныңнан таусылып, қанша іздеген-


66
мен, таппайсың. Басқаның шындығы – алмас қылыш. Ол саған бақыт 
әпермейді, басыңды қағады да тастайды» деген сияқты шал. Аяған шеше 
алмай жүрген бір жұмбақтың ұшығын ұстағандай елеңдеп, ұстазының 
жүзіне жалт қарады. Көзін жұмып алған шал сұп-сұр болып, үнсіз жатыр. 
– Басқаның шындығы – алмас қылыш. Басыңды қағады да тастайды. 
Қағады да тастайды...» Құлағы шыңылдап, екі беті дуылдады. «Сонда қа-
лай болғаны, мына заманда шындыққа жету мүмкін емес пе? Неге?»
Осы бір сұрақ тамағына тұрып қалған сүйектей берекесін алды. Әлдекім 
«Шындық жоқ, шындық жоқ» деп, құлағына сыбырлайтын сияқты.
Аяған ұстазының үйінен еңсесі басылып шықты.
2
Аяған кітапханадан ең соңғыларының бірі болып шықты... Кітапхана-
ның алдында тұрып, қай жерде почта жәшігі барын есіне түсірді. Қалта-
сындағы хатты бүгіннен кешіктірмей, жөнелту керек... Іздеп тапқан шын-
дығы басына пәле болып жабысты ғой, ақыры... Бір кезде дуылдап, өртке 
айналып кете жаздап басылған мәселе – мұның Сыздық сұлтан туралы 
жазған еңбегі алдынан тағы шықты.
«Аяған Қуатов мемлекетке қарсы, өмір бойы орыс халқын ұнатпаған, олар-
ды аяусыз қырған Сыздық Кенесарин туралы мадақ мақала жазған. Ол орыс 
пен қазақ халқының арасына от жағу үшін Сыздық сұлтан туралы мақала-
сын орысшаға аудартып, көбейтіп, жасырын таратқан. Пиғылы жат, ойы 
бөтен адам. «Кеңес үкіметінің Ауғанстанға әскер апаруы – үлкен қателік. Бұл 
ерікті елді күшпен басып алу» деген. Ауғанстандағы соғысқа қарсы ұнқағаз 
таратқан. Мағжан Жұмабаев сияқты халық жауының өлеңдерін студенттер 
арасында насихаттаған. Кеңес үкіметі басшыларының беделіне нұқсан келті-
ретін анекдоттар құрастырған. Сібір аймағын бағындырған атақты батыр Ер-
макты студенттерге қанқұйлы қарақшы деп дәлелдеуге тырысқан. Ұлтшыл, 
сенімсіз адам. Жоғарғы оқу орнында қызмет істеуіне болмайды» деген желеу-
мен тып-тыныш істеп жүрген қызметінен қуылып кетті... 
Қияқтай мұрты бар, көзі күліп тұратын, күліп сөйлейтін жігіт Аяған-
ның соңына шам алып түсті, қайта-қайта тәртіп сақтау бөліміне шақы-
рып, әбден ығыр қылды. Әлдекімдердің арызын көлденеңдетіп, Аяғанның 
бір басына дүние пәленің барлығын үйіп-төгіп, зықысын шығарды...
«Қылмысын» мойнына қоя алмағандықтан, екі күннен кейін Аяғанды 
босатып жіберді. Өзіне жасалар шабуылдың мұнымен бітпесін іші сезді. 
Дәл осындай талай «спектакльдің» боларына шүбәсі жоқ еді.


67
...Қалада пәтерде тұрып, үш бірдей баланы асыраудың оңайға түспесін 
Аяған әлдеқашан білген. Келіншегі сырқат... 
Шындық іздеп, біраз сенделген Аяған, ең соңында, барар жер, басар 
тауы қалмай, мынау жарық дүниенің жақсылығынан біржола күдерін үз-
ген. Қызыл қарын жас балаларының қамын ойлап, құрылысқа жұмысқа 
тұрғанына да көп бола қойған жоқ. «Құрылысқа жұмысқа тұрсаң, тезірек 
үй аласың», – деп, ақыл қосты біреулер.
«Менің кім екенімді бұлар қайдан білсін?» деп жүрген. Анау күні түскі 
тамақтан келіп, демалып отырған.
– Әй, профессор, сен мұнда кімнің тапсырмасымен келдің? – деп ежі-
рейді, сақал-мұрты сапсиып өсіп кеткен көк көз сары. Аяған түсінбей қа-
лып, көк көз сарыға бұрылған, ол жек көріп, жауыға қарап отыр екен, 
қолында кірпіш... 
– Келесі айда премия ала алмасақ, бұл дүниемен қоштаса бер, профес-
сор, – деді көк көз сары.
...Аяғанға сол күні әртүрлі ой келген. Өзіне жөнсіз тиіскен көк көз сары 
мен бетінде тыртығы бар жігіт Жақияның адамы тәрізденген. «Біреу азғы-
рып, айдап салмаса, бұлардың менде несі бар?» деп күдіктенген.
Ұзын бойлы, түбіт мұртты жігіт екеуі бірге қайтқан. «Әлгі екеуінің қо-
сып жіберген адамы шығар», – деп, Аяған одан да қауіптенген. Оны адас-
тырып кету үшін жолай автобустан түсіп қалған. Бейтаныс жігіттен құ-
тылғанына іштей қуанып, келесі автобусты күтіп тұрған, әлден уақыттан 
кейін әлдекім иығынан түрткендей болды, қараса – сол, жымиып күліп 
тұр. Аяғанның жүрегін шым еткізіп үрей шағып алды. «Мынаны менің 
ізіме салып қойғандар осы маңайда жүрген жоқ па?» деген күдікпен мой-
нын созып, жан-жағын тінтіп шықты.
– Менің атым Асылхан болады, аға, – деп, жігіт қолын ұсынды. – Мені 
ұмытып қалған шығарсыз. Алдыңызға барған абитуриенттердің қайсыбірі 
есіңізде тұрсын.
Аяған оған сескене қарады. Мына жігіттің әдейі жолын тосып жүргені-
не күмәні қалмады. «Оқуға түсе алмаған бала болды бұл», – деп ойлады. 
Көңіліне күдік шауып, балаң жігіттің екі қолына көз тастады.
– Сен мені басқамен шатастырып тұрсың, жігітім, – деді Аяған қабақ 
шытып.
– Шатастырған жоқпын, Аяған аға. Мен сізді сыртыңыздан өте жақсы 
білемін, – деп жылы жымиған. – Тарих факультетінде менің досым оқи-
ды. Сіздің жағдайыңызды сол жігіттен естідім.
– Ол кім?
– Алмас Байсалов.


68
– А-а-а...
– Сіз маған ренжімеңіз, аға. Геркулес пен Арабқа сіздің кім екеніңізді 
айтқан мен едім. Ал олар басқаша ойлап қалыпты, – деп, қысыла күлімсі-
реді Асылхан. Манадан бері кеудесін күдік құрсаулап, жігіттен қалай құ-
тыларын білмей тұрған Аяған оның жүзіне сәп салып, барлай қарады. 
Жі гіт шын айтып тұрған сияқты, әбес қылығына қысылғандығының бел-
гі сіндей бетінің ұшына қызғылт бояу жұғыпты.
– Олар мені тексеруші дей ме?
– Иә, аға, – деп күлді Асылхан. – Істелінбеген жұмыс үшін ақша алады 
олар. Және өздері күні бойы шөп басын сындырмайды. Олар қауіпті...
– Сіз жасымаңыз, аға, – деді Асылхан оның қолын қысып тұрып. – Мұ-
ның барлығы – уақытша қиындық.
Аяған жаңа көргендей жас жігіттің еш есебі, қулығы жоқ тұнық көзіне 
сәп салып қарап, жеңіл күрсінді. Соның арасынша автобус келіп қалған.
Одан бері біраз күн өткен. Аяған алғашқы күндері бөтен адамдай ешкім-
ге жанаса алмай, шеттеп жүретін, Асылханның арқасында көпшілігімен 
танысып үлгерді. Геркулес пен Араб қоқан-лоқы көрсетіп, ауызға келген 
сөзді лақ еткізіп құса салмайтын болған... 
Жексенбі күні Аяған таңертеңнен кешке дейін кітапханада отырды... 
Өзі сүйген кәсібінен адам баласы басына қандай қиын жағдай туса да, безе 
алмайды екен. Аяған осыны ұқты.
– Ассалаумағалейкөм!
Ой түкпірін ақтарып, бейқам тұрған Аяған оқыс шыққан үннен селк 
етіп, жалт қараған. Қолын ұсынып, өзіне қарай ұмтылып келе жатқан 
Асылханды қаракөлеңкеде танымай қалды.
– Ой, сен қайдан жүрсің?
– Кітапханада отырдым.
– Дұрыс екен, – деді Аяған көңілін тұсап тастаған көп ойдан әрең ары-
лып. –...Айтпақшы, жақын маңайда пошта жәшігі бар ма?
– Әне, о-о-н-оу жерде... Маған беріңіз. Мен-ақ тастай салайын.
– Жо-жоқ! – деді Аяған абыржып. – Әуре болма, өзім-ақ... Ал жақсы...
Асылханнан тезірек құтылуға асықты. Күні бойы отырып, қайта-қайта 
жазған хатын Асылхан біліп қоярдай қуыстанып, мазасы қашты. Жігіттің 
қолын қысып қоштасты да, жебей басып, ілгері кетті. Жолай пошта 
жәшігіне Орталық партия комитетіне, Брежневтің өз атына жазған хатын 
саларда, көңілі қатты қобалжыды... 
– Әсем, білесің бе, менің хатым тұп-тура Брежнев ақсақалдың қолына 
тиеді, – деді келіншегін көңілдендірмек болып. Әсем елең ете қалды. – 


69
...Аяған Қуатов жолдасқа жағдай жасау керек. Үйі бар ма екен, біліңіз. 
Жоқ болса, көмектесу керек... Бір сәттің ішінде бүкіл мәселесін шешіп 
алатындай жүзі бал-бұл жанып, екі көзіне нұр ойнап шықты... Өтірік әңгі-
месінің келіншегіне қаншалықты әсер еткенін Аяған түсіне қойды... 
Әңгіменің ең қызық жеріне жеткенде, сырттан әлдекімнің шырылдап 
жылаған дауысы естілді. Баласының дауысын танып, Әсем орнынан атып 
тұрып, сыртқа жүгірді. Келіншегінің соңынан Аяған да есік алдына шық-
қан. Үй иесі татар шал жеті жасар үлкен ұлының құлағынан ұстап, де-
дектетіп сүйреп келеді екен. Болар-болмасқа көтеріле қоймайтын Аяған 
мынаны көргенде, шыдай алмай кетті.
– Әй, ақсақал, құлағын жұлып аласыз ба баланың? Қолынан неге ұста-
майсың? – деп, ашулана айқай салды. Сәл нәрсеге бола, көз жасын төгіп 
жіберетін Әсем шырылдап барып, ұлын құшақтай алды.
– Уһ, күшік! Алма ағашының түбіне кіш етіп тұр ұялмай, – деп, сәл 
тосылып қалған шал қайтадан ашуына мінді. – Бау-бақшамды құртты мы-
наларың... 
– Ақсақал, тіліңізді тартып сөйлеңіз. Бала – періште, – деді ызаға бу-
лыққан жігіт...
– Үш күндік пәниде шәй деспей, сыйласу – шарт, ақсақал. Сіз де жақ-
сылыққа бірден гүмп етіп түсіп кеткен жоқ шығарсыз. Біз де сіздің боса-
ғаңызды күзетіп қалмаспыз.
– Сені мен шақырған жоқпын. Айда, кет! Босат үйді! Маған қаңғырған 
қазақтардың керегі жоқ. Бар, айда, еліңе қайт, – деді шал қолын сер-
меп. – Бала-шағаң ауланы былғап болды. Көрінген жерге отыра салады. 
Шалға шабуыл жасайды деді ме, арашаға келген екі татар Аяғанды 
бас салып, қолын артына қайырды. Жаны шырқыраған Әсем шыңғырып 
келіп, күйеуінің қолын қайырып ұстаған біреуінің шашына жармасты. Ол 
Аяғанды жібере салып, келіншекпен алыса кеткен кезде, бөлмеге Асылхан 
мен Алмас кіріп келген. Олар келмегенде, жанжалдың арты өртке айна-
лып кетері анық еді...
– Шай қойып, әуре болмаңыз, жеңеше. Біз Аяған ағаның қал-жағдайын 
білейік деп келдік. Ауырып қалған шығар деп ойладық, – деді Асылхан. 
Әсем самаурынын көтеріп, сыртқа шығып кетті.
– Рақмет, жігіттер!
– Курстың жігіттері сізге көп-көп сәлем жолдады, аға, – деп, үнсіз отыр-
ған Алмас сөзге араласты.
– Жақсы, аға. Сізге келеміз деп, жиналғалы көп болды, – деді Алмас 
кінәлі адамдай жасқана қарап. – Тіпті, реті келмей қойды. Бүгін әдейі 


70
жігіттердің тапсыруымен келдім. Мынау – біздің курстың сізге деген сә-
лемдемесі.
Алмас үлкен екі буманы ашты. Қазақ энциклопедиясының он екі томы 
екен. Студенттерден мұндай үлкен сый күтпеген Аяған не дерін білмей... 
көңілі босап, екі жігітті кезек-кезек құшақтады.
– Біз Орталық партия комитетіне хат жаздық. Сізге жала жабылып, 
қиянат жасалғанын айттық, – деді әудемнен соң Алмас. – Төрт-бес студент-
тен басқамыз түгел қол қойдық. Үлкен үйге өз қолыммен апарып бердім.
Аяған сенерін де, сенбесін де білмей, мұндай сәтте не деу керектігін 
және зерделей алмай, отырып қалды. Басыма қиын іс түссе, студенттер 
арашашы болады-ау деп мүлде ойламаған. Тіпті, сондай бір қиын жағдай-
ға тап боламын-ау деген қауіп қаперіне кірді ме екен...
Сыртқа шығып кеткен Әсем қайтып оралып, дастарқан жасады.
– Шал бұлқан-талқан болып ашуланып жүр әлі. Кемпірі үйіне әрең 
алып кірді, – деді Әсем шай құйып отырып.
– Басқа пәтер іздемесек, тыныштық бермес ол, – деп мұңайды Аяған. – 
Бір күні балаларға зиян жасап жүрсе...
– Құдайым-ай! – деді келіншек үрейленіп. – Осы үйге қайдан ғана тап 
болдық екен? Балаларда не жыны барын қайдам, кішкентайлар сыртқа 
шықса, айқайлап, ұрысып, үрейін ұшырады. Сол шалдан қорқып, балалар 
сыртқа шығудан қалды.
– Үш баламен бізді кім қабылдай қойсын? – деп күрсінді Аяған.
Қарсы алдынан өткел бермес асау өзен шыға келгендей, Аяған шарасыз 
күйге түсіп, қабағы тұнжырады. Оның қабағын аңдып отырған екі жігіт 
қолайсызданып, біріне бірі қарасты.
– Қиналмаңыз, аға, пәтер табылады, – деді Асылхан жымиып күліп. – 
Мен Көктөбенің баурайында, кіші Алматы өзенінің жағасындағы екі бөл-
мелі үйде тұрып жатырмын. Ауласы кең. Балалар қысылмай-қымтырыл-
май, еркін ойнайды. Ол үйге қазір көшіп барамын десеңіздер кілті, міне.
Аяған мен Әсем аң-таң болып, бір-біріне қарасты. «Осы шын айтып отыр 
ма?» дегендей таңғалу белгісі бар жүздерінде.
– Өзің... Өзің қайда тұрасың? – деп сұрады сенер-сенбесін білмей, абды-
рап отырған Аяған.
– Ой, аға, маған орын табылады ғой. Арыз жазып барсам, ертең-ақ жа-
тақхана береді, – деп, күле жауап берді Асылхан.
– Ауғанстанға барып, бір миллион дұшпанды жер жастандырып келген 
батырыңыз – осы, – деп күлді Алмас. – Арыз жазып, ізденсе, пәтер де алар 
еді.


71
Бейқам отырған Аяған селк етіп, Асылханның жүзіне шошына жалт 
қарады. Момақан жүзді, түсі жылы жігіттің қолы қанға былғанды дегенге 
сенгісі келмеді. «Ауғанстанға барғандардың барлығының қолы қан емес 
қой», – деп, өзін-өзі жұбатты. Есіне Ауғанстанға барып, қайтыс болған 
жалғыз інісі түсіп, көңілін сағыныш баурап, мұңға батты... 
Қабылдау емтиханында осы жігіттің алдына келгені есінде қалыпты. 
Бірінші сұрағын шала біледі екен. Тігісін жатқызып айтып берген болды. 
Екінші сұрағынан мүлде ауытқып кетті. Соны өзі де біле ме, бір кезде 
тоқтады.
– Інішек, тарих – менің наным, – деп күлген. Жас жігіттің екі беті әп-
сәтте нарттай қызарып шыға келген. – Үшінші сұрағыңа көш.
Осыдан кейін ол ойын жинақтай алмай, сөзінің басы бірікпей, шарша-
ған. Сол жолы жанашырлық жасап, үш қойып жіберуіне болар еді.
– Басың жас, інішек! Келесі жылы кел. Тарихты жобалап қана білуге 
болмайды. Тарих деген сан мың, сан миллион, сан миллиард адамның тағ-
дыры. Ол – өмірбаян, – деген Аяған. Екі бетінің қызылы тарқамаған түбіт 
мұрт жігіт орнынан тұрған соң:
– Рақмет сізге! – деген. Аяған оның мұнысын кекесін деп түсінген...
Сол жігіт, міне, басына қиын іс түскен кезде азаматтық жасап, қол 
ұшын беріп отыр...
Сөйтіп, Аяғанның отбасы ойламаған жерден бас-аяғы бір сағаттың ішін-
де ың-шыңсыз көшті де кетті...
Үйдің ішін реттеп болып, төсекке жатқаннан кейін Әсем қуаныштан 
көзіне жас алды.
– Жылама, жаным, – деп, жігіт жарын құшақтап.
– Өмірімде тірі адамға жаманшылық ойламап едім, Аяған. Жаттың да 
тілеуін тіледім, – деді Әсем дауысы дірілдеп. Әңгімесі үзілді де, қайтып 
жалғасқан жоқ. Біраз үнсіздіктен кейін: – Адам атаулы аман болсын, – 
деді.
Ерлі-зайыптылардың әңгімесі осымен аяқталды. Әрқайсысы ой түкпірін 
ақтарып, өзімен-өзі болып кетті.
Тауға нөсер жауған тәрізді, кіші Алматы өзені тасып жатыр. Оның 
гүрілі тосын да үрейлі. Бұлар күндіз көрген момақан мінезді өзенге мүлде 
ұқсамайтын сияқты.
Қуаныштан ба, жоқ әлде, уайымның әсері ме, Әсем таң атқанша кірпік 
ілмеді...


72
3
Үлкен ұлын жолшыбай мектебіне қалдырып, қаланың шетіндегі жұмыс 
орнына кешігіп жеткен Аяғанның көңілінде еш күдік жоқ еді. Киімін 
ауыстырып, жұмысқа кіріскен. Істейтін жұмысы – есік-терезе сырлайды, 
үйдің төбесін, қабырғаларын әктейді... 
Аяғанның айтар сөзі көп еді, көңілдегі көп ойдың көмейі енді ашылған-
да, әне-міне бітеді деп жүрген бес қабатты үйдің іргесіне көк «волга» келіп 
тоқтады. Аяған мен Асылхан машинадан түскен екі жігітке бәлендей мән 
берген жоқ. ...Аяған әр қимылын қағыс жібермей, бағып тұрған бейтаныс 
екеуге үрейлене жалт қарады.
– Біз Аяған Қуатов деген жолдасымызды іздеп келдік, – деді келбеті 
келісті, ұзын бойлы орыс жігіті... 
– Мен – Аяған Қуатов, – деді жігіт қорқып тұрғанын жасырғысы кел-
гендей езу тартып. Орыс жігіті қалтасынан қып-қызыл куәлігін алып көр-
сетті де, қайтып салып қойды.
– Сіз бізбен бірге жүресіз.
Аяған түсінді, себебін сұрап, бас ауыртқысы келмеді. Суық жымиып, 
аң-таң қалып тұрған Асылханға бұрылды. Өңі бозарып, танауы қусыры-
лып кетіпті.
– Киімімді ауыстырып келейін, – деп, Аяған таяқ тастам жердегі вагон-
ға қарай жүрді, оған бүркіт тұмсық жігіт ілесе жүрді...
– Асылхан, мынау үйдің кілті еді, – деді Аяған. Жаңа ғана мығым 
тұрған сияқты еді, демнің арасында жасып, жүні жығылып қалыпты. – 
Әсемнің денсаулығы болмай жүр дедім ғой. Қолың тигенде, көмектесіп, 
қолғабыс жасап тұршы...
Күні батуға таянғандай таусылып сөйлеп тұрған Аяғанды қалай жұба-
тарын білмей, Асылхан әжептәуір абыржыды. 
– Сіздер Аяған ағаны қанша сағат ұстайсыздар?
– Қанша сағат ұстайтынымыз Қуатов жолдастың өзіне байланысты, – 
деді құс тұмсық жігіт.
– Әсем мазасызданбасын, – деді Аяған кетіп бара жатып... 
4
Сыртынан ғана көріп жүретін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің үйі-
не бірінші рет кірген Аяғанның санасын қорқыныш жаулап алды... 
Имене басып, ішке кірген Аяған төрде отырған кісіге жасқана қарады. 


73
– ...Сіз Аяған Қуатовсыз. Жасыңыз отыз үште. Дұрыс айттым ба?
– Иә.
– Қазақ ССР тарихынан лекция оқисыз. Дұрыс па?
– Иә...
– Лекцияңызда тақырыптан шығып кететін кездеріңіз жиі болып тұра ма?
Мынаның қайда апарып арандатқалы отырғанын іштей сезген Аяған 
оның сұрағына бірден жауап бермей, жымиып күлді. Сары жігіт кірпік 
қақпай, қадалып отыр.
«Қашқанмен, құтылмайсың. Қақпайлап, қақпаныма түсіремін» деген-
дей сенім бар түрінде.
– Мұнда солай деп жазылыпты.
– Қалай деп?
– Тақырыптан шығып кетеді, патриоттық әңгімелер айтады деп.
– Мысалы...
– Мысалы, Ермак туралы...
– Иә, Ермак туралы айтқанмын, – деп күмілжіді Аяған. Өрттің қайдан 
шығарын енді білді. «Әңгіме студенттерден шыққан болды» деп ойлады.
– ...Әңгіменің турасы жақсы, – деді комитет қызметкері. Папкасынан 
бір парақ қағаз алып, Аяғанға көрсетті. – Үстіңізден арыз бар. Бір топ 
адам қол қойған...
Сізге тағылған үлкен айып – Ауғанстан мәселесі, – деді ол тор көз дәп-
терге жазылған жазуға үңіліп... 
– Ауғанстанға менің қандай қатысым бар?
– Соны айтамын-ау. Бәсе, Ауғанстанда неңіз бар сіздің? Онда соғыс 
жүріп жатыр. Ауған соғысына қатысқан жоқсыз, ондағы жағдайды мүлде 
білмейсіз. Соған қарамастан әртүрлі пікір айтады деп жазылыпты мұнда.
– Ауған соғысында жалғыз інім қайтыс болған, – деді Аяған мұңайып.
– А-а-а, солай екен ғой. Түсіндім, – деп, жігіт қағазына әлдене деп жа-
зып жатып.
Аяған басын төмен салып, ойланып қалды. Сенімді дейтін бір топ сту-
денттің ортасында тұрып, Ауғанстанда азамат соғысының жүріп жатқа-
нын, біздің мемлекеттің жөнсіз киліккенін, үкімет басшыларының біл-
местігінен толып жатқан жас жігіттердің қырылып қалғанын айтқаны 
есінде. «Жоқ, айтқан емеспін» деп, бетпақтыққа салуға ар-ұяты жібер-
меді. Өз шындығын дәлелдеп, айтыса кеткенмен, ештеңе өнбесін, керісін-
ше, басына бәле тілеп аларын түсініп, тілін тістеп отыр.
– Екінші бір хатта сіздің мемлекетке қарсы үгіт жүргізгендігіңіз тура-
лы айтады.


74
– Мысалы, – деді Аяған ызаға булығып. Санасын жаулап алған қорқы-
ныш ізім-қайым жоғалып, оның орнын қорғану инстинкті басты. Мынан-
дай жағдайда сыпайымсып, сызылып отыруға болмасын түсінді.
– Бір хатта Қуатов Аяған деген азаматтың БҰҰ-ның Бас Ассамблея-
сы 1948 жылы қабылдаған адам правосы жөніндегі жалпылық деклара-
циясын көбейтіп таратқаны туралы жазылды. Дәл сол хатта Қуатовтың 
студенттерге Мағжан өлеңін жатқа оқығаны айтылады. Ал мына хатта 
Брежнев жолдасты мазаққа айналдырып, анекдоттар айтқаныңыз әңгіме 
болады, – деді жігіт Аяғанның долырып, нарттай болып қызарып кеткен 
жүзіне тесіле қарап. – Бізде мысал жетеді. Біз сол үшін айлық алып отыр-
мыз...
«Декларацияны көбейтіп тараттың» дегені – шындыққа жақын жуымай-
тын жала. Әлдекім Аяған Қуатовтан диссидент жасағысы келіпті. Мұ ның 
атамекенінде жер басып, тірі жүргенін қаламайтын пенделер бар екен...
Ой түкпірін ақтарып, жанын жеп мазасызданып отырған Аяған оның 
сөзіне мүлде құлақ қоймады. Бөлмеге бүркіт тұмсық жігіт кіргенде, ой 
желісі үзілді.
– Сіз жарты сағатқа басқа бөлмеге бара тұрыңыз, – деді сары жігіт 
жымсия күліп.
Бүркіт тұмсық жігіт Аяғанды дәліздің орта тұсындағы сырты қаңыл-
тырмен қапталған есіктің алдына алып келіп, қалтасын тінтіді.
– Тәртіп осындай...
Бөлмеге кіргізіп, сыртынан жауып кетті. Аяған төңірегіне көз жүгіртті. 
Жалғыз орындықтан басқа көзге түсер ештеңе жоқ. Терезеге темір тор са-
лынған. «Бұл жауапқа шақырылғандарды уақытша қамайтын бөлме бол-
ды» деп ойлады Аяған...
Аяған сағатына қарады, белгіленген уақыт әлдеқашан өтіп кетті. Олар 
неге келмей жатыр? Жұмыс аяқталатын уақыт та таяп қалған екен.
Бала-шағасын ойлап, жаны дызықты... Қорқынышты ойдың құшағы-
нан тезірек сытылып шыққысы келгендей адымдап, бөлменің көлемін өл-
шеуге кірісті.
– Бір, екі, үш... Бір, екі, үш, төрт... Яғни, он екі шаршы метр, – деп 
дауыстап сөйлеп, өзін-өзі алдарқатты. Осы екі арада манағы жігіт қайтып 
келіп, Аяғанды бұрынғы бөлмеге бастап апарды. Жасыл көз сары жігіт 
көңілді. Жымиып күліп, орнынан тұрып, ізет көрсетті.
– Кешірім өтінемін. Жұмыс бітпей, кешігуге тура келді, – деді ол, Ая-
ғанды қолтықтап, төрге алып шықты. Оның мұнысын жалған сыпайы-
гершілік, алдау деп бағалады...


75
Жасыл көз сары Аяғанның алдына машинкаға басылған бір парақ қа-
ғазды тастады.
– Танысып шығыңыз.
Аяған бір бет қағазды асықпай, екі қайтара оқыды. Жасыл көз сары 
екеуінің арасындағы болған әңгімені жинақтап, Аяғанның өз кінәсін мо-
йындаған хаты ретінде жазылыпты.
– Қалай, дұрыс жазылған ба?
Ойланып отырған Аяған селк ете түсті... 
– Менің атымнан өтініш жазып беріңіз деп, ешкімге жалынбаймын. – 
Аяған үстелде жатқан қызыл қарындашты алып, өз атынан жазылған 
хаттың әр-әр жерін түзеп, жасыл көздің алдына қарай сырғытты. – Мен 
мұндай сауатсыз жазылған қағазға қол қоя алмаймын. Мен ғылым канди-
датымын.
Жіберген қателерін көріп, жасыл көз суық жымиды, бетінің ұшы қы-
зарды... 
– Мен өз сөзімді айттым. Қол қоя алмаймын. Кінәм жоқ.
Бүркіт тұмсық жігіт келіп, Аяғанды манағы бөлмеге апарып қамады да, 
кетіп қалды. Ол жалғыз қалды.
5
Жұмыстың аяқталуын күтуге Асылханның шыдамы жетпеді, брига-
диріне жағдайды түсіндірді... киініп алды да, жолға шықты. Жолай он 
екінші қазақ мектебіне соқты, Елжасты алып, Аяғанның пәтеріне келді. 
Иесіз үйге баса-көктеп кіріп баруға батылы жетпей, бақты аралап, Елжас 
екеуі алмұрт үзіп жеді... 
– Елжас, мамаң қайда кетті екен, а?
– Олжас пен Бибіге кеткен шығар, – деді алмұрт жеп отырған бала оған 
жасқана қарап.
– Қарның ашқан жоқ па?
– Бізге мектепте тамақ береді.
– Е-е, дұрыс екен. Інілеріңнің аты кім?
– Інім біреу-ақ, – деп күрсінді бала. – Оның аты – Олжас.
– О-о-һ-о! Ақын болады екен ғой.
– Ақын емес, азамат болады, – деді бала бас шайқап тұрып. Асылхан 
рақаттана күлді.
– Оны кім айтты саған?
– Көкем айтты...


76
– Қарындасыңның аты кім?
– Бибі.
– ...Елжас, үлкейгенде кім боласың?
– Азамат боламын, – деді ол мұрнын тартып.
– Ой, азамат! Інің екеуің үлкен азамат боласың.
– Бибі де азамат болады, аға.
– Иә, үшеуің де азамат боласыңдар, – деді жігіт кішкене баланың жауа-
бына шын риза болып...
– Елжас, атаңның аты кім? – деп сұрады, қалың ойдың тұманынан әрең 
шыққан жігіт орындыққа байлап қойғандай тапжылмай отырған баладан.
– Атамның аты – Қуат...
Елжастың сөзіне разы болған Асылхан рақаттана күліп, оны құшақтап, 
бетінен сүйді. Осы кезде ауланың есігі ашылып, ұзын бойлы, беті бір уыс, 
тыриған арық қыз кірді. Ол жақындап келіп, сәлемдескеннің ырымын жа-
сап, басын бір шұлғып қойды.
– Қуатова Әсемді жедел жәрдем ауруханаға алып келген, – деді қыз бір 
жапырақ қағазды Асылханға ұсынып. Аурухананың адресі екен. – Маған 
өтініш білдіріп еді. Сау болыңыз!
– Рақмет! – деді Асылхан шұғыл бұрылып, ұзап бара жатқан қыздың 
соңынан дауыстап. – Олжас пен Бибінің бақшасын білесің бе, Елжасжан?
– Бұрынғы үйдің жанында, – деді де, бақшаға барар жолды сызып көр-
сетті...
Такси жалдап, Татар слабодкасына келді, балалар бақшасын көп қинал-
май тауып, екі баланы алып, қайтып оралды.
6
Аяған түні бойы кірпік ілмеді... Аяғанның ойын ішке кірген адам бөліп 
жіберді. Аласа бойлы, төртбақ келген, жалбыр қас жігітті ол бірден таны-
ды. Алғашқы әлетте құтқарушысы келгендей, қуанып қалған. Қуанышы 
су тиген шырақтай тез сөнді.
– Жарым түнде мазаңды алғаныма кешірім сұраймын, – деп сыздан-
ды Мақсұт. Аяғанға көз қиығын тастап, жымиып күлді. – Мені танымай 
тұрған шығарсың, сірә, Ахмет Байтұрсынов мырза! Біз сізге сәлем беруге 
келдік.
– Жолдас Мақсұт! – деді ызаға булыққан Аяған. – Менің бір мысқал 
кінәм жоқ. Кінәсіз адамды қамап ұстасын деген заң және жоқ.
– Бұл түрме емес, кеңсе, – деп күлді Мақсұт. – Сен әлі кеңседесің.


77
– Әйелім ауру. Менің үйге қайтуым керек... Сендер коммунистік құры-
лыстың ең белсенді өкілін жөнсіз қамап, отыз жетінші жылдың тәсілімен 
жұмыс істей бастадыңдар. Бұл – мың тоғыз жүз сексен екінші жыл...
Мақсұттың қақпайлап қайда алып барарын іші сезеді. Қанша жерден 
ағынан жарылып, шынын айтқанмен, қағазға сөзінің басқаша болып тү-
серін біледі... 
– Ештеңе айтпасаң, ешқайда бармайсың... Неменеңе жетісіп күлесің, 
бейшара? – деді Мақсұт тістене сөйлеп. – Сенің бұл жерден жарық дүниеге 
шығуың оңай болмас...
– Менің түк кінәм жоқ, – деді ол әлден уақыттан соң мұңайып отырып. 
Мақсұт оны мазақтағандай мырс-мырс күлді...
7
Олжас пен Бибіні балалар бақшасына, Елжасты мектепке жеткізіп сал-
ғаннан кейін Асылхан екі өкпесін қолына алып, Алмастың жатақхана-
сына жүгіріп жеткен. Оның орнын сипап қалды, досы бүгін елден бұрын 
тұрып, институтқа кетіп қалыпты. Оны институттан табарына сенімі бол-
май, Хадишаны іздеп келген.
Кішкентай балаларды бағып-қағу ер адамға аса қиын екен...
Болған жағдайды естіп, Хадишаның көңілі сөгіліп, әбден әбігерленді, 
балаларға аяушылық білдіріп, көзіне жас іркілді... 
– Мынау – үйдің кілті. Үйге бар, – деді кілтті қызға ұстатып. – Алды-
мен Әсемге барып, жағдайын біл.
– Ол кісі қай ауруханада жатыр екен?
Асылхан аурухананың адресі мен Әсемнің аты-жөні жазылған бір жа-
пырақ қағазды қыздың қолына ұстатты.
– Аяған туралы ештеңе айтпа, – деп ескертті жігіт. – Сұрап қоймаса, 
«Әкесі ауырып қалыпты, бір-екі күнге ауылға кетті» дей сал.
– Мен кіммін деп барамын? – деп қиналды қыз. Екі көзі жаутаңдап
Асылханға жалбарына қарады. – Ол кісі мені мүлде білмейді ғой.
– Білмесе, таныс... 
Хадиша киініп алып, Әсем жатқан ауруханаға тартты. Жолай айран, 
қаймақ, тәтті тоқаш іздеп, біраз айналған. Сағат он бірден аса, Кеңес кө-
шесіндегі жедел жәрдем ауруханасына келіп, әкелген заттарын беріп жі-
берген. Көп ұзамай, жүгіре басып, медбике қыз жетті.
– Әсем Қуатоваға келген – сіз бе? – деді ол қысылып тұрған Хадишадан 
көз алмай. Қыз бас изеді.
– Ол кісінің жағдайы өте қиын.


78
– Бері шықпай ма?
– Мен не деп тұрмын сізге? – деді медбике қыз ашуланып. – Реанима-
цияда жатыр.
Хадиша шошып кетті. Медбикенің түріне қарап, Әсемнің жағдайының 
өте нашар екенін түсініп, көңіліне үрей кірді...
– Ол инфаркт алған!..
Мына хабардан кейін Хадишаның зәресі ұшып, тілі байланды. Ауа жет-
пегендей тынысы тарылып, басы айналды. Көзін жұмып, екі алақанымен 
бетін жауып, біраз уақыт үнсіз қалды. Ес жиып, өзіне-өзі келген соң, мед-
сестрамен қоштасып, сыртқа шықты. Жүгіре басып, аялдамаға келді. Әне-
міне дегенше, Әсем о дүниеге аттанып кететіндей көңілі алай-дүлей, тұла 
бойын сұрапыл қорқыныш билеп алған. Тезірек Алмасты тауып, естіген-
білгенін жеткізуге асықты. Ол Әсемді аман алып қалудың жолын табатын-
дай болып көрінді... 
Алмас лекцияда екен... 
– Тезірек барып, дәрігерге жолығу керек, – деп аптықты қыз. Жігіт 
қиналғандай қабақ шытты.
– ...Дәл қазір бара алмаймын, – деп қынжыла сөйледі жігіт... 
– Білесің бе, Алмас, кеше Аяған ағаны алып кеткен.
– Кім? – деді Алмас селк етіп.
– КГБ-ның адамдары дейді.
Аяғанның соңына Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің адамдары түсіп 
жүргенін Жақиядан естігенмен, оны бүгін-ертең ұстап кетеді деп ойлама-
ған Алмастың иманы ұшты... «Үш әріптің қолына түспе, – дейтін әкесі. – 
Қолына түссең, құтылуың қиын болады»...
– Қиын болған екен, – деді Алмас дауысы бұзылып. – Ауылға, әке-ше-
шесіне тілграм беру керек шығар. Балалары далада қалды-ау.
– Балалардың жанында кеше Асылхан болыпты. Кішкентай қызы түні-
мен жылапты бейшара. Бүгін олардың жанында мен боламын, – деп, жігіт-
ке көз қиығын тастап, наздана жымиды. Алмас оның түпкі ойын түсінді.
– Қоңырау соғылды, – деп, Алмас асыға бастады... 
– Алмас, қашан келесің? – деп дауыстады. Жігіт оның дауысын естімеді 
ме, қайырылмай кетті...
8
Асылхан мен Ақбота кинодан шыққаннан кейін тамақтанбақ болып, 
...«Алматы» ресторанына тартты... 


79
– Екі орынды әрең таптым, Бота, – деді жігіт езу тартып. Өзі алға түсті, 
қыз соңына ілесті. Алты адамға арналған столда төрт жігіт отыр екен... 
Қыз бен жігіт алдарына келген тамақты үнсіз отырып қаужады. Мас 
көршілері оянып кетсе, мазаларын аларын екеуі де сезіп отыр... «Жолдас-
тарының тастап кеткені бекер емес-ау. Сыйлы азамат болса, мас күйінде 
тастап кете ме, сірә?!»
Ақбота да, Асылхан да осылай ойлады.
– К-к-еш-іріңдер! – деді жігіт тілі икемге әрең келіп. – О-о-олар мені 
тастап кеткен бе?..
– Менің атым – Сыздық, фамилиям – Ақпанов. Ақпанов! Знамени-
тость!..
Асылханның есіне Аяғанның «профессор Алдияр Ақпанұлының ішіп 
кеткен баласы бар» деген сөзі түсті... 
– Мені тастап кеткендер қазақ халқының тарихын зерттеп жүрген ша-
лапайлар, – деді Сыздық... – Біреуі – деканның орынбасары. Біреуі – ас-
систент. Біреуі – аспирант. Ал мен... Ал мен маскүнем...
– Сіз профессор Алдияр Ақпанұлының баласы емессіз бе?
– Сен тарих факультетінде оқисың. Білдім, – деді қуана дауыстап. – 
Сен мені тастап кетпейсің. Өйткені сен әлі қулық-сұмдықты білмейсің, 
әлгілер сияқты есеппен өмір сүрмейсің. Сондықтан оларды суқаным сүй-
мейді. Олар мафия!.. Ал сен әлі басталмаған дәптерсің. Сен үшін Алдияр 
Ақпанұлы – үлкен ғұлама. Сен оған табынасың. Ал мен... Сенің алдыңда 
мас болып отырған Сыздық деген пақыр... сол кісінің жалғыз ұлы...
– Жаңағылар да дос па?
– Дос? ...Олар менің әкемді, Алдияр Ақпанұлын сатып кеткен. Олар 
біздің шалдың арқасында адам болған. Кейін ананың, әлгінің... Қысқасы, 
барлық шәкірті ректордың жағына шығып, менің әкемді талаған. Олар – 
қарғылы төбеттер! Мафия! Біліп отырсың ба, м-а-ф-и-я!..
– Жә, сабыр етіңіз! – деді жігіт оны арқасынан қағып... Айқайлап сөй-
леген Сыздық ...орнынан сүйретіліп тұрып, тәлтіректеп сыртқа беттеді. 
Асылхан даяшыға тиісті ақшасын төлеп, ...оған ілескен.
– Қайда барасың? – деп, Ақбота жігіттің жеңінен тартқан. – Он бір бол-
ды, жатақханаға кіргізбей қояды.
– Бес минутқа кіріп шығайық. Алдияр Ақпанұлы деген кісіні көрейік. 
Ол – ғұлама адам, Ақбота. Ол кісіні көргім келеді. Азғана отырамыз, – деп 
қиылған жігітінің көңілін қимаған қыз қынжыла тұрып келісті. – Ренжі-
меші, Бота. Ол адамды бір рет көру арманым еді.
– Көп отырмайық. Мені жатақханаға кіргізбей қояды.


80
Профессор Алдияр Ақпанұлы «Алматы» мейрамханасының қарсысын-
дағы үйдің бірінші қабатында тұрады екен... Аяғын әлтек-тәлтек басқан 
жігітті Асылхан қолтықтады. Сағат он бірден асса да, сыртқы есік бекітіл-
мепті, Сыздық бір теуіп еді, ашылып кетті.
– Пахан, қонақ келді, – деп даурықты жігіт.
Имене басып, үйге кірген қыз бен жігіт состиып-состиып тұрып қалды 
да, Сыздық жуынатын бөлмеге кіріп кетті. Асылхан дәліздің шамын жақ-
ты. Дәліз лас екен, көптен бері тазаланбағаны көрініп тұр. Ескірген аяқ-
киімдер, қалай болса солай, шашылып жатыр. Мынау атақты профессор 
тұратын үйге мүлде ұқсамайды. «Осы жігіт бізді алдап алып келген жоқ 
па?» деген күдік шапты көңіліне. Екіұдай болып тұрғанда, жігіт қайтып 
оралды. Не істерін білмей, абыржыңқырап тұрған Асылханды жетелеп, 
профессор жатқан бөлмеге алып барды.
– Пахан, мынау сенің шәкіртің...
Профессор көзін сәл ғана ашты да, өзінен көз алмай тұрған бейтаныс 
екеуге назар аударды.
– Сәлеметсіз бе, ағай! – деді сасқалақтаған жігіт. Асып-сасып қолын 
ала жүгірді. Профессордың қозғалыссыз жатқан сұп-суық қолын ұстады. 
Асылханның денесі дір ете қалды.
– Қай баласың? – деді шал. Дауысы тым әлсіз. Ақбота оның не дегенін 
мүлде естімеді.
– Мен мұнда... Біз кездейсоқ келіп қалып едік, – деп, өзін қалай таныс-
тыруды білмей абыржыды... 
– Кешіріңіз, аға, – деп міңгірледі Асылхан. – Беймезгіл уақытта келіп, 
мазаңызды алғаныма кешірім өтінемін. Атыңызға сырттай қанық ем. Бір 
көру арманым еді сізді...
– Біз бұл кісімен мейрамханада кездейсоқ танысып қалдық. Мен Асыл-
хан деген ініңіз боламын. Құрылысшымын, аға. Мына қыз – Ақбота, – деді 
жігіт батылданып. Алдияр Ақпанұлы көзін кең ашып, екеуіне сәп салып, 
ұзағырақ қарады. Екеуінің бөтен оймен келмегеніне және Сыздықтың өзін 
әбден ығыр қылған көп шуылдағы еместігіне көзі жетті ме, өңі жылып, 
жылы шырай танытты.
– Отырыңдар, – деді сыбырлай сөйлеп...
– Өмірім өмір болмады ғой, шырағым. Біреу көмектеспесе, орнымнан 
тұра алмаймын... Сенген адамым – жалғыз ұлдың тірлігін өзің көрдің... – 
деді ол мұң шағып. Асылханның көмегімен басын көтеріп, тіктеліп отыр-
ды. – Ұят та болса айтайын, астым шылқылдап жатыр. Қазақтың баласы-
сың ғой, қарағым, көмектес.


81
Асылхан қарт профессорды жүрегі езіле аяп кетті, алқымына ыстық 
жас кептелді. Қу сүлдері қалған шалды көтеріп, туалетке апарып отыр-
ғызды да, төсегін ретке келтірді... 
Кетеміз деп тықыршып отырған Ақбота жағдайға қаныққаннан кейін 
білегін сыбанып, іске кірісіп кетті, алдымен ас бөлмені тазалап, баттасып 
жатқан ыдыс-аяқты жуды.
Асылхан қарт профессорды жуындырды, іш киімдерін ауыстырып 
кигізген соң, көтеріп әкеліп, креслоға отырғызды.
– Рақмет! – деді шал кемсеңдеп... – Құдайдан қайтсын, қарағым. – Ба-
сын төмен салып, үнсіз қалды. Әлден уақыттан соң ұмытқаны есіне түс-
кендей, басын көтеріп алды да, жан-жағына қарады. – Стөлдің үстінде 
жатқан кітапты әперші, қарағым. Сол жерде қалам бар.
Асылхан әкеліп берген кітаптың бірінші бетіне сол қолымен асықпай 
отырып бірнеше сөз жазды. Ойланып отырып, тағы да бірауыз сөз қосты 
да, қолын қойып, жігітке ұсынды.
– Рақмет, аға! – деді жігіт шын қуанып... –Сіздің қазақ тарихына бай-
ланысты жазған кітабыңызды оқып едім.
Профессор оған таңғала қарады.
– Шықпай қалған кітапты қалай оқып жүрсің?
– Қолжазбаңызды оқып едім, – деп түзетті Асылхан. Сонан кейін ол кі-
таптың ксерокөшірмесін Аяғаннан алып оқығанын, алған әсерін асықпай 
отырып баяндады.
– Е-е, солай де... Аяғанның інісімін де... – Аяған есіне түскендіктен 
бе, қараптан-қарап отырып күйгелектеніп, өзінен-өзі ашуланып, берекесі 
кетті. Сол қолымен креслоның жақтау ағашын ұрып, астыңғы ернін ыза-
қорлана тістеледі. – Оның түк кінәсі жоқ. Аяғанды нақақ күйдірді. Олар 
адам өлтіруден де тайынбайды. Мені осы күйге жеткізген солар, өз шәкірт-
терім, – деп кіжіне сөйледі. Орнынан тұрып кетпек болып талпынып еді, 
қайта құлады. – Мені ұлтшыл-демократ деп жазғырған. Аяғанды антисо-
ветчик деп шығарыпты. Ой, сұмдық-ай! Мыналары жауыздық қой, тегі!..
– Кінәсі жоқ адамға жала жұқпайды, аға.
Алдияр Ақпанұлы мырс күлді. Көзін жұмып алып, қабағын түйіп, ба-
сын изектетіп үнсіз отырды...
– Аяғанның келіншегі инфаркт алып, ауруханада жатыр, аға, – деді 
жігіт біраз үнсіздіктен кейін. Қарт профессор көзін ашып алып, жігітке 
жалт қарады. Ақырын ғана күрсінді... 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   76




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет