Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі
Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университеті
Филология институты
СӨЖ
Тақырыбы:Қазақ фольклорының тәуелсіздік дәуірінде зерттелуі
Пәні:Қазақ халық ауыз әдебиеті
Орындаған:Шалабаева Жанмейірім Мерекеқызы
Тобы:106-топ
Тексерген:Мажиева Назым Айтбаевна
Алматы,2023 жыл
Тәуелсіздік жылдары қазақ фольклортану ғылымына жаңа серпін әкелді. Қазақ фольклорының түрлі жанрларын зерттеуге Сейіт Қасқабасов,Рахманқұл Бердібай,Бақытжан Уәлиқызы Әзібаева, Едіге Тұрсынов, Тынысбек Қоңыратбаев, Шәмшадин Керімов, т.б. зерттеушілер атсалысты. Бұрын жарияланбай келген шығармалар, әсіресе, тарихи жырлар, діни дастандар ғылыми айналымға түсті. Шет елдегі қазақтар фольклорымен, ғалымдарының еңбектерімен етене танысуға мүмкіндік туды.
Рахманқұл Бердібай
Рахманқұл Бердібай - Қазақстандағы аса ірі фольклортанушы. Оның «Жыршылық дәстүр» (1983), «Қазақ эпосы» (1982), «Сарқылмас қазына» (1983), «Эпос мұраты» (1997), «Айтыс әлемі» (2000) сияқты ғылыми монографиялары қазақ фольклорын зерттеудің тынысын кеңейтіп, жаңа биікке шығарды. «Қазақ фольклористикасының тарихы» атты ұжымдық еңбектің жетекшісі, әрі авторларының бірі ретінде оған Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлық берілді. Әдеби жұртшылық Рахманқұл Бердібайды қазақтың ең көрнекті әдеби сыншыларының бірі деп таниды. Бұған оның мерзімді баспасөзде жарық көрген жүздеген мақалалары мен «Әдебиет және өмір», «Социалистік реализм туралы», «Қазіргі қазақ прозасындағы замандас бейнесі», «Роман және заман», «Дәстүр тағлымы» сияқты кітаптары толық дәлел. Қазақ халық ауыз әдебиетін зерттеу саласына ғалым 1970 жылдары келді. Бұл тақырыпқа кеш келсе де, фольклордың бүкіл ерекшеліктерін тез меңгерген ғалым халық ауыз әдебиеті шығармаларын жаңа методология тұрғысынан зерттеу үлгілерін ұсынды. Бұл ұсыныс күйінде ғана қалып қойған жоқ, ғалым оны әрі қарай меңгеріп, таныту тұрғысына да көп еңбек сіңіріп үлгерді. Бұрын фольклор дүниелерін әдебиет туындысы үлгісімен талдау көбірек орын алып келсе, Рахманқұл Бердібай ауыз әдебиетінің жазба шығармадан бөлек, дара, ерекше құбылыс екенін таныта зерттеуді бастады. Ол фольклорлық шығармаларды тақырыптық жағынан ғана талдап келген бұрынғы принциптен бас тартып, олардың ішкі ерекшеліктерін, даму сипатын, типологиясын, тарихпен қарым-қатынасын, өзіндік поэтикасын, көне формаларын зерттеуді ұйымдастырды және соған басшылық етті, фольклорды зерттеудің тарихын жазды. Бұл тұрғыда М.О. Әуезов институтында жарық көрген «Қазақ фольклорының типологиясы», «Қазақ фольклорының тарихилығы»,«Қазақ фольклорының поэтикасы»,«Қазақтың архаикалық фольклоры», «Қазақ фольклористикасының тарихы» атты зерттеулерді атаған дұрыс. Р.Бердібайдың осы жылдарда өз қаламынан туған еңбектерінде қазақ эпосы жанрлық-стадиялық тұрғыдан тексеріліп, адамзат дамуының жалпы заңдылықтарына сәйкес өзара жіктеледі, адамзаттың алғашқы қауымы кезеңінің дүние танымын ашатын мифтік, ертегілік, әпсаналық фабулаларға құрылған жыр, аңыздаулар, мемлекеттік құрылымдар пайда болған дәуірдің қаһармандық эпосы, ғашықтық эпос пен нақты оқиғалар мен қаһармандар тағдырына құрылған жырлар архаикалық (көне), классикалық (қаһармандық), ғашықтық (романдық) және нақты тарихи эпос боп бөлінеді. Эпосты бұлай жіктеу қазір фольклор жіктеушілерінің қолдауына ие болып, жоғары мектептің оқу бағдарламасына кірді. Р.Бердібайдың 1982 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Қазақ эпосы» атты монографиясы қазақ фольклортануына үлкен жаңалық әкелді. Осыған дейін «эпос» термині қаһармандық жырларды ғана атауға қолданылып келсе, ғалым бұл сөзді әдеби тек мағынасында жұмсалатын әлемдік әдебиеттану мен фольклортанудағы мәніне жақындатты. Ол көне ертегілік, қаһармандық, ғашықтық, тарихи жырлардың барлығын осы «эпос» ұғымының аясында, біртұтас дүние ретінде қарастырған.Р.Бердібайдың фольклортанушылық еңбегі эпос жанрымен шектелген жоқ. Оның жалпы фольклор туындыларының басты ерекшеліктері, атап айтсақ, көпқабаттылығы, көпнұсқалылығы, көп қырлылығы (синкреттілігі), халық тұрмысымен байланыстылығы, дәстүрлілігі, образ жасау жолдары жөніндегі мақалаларының ғылыми ғана емес, публицистикалық мәні де зор.Ғалымның «Ғасырлар толғауы» (1977), «Сарқылмас қазына» (1983), «Кәусар бұлақ» (1989), «Эпос – ел қазынасы» (1995), «Эпос мұраты» (1997), «Ел боламыз десек» (2000) сияқты ғылыми еңбектері фольклор туындыларының осындай көп қырлы сипаттарын ашып көрсететін сенімді құрал десек, артық айтқандық болмас еді. Р.Бердібайдың туыстас қырғыз халқының «Манас» эпосына арналған еңбектері өз алдына бір төбе. Ғалым тек эпоспен ғана емес, фольклордың өзге жанрларының да өзекті мәселелерімен айналысты. Мысалы, қазірге дейін зерттеуін күтіп тұрған діни дастандардың танымдық-тәрбиелік мәні, Қорқыт жөніндегі аңыз - әпсаналардың тарихи шындықпен байланысы,Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан сияқты ғалымдардың фольклортанушылық, манастанушылық еңбектері, фольклор мен жазба әдебиеттің байланысы ғалымның ғылыми мақалаларында жан-жақты жеріне жеткізіле талданады. Р.Бердібай өмірінің жиырма жылдан астам уақытын фольклортану ғылымына арнады. Р.Бердібай қазақтың сөз өнерін дамытуда әйел затының да ер кісілермен қатар бірдей үлесі бар, әсіресе жоқтау айтуда ерекше екенін айтады. Ал айтыс өнерінде де әйел ақындардың елеулі үлес қосқандығы, олардың да шеберлік, сөзге шешендіктері дау тудырмайтын нәрсе.Р.Бердібай: "Наурыз мейрамы күнінде ойын-сауықтың, тамашаның түр - түрлері болып тұрған. Палуан күрестіру, қыз бен жігітті айтыстыру, жұмбақ шешісу, түс жорыту, тақпақ, жаңылтпаш айту секілді алуанқызықтар орын тепкен" - деп, бір мейрамның өзінде қаншама халық мұраларының үлгісі мен өнерлері көрініс беретін ерекше атап өтеді. Ғалым жоқтау жанрының өміршең сипатын дүниеден өткенжандарды сөз ете отырып, келешек қауымға ғибрат аңғарту сияқты нәрселерімен түсіндіреді.Жоқтаудың ғибраттылығы оны мәңгілік құндылықтар қатарына қосады. Р.Бердібайдың ерекше атап өтетін зор еңбегінің бірі - шертпе күйшілік өнерін насихаттауы. 1965 жылы Халық университетін басқарып жүргенде құрып кетуге айналған шертпе күйді іздеп,жүзден артық күйді, оннан артық күйшіні тапқан. Оны ғалым былай түсіндіреді: "Соңғы жылдарда... ұмытылыңқырап қалған бір қымбатты дәстүр жиі сөз бола бастады. Ол - ерте кезде Қазақстанның кең аймағында тартылып келген, орындаушылары біздің заманымызға дейін жеткен шертпе күйлер.
Өнер жанашыры Р.Бердібай: "Егістік жерді жаздың ыстық айларында бірнеше рет суармаса, шыққан егін мүлде қурап кететіні секілді дер кезінде жалғастығын таппаған дәстүр де жоғалады" - дейді.