Сол күні Поллианна кешкі асқа кешігіп келді. Бірақ бұл қылығы үшін ұрыс естіген жоқ.
Нэнси оны есіктің аузынан күтіп алды.
– Келгенің жақсы болды, Поллианна ханшайым. Мен уайымдай бастап едім. Сағат алты жарым болды ғой, – деді де жеңіл ғана күрсінді.
– Иә, білемін, – деді Поллианна кінәлі кейіппен. – Бірақ мен әдейі істеген жоқпын. Неге бұлай істегенімді Полли тәте де түсінеді деп ойлаймын.
– Түсінудің де, түсіндірудің де керегі жоқ. Ол кетіп қалды, – деді Нэнси шаттана.
– Кетіп қалғаны қалай? Менің кесірімнен кетіп қалды дегің келе ме? – деді Поллианна көзі бақырайып.
Сөйтті де дереу өткен-кеткенді есіне алды. Харрингтон жер иелігінде өмір сүріп жатқалы жасаған бар еркелігін ойына түсірді. Қайдағы бір мысық пен күшік үшін кінәлі болып қалғаны, «қуаныштымын» деген сөзге бола әкесі есіне түскені, ашуға басқан жетім бала үшін жазықты болғаны және екі рет кешкі асқа кешігіп келгені көз алдына келе қалды.
– Сонда ол менің кесірімнен кетіп қалды ма? – деп одан бетер көзі алақандай болды.
– Сенің түк те қатысың жоқ, – деді Нэнси. – Оған жеделхат келді. Бостонда тұратын нағашысы аяқ астынан қайтыс болыпты. Соның жерлеуіне кетті. Жеделхат келгенде сен үйде жоқ болатынсың. Ал Полли тәтей енді тек үш күннен кейін келеді. Оған дейін екеуміз үйде емін-еркін жүріп-тұрамыз. Бұдан артық қандай қуаныш керек?! Сен және мен, басқа ешкім жоқ. Сен және мен... Басқа ешкімнің керегі жоқ. Осылайша екеуміз...
– Нэнси! – деді Поллианна ренжіп, – мұның не? Біреу өліп жатқанда, сонша қуануға бола ма екен?!
– Мен адамның өліміне қуанып жатқан жоқпын ғой, мен қуансам... – Нэнси сөзінің аяғын айтпай, көзінің қиығымен Поллианнаға қарады. Сөйтті де, жорта ренжіген болып:
– Поллианна ханым, мені осы ойынға тартқан өзің емес пе едің? – деді.
Поллианна ойланып қалып, қасын керді.
– Тіпті, солай болса да, Нэнси, – деп ол да айтқанынан қайта қоймады. – Ойын ойнауға болмайтын жағдайлар болады. Өлген адамды жерлеп жатқан уақытта неғылған ойын?! Өлімге қуану дұрыс емес.
Нэнси күле салды.
– Бізді жерлеп жатқан жоқ қой, тым болмаса сол үшін қуануға болады, – деді содан кейін жәй ғана. Поллианна оның бұл сөзін естіген де жоқ.
Нэнсидің қос жанары шырадай жанып тұрғанын аңдаған Поллианна енді оған Пендлтон орманындағы көрген-білгенін егжей-тегжейлі баяндай бастады. Әңгіменің майын тамыза айтқан сайын Нэнси де ынтыға түсті.
Ертесіне Поллианна берген уәдесіне сәйкес, Жимми Бинмен кездесті. Ойлағанындай-ақ, «Әйелдер көмегінің» айдаладағы Үндістандағы белгісіз балалар туралы жаңалығы Жиммиді аса қатты қуанта қойған жоқ.
– Бәлкім, солай болуы керек те шығар, – деді ол терең ойға батып. – Алыстағы дүние әрдайым қызық болып көрінеді емес пе? Әлгі картоп сияқты. Алдыңдағы тәрелкедегі картоп басқа да, қазанда қалған картоп басқа болып көрінетіні бар ғой. Мен сол қазандағы картоп секілді көрінсем ғой. Сонда, бәлкім, Үндістандағы «Әйелдер көмегі» секілді бір ұйым маған көмек қолын созар ма еді?
Поллианна қуанғаннан қол соғып жіберді.
– Дұрыс айтасың, Жимми! Ендігісін маған қалдыр. Мен сен туралы өзіміздің «Әйелдер көмегіне» жазайын. Олар сонау қиырдағы Батыста, дегенмен Үндістан одан да алыс қой.
Жиммидің жүзіне қан жүгірді.
– Олар мені расымен де алады деп ойлайсың ба?
– Әрине! – деді Поллианна сенімді түрде. – Олар Үндістандағы балалар үшін де ақша жұмсап отыр ғой. Саған неге төлемеске?! Олар үшін сен тым алыстасың, есеп-қисапқа кесірі тиер деп қорықпаса да болады. Тек күту керек. Мен Жонс ханымға хат жазайын. Негізі, олардың арасындағы ең ауқаттысы Уайт ханым, алайда қайырымдылыққа көп қаржы жұмсайтыны Жонс ханым. Қисынсыздау көрінсе де, шындығы солай. Дегенмен, біздің «Әйелдер көмегінен» біреу-міреу саған назар аударар деп ойлаймын.
– Тек оларға менің тамақ және жатын орын үшін жұмыс істейтінімді айтуды ұмытпа, – деді Жимми, – мен қайыршы емеспін. Бизнестің аты – бизнес. «Әйелдер көмегі» де ақшаны оңды-солды шаша бермейді ғой.
Ол біраз уақыт үнсіз қалды да, артынша аса сенімсіз күйде: – Тағы да біраз уақыт қалуыма тура келетін сияқты. Олар бірден жауап бере қоймайды ғой, – деді.
– Иә, әрине! – деді Поллианна да сенімді түрде. – Саған ешқайда кетуге болмайды. Кез келген сәтте керек болуың мүмкін. Сен олардан өте қатты алыстасың ғой, сондықтан біреуі болмаса біреуі міндетті түрде алады деп ойлаймын. Полли тәте де алды ғой...
Сөзін аяқтамастан Поллианна өз маңдайын сарт еткізді.
– Тоқта, тоқта, – деді ол кенеттен есіне бірдеңе түскендей. – Полли тәте мені дәл осындай оймен алған жоқ па екен?..
Жимми:
– Түу, сен де айтады екенсің, – деп күлді де, жөніне кетті.
Пендлтон орманындағы оқиғадан кейін арада бір апта өткенде Поллианна тәтесіне келді де:
– Сізге үлкен өтінішпен келіп тұрмын, тәте. Егер қарсы болмасаңыз, бүгін мен тамақты Сноу ханымға емес, басқа адамға апарсам бола ма? Сноу ханым қарсылық таныта қоймас деп ойлаймын. Бар болғаны бір рет қана.
– О, Құдайым-ай! – деп Полли ханым терең күрсінді. – Тағы не ойлап таптың, Поллианна? Сен шынында да басқаларға ұқсамайтын, өте ерекше баласың.
Поллианна тәтесіне ойлана көз тастады да:
– Сіз менің басқаларға ұқсамайтын ерекше екенімді айттыңыз. Сонда басқалар менен бөлек пе? – деді сабырсыздана қарап.
– Иә, Поллианна, солай.
– Олай болса, мен ерекше болғаныма қуаныштымын! – деді қыз қуана айғайлап. – Білесіз бе, Уайт ханым маған Роусон ханымның қарапайым әйел екенін көп айтатын. Роусон ханым десе ол кісінің жыны келетін. Олар үнемі ұрсысып қала беретін және... Айтайын дегенім, оларды достастырумен әуре болатынбыз, – деді Поллианна қажыған кейіппен. Оның көз алдына Сцилла мен Харибда келе қалды. Өйткені әкесінің дін қызметкерлерімен қарым-қатынасы туралы сөз болғанда, оны айтпай тұра алмайтын.
– Мұның бәрі маңызды емес, Поллианна, – деді Полли ханым сөзді қысқартқысы келген кейіппен. – Сен тым көп сөйлейсің. Қандай әңгіме болса да, міндетті түрде «Әйелдер көмегіне» бір айналып соқпай өтпейсің.
– Сіздікі де дұрыс шығар. Қанша дегенмен, мені бағып-қақты ғой...
– Жарайды, оны қойшы, Поллианна. Одан гөрі сен маған бүгін тамақты кімге апармақ болғаныңды айтшы, – деді Полли тәтесі.
– Сіз қарсы болатындай адам емес, Полли тәте. Сноу ханымға күнде апарып жүрмін ғой, енді бір рет сол адамға апарайыншы? Бір рет қана. Өйткені ол аяғын енді ғана сындырып алды. Бір рет қана... Сноу ханым өмір бойы төсек тартып жатады ғой. Мен ол кісіге не керек болса, соның бәрін апаратын боламын. Ал мына кісіге бір рет апарып берейінші?
– Сол кісіге деймісің? Бір рет қана?.. Аяғын сындырды дедің бе? Не деп кеттің, Поллианна?
Поллианна тәтесіне тесіле қарады да, оның осындай қарапайым нәрселерді түсінбейтініне таңғалды. Сосын дереу өңіне қан жүгіріп шыға келді.
– Айтпақшы, сіз білмейді екенсіз ғой! – деді есіне енді түскендей. – Бұл сіз жоқ кезде болған жағдай. Сол күні кешкілік оны орманнан тауып алдым. Содан не керек, үйінің есігін ашып, дәрігерге хабарласуыма тура келді. Басын ұстап отырдым... Сол кеткеннен қайтып оны көрген жоқпын. Ал бүгін Нэнси Сноу ханымға тамақ әзірлеген кезе осы жолы бір рет тамақты ол кісіге емес, әлгі азаматқа апарып беруіме болатын шығар деп ойладым. Сіз де солай ойлайсыз ғой, иә, Полли тәте? Апаруыма бола ма?
– Иә, иә, болатын шығар, – деді Полли қажыған кейіппен. – Аты кім дедің өзінің? – деп сұрады артынша.
– Ол Менің Бейтаныс танысым! Яғни, Жон Пендлтон мырза.
Полли ханым отырған орнында құлап қала жаздады.
– Жон... Пендлтон?!... – деді ол көзі шарасынан шыға айғайлап.
– Иә, аты-жөнін Нэнси айтты маған. Бәлкім, оны сіз де танитын шығарсыз?
– Ал сен оны танисың ба? – Полли ханым жауап беру орнына қарсы сұрақ қойды. Поллианна танитынын ишарамен білдірді.
– Әрине! Ол менімен үнемі сөйлеседі, күлімсірей қарайды. Ол сырттай ғана ашулы болып көрінетінін білесіз бе? Ал, жарайды, мен барып тамақты алайын. Дайын болған шығар. Бағана асүйге кіргенімде дайын болып қалған сияқты еді, – деп Поллианна сөйлей жүріп есікке беттеді.
– Поллианна, тоқта! – деді осы кезде Полли тәтесі қатқыл үнмен. – Мен айнып қалдым. Сен бүгін де Сноу ханымға тамақ апарғаның дұрыс болар. Ал, бара бер.
Поллианнаның бар реніші бетіне бұрқ етті.
– Полли тәте! Сноу ханым әлі көп жатады ғой, оған тамақ әкелетіндер аз емес. Оны өзіңіз де білесіз. Ал Джон мырзаның аяғы сынған. Ол тез-ақ жазылады. Онсыз да бір апта өтіп кетті.
– Иә, иә, есіме түсті, – деді Полли ханым ойланған кейіпте. – Жон Пендлтон мырзаның қиын жағдайға тап болғанын естіп едім. Бірақ Жон Пендлтон мырзаға тамақ жіберудің қажеті бола қоймас, – деді ол жай ғана.
– Иә, ол сондай ашулы болып көрінеді. Сондықтан да сізге ұнамайтын шығар. Бірақ, қаласаңыз, тамақты сіз беріп жібергеніңізді айтпай-ақ қоямын. Өз атымнан апарамын. Ол кісі маған ұнайды, сондықтан оған тамақ апарып бергім келеді, – деді Поллианна қайғырған кейіппен.
Полли ханым әрі-бері қозғалақтап, абдырап қалды.
– Поллианна, ол сенің кім екеніңді біле ме? – деді сосын күтпеген жерден сұрақ қойып.
– Білмейтін болар, тәте, – деп күрсінді Поллианна. – Бір рет мен оған өзімнің атымды айтып едім, есіне сақтамады ғой деймін. Ол мені «Балапан» дейді.
– Ал ол сенің қайда тұратыныңды біле ме?
– Жоқ, оны айтқан жоқпын.
– Яғни, ол сенің менің жиенім екеніңді білмейді ғой?
– Білмейтін болар.
Бөлмеде үнсіздік орнады. Полли ханым Поллианнаға елеусіз ғана көз тастады. Ал ол бұл кезде жанын қоярға жер таппай, күрсінуі жиілеп кеткен еді.
– Жарайды, Поллианна.
Үнсіздікті Полли тәтесінің өзі бұзды. Оның дауысы бүгіндікке екінші рет тым жұмсақ естілді. – Пендлтон мырзаға тамақ апаруыңа болады. Тек тамақты өз атыңнан апаратыныңды естен шығарма. Мен Пендлтон мырзаға тамақ жіберген жоқпын. Менің жібергенімді сезіп қоймасын. Мұны біліп қоймауы үшін барынша тырысарсың.
– Иә, тәте... Жо-жоқ... Рақмет, Полли тәте!
Дауысы жарқын-жарқын шыққан Поллианна бөлмеден атып шығып, зу ете қалды.